Ескерту. Күші жойылды - Қостанай облысы Қостанай қаласы әкімдігінің 19.05.2017 № 1469 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына, "Тұрғын үй инспекциясы туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 241 бұйрығына сәйкес Қостанай қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған "Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.
2. "Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы (У.Р. Ромазанов) жоғарыда аталған Ереженің Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әділет органдарында тіркелуін қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Әкім | Б. Жақыпов |
Қостанай қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 8 қазандағы № 2751 қаулысымен бекітілген |
"Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй
инспекциясы бөлімі" мемлекеттік мекемесі
туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. "Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – тұрғын үй инспекциясы бөлімі) тұрғын үй қорын басқару саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру үшін заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес ұйым болып табылады.
2. Тұрғын үй инспекциясы бөлімі Қостанай қаласы әкімдігінің 2011 жылғы "29" қыркүйектегі № 1980 қаулысымен құрылды.
3. Тиісті саланың уәкілетті органы, сондай-ақ тұрғын үй инспекциясы бөліміне қатысты құқық субъектісінің функциясын оған қатысты жүзеге асыратын орган Қостанай қаласының әкімдігі (бұдан әрі – құрылтайшы) болып табылады.
4. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің толық атауы:
мемлекеттік тілде – "Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
орыс тілінде – Государственное учреждение "Отдел жилищной инспекции акимата города Костаная".
Тұрғын үй инспекциясы бөлімі:
облыстық маңызы бар қала әкімдігінің деңгейінде (тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте кондоминиум объектілері болған кезінде) Тұрғын үй бөлімі түрінде құрылады.
5. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің құрылымын және шекті штат санын "Жергiлiктi атқарушы органдардың штат санының лимиттерiн бекiтудiң кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 15 желтоқсандағы № 1324 қаулысымен бекітілген олардың штат санының лимиті шегінде жергілікті атқарушы органы белгілейді.
Тұрғын үй инспекциясы бөлімі басқа заңды тұлғаны құра алмайды, сондай-ақ құрылтайшысы (қатысушы) бола алмайды.
6. "Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің орналасқан жері: 110000 индексі, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Қостанай қаласы, Пушкин көшесі, 98.
2. Тұрғын үй инспекциясы
бөлімінің заңдық мәртебесі
7. Тұрғын үй инспекциясы бөлімі мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап кейін құрылды деп саналады және заңды тұлға құқығын иеленеді.
8. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөртаңбалары, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктерде шоттары болады.
9. Тұрғын үй инспекциясы өз міндеттемелері бойынша өзінің иелігіндегі ақшаға жауапты болады.
10. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің азаматтық-құқықтық мәмілелері Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аумақтық қазынашылық бөлімшелерде міндетті тіркеуден өткеннен кейін күшіне енді.
3. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің
міндеттері, функциялары мен өкілеттіктері
11. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің міндеті тұрғын үй қорын басқару саласында мемлекеттік бақылау болып табылады.
12. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің негізгі функциясы кондоминиум субъектілерінің қызметін лауазымды тұлғаларының тексеру жүргізуі болып табылады.
13. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің негізгі өкілеттіктері:
1) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін техникалық зерттеуді ұйымдастыру;
2) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізудің тізбесін, кезеңділіктерін және кезектілігін айқындау;
3) кондоминиум объектісін басқару органы ұсынған кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізуге арналған, тұрғын үй көмегінің қатысуымен қаржыландырылатын шығыстардың сметасын келісу;
4) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеудің жекелеген түрлері бойынша орындалған жұмыстарды қабылдау жөніндегі комиссияларға қатысу;
5) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасау және олар туралы істерді қарау;
6) "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Қазақстан Республикасы Заңының 42-бабының 1-1-тармағында көзделген жағдайда кондоминиум объектісін басқару органының функцияларын жүзеге асырушы қызмет көрсететін ұйымды айқындау;
7) кондоминиум объектісі үй-жайларының (пәтерлерінің) меншік иелері өтініш берген кезде кондоминиум объектісін басқару жөніндегі есептің бар-жоғын тексеруді жүргізу болып табылады.
14. Тұрғын үй инспекциясы бөлімі өзіне жүктелген өкілеттіктерге сәйкес:
1) кондоминиум объектісінде және кондоминиум объектісіне іргелес аумақта үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің ортақ мүлкін қолдану, күтіп ұстау, пайдалану және жөндеу тәртібінің сақталуына;
2) тұрғын үйлерде (тұрғын ғимараттарда) үйге ортақ жылуды, энергияны, газды және су ресурстарын есептейтін құралдардың болуына;
3) кондоминиум объектісіндегі үй-жайлар меншік иелерінің ортақ мүліктің және оның инженерлік жабдықтарының техникалық жай-күйіне, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қолданыстағы нормативтік-техникалық, жобалық құжаттамаларға сәйкес оны күтіп ұстау мен жөндеу бойынша жұмыстардың уақытында орындалуына;
4) тұрғын үйді (тұрған ғимаратты) маусымдық пайдалануға дайындау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға;
5) қабылданған шешімдерді және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі нұсқаманы орындауға;
6) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеудің жекелеген түрлері бойынша орындалған жұмыстың сапасына мемлекеттік бақылау функцияларын жүзеге асырады.
15. Тұрғын үй инспекциясы бөлімі тұрғын үйлерді (тұрған ғимараттарды), кондоминиум объектісі іргесіндегі аумақты күтіп-ұстау және коммуналдық қызмет көрсету сапасын бақылау жөніндегі нормативтік және әдістемелік құжаттарды әзірлеуге қатысады, сондай-ақ бақыланатын объектілердің иелеріне, кәсіпорындарға, ұйымдарға немесе тұрғын үйлерді (тұрған ғимараттарды), үй іргесіндегі аумақты пайдаланатын азаматтарға консультациялық көмек көрсетеді.
16. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің лауазымды адамдары:
1) тексеру жүргізген уақытта қызметтік куәлігін көрсеткен кезде тексерілетін объектіге барады;
2) тексеру жүргізу кезінде кез келген қажетті ақпаратты сұратады, тексеру нысанына жататын құжаттардың түпнұсқасымен танысады;
3) "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабының 7-тармағына сәйкес, уәкілетті орган бекіткен біліктілік талаптарына тиісті үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің жалпы жиналысына кооператив басқармасының төрағасы қызметіне кандидатура ұсынады;
4) тексеруді "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргізеді;
5) тексеру жүргізу кезеңінде тексерілетін объектінің белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмейді;
6) тексеру жүргізу нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етеді;
7) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау ережелерінің бұзылуы туралы актілер жасайды;
8) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 241 бұйрығына сәйкес Тұрғын үй инспекциясы туралы осы ереженің қосымшасына сәйкес нысаны бойынша кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау ережелерін бұзушылықтарды жою туралы орындалуы міндетті нұсқама шығарады.
17. Тұрғын үй инспекциясы бөлімі Ережеде бекітілген өз қызметінің мәні мен мақсатына жауап бермейтін қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ мәмілелер жасауға жол берілмейді.
4. Тұрғын үй инспекциясы
бөлімін басқару
18. Тұрғын үй инспекциясы бөліміне жалпы басқаруды құрылтайшы жүзеге асырады.
19. Құрылтайшы мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) тұрғын үй инспекциясы бөліміне мүлікті бекітіп береді;
2) тұрғын үй инспекциясы бөлімін жеке қаржыландыру жоспарын бекітеді;
3) тұрғын үй инспекциясы бөліміндегі мүлікті сақтауға бақылауды жүзеге асырады;
4) тұрғын үй инспекциясы бөлімінің ережесін, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуді бекітеді;
5) тұрғын үй инспекциясы бөлімінің құрылымын, оны қалыптастыру тәртібін және басқару органдарының өкілеттігі мерзімін, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің шешім қабылдау тәртібін белгілейді;
6) тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының құқықтарын, міндеттерін және жауапкершілігін, оны атқарып отырған лауазымнан босату негіздерін белгілейді;
7) мемлекеттік органдары болып табылатын мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің құрылымын және шекті штат санын бекітеді;
8) жылдық қаржылық есепті бекітеді;
9) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган құрылтайшысының келісімі бойынша тұрғын үй инспекциясы бөліміне берілген немесе оның жеке шаруашылық қызметінің нәтижесінде сатып алынған мүлікті алып қоюды немесе қайта бөлуді;
10) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша республикалық мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады (жергілікті атқарушы орган коммуналдық мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылдайды).
20. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысын Қостанай қаласының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
21. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жұмысын ұйымдастырады және басшылық етеді, Қостанай қаласының әкіміне тікелей бағынады және тұрғын үй инспекциясы бөліміне жүктелген міндеттерді орындауға және оның өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады.
22. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қызметін жүзеге асырған кезде тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
1) тұрғын үй инспекциясы бөлімінің атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
2) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мүдделерін білдіреді;
3) шарттар жасасады;
4) сенімхаттар береді;
5) тұрғын үй инспекциясы бөлімі қызметкерлерінің іссапарлар, тағылымдамалар, қазақстандық және шетелдік оқу орталықтарында оқыту және қызметкерлердің біліктіліктерін арттырудың өзге де түрлері бойынша тәртібін және жоспарларын бекітеді;
6) банк шоттарын ашады;
7) барлық қызметкерлер үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқау береді;
8) Қостанай қаласының әкімі тағайындаған қызметкерлерді қоспағанда, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;
9) тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қызметкерлерін көтермелеу шараларын қабылдайды және тәртіптік жаза қолданады.
5. Тұрғын үй инспекциясы
бөлімінің мүлкін құру тәртібі
23. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мүлкін заңды тұлғаның активтері құрайды, оның құны өзінің балансында көрсетіледі. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мүлкі:
1) оған құрылтайшы берген мүлік;
2) өз қызметі нәтижесінде сатып алған мүлік;
3) "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптасады.
24. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мүлкі мемлекеттік коммуналдық меншік болып табылады және жедел басқару құқығында оған тиесілі.
25. Тұрғын үй инспекциясы бөлімі өзіне бекітіліп берілген мүлікті және өзіне смета бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті иеліктен шығармайды немесе оған өзгеше әдіспен билік ете алмайды.
26. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қызметі Қостанай қаласы әкімдігінің жергілікті бюджетінен қаржыландырылады.
27. Тұрғын үй инспекциясы бөлімі бухгалтерлік есеп жүргізеді және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік және бюджеттік есеп, қаржы және бюджеттік есеп беру саласындағы заңнамаға сәйкес есеп береді.
28. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қаржылық-шаруашылық қызметін тексеруді және ревизияны құрылтайшы жүзеге асырады.
6. Тұрғын үй инспекциясы
бөлімінің жұмыс режимі
29. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жұмыс режимі дүйсенбі-жұма сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін, демалыс: сенбі, жексенбі, мереке күндері.
7. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің
құрылтай құжаттарына өзгерістер мен
толықтырулар енгізу тәртібі
30. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу құрылтайшының шешімі бойынша жүргізіледі.
31. Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес тіркеледі.
8. Тұрғын үй инспекциясы бөлімін
қайта ұйымдастыру және тарату шарттары
32. Тұрғын үй инспекциясы бөлімін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.