БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қаржылық және шаруашылық қызметті ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 29 шілдедегі № 399 бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін (нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15598 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері эталондық бақылау банкінің ақпараттық жүйесінде 2017 жылғы 11 қыркүйекте жарияланды):
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қаржылық және шаруашылық қызметті ұйымдастыру қағидаларында:
19-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Жеке қаржыландыру жоспарын өзгертуге (арттыруға, азайтуға) өтінімдер ағымдағы айдың жоспарын өзгертпей, ҚР ҚМ ЭҚД-ға тоқсанына бір рет ағымдағы айдың 20-сы күнінен кешіктірмей шығыстардың экономикалық сыныптамасы ерекшеліктері құрылымының мынадай кіші сыныптары бойынша ұсынылады:
110 "Жалақы";
120 "Жұмыс берушілердің жарналары";
130 "Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес азаматтардың жекелеген санаттарына жалақы төлеу және жарналарды аудару";
160 "Басқа да ағымдағы шығындар";
320 "Жеке тұлғаларға трансферттер".";
20 және 21-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Ұйымдық-штаттық іс-шаралармен, жеке құрамның ауысуымен, демалыстар кестесін, іссапарлар жоспарын өзгертумен байланысты жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістерді шұғыл енгізу талап етілетін жағдайларда орталықтандырылған сатып алуды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерге және мемлекеттік мекемелерге ағымдағы айдың жоспарын өзгертпей, айына бір рет ағымдағы айдың 20-сы күнінен кешіктірмей, жеке қаржыландыру жоспарын өзгертуге (арттыруға, азайтуға) өтінімдерді ұсынуға жол беріледі.
21. Барлау және жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелерден басқа, мемлекеттік мекемелер бюджет қаражатын үнемдеу қалыптасқан кезде жоспарлы мақсаттарды азайту үшін жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізуге өтінім ұсынады. Бұл ретте азайтуға өткен тоқсанның қорытындылары бойынша, ал төртінші тоқсанда ағымдағы жылғы 5 желтоқсанға дейін қалыптасқан бюджет қаражатының үнемделуі беріледі.";
мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын:
"22-1. Ерекше шығыстарға көзделген бюджет қаражатын қайта бөлу ҚР ҚМ әскери барлау органы басшысының шешімі бойынша жүзеге асырылады.";
27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"27. Қажеттілікті қосымша қаржыландыру ҚР ҚМ басшылығының қарауына шығарусыз, шығыстардың мынадай түрлері бойынша жүзеге асырылады:
1) еңбекақы төлеу жөніндегі қажеттілік;
2) ел ішіндегі іссапар шығыстары;
3) елден тыс іссапар шығыстары;
4) тұрғын үй төлемдері;
5) атқару құжаттарын, сот актілерін орындау;
6) экологиялық сақтандыру және қоршаған ортаны ластағаны үшін эмиссияны төлеу;
7) қоршаған ортаға шекті-рұқсат етілген қалдықтарға нормативтер әзірлеу;
8) салық, кеден және басқа да міндетті төлемдер;
9) банктің қаржы қызметтері;
10) әуежайлық көрсетілетін қызметтер;
11) еңбек шарттары бойынша өндірістік объектілерге жүргізілген аттестаттаудың нәтижелері бойынша жұмыскерлерге беру үшін сүт сатып алу;
12) шетелде аэронавигациялық қызмет көрсеткені үшін алымдар;
13) стипендиялар;
14) айыппұлдар, өсімақылар;
15) коммуналдық қызметтер;
16) жерлеуге арналған шығыстар.";
мынадай мазмұндағы 27-1-тармақпен толықтырылсын:
"27-1. Қажеттілікті қосымша қаржыландыру ҚР ҚМ басшылығының қарауына шығарусыз, 4000 есе айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мемлекеттік мекемелер шығыстарының мынадай түрлері бойынша жүзеге асырылады:
1) кеңсе тауарлары;
2) өкілдік шығыстар;
3) ұйымдастыру техникасын техникалық сүйемелдеу, қызмет көрсету және жөндеу;
4) автомобиль техникасына ұсақ жөндеу жүргізу үшін қосалқы бөлшектерді сатып алу;
5) компьютерлік және перифериялық техникаға қосалқы бөлшектерді сатып алу;
6) картриждерді жөндеу және толтыру;
7) кедендік ресімдеу бойынша көрсетілетін қызметтер;
8) брокерлік көрсетілетін қызметтер;
9) байланыс қызметтері;
10) шаруашылық тауарлары мен мүкәммалды сатып алу (Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер үшін);
11) қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша көрсетілетін қызметтер (Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер үшін);
12) басқарылмайтын коммутаторларды сатып алу;
13) бағдарламалық қамтамасыз етуді техникалық қолдау және сүйемелдеу;
14) көрнекі насихаттауды жөндеу;
15) нотариалдық көрсетілетін қызметтер;
16) авиациялық техниканы азотпен және оттегімен толтыру бойынша көрсетілетін қызметтер;
17) метрологиялық жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер;
18) монша-кір жуу бойынша көрсетілетін қызметтер;
19) медициналық қалдықтарды кәдеге асыру бойынша көрсетілетін қызметтер;
20) еңбек шарттары бойынша өндірістік объектілерді аттестаттау бойынша көрсетілетін қызметтер;
21) темір жол тұйығы мен қосалқы көрсетілетін қызметтерді жалға алу қызметтері.".
2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Экономика және қаржы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерінің эталондық бақылау банкiне ресми жариялау және оған енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
3) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
4) мемлекеттік тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Ә.Б. Сқақовқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Қорғаныс министрі | Н.Ермекбаев |