Қазақстан Республикасы 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 39-бабы 2) тармақшасына, 116-бабы 2-тармағына және Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27-бабы 2-тармағына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Солтүстік Қазақстан облысы су объектілерінің су қорғау аймақтарын, белдеулерін және оларды шаруашылықта пайдалану режимін белгілеу туралы" Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 514 қаулысына (2016 жылғы 19 ақпанда "Әділет" Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3610 болып тіркелді) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулының 2-қосымшасы осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. "Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі мыналарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте қамтамасыз етсін:
1) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысының Әділет департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы әкімдік қаулысын мемлекеттік тіркеген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның мемлекеттік және орыс тіліндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалы – Солтүстік Қазақстан аймақтық құқықтық ақпарат орталығына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін жолдауды;
3) осы қаулыны ресми жариялағаннан кейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің жетекшілік ететін мәселелер жөніндегі орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі | Қ. Ақсақалов |
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2018 жылғы "28" желтоқсандағы № 376 қаулысына қосымша | |
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 514 қаулысына 2-қосымша |
Солтүстік Қазақстан облысы су объктілерінің су қорғау аймақтары мен су қорғау белдеулерін шаруашылықта пайдалану режимі
1. Су қорғау белдеулерінің шегінде:
1) су объектілерінің сапалық және гидрологиялық жай-күйін нашарлататын (ластану, қоқыстану, сарқылу) шаруашылық қызметіне немесе өзге де қызметке;
2) су шаруашылығы және су жинайтын құрылыстар мен олардың коммуникацияларын, көпірлерді, көпір құрылыстарын, айлақтарды, порттарды, пирстерді және су көлігі қызметіне байланысты өзге де көлік инфрақұрылымдары объектілерін, жаңартылатын энергия көздерін (гидродинамикалық су энергиясын) пайдалану объектілерін, сондай-ақ су объектісіндегі рекреациялық аймақтарды қоспағанда, ғимараттар мен құрылыстарды салуға және пайдалануға, осы тармақшаның ережелері су қорғау белдеулері шекараларының шегінде 2009 жылғы 1 шілдеге дейін тұрғызылған ғимараттар мен үймереттердің пайдаланылуына қолданылмайды, бұл ретте ұйымдастырылған орталықтандырылған кәріз, ластанған ағынды суларды бұрып жіберудің және тазалаудың өзге де жүйесі немесе ішіндегі заттарды әкетуді қамтамасыз ететін су өтпейтін науалар болған кезде ғана оларды пайдалануға жол беріледі;
3) бау-бақша егуге және саяжай салуға жер учаскелерін беруге;
4) су объектілерінің және олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерінің ластануын болғызбайтын құрылыстармен және құрылғылармен қамтамасыз етілмеген қазіргі бар объектілерді пайдалануға;
5) жекелеген учаскелерді шалғындандыруға, егін егуге және ағаш отырғызуға арналған жерлерді өңдеуді қоспағанда, топырақ және өсімдік қабатын бұзатын жұмыстарды жүргізуге (оның ішінде жер жыртуға, мал жаюға, пайдалы қазбаларды өндіруге);
6) шатыр қалашықтарын, көлік құралдары үшін тұрақты тұрақтарды, малдың жазғы жайылым қостарын орналастыруға;
7) тыңайтқыштардың барлық түрлерін қолдануға жол берілмейді.
2. Су қорғау аймақтарының шегінде:
1) су объектілерін және олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерінің ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын құрылыстармен және құрылғылармен қамтамасыз етілмеген жаңа және реконструкцияланған объектілерді пайдалануға беруге;
2) ғимараттарға, құрылыстарға, коммуникацияларға және басқа да объектілерге реконструкция жүргізуге, сондай-ақ құрылыс, су түбін тереңдету және жарылыс жұмыстарын жүргізуге, пайдалы қазбалар өндіруге, кәбіл, құбыр және басқа да коммуникацияларды төсеуге, белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органдармен, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органмен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен, энергиямен жабдықтау және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органдармен және басқа да мүдделі органдармен келісілген жобасы жоқ бұрғылау, жер қазу және өзге де жұмыстар жүргізуге;
3) тыңайтқыштар, пестицидтер, улы химикаттар мен мұнай өнімдерін сақтайтын қоймаларды, көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету, оларды жуу пункттерін, механикалық шеберханаларды, тұрмыстық және өнеркәсіп қалдықтарын төгетін құрылғыны, аппаратураларды пестицидтермен және улы химикаттармен толтыратын алаңдарды, авиациялық-химиялық жұмыстар жүргізуге арналған ұшу-қону жолақтарын орналастыруға және салуға, сондай-ақ судың сапасына кері әсер ететін басқа да объектілерді орналастыруға;
4) мал шаруашылығы фермалары мен кешендерін, сарқынды су жинағыштарды, сарқынды сумен суарылатын егістіктерді, зираттарды, мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды), сондай-ақ жерүсті және жерасты суларының микробпен ластану қаупіне себепші болатын басқа да объектілерді орналастыруға;
5) жүктелім нормасынан асырып мал жаюға, су тоғандарының режимін нашарлататын мал тоғыту мен санитариялық өңдеуге және шаруашылық қызметтің басқа да түрлеріне;
6) су көздеріндегі су кемерінен екі мың метрге жетпейтін қашықтықта орналасқан ауыл шаруашылығы дақылдары мен орман екпелерін улы химикаттармен авиациялық өңдеу және авиация арқылы минералдық тыңайтқыштармен қоректендіру тәсілін қолдануға;
7) концентрациясының жол берілетін шегі белгіленбеген пестицидтерді қолдануға, қардың үстіне тыңайтқыш себуге, сондай-ақ залалсыздандырылмаған көң қосылған сарқынды суды және тұрақты хлорорганикалық улы химикаттарды тыңайтқыш ретінде пайдалануға жол берілмейді.
Су қорғау аймағында мәжбүрлі санитариялық өңдеу жүргізу қажет болған жағдайда уыттылығы әлсіз және орташа тұрақсыз пестицидтерді қолдануға жол беріледі.
3. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен келісілген және салалық сараптамалардың түйіндерін қамтитын, құрылыс жобаларына (техникалық-экономикалық негіздемелерге, жобалау-сметалық құжаттамаға) ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы алынған жобалар болмаса, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде кәсіпорындар, ғимараттар, құрылыстар мен коммуникациялар салуға (реконструкциялауға, күрделі жөндеуге) жол берілмейді.