Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының 20.10.2022 № 36 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 20.10.2022 № 90 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығы мен қаулысымен.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бірлескен бұйрық пен қаулы 15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Қаржы министрі БҰЙЫРАДЫ және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында төлем ұйымдары үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 4 қазандағы № 532 бұйрығына және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қазандағы № 262 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14476 тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 20 желтоқсанда жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген Бірлескен бұйрықпен және қаулымен бекітілген қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында төлем ұйымдары үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарда:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Талаптарда қолданылатын ұғымдар КЖТҚҚ туралы Заңда көрсетілген мағыналарда пайдаланылады.
Талаптардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) бір жолғы операция (мәміле) – ұйымның қызметтерді (өнімдерді) ұсынуы бойынша қатынастар:
клиенттің банктік шот ашпай қолма-қол ақшамен төлемдерді жүзеге асыруы;
клиенттің банктік шотты пайдаланбай қолма-қол ақшасыз төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асыруы;
қолма-қол ақшаны қабылдауға арналған жабдықтың (құрылғының) көмегімен банктік шотқа ақша енгізу;
электрондық ақшаның сәйкестендірілмеген иелері – жеке тұлғалардың электрондық ақшаны сатып алу және пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыруы;
2) ерекше операция (мәміле) – Қаржы мониторингін жүзеге асыратын және КЖТҚҚ туралы Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі өзге де шараларды қабылдайтын уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі – қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган) бекіткен күдікті операцияларды айқындау белгілері ескеріле отырып, КЖТҚҚ туралы Заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес міндетті зерделеуге жататын және ұйым дербес әзірлеген операция (мәміле)";
3) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдері – ұйымды төлем ұйымдары үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру процестеріне немесе өзге қылмыстық әрекетке әдейі немесе әдейі емес тарту мүмкіндігі;
4) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруды (жылыстатуды) және терроризмді қаржыландыруды заңдастыру тәуекелдерін басқару – қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруды (жылыстатуды) және терроризмді қаржыландыруды заңдастыру тәуекелдерін анықтау, сондай-ақ оларды азайту мониторингі бойынша ұйым қабылдайтын шаралар жиынтығы (қызметтерге, клиенттерге қатысты);
5) шекті операция – КЖТҚҚ туралы Заңның 4-бабына сәйкес қаржы мониторингіне жататын және КЖТҚҚ туралы Заңда белгіленген шекті сомаға тең не одан асатын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен жасалатын операция.";
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"6. КЖТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы:
1) КЖТҚҚ жөніндегі бөлімшенің функцияларын, оның ішінде КЖТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды жүзеге асыру кезінде ұйымның басқа бөлімшелерімен және персоналымен, филиалдармен өзара іс-қимыл рәсімін, сондай-ақ жауапты қызметкердің функцияларын, өкілеттіктерін, жауапты қызметкердің ұйымның уәкілетті органдарымен және лауазымды тұлғаларымен өзара іс-қимыл рәсімін сипаттауды;
2) КЖТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды және қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға хабарламаларды, оның ішінде оларды әзірлеушілер туралы мәліметтер беруді жүзеге асыру үшін пайдаланылатын автоматтандырылған ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық қамтамасыз ету туралы мәліметтерді;
3) КЖТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды іске асыру барысында алынған мәліметтерді тіркеу, сондай-ақ құжаттар мен ақпаратты сақтау рәсімін;
4) ұйым қызметкерлерінің, оның ішінде жауапты қызметкердің, ұйымның уәкілетті органдары мен лауазымды адамдарының КЖТҚҚ туралы Заңды, сондай-ақ ұйым қызметкерлері жол берген ішкі бақылау қағидаларын бұзу фактілері туралы хабардар ету рәсімін;
5) ұйымды бақылайтын заңды тұлға белгілеген КЖТҚҚ жөніндегі талаптардың (бар болса) сипаттамасын;
6) кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау нәтижелерін бағалау, айқындау, құжаттық тіркеу және жаңарту рәсімін;
7) бақылау шараларын әзірлеу рәсімін, кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін басқару мен кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін азайту бойынша рәсімдерді;
8) кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелінің дәрежесін ескере отырып, өз клиенттерін жіктеу рәсімін қамтиды.
