Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 139 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 30 сәуірде № 10916 тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың атауы жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 08.01.2016 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 92) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 07.08.2023 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 08.01.2016 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. "Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беретін оқу бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 58 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7496 тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінің 2012 жылғы 29 мамырдағы № 274-278 (27352) санында жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, халықаралық ынтымақтастық департаменті (Ж.Қ. Шаймарданов) белгіленген заңнамалық тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

      2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты ресми жариялауды қамтамасыз етсін;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау білім және ғылым вице-министрі Т.О. Балықбаевқа жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
А. Сәрінжіпов

  Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрінің
2015 жылғы 27 наурыздағы
№ 139 бұйрығымен бекітілген

Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 07.02.2019 № 61 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 92) тармақшасына сәйкес әзірленді және білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу тәртібін айқындайды.

      Осы Қағидалар ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан білім беру ұйымдарында қолданылады.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Оқу-ағарту министрінің 07.08.2023 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) эксперименттік алаң – жаңа педагогикалық технологиялар мен білім берудің жаңа мазмұнын сынақтан өткізуге арналған эксперимент режимінде білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы;

      3. Эксперименттік алаңдар мектепке дейінгі ұйымдарда, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – білім беру ұйымдары), сондай – ақ Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігіне, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарында (бұдан әрі-мемлекеттік органдар) құрылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 07.08.2023 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Білім беру ұйымдарында эксперимент режимінде іске асырылатын білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу тәртібі

      4. Білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілер тізілімінде № 29031 болып тіркелген) бекітілген мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының негізгі ережелерін ескере отырып, эксперименттік білім беру бағдарламаларын әзірлейді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 07.08.2023 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Эксперименттік білім беру бағдарламаларын әзірлеуді педагогтер, ғалымдар, ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметкерлер жүзеге асырады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 07.04.2020 № 132 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Эксперименттік білім беру бағдарламасын әзірлеу кезінде:

      1) мақсаты, мазмұны және оқыту мен тәрбиелеуді ұйымдастыру құрылымы;

      2) педагогикалық және педагогтер, ғылыми қызметкерлерді кәсіби даярлау және қайта даярлау;

      3) эксперименттік алаңның жұмыс істеу және дамыту режимі;

      4) эксперименттік алаңды басқару жүйесі;

      5) Қазақстанның білім беру-ақпараттық, ғылыми және әлеуметтік мәдени кеңістігін қамтамасыз ету үшін проблемалардың өзектілігі мен маңыздылығы;

      6) білім беру мазмұнын жаңарту және жаңғырту, білім беру процесінің ұйымдастыру құрылымын (оқыту мен тәрбиелеуді ұйымдастыру нысандары, әдістері, тәсілдері мен құралдары) дамыту және жетілдіру жөніндегі міндеттерді шешуге арналған білім беру бастамалары авторларының инновациялық қызметінің бағыты;

      7) білім беру саласындағы құқықтық актілерге сәйкестігі ескеріледі.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Білім және ғылым министрінің 07.04.2020 № 132 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Әзірленген эксперименттік білім беру бағдарламасын келісу үшін оқу-әдістемелік бірлестікте немесе базасында оны іске асыру жоспарланып отырған тиісті білім беру ұйымының педагогикалық кеңесінде мақұлдануы қажет.

      8. Эксперименттік білім беру бағдарламаларын сынақтан өткізу және енгізу туралы шешім қабылдау үшін білім беру ұйымдары облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының жанынан құрылған сараптамалық топтарға, ал мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдары мемлекеттік органдарда құрылған сараптамалық топтарға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) базасында эксперимент өткізілуі жоспарланып отырған білім беру ұйымының атауы мен орналасқан жері (заңды, нақты мекенжайы, байланыс деректері) көрсетілген эксперименттік білім беру бағдарламаларын енгізу туралы жазбаша өтінім;

      2) эксперименттік білім беру бағдарламасының қысқаша түйіндемесін, оның білім беру жүйесінің дамуы үшін әлеуметтік маңызының ғылыми негіздемесін;

      3) эксперименттік кадрлық, экономикалық, материалдық-техникалық және ғылыми қамтамасыз етілуі бойынша алдына ала жасалған есептеулерді;

      4) білім беру ұйымының педагогикалық кеңесінің немесе оқу-әдістемелік бірлестігінің хаттамасынан үзінді;

      5) эксперименттік білім беру бағдарламасы.

      9. Эксперименттік білім беру бағдарламаларын сынақтан өткізу және енгізу туралы шешімді облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының немесе мемлекеттік органдардың жанынан құрылған сараптамалық топ қабылдайды.

      10. Сараптамалық топтардың құрамына білім беру ұйымдары, өңірлік кәсіпкерлер палатасы (техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін) және жергілікті атқарушы органдар өкілдері кіреді.

      11. Білім беру ұйымының базасында эксперименттік білім беру бағдарламасын сынақтан өткізу туралы шешім сараптамалық топтың хаттамасымен ресімделеді.

      12. Сараптамалық топтың хаттамасы негізінде облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары басшыларының эксперименттік білім беру бағдарламасын сынақтан өткізу және енгізу туралы бұйрығы шығарылады.

      Мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдары үшін білім беру бағдарламасын сынақтан өткізу және енгізу туралы бұйрықты сараптамалық топтың хаттамасы негізінде мемлекеттік органдар шығарады.

      13. Білім беру ұйымының білім беру саласындағы эксперименттік білім беру бағдарламаларын іске асыру бас тарту туралы шешім:

      1) білім беру қызметіне тиісті лицензия болмаған (мектепке дейінгі ұйымдардан басқа);

      2) білім беру саласындағы мемлекеттік бақылау қорытындылары бойынша теріс қорытынды алған (лицензияның әрекетін тоқтату, заңды және (немесе) лауазымды тұлғаға әкімшілік айыппұл салу, лицензияны кері қайтару) жағдайларда қабылданады.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады