Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Көлік министрінің м.а. 22.12.2023 № 146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-тармағының 41-73) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Көлік министрінің м.а. 22.12.2023 № 146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.1. Қоса беріліп отырған Әуежайдың (әуеайлақтың) аумағында әуежай қызметіне жатпайтын қызметтер көрсетуге қол жеткізу қағидалары бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Көлік министрінің м.а. 22.12.2023 № 146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі |
Б. Атамкулов |
"Келісілді"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 29 қыркүйектегі № 501 бұйрығымен бекітілген |
Әуежайдың (әуеайлақтың) аумағында әуежай қызметіне жатпайтын қызметтер көрсетуге қол жеткізу қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Көлік министрінің м.а. 22.12.2023 № 146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы әуежай қызметіне жатпайтын әуежай аумағында қызметтер көрсетуге қол жеткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және әуежай қызметіне жатпайтын әуежай (әуеайлақ) аумағында қызметтер көрсетуге қол жеткізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі анықтамалар мен терминдер:
1) конкурсқа қатысушы – әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушымен шарт жасасуға үміткер, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
2) әуежайдың (әуеайлақтың) аумағы – әуежайдың (әуеайлақтың) пайдаланушысы әуежай қызметіне жатпайтын қызметтер көрсетуге жарамды деп айқындаған аэровокзал аумағы. Әуежайдың (әуеайлақтың) аумағына сондай-ақ құрылыс немесе реконструкциялау сатысындағы және әуежай қызметіне жатпайтын қызметтер көрсету үшін арналған алаңдар жатады;
3) әуежай қызметіне жатпайтын қызметтер – әуежай (әуеайлақ) аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін жеке және заңды тұлғалар көрсететін қызметтер;
4) әуежай қызметіне жатпайтын қызметтер көрсетуге арналған алаң – шарт бойынша ұсынылатын әуежай қызметіне жатпайтын қызметтер көрсетуге арналған аэровокзал аумағының бір бөлігі (бұдан әрі – алаң);
5) әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы – әуежайды меншік құқығымен не өзге де заңды негіздерде пайдаланатын Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының, сондай-ақ шет мемлекеттің заңды тұлғасы;
6) қаржылық шарттар – көлемі мен шарттары конкурстық құжаттамада көзделген және әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушының атына төленуге жататын алаңды пайдаланғаны үшін төлемақы;
7) конкурс – әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушымен шарт жасасу үшін конкурс жеңімпазын айқындау тәсілі;
8) конкурстық комиссия – осы Қағидаларда көзделген конкурс рәсімін орындау үшін әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы құратын алқалы орган;
9) конкурстық құжаттама – конкурсқа қатысуға өтінімді дайындау үшін конкурсқа қатысушыға ұсынылатын құжаттама, онда конкурсқа қатысуға өтінімге қойылатын талаптар, конкурсты жүзеге асырудың шарттары мен тәртібі қамтылады.
2-тарау. Конкурсты өткізу тәртібі
3. Конкурстың мәні:
қоғамдық тамақтану объектілеріне, азық-түлік өнімдерін сатудың және багажды ораудың автоматтандырылған құрылғыларына арналған әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушының 1 (бір) шаршы метрден басталатын алаңдары;
қоғамдық тамақтандыру объектілеріне және азық-түлік өнімдерін сатудың автоматтандырылған құрылғыларына арналмаған әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушының 15 (он бес) шаршы метрден басталатын алаңдары.
4. Әуежай қызметіне жатпайтын әуежай (әуеайлақ) аумағында қызметтер көрсетуге қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы конкурс өткізеді. Әуежайдың бақыланатын аймағында қызмет көрсетуге қолжетімділік авиациялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылады.
Конкурсты әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы ашық тәсілмен өткізеді, оған кәсіпкерлік субъектілері қатысады.
5. Конкурсты әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы мынадай қағидаттарды сақтай отырып өткізеді:
1) конкурсты өткізудің ашықтығы мен жариялылығы;
2) конкурсқа қатысушылардың барлығына конкурсқа қатысу үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету;
3) конкурсқа қатысушылар арасындағы адал бәсекелестік.
6. Конкурс өткізуді қамтамасыз ету үшін әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы қызметкерлерінің арасынан конкурстық комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрады, оның құрамын әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушының бірінші басшысы немесе оның міндетін атқарушы тұлға бекітеді. Комиссия мүшелерінің саны тақ болуы және кемінде 5 (бес) адамды құрауы тиіс.
Конкурстық комиссияның құрамына конкурстық комиссияның төрағасы, төрағасының орынбасары және мүшелері кіреді. Комиссияны комиссия төрағасы, ал ол болмаған кезде төрағаның орынбасары басқарады.
Әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы жұмыскерлер қатарынан комиссия мүшесі болып табылмайтын және комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беруге құқығы жоқ комиссия хатшысын бекітеді.
7. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі және егер оған комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды болады. Комиссия мүшелері отырыстарға жеке қатысады және комиссия отырыстарының хаттамаларына қол қояды.
8. Комиссия құрылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде конкурстық құжаттама бекітіледі және мынадай мәліметтерді көрсете отырып, әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушының интернет-ресурсында конкурстық құжаттаманы қоса бере отырып, конкурсты өткізу туралы хабарландыру орналастырылады:
1) техникалық ерекшелік;
2) көрсетуге конкурс жүзеге асырылатын қызметтердің қысқаша сипаттамасы;
3) конкурсқа қатысушылардың конкурсқа қатысуға құжаттарды ұсынуының басталу және аяқталу мерзімдері;
4) конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу рәсімін өткізу күні, уақыты және орны;
5) қолданылу мерзімі көрсетілген шарттың жобасы.
9. Техникалық ерекшелікте конкурсқа қатысушылар санының шектелуіне әкеп соғатын, оның ішінде мыналарға қатысты шарттар белгілеуге жол берілмейді:
1) конкурсқа қатысушыларға кез келген өлшенбейтін сандық және (немесе) әкімшілендірілмейтін талаптар белгілеу;
2) тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне, фирмалық атауларға, патенттерге, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге, тауар шығарылған жердің атауына және жеткізушінің атауына, сондай-ақ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің жекелеген конкурсқа қатысушыға тиесілігін айқындайтын өзге де сипаттамаларға нұсқау мазмұны.
10. Конкурстық құжаттамада:
1) әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушының толық атауы және орналасқан жері;
2) алаңның сипаттамасы және нысаналы мақсаты;
3) конкурс өткізілетін көрсетілетін қызметтерді жүзеге асырудың талап етілетін техникалық, сапалық сипаттамаларын көрсете отырып, техникалық ерекшелік;
4) алаңның орналасу схемасы;
5) алаңды пайдаланғаны үшін төлемақы;
6) конкурстық өтінімді қабылдау мерзімі;
7) конкурсқа қатысушыларға қойылатын талаптар (оның ішінде біліктілік);
8) конкурсқа қатысушылардың конкурстық өтінімдерін ашу, қарау, бағалау және салыстыру рәсімінің сипаттамасы;
9) конкурсқа қатысушыларға конкурстық өтінімдерді ашу күні мен уақыты (конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашу уақыты конкурстық өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткен сәттен бастап 2 (екі) сағаттан аспайды);
10) шарттың жобасы.
Конкурстық құжаттамада конкурсқа қатысуын шектейтін және қиындататын біліктілік талаптарын белгілеуге жол берілмейді.
11. Егер конкурстың нысанасы 2 (екі) және одан көп алаң болып табылған жағдайда, әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы конкурстық құжаттамада алаңдарды лоттарға бөледі. Бұл ретте конкурстың жеңімпазы әрбір лот бойынша айқындалады.
Әуежайда қызмет көрсетілген жолаушылар саны жылына 2 (екі) миллионнан астам адам болған кезде әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы халықаралық және ішкі рейстерге арналған әрбір аэровокзалда нысаналы мақсаты бойынша – кемінде 2 (екі) конкурсқа қатысушыға багажды орау алаңдарын бөледі.
12. Конкурсқа қатысушы мынадай талаптарға сәйкес келеді:
1) құқықтық қабілеті бар;
2) меншікте немесе шарттың қолданылу кезеңіне жалдау шартында материалдық және материалдық емес активтердің болуы (егер бұл қызмет көрсету жөніндегі жұмыстардың технологиясына сәйкес талап етілсе);
3) техникалық ерекшелікте көрсетілген талаптарға сәйкестігі;
4) конкурс өткізу сәтінде төлемге қабілетті болып табылады, сондай-ақ оның қаржы-шаруашылық қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрмайды және таратылуға жатпайды;
5) Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінде және Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрмайды.
13. Конкурсқа қатысушы осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінім береді.
