"Өсімдіктер карантині туралы" 1999 жылғы 11 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 1-тармағының 7-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде материалдық құралдарды, фото - және бейнетіркеуге арналған техникалық құралдарды пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық, фитосанитариялық және тамақ қауіпсіздігі департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі |
С. Омаров |
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 19 ақпандағы № 58 бұйрығымен бекітілген |
Мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде фото- және бейнетіркеуге арналған материалдық құралдарды, техникалық құралдарды пайдалану қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 19.07.2021 № 213 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде фото- және бейнетіркеуге арналған материалдық құралдарды, техникалық құралдарды пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Өсімдіктер карантині туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 1-тармағының 7-4) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде фото және бейнетіркеуге арналған материалдық құралдарды, техникалық құралдарды пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бейнетіркегіштің жад картасы (бұдан әрі – жад картасы) – ақпаратты сақтау үшін пайдаланылатын ажырамалы электрондық есте сақтау құрылғысы;
2) деректерді сақтаудың цифрлық құрылғысы – фото және бейнежазбаларды түсіруге және сақтауға арналған серверлік құрылғы (қуатты компьютер);
3) портативті алып жүретін бейнетіркегіш (бұдан әрі – бейнетіркегіш) – фото және бейнетіркеуді жүзеге асыруға арналған техникалық құрылғы;
4) өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор – мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын өсiмдiктер карантинi жөнiндегi уәкiлеттi орган ведомствосының немесе оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамы;
5) фитосанитариялық бақылау бекеті – шекара және кеден пункттері (Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері) аумағында, сондай-ақ автомобиль қатынасы шегінде Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы карантинге жатқызылған өнімді өткізетін өзге де орындарда және өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті орган айқындаған өзге де орындарда орналасқан, қажетті жабдықпен және аспаптармен жарақтандырылған, мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық қадағалауды және (немесе) карантинге жатқызылған өнімнің әкелінуі, транзиті туралы алдын ала ақпаратты қабылдауды жүзеге асыратын өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының бөлімшесі.
3. Бейнетіркегіштер мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде дәлелді базаны жинауды қамтамасыз ету мақсатында қоршаған жағдайды, сондай-ақ өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың іс-қимылы процесін фото және бейнетіркеуді жүзеге асыруға арналған.
4. Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезінде бейнетіркегіштермен қамтамасыз етіледі.
2-тарау. Бейнетіркегіштің (жад картасының) деректерін беру, есепке алу және сақтау тәртібі
5. Өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінің (бұдан әрі – аумақтық бөлімше) басшысы бейнетіркегішті (жад картасын) беруге және қабылдауға, фото және бейнежазбаларды жүктеуге және сақтауға, өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторға бейнетіркегішті беру кезінде бейнетіркегіште күні мен уақытын белгілеуге, фото және бейнежазбаларды жүктегеннен кейін жад карталарынан оларды жоюға, бейнетіркегішті жұмыс істемеген кезінде ауыстыруға, сондай-ақ жүргізілген фото және бейнежазбаларды қарауға және талдауға жауапты қызметкерді (бұдан әрі – жауапты адам) анықтайды.
6. Бейнетіркегішті қолдану арқылы алынған фото және бейнежазбаларды қорғау үшін жауапты адам деректерді сақтаудың цифрлық құрылғысына рұқсат ететін құпиясөз белгілейді.
Деректерді сақтаудың цифрлық құрылғысына қолжетімділік тек жауапты адам мен аумақтық бөлімшенің басшысына ғана беріледі. Бұл ретте, деректерді сақтаудың цифрлық құрылғысындағы деректерге өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
7. Бейнетіркегішті (жад картасын) беру, қабылдау және фото және бейнежазбаларды жүктеу кезіндегі жұмыста есепке алу үшін әрбір бейнетіркегішке және жад картасына "Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6443 болып тіркелген) сәйкес түгендеу нөмірі беріледі.
Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторларға түгендеу нөмірлері жоқ бейнетіркегіштер мен жад карталарын пайдалануға жол берілмейді.
8. Бейнетіркегіштер мен жад карталары аумақтық бөлімшелерде оларға басқа адамдардың қол жеткізуін болдырмай, жауапты адамда сақталады және осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша бейнетіркегішті (жад картасын) беруді, тапсыруды және фото және бейнежазбаларды түсіруді есепке алу журналында (бұдан әрі – есепке алу журналы) қызметтік міндеттерін атқаруды бастамас бұрын өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторларға жеке қол қою арқылы беріледі. Есепке алу журналын жауапты адам жүргізеді және толтырады.
9. Жауапты адам жад картасын бейнетіркегішке орнатқаннан кейін, жад картасына арналған ажырандыға мөр басады.
10. Есепке алу журналы аумақтық бөлімшенің кеңсесінде тіркеледі, парақтары нөмірленеді, тігіледі және мөрмен бекемделеді. Есепке алу журналының соңғы бетінде жауапты адам: "Осы журналда ___ парақ нөмірленді, тігілді және мөрмен бекемделді" деген жазба жазады. Есепке алу журналына жазу қаламсаппен жазылады. Жіберілген қателер дұрыс емес жазбаны сызып тастау және жаңа жазбаны енгізу жолымен түзетіледі, бұл туралы "Ескертпе" бағанында түзетудің күні мен уақыты, жауапты адамның аты, әкесінің аты (бар болса), тегі, түзету себептері көрсетіле отырып, жауапты адамның қолы қойылып, "Түзетілді" деген ескертпе жасалады. Есепке алу журналының жазбаларын тазартуға жол берілмейді.
Есепке алу журналын сақтау мерзімі - 5 (бес) жыл.
11. Фото және бейнежазбаларды өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор ұсынған сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде жауапты адам деректерді сақтаудың цифрлық құрылғысына жүктеуді жүргізеді.
12. Деректерді сақтаудың цифрлық құрылғысында фото және бейнежазбаларды сақтау мерзімі деректерді сақтаудың цифрлық құрылғысына жүктелген сәттен бастап 1 (бір) жылды, әкімшілік құқық бұзушылықтар және тексеру іс-шаралары бойынша – 5 (бес) жылды құрайды.
13. . Осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген қызметтік мақсаттарда пайдалану үшін деректерді сақтаудың цифрлық құрылғысындағы фото және бейнежазбаларды жауапты адамның аумақтық бөлімшесі басшысының рұқсаты бойынша ғана өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторларға беруіне жол беріледі.
3-тарау. Мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезінде бейнетіркегішті пайдалану тәртібі
14. Бейнетіркегіш өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектордың іс-қимылына кедергі жасамайтындай, иық буынына жақын кеуде тұсына бекітіледі.
Бейнетіркегішті қолданар алдында өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор оның жұмыс қабілеттілігін, бейнетіркегіштің аккумуляторы зарядының деңгейін, күні мен уақытының дұрыс орнатылуын, бейнетіркегіште фото және бейнетүсірілім сапасының оңтайлы бапталуын, сондай-ақ оның түгендеу нөмірінің бар-жоғын тексереді.
15. Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектордың кеудесіне фото және бейнетүсірілімнің жүргізіліп жатқаны туралы хабарлайтын, мынадай жазуы бар: "Назар аударыңыз! Фото және бейнежазба жүргізілуде. Внимание! Ведется фото и видеозапись" бейдж бекітіледі.
Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторларға хабарлайтын бейджсіз бейнетіркегішті пайдалануға жол берілмейді.
16. Бейнетіркегішті қосу өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектордың қызметтік міндеттерін орындау басталған сәттен бастап жүргізіледі және осы Қағидалардың 19 және 20-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектордың қызметтік міндеттері аяқталғанға дейін үздіксіз жүргізіледі.
17. Фото және бейнетүсірілім жүргізу барысында өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың, сондай-ақ мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау объектілері иелерінің (өкілдерінің) барлық іс-қимылдарын, оның ішінде карантинге жатқызылған өнімді карантиндік жете тексеру және көлік құралдарын қарап тексеруді, мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне тексеру жүргізуді, өсімдіктер карантині саласындағы тексерулер нәтижелері туралы актілерін, хаттамаларды, нұсқамалар мен карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау актілерін ресімдеуді жүргізуді тіркеу жүзеге асырылады.
18. Деректерді сақтаудың цифрлық құрылғысына жүктегенге дейін жад картасынан фото және бейнежазбаларды өз бетінше жоюға, мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезінде бейнетіркегішті өз бетінше өшіруге және жад картасын алып қоюға, бейнетіркегіштің жұмысында іркіліске әкеп соғуы мүмкін бейнетіркегішке әсер етуді жүзеге асыруға, бейнетіркегіштің фото және бейнетүсірілімін тіркеуге және сақтауға кедергі келтіретін іс-қимылдар жасауға жол берілмейді.
19. Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектордың тамақтануына, санитариялық торапқа баруына арналған үзіліс болған жағдайда, бұл туралы жауапты адамға хабарлай отырып және кейіннен есепке алу журналының "Ескертпе" бағанына тиісті жазбаны енгізе отырып, өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор бейнетіркегішті тоқтата тұру мен қайта бастаудың нақты уақытын дыбыстай отырып, фото және бейнетүсірілімді тоқтата тұруына және қайта бастауына жол беріледі.
20. Мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезеңінде бейнетіркегіш (жад картасы) істен шыққан жағдайда, өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор бұл туралы аумақтық бөлімшенің басшысын және жауапты адамды дереу хабардар етеді.
Ақаулардың себептерін жою мүмкін болмаған кезде жауапты адам бейнетіркегішті ауыстыруды жүзеге асырады.
Бұл ретте, жауапты адам есепке алу журналының "Ескертпе" бағанында бейнетіркегіштің істен шығу себептерін, хабарлау және бейнетіркегішті ауыстыру күні мен уақытын көрсете отырып, тиісті жазбалар жүргізеді.
21. Бейнетіркегішті пайдалануды өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген қызметтік мақсаттарда ғана жүзеге асырады.
22. Қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар бейнетіркегіштің және жад картасының сақталуын қамтамасыз етеді, жұмыс күні аяқталғаннан кейін оларды жауапты адамға тапсырады.
Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор бейнетіркегішке ұқыпты қарайды, оны жоғалтуына, бүлдіруіне, оны басқа адамдарға беруіне жол бермейді.
Бейнетіркегішті (жад картасын) беруді, тапсыруды және фото және бейнежазбаларды жүктеуді есепке алу журналы ____________________________________________________________________ (өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшесінің атауы)
20 __ жылғы "___" __________ басталды
20 __ жылғы "___" __________ аяқталды
Мұқабаның ішкі жағы |
Р/с № | Бейнетіркегіштің (жад картасының) түгендеу нөмірі | Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектордың аты, әкесінің аты (бар болса), тегі | Алған күні мен уақыты, алғаны туралы қолы | Тапсыру күні мен уақыты, қолы | Фото және бейнежазбаларды жүктеп алу күні мен уақыты, қолы | Ескертпе |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 |