Ескерту. Күші жойылды – ҚР Бас Прокурорының 02.05.2018 № 60 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 4-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік-экономикалық саладағы прокуратураның құқық қорғау функцияларын іске асыру жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
2. "Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдардың қолданылуын, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2014 жылғы 2 қыркүйектегі № 85 бұйрығының (Hормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9773 болып тіркелді, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2014 жылғы 10 қазанда жарияланған) және "Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2016 жылғы 15 қарашадағы № 172 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14554 болып тіркелді, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 30 желтоқсанда жарияланған) қосымшасының 2-тармағының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық қорғау департаменті:
1) мемлекеттік тіркелуін және оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының жетекшілік етуші орынбасарына жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры |
Ж. Асанов |
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2017 жылғы 31 қаңтардағы № 7 бұйрығымен бекітілді |
Әлеуметтік-экономикалық саладағы прокуратураның құқық қорғау функцияларын іске асыру жөніндегі нұсқаулық
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Әлеуметтік-экономикалық саладағы прокуратураның құқық қорғау функцияларын іске асыру жөніндегі осы нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) әлеуметтік-экономикалық саладағы прокурорлық қадағалауды жүзеге асырылуын нақтылайды.
2. Жоғары қадағалаудың нысаналары:
1) әлеуметтік саладағы заңдылықты қадағалау;
2) экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау болып табылады.
3. Прокуратура органдарының құқық қорғау функциялары:
1) заңдылық жағдайына талдау жүргізу (бұдан әрі - талдау);
2) Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданылуына тексеру жүргізу;
3) заңдылықты бұзушылықтарды жою бойынша шаралар.
2-тарау. Құқық қорғау функцияларын іске асыру тетіктері
4. Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданылуына тексерулер талдаудың негізінде жоспарланады.
Прокурорлармен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді қамтитын аймақтың паспорты жүргізіледі. Аймақтың паспорты жарты жылда бір рет жаңартылады.
5. Жоспарлы және жоспардан тыс талдаулар Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданылуы туралы мәліметтер мен ақпаратты жинау және зерделеу арқылы жүргізіледі.
Жоспардан тыс талдауларды жүргізу облыс, оның орынбасарымен, қала, аудан прокурорымен және оларға теңестірілген прокурормен не олардың міндетін атқарушы тұлғамен келісілген баянат бойынша бастамашылық етіледі.
Баянатта:
1) күні, баянат беруші тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және лауазымы;
2) талдау нысанасы;
3) дәлелді негіздер;
4) талдау кезеңі;
5) талдау жүргізу мерзімі қамтылады.
Талдау прокурорлар субъектілерге (объектілерге) бармай, статистикалық деректерді, мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтерін, азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер материалдарын, сондай-ақ басқа да ақпарат көздерін сұрату және зерделеу арқылы жүргізіледі.
Талдау жүргізу мерзімі отыз күнтізбелік күннен аспайды, ал керекті жағдайларда отыз күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге ұзартылады.
Талдау нәтижелері анықтама түрінде ресімделеді, онда:
1) талдау жүргізу күні, негізі және нысанасы;
2) ағымдағы заңдылық жағдайы (статистиканы келтіре отырып);
3) талдау нәтижесінде алынған заңдылық жағдайы туралы объективті қорытындылар, оның ішінде құқық бұзушылықтар жасау себептері мен жағдайлары;
4) нәтижелеріне қарай құқық бұзушылықтарды, Қазақстан Республикасының заңнамасындағы бар проблемаларды, кемшіліктер мен олқылықтарды шешу және жою тәсілдері туралы ұсыныстар қамтылады.
Талдау нәтижелері бойынша тексерулер бастамаланады, "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Заңымен көзделген шаралар қабылданады.
Талдау нәтижелері бойынша тексерулер осы Нұсқаулықтың 9-тармағын сақтай отырып тағайындалады.
6. Тексерулер жүргізу "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 2-тармағында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.
Тексерулерді жүргізу туралы қаулыларды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының дербес құрылымдық бөлімшелерінің бастықтары, облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, олардың орынбасарлары, қала, аудан прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, сонымен қатар олардың орнын баса тұратын тұлғалар шығаруға құқылы.
Тексерулер, Қазақстан Республикасы Президентінің немесе жоғары тұрған прокурордың тапсырмасы, сонымен қатар жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен арыздары бойынша өткізілетіндерді қоспағанда, осы Нұсқаулықтың 5-тармағымен қарастырылған тәртіптегі талдауды өткізуден кейін тағайындалады.
7. Төмен тұрған прокурорларға тексерулер жүргізу туралы тапсырмаларды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілгендер, сондай-ақ олардың орынбасарлары жолдауға құқылы.
Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының және оның орынбасарларының тапсырмаларын орындау, Бас прокуратураның, облыстардың және оларға теңестірілген прокуратуралардың операциялық жоспарын және жоспарлы іс-шараларын іске асыру, талдау нәтижелері, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен арыздарын қарау, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар тапсырма беру үшін негіздер болып табылады.
Тексеру тақырыптамасына қарай тапсырма:
1) тапсырма беру негіздері;
2) істің мән-жайының фабуласы не оған тән бұзушылықтар;
3) тексеруге жататын кезең;
4) зерделеуге жататын мәселелер;
5) орындау мерзімін қамтиды.
8. Прокурор жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, мемлекеттік органдардың хабарламалары мен ақпараттары, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар және дереу шешім қабылдауды қажет ететін басқа да деректер бойынша, сондай-ақ уәкілетті органның не оның лауазымды тұлғаларының мүдделер қақтығысы жағдайында тексеру жүргізеді.
Осы Нұсқаулықтың 10-тармағымен қарастырылған жағдайларды қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштері құзыреті бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданылады.
9. Заң бұзушылықтар тікелей анықталған кезде тексерулер олардың нәтижелері туралы хабарлауды талап етумен тиісті уәкілетті органға тапсырылады.
Дереу жоюды талап ететін бұзушылық анықталған және (немесе) уәкілетті органның не оның лауазымды тұлғаларының қызметінде мүдделер қақтығысы орын алған жағдайларда тексеру уәкілетті органға тапсырыла алмайды және оны прокурор жүргізеді.
Тиісті мәліметтер алған прокурормен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құрылымдық бөлімшесінің басшысына, облыс, қала, аудан прокурорына немесе оларға теңестірілгенге дәлелді баянат беріледі, онда келесі мәліметтер қамтылады:
1) ақпарат алу көзі және мерзімі;
2) дереу жоюды қажет ететін бұзушылық сипаты;
3) аталған тексеруді уәкілетті органға тапсыруға болмайтын себептер;
4) тексеруді жүргізуге ұсынылатын субъектінің (объектінің) атауы.
10. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне тексерулерді прокурор облыс прокурорымен немесе оған теңестірілгенмен не олардың орнын баса тұратын тұлғамен келісім бойынша келесі жағдайларда жүргізеді:
1) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың шешімдерінің заңдылығын қарсы тексеру қажет болғанда;
2) жаппай сипатқа ие, азаматтардың едәуір санының құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын заң бұзушылықтарды жою үшін;
3) қызметкерлер алдындағы жалақы бойынша берешек туралы мәліметтер болған кезде;
4) мемлекет қаражаттарын және квазимемлекеттік сектор қаражаттарын игерудің заңдылығын анықтау;
5) егер оларды жүргізуді уәкілетті органдарға тапсыру мүмкін болмаған кезде.
Қалған жағдайларда жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының тапсырмасымен немесе оның келісімі бойынша жүргізіледі.
11. Білім беру (балалар үйлері, балабақшалар, мектептер, мектеп-интернаттар, гимназиялар, колледждер, жоғарғы оқу орындары және тағы басқа) және денсаулық сақтау ұйымдарының (жетім балаларға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған денсаулық сақтау ұйымдары, емханалар, ауруханалар және тағы басқа) қызметінде заңдылықтың сақталуын тексеру осы Нұсқаулыққа сәйкес және облыстың прокурорымен немесе оған теңестірілгенмен келісім бойынша жүргізілсін.
12. Жоғары тұрған прокуратураның тексерулерге келісім беруі үш тәулік ішінде, ал кейінге қалдыруды қажет етпейтін жағдайларда, материалдар түскен мезгілден бастап жиырма төрт сағаттың ішінде жүзеге асырылады.
13. Тексеру жүргізу туралы қаулы:
1) нөмірі, күні, прокурордың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және лауазымы, тексеру негіздері;
2) тексерілетін субъектісінің (объектісінің) атауы, оның орналасқан жері, Бизнес-сәйкестендіру нөмірі (жеке сәйкестендіру нөмірі);
3) тексерілетін кезеңді көрсете отырып тексеру нысанасы (тақырыптамасы);
4) тексеру кімге тапсырылған және оған тартылатын мамандар туралы мәліметтер;
5) тексеру жүргізу мерзімі (басталуы және аяқталуы);
6) тексерілетін субъектісінің құқықтары мен міндеттерді қамтиды.
Тексеру жүргізу туралы қаулы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органда тіркеледі, онда оның нөмірі және тексерудің басталуына дейін тіркелген күні көрсетіледі.
Тексеру жүргізуді ұзарту, тоқтата тұру және қайтадан бастау туралы қаулыларда олардың себептері көрсетілсін.
14. Тексерулер барысында тексеруді іске асыру үшін маңызы бар жасырын заң бұзушылықтарды анықтау үшін басқа мүмкіндіктер болмаған кезде уәкілетті органдардың жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыру қажеттілігі туралы мәселе шешіледі.
Жедел-іздестіру іс-шаралары Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілгендермен тағайындалады.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы қаулыда:
1) оларды жүргізу негіздері;
2) тексерілетін субъектілер мен мәселелер шеңбері;
3) жедел-іздестіру, соның ішінде арнаулы, іс-шараларының түрлері;
4) жүргізу мерзімі және алынған нәтижелерді ұсыну нысаны көрсетіледі.
15. Қажет болған кезде тексеруге қатысу және қорытынды беру үшін мамандар тартылсын.
Сараптама арнайы ғылыми білімді қажет ететін және оны тағайындамай тексеруді жүзеге асыру мүмкін болмайтын жағдайларда тағайындалады.
Сараптама тағайындау туралы қаулыны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасарлары, Бас прокуратураның Департаменттерінің, дербес басқармаларының бастықтары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілгендер, олардың орынбасарлары, облыстық және оларға теңестірілген прокуратуралардың құрылымдық бөлімшелерінің бастықтары, қала, аудан және оларға теңестірілген прокурорлар, сонымен қатар олардың міндеттерін атқарушы тұлғалар шығарады.
Сараптама тағайындау туралы қаулыда:
1) сараптаманы тағайындаған органның атауы;
2) сараптаманы тағайындау уақыты, орны;
3) сараптаманың түрі;
4) сараптаманы тағайындау үшін негіздер;
5) сараптамаға жіберілетін объектілер және олардың шығу тегі туралы ақпарат, сондай-ақ зерттеу барысында көрсетілген объектілерді ықтимал толық немесе ішінара жоюға, олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге рұқсат;
6) сот сараптамасы органының атауы және (немесе) сот сараптамасын жүргізу тапсырылған тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) көрсетіледі.
