РҚАО-ның ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 27-бабының 2-тармағына, 39-бабына, "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңының 3-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қoca берiлiп отырған "Шығыс Қазақстан облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсiн.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі | Д. Ахметов |
Шығыс Қазақстан облысы әкiмдігiнiң 2015 жылғы "16" наурыздағы № 59 қаулысымен бекітілді |
"Шығыс Қазақстан облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесі
1. Жалпы ережелер
1. "Шығыс Қазақстан облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) бюджетті атқару саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.2. Басқарма өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ, осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілдегі өзінің атауымен мөрлері және мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланктері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
5. Басқарманың, егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимитін қолданыстағы заңнамаға сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бекітеді.
8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 070004, Қазақстан Республикасы, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, М. Горький көшесі, 65.
9. Мемлекеттік органның толық атауы: "Шығыс Қазақстан облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
11. Басқарма қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджет кірісіне жіберіледі.
2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері
13. Басқарманың миссиясы: бюджетті атқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету.14. Міндеттері:
облыс бюджетінің атқарылуын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар кешенін орындау;
бюджеттік мониторингті жүзеге асыру;
жергілікті бюджеттің атқарылуы бойынша бюджеттік есепті және бюджеттік есептілікті жүргізу.
15. Функциялары:
1) облыстық бюджеттің атқарылуын ұйымдастырады және бюджетті атқару бойынша облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қызметін үйлестіреді;
2) мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, облыстық бюджет бойынша түсiмдердiң және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасайды, бекiтеді және жүргiзеді;
3) облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өтінімдері бойынша бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстардың ай сайынғы көлемдеріне өзгерістер енгізеді;
4) бюджет ақшасын басқаруды жүзеге асырады;
5) облыстық бюджет бойынша түсімдер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарында көзделген көлемде төлемдерді қолма-қол ақшамен қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайды;
6) бюджетке түсетін түсімдердің күтілетін көлемдерін және жоспарлы кезеңге арналған шығыстардың атқарылуын, қолма-қол ақша профицитін (тапшылығын) және оны жабу көздерін айқындау жөніндегі процесс болып табылатын қолма-қол ақша легінің болжамын жасайды;
7) облыстық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы ақша қозғалысы мониторингін жүргізеді;
8) мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін өз билігінде қалатын ақша түсімдері мен шығыстарының жиынтық жоспарын келіседі;
9) Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бюджеттік бағдарламаларды олардың бекітілген жылдық көлемінің он пайызынан кем сомаға секвестрлеу жүргізу туралы қаулысы негізінде облыстық бюджетті түзетуді жүзеге асырады;
10) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға мыналар туралы бюджеттік есептілікті қалыптастырады және ұсынады:
облыс бюджетінің атқарылуы туралы;
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының түсімдері мен пайдаланылуы туралы есепті;
жергiлiктi атқарушы органның талаптары мен мiндеттемелерi туралы есептi;
облыс бюджеті бойынша тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатудан түскен ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы;
облыс бюджеті бойынша демеушілік және қайырымдылық көмектен ақшаның түсуі және жұмсалуы туралы;
облыстық бюджет және облыс бюджетінің дебиторлық берешегі туралы;
облыстық бюджет және облыс бюджетінің кредиторлық берешегі туралы;
бюджеттік мониторинг нәтижелері бойынша облыс бюджетінің атқарылуы туралы талдамалық есеп;
11) Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясына, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі облыстың уәкілетті органына, Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі органға облыстық бюджеттің, облыс бюджетінің атқарылуы туралы есеп ұсынады;
12) бюджеттік мониторингті жүзеге асырады;
13) жергілікті бюджет қаражатынан берілген кредиттер бойынша талаптарды есепке алуды жүзеге асырады;
14) облыстың жергiлiктi атқарушы органының шұғыл шығындарға арналған резервтерiнде көзделген қаражаттар шегінде ақша бөлу мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы қорытынды бередi;
15) аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға, егер ол ағымдағы қаржы жылында болжанған жағдайда облыстық деңгейдегі атқарушы органдар резервінен ақша бөлу мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы қорытынды береді;
16) облыстың жергiлiктi атқарушы органына жергілікті атқарушы орган резервінің ақшасын пайдалану және тиiстi кезеңге оның қалдықтары туралы ақпаратты ай сайын ұсынады.
16. Құқықтары мен міндеттері:
Басқарманың:
1) Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ұсыныстарды облыс басшылығының қарауына енгізу;
2) Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша өз өкілеттілігі шегінде кеңестер және басқа да іс-шаралар өткізу;
3) Басқармаға жүктелген міндеттер мен қызметтерді орындау үшін заңды және жеке тұлғалардан қажетті ақпаратты (есептер, анықтамалар, материалдар) сұрау және алу;
4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру құқығы бар.
Басқарма:
1) Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңес беруге;
2) заңды және жеке тұлғалар ресми сұраған жағдайда өз құзіреті шегінде және заңнама шеңберінде қажетті материалдар мен ақпарат беруге;
3) Басқарма қызметкерлерінің әкімшілік мемлекеттік қызметшілер этикасы нормаларын сақтауын қамтамасыз етуге;
4) Басқарманың құзыретіне кіретін өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру
17. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.18. Қаржы басқармасының басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
19. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
20. Басқарма басшысының өкілеттігі:
заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындау және қызметтен босату;
заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарманың қызметкерлерін көтермелеуді жүзеге асыру және оларға тәртіптік жаза белгілеу;
Басқарманың актілеріне қол қою;
сенімхат беру;
мемлекеттік органдарда, өзге ұйымдарда Басқарма мүддесін білдіру;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде қажетті шаралар қабылдау;
ерлер мен әйелдердің тәжірибесіне, қабілеттері мен кәсіптік даярлығына сәйкес олардың мемлекеттік қызметке теңдей қол жеткізуін қамтамасыз ету.
Басқарманың басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
21. Басқарма басшысы өз орынбасарының өкілеттілігін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
4. Мемлекеттік органның мүлкі
22. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ қаржыландыру жоспары бойынша облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлік есебінен қалыптастырылады.
23. Басқармаға бекітілген мүлік облыстық коммуналдық меншікке жатады.
24. Егер заңнамада және осы Ережеде өзгеше көзделмесе, Басқарманың өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.