2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 16-бабының 16-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. "Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын (4-шығарылым) бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2019 жылғы 30 мамырдағы № 291 бұйрығына (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 31 мамырда № 18755 болып тіркелген, 2018 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығында (4-шығарылым):
мынадай мазмұндағы 64-1-параграфпен толықтырылсын:
"64-1-параграф. Шахталық аспалы локомотив машинисі, 4-разряд
504-1. Жұмыс сипаттамасы:
жүк тиелген және бос құрамды тасымалдау, адамдарды жеткізу кезінде ілінісу салмағына қарамастан шахталық аспалы локомотивтерді басқару;
аспалы монорельсті жолдың профиліне және құрам салмағына байланысты шахталық аспалы локомотивтің қозғалыс жылдамдығын реттеу;
тиеу және айырбастау пункттерінде құрамдарды қалыптастыру және маневрлік жұмыстарды орындау;
жүктерді, жабдықтар мен материалдарды жеткізу және беру;
адамдарды жұмыс орнына және кері жеткізу;
құрамның көлік бірліктерін тіркеу және ажырату;
жүктерді тиеу;
жүк көтергіш механизмдерді басқару;
жүктерді тиеу және түсіру кезінде шағын механизациялау құралдарын қолдану;
жолдағы бағыттамаларды ауыстыру;
желдеткіш есіктерді, итергіштерді, шығырларды және тиеу және түсіру пункттерінің басқа да механизмдерін басқару;
шахталық аспалы локомотивтерді жабдықтау, жанар-жағар май құю, жұмыс сұйықтықтарын толтыру;
басқару механизмдерін, жүріс бөліктерін, гидро өткізгіштері бар секцияларды, тартқыш қондырғыларын, тежегіш арбаларды және кабиналарды тексеру және сынау;
өлшеу құралдарының көрсеткіштерін бақылау;
қызмет көрсетілетін жабдықтың жұмысындағы ақауларды жою;
борттық журналдарды толтыру.
504-2. Білуге тиіс:
шахталық аспалы локомотивтердің құрылғысы мен техникалық сипаттамасын;
поездардың қозғалыс кестесін және құрамдардың жүкпен және адамдармен қозғалыс қағидаларын;
аспалы монорельсті жолдың профилін, оның жай-күйі мен қызмет көрсетілетін учаскедегі жол белгілерін;
әртүрлі жұмыс жағдайларында шахталық аспалы локомотивтердің тартымдық сипаттамасын;
аспалы монорельсті жолдардың, коммутация мен энергиямен қоректену схемасын;
тежегіш құрылғылардың жүйесін;
бағыттамалы бұрмалардың құрылысын, көлік бірліктерін тіркеу және ажырату қағидаларын;
ішкі жану қозғалтқыштарының және аккумуляторлық батареялардың құрылысын;
жанар-жағармай материалдарын құю және жұмыс сұйықтықтарын толтыру қағидаларын;
аккумулятор батареяларын зарядтау және күту қағидаларын;
жерасты гараждарының және аккумулятор батареяларын зарядтау жабдықтарын;
сигналдар мен сигнализация орталықтандыру және бұғаттау құралдарының мақсатын;
токты түрлендіру тәсілдерін;
диспетчерлік қызмет схемасын;
жерасты тау-кен қазбаларының орналасуы мен атауын;
қызмет көрсетілетін машиналарды қабылдау және сынау тәртібін;
майлау жүйесі мен қолданылатын майлау материалдарын;
электротехника негіздерін және слесарліқ істі;
қызмет көрсетілетін жабдықтың жұмысындағы ақаулықтарды жою тәртібін.";
көрсетілген Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына (4-шығарылым) 1-қосымшада:
"Тау-кен және тау-кен-күрделі жұмыстар (жалпы кәсіптер)" тарауында:
мынадай мазмұндағы 141-1-тармақпен толықтырылсын:
"
141-1. | Шахталық аспалы локомотив машинисі | 4 | 212 |
"; |
көрсетілген Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығында (4-шығарылым) 2-қосымшада:
"Тау-кен және тау-кен-күрделі жұмыстар (жалпы кәсіптер)" тарауында:
мынадай мазмұндағы 41-1-тармақпен толықтырылсын:
"
41-1. | Шахталық аспалы локомотив машинисі | 4 | 41-1. | - | - |
". |
2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі А.Ә. Сарбасовқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр | Б. Нурымбетов |