БҰЙЫРАМЫН:
1. "Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 139 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10916 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 12 маусымда жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның қағаз және электронды түрдегі көшірмесін қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
3) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды;
5) осы бұйрықты облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалалары білім басқармаларының назарына жеткізуді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Э.А. Суханбердиеваға жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі |
Е. Сағадиев |
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2019 жылғы 7 ақпандағы № 61 бұйрығына қосымша |
|
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 139 бұйрығымен бекітілген |
Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 44-1) тармақшасына сәйкес әзірленген және білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу тәртібін айқындайды.
Осы Қағидалар ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан білім беру ұйымдарында қолданылады.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) эксперименттік алаң – жаңа педагогикалық технологиялар мен білім берудің жаңа мазмұнын сынақтан өткізуге арналған эксперимент режимінде білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы;
3. Эксперименттік алаң мектепке дейінгі ұйымдар, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – білім беру ұйымдары), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне (бұдан әрі – мемлекеттік органдар) бағынысты білім беру ұйымдарында құрылады.
2-тарау. Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу тәртібі
4. Білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасы Білім және және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілердің тізілімінде № 17669 тіркелген) бекітілген Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының негізгі ережелерін ескере отырып эксперименттік білім беру бағдарламаларын әзірлейді.
5. Эксперименттік білім беру бағдарламаларын әзірлеуді педагог қызметкерлер, ғалымдар, ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметкерлер жүзеге асырады.
6. Эксперименттік білім беру бағдарламасын әзірлеу кезінде:
1) мақсаты, мазмұны және оқыту мен тәрбиелеуді ұйымдастыру құрылымы;
2) педагогикалық және ғылыми-педагогикалық кадрларды кәсіби даярлау және қайта даярлау;
3) эксперименттік алаңның жұмыс істеу және дамыту режимі;
4) эксперименттік алаңды басқару жүйесі;
5) Қазақстанның білім беру-ақпараттық, ғылыми және әлеуметтік мәдени кеңістігін қамтамасыз ету үшін проблемалардың өзектілігі мен маңыздылығы;
6) білім беру мазмұнын жаңарту және жаңғырту, білім беру процесінің ұйымдастыру құрылымын (оқыту мен тәрбиелеуді ұйымдастыру нысандары, әдістері, тәсілдері мен құралдары) дамыту және жетілдіру жөніндегі міндеттерді шешуге арналған білім беру бастамалары авторларының инновациялық қызметінің бағыты;
7) білім беру саласындағы құқықтық актілерге сәйкестігі ескеріледі.
7. Әзірленген эксперименттік білім беру бағдарламасын келісу үшін оқу-әдістемелік бірлестікте немесе базасында оны іске асыру жоспарланып отырған тиісті білім беру ұйымының педагогикалық кеңесінде мақұлдануы қажет.
8. Эксперименттік білім беру бағдарламаларын сынақтан өткізу және енгізу туралы шешім қабылдау үшін білім беру ұйымдары облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының жанынан құрылған сараптамалық топтарға, ал мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдары мемлекеттік органдарда құрылған сараптамалық топтарға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) базасында эксперимент өткізілуі жоспарланып отырған білім беру ұйымының атауы мен орналасқан жері (заңды, нақты мекенжайы, байланыс деректері) көрсетілген эксперименттік білім беру бағдарламаларын енгізу туралы жазбаша өтінім;
2) эксперименттік білім беру бағдарламасының қысқаша түйіндемесін, оның білім беру жүйесінің дамуы үшін әлеуметтік маңызының ғылыми негіздемесін;
3) эксперименттік кадрлық, экономикалық, материалдық-техникалық және ғылыми қамтамасыз етілуі бойынша алдына ала жасалған есептеулерді;
4) білім беру ұйымының педагогикалық кеңесінің немесе оқу-әдістемелік бірлестігінің хаттамасынан үзінді;
5) эксперименттік білім беру бағдарламасы.
9. Эксперименттік білім беру бағдарламаларын сынақтан өткізу және енгізу туралы шешімді облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының немесе мемлекеттік органдардың жанынан құрылған сараптамалық топ қабылдайды.
10. Сараптамалық топтардың құрамына білім беру ұйымдары, өңірлік кәсіпкерлер палатасы (техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін) және жергілікті атқарушы органдар өкілдері кіреді.
11. Білім беру ұйымының базасында эксперименттік білім беру бағдарламасын сынақтан өткізу туралы шешім сараптамалық топтың хаттамасымен ресімделеді.
12. Сараптамалық топтың хаттамасы негізінде облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары басшыларының эксперименттік білім беру бағдарламасын сынақтан өткізу және енгізу туралы бұйрығы шығарылады.
Мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдары үшін білім беру бағдарламасын сынақтан өткізу және енгізу туралы бұйрықты сараптамалық топтың хаттамасы негізінде мемлекеттік органдар шығарады.
13. Білім беру ұйымының білім беру саласындағы эксперименттік білім беру бағдарламаларын іске асыру бас тарту туралы шешім:
1) білім беру қызметіне тиісті лицензия болмаған (мектепке дейінгі ұйымдардан басқа);
2) білім беру саласындағы мемлекеттік бақылау қорытындылары бойынша теріс қорытынды алған (лицензияның әрекетін тоқтату, заңды және (немесе) лауазымды тұлғаға әкімшілік айыппұл салу, лицензияны кері қайтару) жағдайларда қабылданады.