16. Тексеру нәтижелері бойынша:
1) анықтама жасалған күні және орны, тексеру негіздері;
2) тексерілетін субъектісінің атауы, тексеру нысанасы (тақырыптамасы);
3) тексеру тақырыптамасы бойынша жалпы мәліметтер (статистика, тексерілетін субъекті іске асырған іс-шаралар, игерілген бюджеттік қаражаттар туралы мәліметтер);
4) тексеру нысанасы (тақырыптамасы) бойынша заңдылықтың сақталуының бағасы (анықталған бұзушылықтардың мәні, мемлекеттік органдардың құқықтық актілерінің заңдылығы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың сақталуы);
5) тексеру нәтижелері бойынша қорытындылар мен ұсыныстар (қадағалау актілері, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастамалау, Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар және тағы басқа);
6) тексерілетін субъектісінің басшысының (өкілінің) анықтамамен танысуы немесе танысудан бас тартуы туралы мәліметтерді қамтитын тексеру нәтижелері туралы анықтама құрастырылады.
Тексеру нәтижелері бойынша ескертпелер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда тексерілетін субъектінің басшысы не оның өкілі оларды жазбаша түрде баяндайды.
17. Тексеру нәтижелері бойынша "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-тарауымен көзделген прокурорлық қадағалау актілері енгізіледі не басқа шаралар қабылданады.
Сотқа талаптар жаппай сипатқа ие, азаматтардың едәуір санының немесе денсаулық жағдайына немесе жасына байланысты өз құқықтары мен заңды мүдделерін өз бетінше қорғай алмайтын тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын заң бұзушылықтарды жою мақсатында, сондай-ақ мемлекет мүдделерінде ғана қойылады. Қалған жағдайларда әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот тәртібінде өз бетінше қорғауға құқығы түсіндіріледі.
Прокуратура органдарының кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық дауларына тартылуына, сондай-ақ азаматтардың мүдделерінде негізсіз талап қоюға жол берілмейді.
Жүргізілетін тексеруді ұйымдастыруды, оның нәтижелерін, прокурорлық қадағалау актісінің орындалуын және заң бұзушылықтардың іс жүзінде жойылуын бақылау тексеруді тағайындаған прокурорға жүктеледі.
18. Бақылау және қадағалау органдарының атына тексерулер жүргізу туралы талаптар:
1) жаппай сипатқа ие, азаматтардың едәуір санының құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын заң бұзушылықтарды жою үшін;
2) арнайы білімді қажет ететін және оны жолдамай тексеру жүргізу мүмкін болмайтын жағдайларда;
3) талдау жүргізу және заң бұзушылықтарды анықтау және жою үшін басқа мүмкіндіктер болмаған кезінде;
4) егер тексеру мәселесі өтініш берушінің, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін тікелей қозғаса, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың нақты заң бұзушылық фактілері бойынша қаралатын өтініштері бойынша жолдануға жатады.
Талаптар Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасарлары, Бас прокуратура Департаменттерінің, дербес басқармаларының бастықтары, облыстардың, қалалардың, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілгендер және олардың орынбасарларымен жолданылады.
19. Прокурордың іс-әрекеттері мен актілері жоғары тұрған прокурорға не сотқа шағымдалады.
Жеке және (немесе) заңды тұлғалардың арыздары бойынша не өз бастамасы бойынша төмен тұрған прокурордың іс-әрекеттері мен актілерінің заңдылығын тексеру нәтижелері бойынша жоғары тұрған прокурор келесі шешімдердің бірін қабылдайды:
1) олардың заңдылығы күмән туғызған жағдайда, түпкілікті шешім қабылдағанға дейін, прокурорлық қадағалау актілерінің күшін тоқтата тұрады
2) заңдарда және осы Нұсқаулықта белгіленген құзыретті бұзған жағдайда прокурорлық қадағалау актілерін кері қайтарып алады;
3) олардың не жекелеген талаптарының қолданыстағы заңнамаға қарама-қайшылығы анықталған жағдайда, прокурорлық қадағалау актілерінің күшін жояды не өзгертеді;
4) прокурорлық қадағалау актілерін күшінде қалдырады.