Ескерту. Күші жойылды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 08.09.2020 № 457 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған "Индустриялық-инновациялық жобаның кешенді жоспарын әзірлеу және/немесе сараптама жасау шығындарын өтеу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті бекітілсін.
2. Мыналардың:
1) "Отандық өңделген тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің экспортын дамыту мен жылжытуға және еңбек өнімділігін арттыруды қолдауға бағытталған мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 7 қазандағы № 981 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12269 болып тіркелген, 2015 жылғы 19 қарашада "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);
2) "Экспорттаушы 2020" және "Өнімділік 2020" бағдарламалары шеңберінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер регламенттерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 7 қазандағы № 981 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 28 сәуірдегі № 410 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13758 болып тіркелген, 2016 жылғы 1 маусымда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), және 3) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі |
Ж. Қасымбек |
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 14 маусымдағы № 451 бұйрығымен бекітілген |
"Индустриялық-инновациялық жобаның кешенді жоспарын әзірлеу және/немесе сараптама жасау шығындарын өтеу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті
1-тарау. Жалпы ережелер
1. "Индустриялық-инновациялық жобаның кешенді жоспарын әзірлеу және/немесе сараптама жасау шығындарын өтеу" мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) "Қазақстандық индустрияны дамыту институты" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.
Өтінімді қабылдау және мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін беру:
1) көрсетілетін қызметті беруші;
2) кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары (бұдан әрі – КҚКО);
3) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) арқылы жүзеге асырылады.
2. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтің нысаны – қағаз түрінде.
3. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі – шығындарды өтеу туралы келісім не Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 12 қаңтардағы № 26 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16833 болып тіркелген, "Индустриялық-инновациялық жобаның кешенді жоспарын әзірлеу және/немесе сараптама жасау шығындарын өтеу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының (бұдан әрі – Стандарт) 10-тармағында көзделген жағдайларда және негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы жазбаша дәлелді жауап.
Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру нысаны – қағаз түрінде.
2-тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету процесінде көрсетілетін қызметті берушінің құрылымдық бөлімшелерінің (қызметкерлерінің) іс-қимылы тәртібін сипаттау
4. Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша рәсімді (іс-қимылды) бастау үшін Стандарттың 9-тармағына сәйкес құжаттар топтамасымен өтінімді беру негіз болып табылады.
5. Мемлекеттік қызметті көрсету процесінің құрамына кіретін әрбір рәсімнің (іс-қимылдың) мазмұны, оның орындалу ұзақтығы:
1) КҚКО маманының құжаттар топтамасымен өтінімді қабылдау, тіркеу және көрсетілетін қызметті берушіге жіберу – 3 (үш) жұмыс күн.
Мемлекеттік корпорация маманының құжаттар топтамасымен өтінімді қабылдауы, тіркеуі және көрсетілетін қызметті берушіге жіберу – 1 (бір) жұмыс күн;
2) көрсетілетін қызметті беруші кеңсесінің маманының өтінімді қабылдау және тіркеу – 20 (жиырма) минут;
3) көрсетілетін қызметті берушінің басшылығына құжаттарды беру – 20 (жиырма) минут;
4) жауапты орындаушыға құжаттарды беру – 20 (жиырма) минут;
5) құжаттарды қарау және көрсетілетін қызметті берушінің шығындарын өтеу мүмкіндігі және мүмкін еместігі туралы шешім қабылдау – 9 (тоғыз) жұмыс күн;
6) шығындарды өтеу туралы келісімді не Стандарттың 10-тармағында көзделген жағдайларда және негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы жазбаша түрдегі дәлелді жауапты жіберу – 1 (бір) жұмыс күн.
6. Мына рәсімдерді (іс-қимылды) орындауды бастау үшін негіз болатын мемлекеттік қызметті көрсету бойынша рәсімнің (іс-қимылының) нәтижесі:
1) құжаттарды тіркеу;
2) шығындарды өтеу туралы келісімді не мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы жазбаша түрдегі дәлелді жауапты көрсетілетін қызметті алушыға жіберу.
3-тарау. Мемлекеттік қызметті көрсету процесінде көрсетілетін қызметті берушінің құрылымдық бөлімшелерінің (қызметкерлерінің) өзара іс-қимылы тәртібін сипаттау
7. Мемлекеттік қызметті көрсету процесіне қатысатын көрсетілетін қызметті беруші құрылымдық бөлімшелерінің (қызметкерлерінің) тізбесі:
1) көрсетілетін қызметті берушінің басшылығы;
2) құрылымдық бөлімше басшысы;
3) жауапты орындаушы;
4) көрсетілетін қызметті беруші немесе КҚКО немесе Мемлекеттік корпорация кеңсесінің маманы.
8. Құрылымдық бөлімшелер арасындағы рәсімдердің (іс-қимылдардың) реттілігін сипаттау:
Мемлекеттік қызметті көрсету процесінің құрамына кіретін әрбір рәсімнің (іс-қимылдың) мазмұны, оның орындалу ұзақтығы:
1) КҚКО кеңсесі маманының құжаттарды қабылдау, тіркеу және көрсетілетін қызметті берушіге жіберу – 3 (үш) жұмыс күн;
Мемлекеттік корпорация кеңсесі маманының құжаттарды қабылдау, тіркеу және көрсетілетін қызметті берушіге жіберу – 1 (бір) жұмыс күн;
2) кеңсе маманының құжаттарды қабылдауы, тіркеуі және оларды басшылыққа беруі – 20 (жиырма) минут;
3) құжаттарды құрылымдық бөлімше басшысына беру – 20 (жиырма) минут;
4) құжаттарды жауапты орындаушыға беру – 20 (жиырма) минут;
5) құжаттарды қарау және көрсетілетін қызметті берушінің шығындарын өтеу мүмкіндігі және мүмкін еместігі туралы шешім қабылдау – 9 (тоғыз) жұмыс күн;
6) шығындарды өтеу туралы келісімді не Стандарттың 10-тармағында көзделген жағдайларда және негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы жазбаша түрдегі дәлелді жауапты жіберу – 1 (бір) жұмыс күн.
Мемлекеттік қызметті көрсету процесінде көрсетілетін қызметті берушінің құрылымдық бөлімшелерінің (қызметкерлерінің) рәсімдері (іс-қимылдары) реттілігінің егжей-тегжейлі сипаттамасы, сондай-ақ өзге көрсетілетін қызметті берушілермен және (немесе) кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарымен өзара іс-қимыл тәртібінің және мемлекеттік қызметті көрсету процесінде ақпараттық жүйелерді қолдану тәртібінің сипаттамасы осы регламентке қосымшаға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетудің бизнес-процестерінің анықтамалығында көрсетіледі.
"Индустриялық-инновациялық жобаның кешенді жоспарын әзірлеу және/немесе сараптама жасау шығындарын өтеу" мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентіне қосымша |