"Кинематография туралы" 2019 жылғы 3 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобалар шығаруды қаржыландыру көлемдерін белгілеу үшін санаттарға жатқызу өлшемшарттары айқындалсын.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
3) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін күнтізбелік екі күн ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы тармақпен көзделген іс-шара орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шараның орындалуы туралы мәлімет ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушы |
Е. Рамазанов |
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі міндетін атқарушысының 2019 жылғы 15 наурыздағы № 63 бұйрығымен бекітілген |
Ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобалар шығаруды қаржыландыру көлемдерін белгілеу үшін санаттарға жатқызу өлшемшарттары
1. Фильмдерді "әлеуметтік маңызы бар фильмдер", "дебюттік фильмдер", "оқиғалы фильмдер" санаттарына жатқызу өлшемшарттары:
киножобалардың қоғамның патриоттық, рухани-адамгершілік, зияткерлік және мәдени әлеуетін арттыруға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағытталуы, сондай-ақ мерейтойлық және атаулы күндерге, аса көрнекті тұлғаларға, қоғамдық маңызы бар және маңызды оқиғаларға бағытталуы болып табылады.
2. Фильмдерді "бірлесіп шығарылатын фильмдер" санатына жатқызу өлшемшарттары:
киножобалардың Қазақстанның беделін көтеру мен ұстанымдануға, оның халқының мәдени және тарихи оқиғаларының мәртебесін арттыруға бағытталуы болып табылады.
3. Фильмдерді "ойын фильмдері" санатына жатқызу өлшемшарттары:
киножобалардың көркем-эстетикалық құндылықтарға бағдарлануы, патриоттық тәрбие беруге, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға, тарихи дәстүрлерді бейнелейтін ұлттық дәстүрлерді, мәдениет пен өнерді жандандыру мен сақтауға бағытталуы болып табылады.
__________________