Ескерту. Күші жойылды - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 10.09.2024 № 416-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 4-3-бабының 13-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарының мониторингін жүргізу қағидаларын және оны есептеу әдістемесін бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18617 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2019 жылғы 2 мамырда электрондық түрде жарияланған) Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 29 сәуірдегі № 84 бұйрығына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарының мониторингін есептеу әдістемесінде:
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Тіл теңгеріміне қойылатын талаптарды сақтау нысанасында теле-, радиоарналарға мониторинг жүргізу кезінде мынадай өлшемшарттар ескеріледі:
1) қазақ тіліндегі теле-, радиобағдарламалардың көлемі оларды трансляциялау (ретрансляциялау) уақытында қазақ тілінде айтылатын теле, радиобағдарламаларды қамтиды. Басқа тілдегі (орыс, ағылшын және басқа) теле-, радиобағдарламалардың көлемін қазақ тілінен өзгеше тілде дыбыстық сүйемелдеуі бар теле-, радиобағдарламалар құрайды;
2) көп тілді теле-, радиобағдарламалар – егер теле-, радиобағдарламаларды трансляциялау уақытында сөйлеу тілі екі және одан да астам тілде болса, теле-, радиобағдарламалардың қазақ және басқа тілдердегі хабар тарату уақыты бөлек тіркеледі.
3) сөзбен сүйемелденбейтін теле-, радиобағдарламалар – оларды сүйемелдеуде қандай да бір тілдегі сөзді және оның негізгі мазмұнымен байланысты ақпаратты қамтымайтын теле-, радиобағдарламалардың көлемі "Телерадио хабарларын тарату туралы" 2012 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – "Телерадио хабарларын тарату туралы" Заң) 10-бабының 1-тармағында және 2-тармағында белгіленген заңнаманың талаптарын сақтау тұрғысындағы мониторингте ескерілмейді;
4) отандық теле-, радиоарна ретрансляциялайтын шетелдік теле-, радиобағдарламалардың ұзақтығы жарнама уақыты, техникалық үзіліс және эфирлік қосымшалар есепке алынбай тіркеледі;
5) телеарналарда тарату кезінде субтитрлер түріндегі телебағдарламалар аудармасы қазақ тіліндегі телебағдарламалардың жалпы көлемінде ескерілмейді;
6) жарнама, эфирлік қосымшалар (Мемлекеттік Гимннің орындалуы, теле-, радиоарнаның өз атауын хабарлауы, теле-, радиоарнаның өз ақпараты (анонс), әлеуметтік жарнама, қосымша ақпарат мемлекеттік тілдегі теле-, радиобағдарламалардың жалпы көлеміне енгізілмейді;
7) бір теле-, радиобағдарламадан екіншісіне көшу кезінде көшу жүзеге асырылатын теле-, радиобағдарламаның тілі тіркеледі.
Сөйлеу арасындағы үзіліс уақыты соңғы айтылған тілдің уақытына жатады.
Дербес эфир оқиғасы ретінде таратылатын және музыкалық сипаттағы хабарлар мен материалдарда маманданған телеарналардағы радиобағдарламаларда немесе телебағдарламаларда таратылатын музыкалық туындылар "Телерадио хабарларын тарату туралы" Заңның 10-бабының 2-тармағында белгіленген заңнаманың талаптарын сақтау тұрғысындағы мониторингте ескерілмейді.
Телеарналар қазақ тілінде негізгі дыбыстық сүйемелдеуі бар көп арналы хабар беруді пайдаланған жағдайда, "Телерадио хабарларын тарату туралы" Заңның 10-бабының 2-тармағында белгіленген заңнама талаптарын сақтау тұрғысында осы телеарнаның басқа тілдегі дыбыстық жолдары бар мониторингі жүзеге асырылмайды.".
2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік саясат департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі |
А. Балаева |
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі