Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының 20.10.2022 № 36 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 20.10.2022 № 90 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.
"Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы
28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 3-2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Қаржы министрі БҰЙЫРАДЫ және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасаумақсатында төлем ұйымдары үшінішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті (Мекебеков А. З.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты және қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты және қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оларды мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауғажіберуді;
3) осы бұйрықты және қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оларды Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнынажіберуді;
4) осы бұйрықты және қаулыны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық және қаулыалғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасының |
Қазақстан Республикасы |
2016 жылғы 4 қазан 2016 жылғы 28 қазан
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 4 қазандағы № 532 бұйрығымен және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қазандағы № 262 қаулысымен бекітілген |
Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында төлем ұйымдары үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында төлем ұйымдары үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар (бұдан әрі - Талаптар) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – КЖТҚҚ туралы заң) сәйкес әзірленді және төлем ұйымдарына (бұдан әрі – ұйымдар) қолданылады.
2. Талаптарда қолданылатын ұғымдар КЖТҚҚ туралы Заңда көрсетілген мағыналарда пайдаланылады.
Талаптардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) бір жолғы операция (мәміле) – ұйымның қызметтерді (өнімдерді) ұсынуы бойынша қатынастар:
клиенттің банктік шот ашпай қолма-қол ақшамен төлемдерді жүзеге асыруы;
клиенттің банктік шотты пайдаланбай қолма-қол ақшасыз төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыруы;
қолма-қол ақшаны қабылдауға арналған жабдықтың (құрылғының) көмегімен банктік шотқа ақша енгізу;
электрондық ақшаның сәйкестендірілмеген иелері – жеке тұлғалардың электрондық ақшаны сатып алу және пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыруы;
2) ерекше операция (мәміле) – Қаржы мониторингін жүзеге асыратын және КЖТҚҚ туралы Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі өзге де шараларды қабылдайтын уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі – қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган) бекіткен күдікті операцияларды айқындау белгілері ескеріле отырып, КЖТҚҚ туралы Заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес міндетті зерделеуге жататын және ұйым дербес әзірлеген операция (мәміле);
3) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдері – ұйымды төлем ұйымдары үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру процестеріне немесе өзге қылмыстық әрекетке әдейі немесе әдейі емес тарту мүмкіндігі;
4) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруды (жылыстатуды) және терроризмді қаржыландыруды заңдастыру тәуекелдерін басқару – қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруды (жылыстатуды) және терроризмді қаржыландыруды заңдастыру тәуекелдерін анықтау, сондай-ақ оларды азайту мониторингі бойынша ұйым қабылдайтын шаралар жиынтығы (қызметтерге, клиенттерге қатысты);
5) шекті операция – КЖТҚҚ туралы Заңның 4-бабына сәйкес қаржы мониторингіне жататын және КЖТҚҚ туралы Заңда белгіленген шекті сомаға тең не одан асатын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен жасалатын операция.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2020 № 883 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 113 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.3. Ұйым қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (бұдан әрі – КЖТҚҚ) жасау мақсатында ішкі бақылауды:
1) ұйымның КЖТҚҚ туралы заңның талаптарын орындауын қамтамасыз ету;
2) ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін және қатар жүретін тәуекелдерді басқару үшін жеткілікті деңгейде ұстап тұру;
3) ұйымды және қызметкерлерді қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру процестеріне тартуды болдырмау мақсатында жүзеге асырады.
4. Ұйымда КЖТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру шеңберінде ұйымның ішкі аудит қызметінің не ішкі аудитті жүргізуге уәкілетті өзге органның КЖТҚҚ мақсатында ішкі бақылаудың тиімділігін бағалауды жүргізуіне қойылатын талаптар қамтылатын ішкі бақылау қағидалары әзірленеді.
Ішкі бақылау қағидалары КЖТҚҚ туралы заңның 11-бабында көзделген бағдарламалардан тұрады, ұйым оларды Талаптарға сәйкес дербес әзірлейді және олар ұйымның ішкі құжаты не осындай құжаттардың жиынтығы болып табылады.
Ұйым Қазақстан Республикасының КЖТҚҚ туралы заңнамасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар қолданысқа енгізілген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ішкі бақылау қағидаларын Қазақстан Республикасының КЖТҚҚ туралы заңнамаға енгізілген өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға сәйкес келтіреді.
2-тарау. КЖТҚҚ ішкі жүйесін ұйымдастыру және КЖТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы
5. Ұйымда ұйымның ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен ішкі бақылау қағидаларының сақталуына мониторингті жүзеге асыру үшін жауапты лауазымды адам (бұдан әрі – жауапты қызметкер) тағайындалады, сондай-ақ құзыретіне КЖТҚҚ мәселелері кіретін ұйымның қызметкерлері не бөлімшесі (бұдан әрі – КЖТҚҚ жөніндегі бөлімше) айқындалады.
6. КЖТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы:
1) КЖТҚҚ жөніндегі бөлімшенің функцияларын, оның ішінде КЖТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды жүзеге асыру кезінде ұйымның басқа бөлімшелерімен және персоналымен, филиалдармен өзара іс-қимыл рәсімін, сондай-ақ жауапты қызметкердің функцияларын, өкілеттіктерін, жауапты қызметкердің ұйымның уәкілетті органдарымен және лауазымды тұлғаларымен өзара іс-қимыл рәсімін сипаттауды;
2) КЖТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды және қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға хабарламаларды, оның ішінде оларды әзірлеушілер туралы мәліметтер беруді жүзеге асыру үшін пайдаланылатын автоматтандырылған ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық қамтамасыз ету туралы мәліметтерді;
3) КЖТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды іске асыру барысында алынған мәліметтерді тіркеу, сондай-ақ құжаттар мен ақпаратты сақтау рәсімін;
4) ұйым қызметкерлерінің, оның ішінде жауапты қызметкердің, ұйымның уәкілетті органдары мен лауазымды адамдарының КЖТҚҚ туралы Заңды, сондай-ақ ұйым қызметкерлері жол берген ішкі бақылау қағидаларын бұзу фактілері туралы хабардар ету рәсімін;
5) ұйымды бақылайтын заңды тұлға белгілеген КЖТҚҚ жөніндегі талаптардың (бар болса) сипаттамасын;
6) кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау нәтижелерін бағалау, айқындау, құжаттық тіркеу және жаңарту рәсімін;
7) бақылау шараларын әзірлеу рәсімін, кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін басқару мен кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін азайту бойынша рәсімдерді;
8) кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелінің дәрежесін ескере отырып, өз клиенттерін жіктеу рәсімін қамтиды.
Ұйымға КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру жөніндегі қосымша шараларды бағдарламаға енгізуіне жол беріледі.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2020 № 883 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 113 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.7. Ұйымның КЖТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасына сәйкес жауапты қызметкердің және КЖТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлерінің функцияларына мыналар кіреді:
1) әзірленген және ұйымның атқарушы органымен келісілген ішкі бақылау қағидаларының және (немесе) оларға өзгерістердің (толықтырулардың) болуын, сондай-ақ ұйымда олардың сақталуына мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету;
2) Қазақстан Республикасының КЖТҚҚ туралы заңнамаға сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға хабарламалар ұсынуды ұйымдастыру және олардың ұсынылуына бақылау жасау;
3) клиенттердің операцияларын күдікті ретінде тану және ұйымның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға хабарламалар жіберу қажеттілігі туралы шешімдер қабылдау;
4) КЖТҚҚ туралы заңда көзделген жағдайларда және ұйымның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен клиенттердің операцияларын жүргізуден бас тарту туралы шешімдер қабылдау не ұйымның уәкілетті органымен немесе лауазымды адамымен келісу;
5) КЖТҚҚ туралы заңда және (немесе) ұйымның ішкі құжаттарында көзделген жағдайларда және тәртіппен клиенттермен іскерлік қатынастарды орнату, жалғастыру не тоқтату туралы шешім қабылдау үшін ұйымның атқарушы органына сұратулар жіберу;
6) ұйымның уәкілетті органдарын және лауазымды адамдарын анықталған ішкі бақылау қағидаларын бұзушылықтар туралы ұйымның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен хабардар ету;
7) ұйымның уәкілетті органдарының есептерді қалыптастыруы үшін КЖТҚҚ мақсатында ішкі бақылау қағидаларын іске асыру нәтижелері және тәуекелдері басқару және ішкі бақылау жүйелерін жақсарту жөніндегі ұсынылып отырған шаралар туралы ақпаратты дайындау және ұйымның атқарушы органымен келісу.
Ұйымның жауапты қызметкердің және КЖТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлерінің қосымша функцияларын енгізуіне жол беріледі.
8. Жүктелген функцияларды орындау үшін жауапты қызметкерге және КЖТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлеріне мынадай өкілеттіктер беріледі:
1) өз функцияларын толық көлемде және ұйымның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шекте ұйымның барлық үй-жайларына, ақпараттық жүйелеріне, телекоммуникация құралдарына, құжаттар мен файлдарға кіруге рұқсат алу;
2) өз функцияларын жүзеге асыру кезінде алынған ақпараттың конфиденциалдылығын қамтамасыз ету;
3) ұйымның бөлімшелерінен алынатын құжаттар мен файлдардың сақталуын қамтамасыз ету.
Ұйымның жауапты қызметкердің және КЖТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлерінің қосымша өкілеттіктерін енгізуіне жол беріледі.
9. Ұйымның филиалдарында Талаптардың 7 және 8-тармақтарында көзделген функциялар мен өкілеттіктер толығымен немесе ішінара жүктелген қызметкерлер болған кезде осындай қызметкерлердің қызметін үйлестіруді жауапты қызметкер жүзеге асырады.
10. Жауапты қызметкердің, сондай-ақ ұйымның Талаптардың 7-тармағында көзделген функциялар жүктелген қызметкерлерінің функциялары ішкі аудит қызметінің не ішкі аудит жүргізуге уәкілетті өзге органның функцияларымен, сондай-ақ ұйымның операциялық (ағымдағы) қызметін жүзеге асыратын бөлімшелердің функцияларымен қоса атқарылмайды.
11. Ұйым КЖТҚҚ мақсатында ішкі бақылау мәселелері бойынша процестерді автоматтандыру үшін мынадай талаптарға сәйкес келетін автоматтандырылған ақпараттық жүйелерді пайдаланады:
1) оларға енгізілетін өзгерістерді (толықтыруларды) қоса алғанда, клиенттердің досьелерін (сауалнамаларын) жүргізу мүмкіндігі;
2) Қазақстан Республикасының КЖТҚҚ заңнамасының талаптарын, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдері ұйымның көрсетілетін қызметтерінің тәуекелдерге ұшырағыштық дәрежесін бағалау нәтижелерін ескере отырып, алдын ала белгіленген өлшемшарттар бойынша шекті және күдікті операцияларды анықтау;
3) клиенттердің досьелері (сауалнамалары), жүргізілген операциялар, қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға жіберілген хабарламалар бойынша дерекқордан ақпаратты алып тастау мүмкіндігінің болмауы;
4) ақпараттың резервтік көшірмесін жасау және сақтау жүйесінің болуы;
5) әрбір пайдаланушы жұмысының түрлендіруден қорғалған хаттамасын жүргізу.
3-тарау. Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелін басқару бағдарламасы
12. Ұйым қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін басқаруды ұйымдастыру мақсатында қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін басқару (тәуекелдерді бағалау) бағдарламасын әзірлейді.
13. Ұйым жыл сайынғы негізде кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау есебін және кем дегенде тәуекелдердің мынадай ерекше санаттарын: клиенттердің типі бойынша тәуекелді, елдік (географиялық) тәуекелді, қызмет көрсету (өнім) тәуекелін және (немесе) оны ұсыну тәсілін ескере отырып, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдеріне ұйым қызметтерінің (өнімдерінің) ұшырағыштық дәрежесін бағалауды жүзеге асырады.
Ұйымның көрсетілетін қызметтерінің (өнімдерінің) қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін бағалау клиенттердің операцияларын сәйкестендіру және оларға мониторинг жүргізу рәсімдерін өзгертуді, операциялар жүргізуге лимиттер белгілеуді, көрсетілетін қызметтерді (өнімдерді) ұсыну талаптарын өзгертуді, қызметтерді (өнімдерді) ұсынудан бас тартуды қоса, анықталған тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталған ықтимал іс-шараларды сипаттаумен қатар жүреді.
Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2020 № 883 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 113 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.14. Мәртебесі және (немесе) қызметі қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелін арттыратын клиенттердің типтеріне:
1) шетелдік жария лауазымды адамдарды, олардың жақын туыстары мен өкілдерін қоса, шетелдіктер;
2) шетелдік қаржы ұйымдары;
3) қызметі қолма-қол ақшаның қарқынды айналысымен байланысты заңды тұлғалар және дара кәсіпкерлер, оның ішінде:
ойын бизнесін ұйымдастырушылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерде онлайн-казино қызметін көрсететін не осы қызметтен кіріс алатын тұлғалар;
туристік қызметтер, сондай-ақ қолма-қол ақшаның қарқынды айналысымен байланысты өзге қызметтер көрсететін тұлғалар;
4) "өмірді сақтандыру" саласы бойынша қызметті жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері;
5) қызметін сақтандыру агенттері ретінде жүзеге асыратын тұлғалар;
6) жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;
7) қорлар, діни бірлестіктер ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйымдар;
8) Талаптардың 15-тармағында көрсетілген шет мемлекеттерде орналасқан (тіркелген) тұлғалар, сондай-ақ осындай тұлғалардың Қазақстан Республикасында орналасқан филиалдары мен өкілдіктері кіреді.
Мәртебесі және (немесе) қызметі қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелін арттыратын клиенттердің қосымша типтерін ұйымның енгізуіне жол беріледі.
Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2020 № 883 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 113 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.15. Ұйым осы тармақта көрсетілген шет мемлекеттерден клиенттерге қызметтерді (өнімдерді) көрсетумен және осындай шет мемлекеттердің қатысуымен ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды жүргізумен байланысты елдік (географиялық) тәуекелді бағалауды жүзеге асырады.
Мыналар жүргізілген операциялары қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелін арттыратын шет мемлекеттер болып табылады:
1) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган жасайтын Ақшаны жылыстатумен күресудің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын не жеткілікті орындамайтын мемлекеттердің (аумақтардың) тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар);
2) оларға қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларымен қабылданған халықаралық санкциялар (эмбарго) қолданылатын шет мемлекеттер (аумақтар);
3) "Банктік және сақтандыру қызметінің, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар қызметінің және бағалы қағаздар нарығындағы өзге де лицензияланатын қызмет түрлерінің, акционерлік инвестициялық қорлар қызметінің және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметінің мақсаттары үшін оффшорлық аймақтардың тізбесін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 24 ақпандағы № 8 қаулысымен бекітілген оффшорлық аймақтар тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар), (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20095 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2020 жылғы 10 наурызда жарияланған);
4) ұйым басқа факторлардың (сыбайлас жемқорлық, есірткілердің заңсыз өндірілуі, айналымы және (немесе) транзиті деңгейі туралы мәліметтер, халықаралық терроризмді қолдау туралы мәліметтер және басқалар) негізінде кiрiстердi заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың жоғары тәуекелін көрсетуші ретінде анықтаған шет мемлекеттер (аумақтар).
Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2020 № 883 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 113 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.16. Ұйымның көрсетілетін қызметтеріне (өнімдеріне, операцияларына), сондай-ақ кiрiстердi заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың жоғары тәуекеліне ұшыраған оларды ұсыну тәсілдеріне:
1) электрондық терминалдар арқылы қызмет көрсетуді қоса алғанда, клиенттерге қашықтан қызмет көрсету;
2) ақша жөнелтушінің банк шотын ашпай төлемді жүзеге асыру үшін бес жүз мың теңгеден асатын сомаға қолма-қол ақшамен төлемдер қабылдау қызметі;
3) электрондық ақшаны және төлем карточкаларын өткізу (тарату) бойынша қызметтер;
4) тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің жүз есе мөлшеріне тең сомадан асатын электрондық ақшаны пайдалана отырып жасалатын төлемдерді қабылдау мен өңдеу қызметі;
5) клиент бастамашы болған электрондық нысандағы төлемдерді өңдеу және төлемді және (немесе) аударымды жүзеге асыру үшін банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қажетті ақпарат беру не осы төлемдер бойынша ақша қабылдау қызметі кіреді, бірақ олармен шектелмейді.
17. Ұйымның көрсетілетін қызметтерінің (өнімдерінің) кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін Талаптардың 14, 15 және 16-тармақтарында көрсетілген тәуекелдердің санаттарына және факторларына сәйкес бағалау кезінде ұйым тәуекелдің қорытынды дәрежесіне ықпал ететін, мыналар кіретін, бірақ олармен шектелмейтін қосымша мәліметтерді ескереді:
1) ұйымның қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға клиенттердің күдікті операциялары туралы жіберген хабарламаларының саны;
2) ұйымның қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға клиенттердің қолма-қол ақшамен жасаған шекті операциялары туралы жіберген хабарламаларының саны.
18. Ұйым кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін басқару (тәуекелдерін бағалау) бағдарламасын іске асыру шеңберінде Талаптардың 14, 15 және 16-тармақтарында көрсетілген тәуекелдердің санаттары мен факторларын, сондай-ақ ұйым белгілейтін тәуекелдердің өзге де санаттары мен факторларын ескере отырып, клиенттерді жіктеу бойынша шаралар қабылдайды.