Ұйымға КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру жөніндегі қосымша шараларды бағдарламаға енгізуіне жол беріледі.";
13-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"13. Ұйым жыл сайынғы негізде кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау есебін және кем дегенде тәуекелдердің мынадай ерекше санаттарын: клиенттердің типі бойынша тәуекелді, елдік (географиялық) тәуекелді, қызмет көрсету (өнім) тәуекелін және (немесе) оны ұсыну тәсілін ескере отырып, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдеріне ұйым қызметтерінің (өнімдерінің) ұшырағыштық дәрежесін бағалауды жүзеге асырады.";
14-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"4) "өмірді сақтандыру" саласы бойынша қызметті жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері;";
15-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) "Банктік және сақтандыру қызметінің, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар қызметінің және бағалы қағаздар нарығындағы өзге де лицензияланатын қызмет түрлерінің, акционерлік инвестициялық қорлар қызметінің және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметінің мақсаттары үшін оффшорлық аймақтардың тізбесін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 24 ақпандағы № 8 қаулысымен бекітілген оффшорлық аймақтар тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар), (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20095 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2020 жылғы 10 наурызда жарияланған);";
19-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"КЖТҚҚ туралы Заңның 5-бабының 7-тармағына сәйкес клиенттің тәуекел деңгейіне байланысты ұйым жүргізетін іс-шаралар дәрежесі клиенттерді тиісінше тексерудің оңайлатылған не күшейтілген шараларын қолданудан көрінеді.";
20-тармақтың 2) тармақшасының үшінші және төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"электрондық ақшаны пайдалана отырып жасалатын төлемдерді қабылдау кезінде айлық есептік көрсеткіштің елу еселенген мөлшерінен асатын және (немесе) оған тең;
банктік шотты пайдаланбай қолма-қол ақшасыз төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын қабылдау кезінде бес жүз мың теңгеден асатын;";
21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"21. Талаптардың 20-тармағына сәйкес алынған мәліметтерді ұйым клиенттің досьесіне енгізеді (қосады), ол ұйымда клиентпен іскерлік қатынастардың барлық кезеңі бойы және олар аяқталған не біржолғы операция (мәміле) жасалған күннен бастап кемінде бес жыл сақталады.";
22 және 23-тармақтар алынып тасталсын;
24-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"24. Клиентті сәйкестендіру (бенефициарлық меншік иесін анықтау) процесінде ұйым осындай клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) террористік іс-әрекетке қатысы бар адамдардың тізімінде (бұдан әрі – Тізім) және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде, сондай-ақ КЖТҚҚ туралы Заңның 12 және 12-1 - баптарында көзделген жаппай қырып-жою қаруын таратумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде (бұдан әрі – Тізбелер) бар-жоғына тексеру жүргізеді.";
26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"26. Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру бағдарламасы:
1) іскерлік қатынастар орнатудан және (немесе) операция жүргізуден бас тартуды, сондай-ақ іскерлік қатынастарды тоқтату рәсімі мен негіздерін қоса алғанда, клиенттерді қызмет көрсетуге қабылдау рәсімін;
2) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру рәсімін, оның ішінде клиентті тиісінше тексерудің оңайлатылған және күшейтілген шараларын қолдану рәсімдерінің ерекшеліктерін;
3) қызмет көрсетудегі немесе қызмет көрсетуге қабылданатын жеке тұлғалар арасында шетелдік жария лауазымды тұлғаларды анықтауға бағытталған шаралардың сипаттамасын;
4) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін Тізімде және Тізбелерде бар-жоғын тексеру рәсімін;
5) іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату кезіндегі сәйкестендіру ерекшеліктерін (клиенттің немесе оның өкілінің жеке қатысуынсыз);
6) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру процесінде алынған мәліметтерді ұйымға бақылау жасайтын заңды тұлға белгілеген КЖТҚҚ бойынша талаптарды орындау шеңберінде алмасу ерекшеліктерін (болған жағдайда);
7) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру мақсатында қосымша ақпарат көздерінің, оның ішінде мемлекеттік органдар ұсынатын ақпарат көздерінің сипаттамасын;
8) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің дұрыстығын тексеру рәсімін;
9) клиент досьесінің нысанына, мазмұнына және жүргізу тәртібіне, мәліметтерді жаңарту кезеңділігін көрсете отырып, досьеде қамтылған мәліметтерді жаңартуға қойылатын талаптарды;
10) сәйкестендіру жүргізу кезінде алынған ақпаратқа ұйым қызметкерлерінің қол жеткізуін қамтамасыз ету рәсімін;
11) клиенттің тәуекел деңгейін бағалау рәсімін, осындай тәуекелді бағалау негіздерін;
12) клиенттен сұратылатын құжаттар мен ақпараттың тізбесін қоса алғанда, ұйымның клиенттердің бенефициарлық меншік иесін анықтауға және сәйкестендіруге бағытталған шаралар (рәсімдер) тізбесін, ұйымның жеке тұлғаны бенефициарлық меншік иесі деп тану туралы шешім қабылдау тәртібін қамтиды.
Ұйымға клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру жөніндегі қосымша шараларды бағдарламаға енгізуге жол беріледі.
Егер ұйым шарт негізінде КЖТҚҚ туралы Заңға сәйкес өзге тұлғаға ұйымның клиенттеріне қатысты КЖТҚҚ туралы Заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген шараларды қолдануды тапсырса, ұйым осындай тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау қағидаларын әзірлейді, олар:
сәйкестендіру жүргізу тапсырылған ұйымның тұлғалармен шарттар жасасу рәсімін, сондай-ақ осындай шарттар жасасуға уәкілетті ұйымның лауазымды адамдарының тізбесін;
сәйкестендіру жүргізу тапсырылған ұйым мен тұлғалар арасындағы шарттарға сәйкес клиент-жеке тұлғаны, оның өкілін, пайда алушыны сәйкестендіру рәсімін;
сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалардың сәйкестендіру жүргізу кезінде алынған мәліметтерді ұйымға беру рәсімін және мерзімдерін;
ұйымға алынған мәліметтерді беру рәсімін, мерзімдері мен толықтығын, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұйым қабылдайтын шараларды қоса алғанда, сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалардың сәйкестендіру жөніндегі талаптарды сақтауын бақылауды ұйымның жүзеге асыру рәсімін;
ұйымның сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы шешім қабылдау негіздерін, рәсімін және мерзімдерін, олар сәйкестендіру жөніндегі талаптарды, оның ішінде алынған мәліметтерді ұйымға беру рәсімін, мерзімдерін және толықтығын сақтамаған жағдайда, сондай-ақ осындай шешім қабылдауға уәкілетті ұйымның лауазымды адамдарының тізбесін;
ұйым сәйкестендіру жүргізуді тапсырған тұлғалардың ұйымға алынған мәліметтерді беру тәртібін, мерзімдерін және толықтығын қоса алғанда, сәйкестендіру жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін жауапкершілігі туралы ережелерді;
сәйкестендіру бойынша талаптарды орындау мақсатында оларға әдіснамалық көмек көрсету мәселелері бойынша сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен ұйымның өзара іс-қимыл рәсімін қамтиды.
Ұйымның өзара іс-қимыл қағидаларына қосымша шарттарды енгізуіне жол беріледі.";
28-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Клиент операцияларының мониторингі және зерделеу бағдарламасын іске асыру шеңберінде алынған мәліметтер клиенттің досьесіне енгізіледі және клиентпен іскерлік қатынастардың барлық кезеңі бойы және олар аяқталған не біржолғы операция (мәміле) жасалған күннен бастап кемінде бес жыл ұйымда сақталады.";
29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"29. Клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы қосымша мәліметтерді жаңарту кезеңділігін және (немесе) алу қажеттілігін ұйым клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін және (немесе) клиент пайдаланатын ұйым қызметтерінің ұшырағыштық дәрежесін, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін ескере отырып белгілейді.
Тәуекел деңгейі жоғары клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді жаңарту жылына кемінде бір рет жүзеге асырылады.
Клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) Тізімде және Тізбелерде болуын тексеру (Тізім мен Тізбелерге енгізу) клиенттің тәуекел деңгейіне байланысты емес және Тізімге және Тізбелерге өзгерістер енгізу шамасына қарай (Тізім мен Тізбелерді жаңарту) жүзеге асырылады.";
30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"30. Клиент операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы:
1) КЖТҚҚ туралы Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган бекіткен күдікті операцияларды айқындау белгілері негізінде жасалатын ерекше және күдікті операциялар тізбесін, сондай-ақ ұйым дербес әзірлеген ерекше және күдікті операциялар белгілерінің тізбесін;
2) КЖТҚҚ туралы Заңның 4-бабының 5-тармағына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру типологияларына, схемалары мен тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар клиенттің операцияларын анықтау рәсімін;
3) Талаптарда көзделген жағдайларда клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған мәліметтерді жаңарту және (немесе) қосымша мәліметтерді алу бойынша ұйымның қызметкерлері арасында міндеттерді бөлуді;
4) ұйым қызметкерлері арасында шекті, ерекше және күдікті операциялар, сондай-ақ қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру типологияларына, схемалары мен тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операциялар туралы мәліметтерді анықтау және қызметкерлер арасында беру бойынша міндеттерді бөлуді;
5) шекті, әдеттен тыс және күдікті операцияларды анықтау кезінде бөлімшелердің өзара іс-қимыл тетігін, сондай-ақ қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру типологияларына, схемалары мен тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операцияларды сипаттауды;
6) жауапты қызметкердің клиент операциясының біліктілігі туралы шешім қабылдау рәсімін, негіздерін және мерзімін;
7) клиенттің операциясын жүргізуден бас тарту туралы (клиенттің, бенефициарлық меншік иесінің Тізімде және Тізбелерде болуына байланысты бас тартуды қоспағанда), сондай-ақ клиентпен іскерлік қатынастарды тоқтату туралы шешім қабылдау бойынша қызметкерлердің өзара іс-қимыл рәсімін;
8) тізімдегі және тізбедегі клиенттер мен бенефициарлық меншік иелерін анықтау бойынша, сондай-ақ осындай клиенттердің ақшасымен және (немесе) өзге мүлкімен операцияларға дереу тыйым салу бойынша ұйым бөлімшелерінің (қызметкерлерінің) өзара іс-қимыл рәсімін;
9) ерекше операцияларды зерделеу нәтижелері туралы мәліметтерді, сондай-ақ шекті және күдікті операциялар (оның ішінде операция сомасы, операция валютасы) және қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру типологияларына, схемалары мен тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операциялар туралы мәліметтерді тіркеу (оның ішінде тіркеу тәсілдері) және сақтау рәсімін;
10) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға шекті және күдікті операциялар туралы хабарламаларды ұсыну рәсімін;
11) шекті және күдікті операцияны анықтау туралы ұйымның уәкілетті органдары мен лауазымды тұлғаларын хабардар ету рәсімін (қажет болған жағдайда);
12) клиент әдеттен тыс және (немесе) күдікті операцияларды жүйелі және (немесе) елеулі көлемде жүзеге асырған жағдайда клиентке және оның операцияларына қатысты қабылданатын шараларды қабылдау рәсімі мен сипаттамасын қамтиды.
Ұйымның бағдарламаға клиент операцияларының мониторингі және зерделеу жөніндегі қосымша шараларды енгізуіне жол беріледі.";
31-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"31. Операцияны шекті ретінде саралаудың заңдылығы бөлігінде күмән туындаған кезде, сондай-ақ әдеттен тыс немесе күдікті операциялар мен қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру типологияларына, схемалары мен тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операциялар анықталған кезде, көрсетілген операцияны анықтаған ұйымның қызметкері осындай операция туралы жауапты қызметкерге (КЖТҚҚ жөніндегі бөлімшеге) ұйымның ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен, нысанда және мерзімде хабарлама жібереді.";
мынадай мазмұндағы 31-1-тармақпен толықтырылсын:
"31-1. Клиенттің операциялары зерделенуге жатады:
ҚЖТҚҚ туралы Заңның 4-бабының 4-тармағында көрсетілген негіздер бойынша;
егер оларда күдікті операция белгілерінің сипаттамасы бар болса.
Егер ұйымда осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген операцияларды зерделеу нәтижелері бойынша клиенттің операциялары кірістерді жылыстатумен және терроризмді қаржыландырумен байланысты деп пайымдауға негіз болса, клиенттің операциялары күдікті деп танылады.
Клиенттің операцияларын күдікті операция ретінде тану (танымау) туралы шешімді ұйым клиенттің (оның өкілінің) және операцияны жүзеге асыратын бенефициарлық меншік иесінің мәртебесі мен қызметін сипаттайтын, оның иелігіндегі ақпарат пен құжаттар, сондай-ақ клиенттің қаржылық-шаруашылық қызметі, қаржылық жағдайы және іскерлік беделі туралы ақпарат негізінде дербес қабылдайды.
Операцияны жасау уақыты мен осындай операцияны күдікті деп тану уақыты арасындағы айырмашылық ұйымның ішкі бақылау қағидаларына сәйкес клиенттің операцияларын зерделеу жиілігін айқындайтын уақыт аралығынан аспауы тиіс.";
6-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"6-тарау. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында қаржы мониторингі субъектілерін даярлау және оқыту бағдарламасы";
32-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"32. КЖТҚҚ мәселелері бойынша қаржы мониторингі субъектілерін даярлау және оқыту бағдарламасы КЖТҚҚ туралы Заңның 11-бабының 8-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекітетін қызметкерлерді даярлау және оқыту жөніндегі талаптарға сай әзірленеді.".
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бірлескен бұйрық пен қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бірлескен бұйрық пен қаулыны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бірлескен бұйрық пен қаулы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бірлескен бұйрық пен қаулы 2020 жылғы 15 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі және міндетті жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы |
Е. Досаев |
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
Е. Жамаубаев |