Ұйым клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін клиенттердің операцияларын сәйкестендіру және мониторинг жүргізу рәсімдері шеңберінде алынған клиент (клиенттер) туралы мәліметтерді талдаудың нәтижелері бойынша белгілейді және тәуекел деңгейін айқындаудың кемінде екі деңгейден тұратын шәкілі бойынша бағаланады.
Ұйым клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін қайта қарауды клиент (клиенттер тобы) туралы мәліметтердің жаңартылуына қарай жүзеге асырады.
4-тарау. Клиенттерді сәйкестендіру бағдарламасы
19. Ұйым КЖТҚҚ туралы заңның клиентті тиісінше тексеру бойынша талаптарын іске асыру (мақсатында клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін сәйкестендіру бағдарламасын әзірлейді.
Ұйымның клиент (оның өкілі) туралы мәліметтерді тіркеу және дәйектілігін тексеру, бенефициарлық меншік иесін анықтау және ол туралы мәліметтерді тіркеу, іскерлік қатынастардың немесе біржолғы операцияның (мәміленің) болжамды мақсатын белгілеу және тіркеу, сондай-ақ Талаптарда көзделген клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы өзге де мәліметтерді алу және тіркеу бойынша іс-шараларды жүргізуі клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру болып табылады.
КЖТҚҚ туралы Заңның 5-бабының 7-тармағына сәйкес клиенттің тәуекел деңгейіне байланысты ұйым жүргізетін іс-шаралар дәрежесі клиенттерді тиісінше тексерудің оңайлатылған не күшейтілген шараларын қолданудан көрінеді.
Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2020 № 883 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 113 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.20. Ұйым КЖТҚҚ туралы заңның 5-бабы 2-тармағының талаптарын ескере отырып, клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіруді жүргізеді, сондай-ақ мына:
1) айлық есептік көрсеткіштің жүз еселік мөлшерінен аспайтын сомада электрондық ақшаны өткізген, сондай-ақ сомасы екі жүз теңгеден аспайтын төлем карточкаларын таратуды қоспағанда, клиентпен іскерлік қатынастар орнатқан;
2) клиент:
қолма-қол ақшаны қабылдау үшін арналған жабдық (құрылғы) арқылы, оның ішінде күнтізбелік бір күнде бірнеше операцияны (мәмілені) жасау арқылы қолма-қол ақшаны жеке тұлғаның банктік шотына есепке алу үшін қабылдау кезінде бес жүз мың теңгеден асатын;
электрондық ақшаны пайдалана отырып жасалатын төлемдерді қабылдау кезінде айлық есептік көрсеткіштің елу еселенген мөлшерінен асатын және (немесе) оған тең;
банктік шотты пайдаланбай қолма-қол ақшасыз төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын қабылдау кезінде бес жүз мың теңгеден асатын;
банктік шотқа қолжеткізу құралы болып табылмайтын төлем карточкасын пайдалана отырып операцияларды жүзеге асырған кезде екі жүз мың теңгеден асатын сомаға біржолғы операция (мәміле) жасаған;
3) клиент шекті операцияны (мәмілені) жасаған;
4) клиенттің күдікті операциясы (мәмілесі) анықталған;
5) жеке және заңды тұлғалар туралы бұрын алынған деректердің дәйектілігіне күмән туғызатын негіздер болған жағдайларда іскерлік қатынастардың немесе біржолғы операцияның (мәміленің) болжамды мақсатын белгілейді.
Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2020 № 883 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 113 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.21. Талаптардың 20-тармағына сәйкес алынған мәліметтерді ұйым клиенттің досьесіне енгізеді (қосады), ол ұйымда клиентпен іскерлік қатынастардың барлық кезеңі бойы және олар аяқталған не біржолғы операция (мәміле) жасалған күннен бастап кемінде бес жыл сақталады.
Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2020 № 883 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 113 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.22. Алып тасталды – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2020 № 883 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 113 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.
23. Алып тасталды – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2020 № 883 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 113 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.
24. Клиентті сәйкестендіру (бенефициарлық меншік иесін анықтау) процесінде ұйым осындай клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) террористік іс-әрекетке қатысы бар адамдардың тізімінде (бұдан әрі – Тізім) және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде, сондай-ақ КЖТҚҚ туралы Заңның 12 және 12-1 - баптарында көзделген жаппай қырып-жою қаруын таратумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде (бұдан әрі – Тізбелер) бар-жоғына тексеру жүргізеді.
Ұйымда шет мемлекетің азаматтығы болуы туралы мәліметтер болған шетелдіктерге, өзге тұлғаларға, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдарға қатысты ұйым клиентті сәйкестендіру (бенефициарлық меншік иесін анықтау) процесінде осындай клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) шетелдік жария лауазымды тұлғаға жататынын тексереді.
Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2020 № 883 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 113 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.25. Клиент (оның өкілі) ұсынатын құжаттар клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді растау мақсатында олардың шынайылығына тексеріледі.
26. Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру бағдарламасы:
1) іскерлік қатынастар орнатудан және (немесе) операция жүргізуден бас тартуды, сондай-ақ іскерлік қатынастарды тоқтату рәсімі мен негіздерін қоса алғанда, клиенттерді қызмет көрсетуге қабылдау рәсімін;
2) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру рәсімін, оның ішінде клиентті тиісінше тексерудің оңайлатылған және күшейтілген шараларын қолдану рәсімдерінің ерекшеліктерін;
3) қызмет көрсетудегі немесе қызмет көрсетуге қабылданатын жеке тұлғалар арасында шетелдік жария лауазымды тұлғаларды анықтауға бағытталған шаралардың сипаттамасын;
4) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін Тізімде және Тізбелерде бар-жоғын тексеру рәсімін;
5) іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату кезіндегі сәйкестендіру ерекшеліктерін (клиенттің немесе оның өкілінің жеке қатысуынсыз);
6) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру процесінде алынған мәліметтерді ұйымға бақылау жасайтын заңды тұлға белгілеген КЖТҚҚ бойынша талаптарды орындау шеңберінде алмасу ерекшеліктерін (болған жағдайда);
7) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру мақсатында қосымша ақпарат көздерінің, оның ішінде мемлекеттік органдар ұсынатын ақпарат көздерінің сипаттамасын;
8) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің дұрыстығын тексеру рәсімін;
9) клиент досьесінің нысанына, мазмұнына және жүргізу тәртібіне, мәліметтерді жаңарту кезеңділігін көрсете отырып, досьеде қамтылған мәліметтерді жаңартуға қойылатын талаптарды;
10) сәйкестендіру жүргізу кезінде алынған ақпаратқа ұйым қызметкерлерінің қол жеткізуін қамтамасыз ету рәсімін;
11) клиенттің тәуекел деңгейін бағалау рәсімін, осындай тәуекелді бағалау негіздерін;
12) клиенттен сұратылатын құжаттар мен ақпараттың тізбесін қоса алғанда, ұйымның клиенттердің бенефициарлық меншік иесін анықтауға және сәйкестендіруге бағытталған шаралар (рәсімдер) тізбесін, ұйымның жеке тұлғаны бенефициарлық меншік иесі деп тану туралы шешім қабылдау тәртібін қамтиды.
Ұйымға клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру жөніндегі қосымша шараларды бағдарламаға енгізуге жол беріледі.
Егер ұйым шарт негізінде КЖТҚҚ туралы Заңға сәйкес өзге тұлғаға ұйымның клиенттеріне қатысты КЖТҚҚ туралы Заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген шараларды қолдануды тапсырса, ұйым осындай тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау қағидаларын әзірлейді, олар:
сәйкестендіру жүргізу тапсырылған ұйымның тұлғалармен шарттар жасасу рәсімін, сондай-ақ осындай шарттар жасасуға уәкілетті ұйымның лауазымды адамдарының тізбесін;
сәйкестендіру жүргізу тапсырылған ұйым мен тұлғалар арасындағы шарттарға сәйкес клиент-жеке тұлғаны, оның өкілін, пайда алушыны сәйкестендіру рәсімін;
сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалардың сәйкестендіру жүргізу кезінде алынған мәліметтерді ұйымға беру рәсімін және мерзімдерін;
ұйымға алынған мәліметтерді беру рәсімін, мерзімдері мен толықтығын, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұйым қабылдайтын шараларды қоса алғанда, сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалардың сәйкестендіру жөніндегі талаптарды сақтауын бақылауды ұйымның жүзеге асыру рәсімін;
ұйымның сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы шешім қабылдау негіздерін, рәсімін және мерзімдерін, олар сәйкестендіру жөніндегі талаптарды, оның ішінде алынған мәліметтерді ұйымға беру рәсімін, мерзімдерін және толықтығын сақтамаған жағдайда, сондай-ақ осындай шешім қабылдауға уәкілетті ұйымның лауазымды адамдарының тізбесін;
ұйым сәйкестендіру жүргізуді тапсырған тұлғалардың ұйымға алынған мәліметтерді беру тәртібін, мерзімдерін және толықтығын қоса алғанда, сәйкестендіру жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін жауапкершілігі туралы ережелерді;
сәйкестендіру бойынша талаптарды орындау мақсатында оларға әдіснамалық көмек көрсету мәселелері бойынша сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен ұйымның өзара іс-қимыл рәсімін қамтиды.
Ұйымның өзара іс-қимыл қағидаларына қосымша шарттарды енгізуіне жол беріледі.
Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2020 № 883 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 113 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.5-тарау. Клиенттердің операцияларына мониторинг жасау және зерделеу бағдарламасы
27. Ұйым клиентті тиісінше тексеру бойынша, сондай-ақ шекті және күдікті операциялар туралы хабарларды анықтау және оларды қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға жіберу бойынша КЖТҚҚ туралы заңның талаптарын іске асыру мақсатында клиенттердің операцияларына мониторинг жасау және зерделеу бағдарламасын әзірлейді.
28. Ұйым клиенттердің операцияларына мониторинг жасау және зерделеу бағдарламасы шеңберінде клиенттер (олардың өкілдері) және бенефициарлық меншік иелері туралы қосымша мәліметтерді жаңарту және (немесе) алу бойынша, cондай-ақ клиенттердің операцияларын зерделеу және шекті және күдікті операцияларды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізеді.
Ұйым клиенттердің операцияларына мониторинг жасау және зерделеу нәтижелерін ұйымның көрсетілетін қызметтерінің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін жыл сайын бағалау үшін, сондай-ақ клиенттер тәуекелдерінің деңгейлерін қайта қарау үшін пайдаланады.
Клиент операцияларының мониторингі және зерделеу бағдарламасын іске асыру шеңберінде алынған мәліметтер клиенттің досьесіне енгізіледі және клиентпен іскерлік қатынастардың барлық кезеңі бойы және олар аяқталған не біржолғы операция (мәміле) жасалған күннен бастап кемінде бес жыл ұйымда сақталады.
Ескерту. 28-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2020 № 883 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 113 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.29. Клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы қосымша мәліметтерді жаңарту кезеңділігін және (немесе) алу қажеттілігін ұйым клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін және (немесе) клиент пайдаланатын ұйым қызметтерінің ұшырағыштық дәрежесін, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін ескере отырып белгілейді.
Тәуекел деңгейі жоғары клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді жаңарту жылына кемінде бір рет жүзеге асырылады.
Клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) Тізімде және Тізбелерде болуын тексеру (Тізім мен Тізбелерге енгізу) клиенттің тәуекел деңгейіне байланысты емес және Тізімге және Тізбелерге өзгерістер енгізу шамасына қарай (Тізім мен Тізбелерді жаңарту) жүзеге асырылады.
Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2020 № 883 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 113 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.30. Клиент операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы:
1) КЖТҚҚ туралы Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган бекіткен күдікті операцияларды айқындау белгілері негізінде жасалатын ерекше және күдікті операциялар тізбесін, сондай-ақ ұйым дербес әзірлеген ерекше және күдікті операциялар белгілерінің тізбесін;
2) КЖТҚҚ туралы Заңның 4-бабының 5-тармағына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру типологияларына, схемалары мен тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар клиенттің операцияларын анықтау рәсімін;
3) Талаптарда көзделген жағдайларда клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған мәліметтерді жаңарту және (немесе) қосымша мәліметтерді алу бойынша ұйымның қызметкерлері арасында міндеттерді бөлуді;
4) ұйым қызметкерлері арасында шекті, ерекше және күдікті операциялар, сондай-ақ қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру типологияларына, схемалары мен тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операциялар туралы мәліметтерді анықтау және қызметкерлер арасында беру бойынша міндеттерді бөлуді;
5) шекті, әдеттен тыс және күдікті операцияларды анықтау кезінде бөлімшелердің өзара іс-қимыл тетігін, сондай-ақ қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру типологияларына, схемалары мен тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операцияларды сипаттауды;
6) жауапты қызметкердің клиент операциясының біліктілігі туралы шешім қабылдау рәсімін, негіздерін және мерзімін;
7) клиенттің операциясын жүргізуден бас тарту туралы (клиенттің, бенефициарлық меншік иесінің Тізімде және Тізбелерде болуына байланысты бас тартуды қоспағанда), сондай-ақ клиентпен іскерлік қатынастарды тоқтату туралы шешім қабылдау бойынша қызметкерлердің өзара іс-қимыл рәсімін;
8) тізімдегі және тізбедегі клиенттер мен бенефициарлық меншік иелерін анықтау бойынша, сондай-ақ осындай клиенттердің ақшасымен және (немесе) өзге мүлкімен операцияларға дереу тыйым салу бойынша ұйым бөлімшелерінің (қызметкерлерінің) өзара іс-қимыл рәсімін;
9) ерекше операцияларды зерделеу нәтижелері туралы мәліметтерді, сондай-ақ шекті және күдікті операциялар (оның ішінде операция сомасы, операция валютасы) және қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру типологияларына, схемалары мен тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операциялар туралы мәліметтерді тіркеу (оның ішінде тіркеу тәсілдері) және сақтау рәсімін;
10) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға шекті және күдікті операциялар туралы хабарламаларды ұсыну рәсімін;
11) шекті және күдікті операцияны анықтау туралы ұйымның уәкілетті органдары мен лауазымды тұлғаларын хабардар ету рәсімін (қажет болған жағдайда);
12) клиент әдеттен тыс және (немесе) күдікті операцияларды жүйелі және (немесе) елеулі көлемде жүзеге асырған жағдайда клиентке және оның операцияларына қатысты қабылданатын шараларды қабылдау рәсімі мен сипаттамасын қамтиды.
Ұйымның бағдарламаға клиент операцияларының мониторингі және зерделеу жөніндегі қосымша шараларды енгізуіне жол беріледі.
Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2020 № 883 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 113 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.31. Операцияны шекті ретінде саралаудың заңдылығы бөлігінде күмән туындаған кезде, сондай-ақ әдеттен тыс немесе күдікті операциялар мен қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру типологияларына, схемалары мен тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операциялар анықталған кезде, көрсетілген операцияны анықтаған ұйымның қызметкері осындай операция туралы жауапты қызметкерге (КЖТҚҚ жөніндегі бөлімшеге) ұйымның ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен, нысанда және мерзімде хабарлама жібереді.
Бір хабарламада бірнеше операция туралы ақпараттың болуына жол беріледі.
Ұйым осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген операциялар туралы хабарламаларды, сондай-ақ оларды зерттеудің нәтижелерін клиентпен іскерлік қатынастар тоқтатылған не біржолғы операция (мәміле) жасалған күннен бастап кем дегенде бес жыл сақтайды.
Ескерту. 31-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2020 № 883 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 113 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.31-1. Клиенттің операциялары зерделенуге жатады:
ҚЖТҚҚ туралы Заңның 4-бабының 4-тармағында көрсетілген негіздер бойынша;
егер оларда күдікті операция белгілерінің сипаттамасы бар болса.
Егер ұйымда осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген операцияларды зерделеу нәтижелері бойынша клиенттің операциялары кірістерді жылыстатумен және терроризмді қаржыландырумен байланысты деп пайымдауға негіз болса, клиенттің операциялары күдікті деп танылады.
Клиенттің операцияларын күдікті операция ретінде тану (танымау) туралы шешімді ұйым клиенттің (оның өкілінің) және операцияны жүзеге асыратын бенефициарлық меншік иесінің мәртебесі мен қызметін сипаттайтын, оның иелігіндегі ақпарат пен құжаттар, сондай-ақ клиенттің қаржылық-шаруашылық қызметі, қаржылық жағдайы және іскерлік беделі туралы ақпарат негізінде дербес қабылдайды.
Операцияны жасау уақыты мен осындай операцияны күдікті деп тану уақыты арасындағы айырмашылық ұйымның ішкі бақылау қағидаларына сәйкес клиенттің операцияларын зерделеу жиілігін айқындайтын уақыт аралығынан аспауы тиіс.
Ескерту. Талаптар 31-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2020 № 883 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 113 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.6-тарау. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында қаржы мониторингі субъектілерін даярлау және оқыту бағдарламасы
Ескерту. 6-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2020 № 883 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 113 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.
32. КЖТҚҚ мәселелері бойынша қаржы мониторингі субъектілерін даярлау және оқыту бағдарламасы КЖТҚҚ туралы Заңның 11-бабының 8-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекітетін қызметкерлерді даярлау және оқыту жөніндегі талаптарға сай әзірленеді.
Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 18.09.2020 № 883 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 113 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.