Өтінімге мынадай құжаттар (ақпарат) қоса беріледі:
1) конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу күнінің алдындағы 3 (үш) айдан астам уақыт ішінде конкурсқа қатысушының мерзімі өткен кредиторлық берешегінің жоқтығы туралы конкурсқа қатысушылардың есеп айырысу шоттары ашылған екінші деңгейдегі банктің (банктердің) банк (банктер) алдындағы мәліметтері (егер конкурсқа қатысушы бірнеше екінші деңгейдегі банктердің немесе филиалдардың клиенті болып табылса, ал сондай-ақ, осы анықтама осындай банктердің әрқайсысынан беріледі) бірінші басшының немесе оны ауыстыратын тұлғаның қолы қойылып, банктің (банктердің) мөрі басылады);
2) конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу күнінің алдындағы бір айдан ерте емес алынған салық төлеушінің салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің болмауы (болуы) туралы мәліметтер;
3) қызметтердің негізгі техникалық және пайдалану сипаттамаларының толық сипаттамасы;
4) тиісті және үздіксіз қызмет көрсету үшін қажетті қолда бар қаржылық, материалдық және еңбек ресурстары;
5) әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушының талабы бойынша эскиздік және жұмыс жобалары.
14. Конкурстық өтінімдерді беру мерзімі 15 (он бес) күнтізбелік күн ішінде және конкурс өткізу туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап басталады. Конкурстық өтінім осы Қағидалардың 3-тарауында көзделген тәртіппен ұсынылады.
15. Конкурстық өтінімдерді қабылдау мен тіркеуді комиссия хатшысы жүзеге асырады. Конкурстық өтінімдердің сақталуын комиссия хатшысы қамтамасыз етеді.
Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдау конкурсқа қатысушылардың өтінімдерді тіркеу журналына өтінімдерді ұсынуына қарай (тігілген, нөмірленген, комиссия хатшысы қол қойған және мөрмен бекітілген) хронологиялық тәртіппен енгізу жолымен жүзеге асырылады.
Өтінімдерді тіркеу журналында өтінімнің келіп түскен күні мен уақыты тіркеледі.
Белгіленген мерзім өткеннен кейін ұсынылған конкурстық өтінім ашылмайды және конкурсқа қатысушыға қайтарылады.
16. Конкурсқа қатысушылар конкурстық өтінімді ұсынудың соңғы мерзімі аяқталғанға дейін өздерінің конкурстық өтінімдерін өзгерте немесе кері қайтарып алады. Конкурстық өтінімді кері қайтарып алу әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушының атына еркін нысанда жазбаша өтініш түрінде ресімделеді.
Конкурстық өтінімдерін кері қайтарып алған конкурсқа қатысушылар конкурстық өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін конкурсқа қатысуға өтінімді қайта береді. Конкурстық өтінімдерді ұсыну мерзімі өткеннен кейін конкурстық өтінімдерге өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
17. Конкурсқа қатысушы және оның үлестес тұлғасы конкурсқа бір лот бойынша қатыспайды.
18. Конкурстық өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі мен конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу процесінің басталуы арасындағы уақыт ұзақтығы – 2 (екі) сағаттан аспайды. Конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу жөніндегі комиссияның отырысына өкілеттіктері сенімхатпен расталған конкурсқа қатысушылар немесе олардың өкілдері қатысады.
19. Комиссия отырысы басталғанға дейін комиссия хатшысы конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу рәсімін жүзеге асыру кезінде мүдделер ұсынуға конкурсқа қатысушылар өкілдерінің құжаттамалық ресімделген өкілеттіктерін тексереді.
20. Конкурстық өтінімі бар әрбір конвертті ашқан кезде комиссия конкурстық өтінімдегі құжаттардың тізбесін жариялайды. Конкурстық өтінімді ашқан сәттен бастап комиссия конкурсқа қатысушының ұсынылған конкурстық өтінімін және оған қоса берілетін құжаттарды 3 (үш) жұмыс күні ішінде толықтығы мен дұрыстығына қарайды.
21. Ұсынылған құжаттар осы Қағидалардың 12 және 13-тармақтарының талаптарына сәйкес келген жағдайда комиссия конкурсқа қатысушыны конкурсқа қатысуға жібереді.
22. Комиссия конкурсқа қатысушының конкурстық өтінімін қабылдамайды және қайтарады, егер:
1) конкурсқа қатысушы осы Қағидалардың 12 және 13-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе;
2) конкурсқа қатысушының конкурстық өтінімі және оған қоса берілетін құжаттар осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе;
3) осы Қағидалардың 12 және 13-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкестігі туралы дәйексіз ақпарат беру фактісі белгіленген;
4) осы Қағидалардың 3-тарауының талаптарын бұза отырып, конкурстық өтінім беру.
Осы Қағидаларда көрсетілген жағдайларды қоспағанда, өзге негіздер бойынша конкурсқа қатысуға рұқсат беруден бас тартуға жол берілмейді.
23. Комиссия хатшысы:
1) конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашудың тиісті хаттамасын ресімдейді;
2) конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасын комиссия мүшелеріне қол қоюға жібереді.
24. Конкурстық өтінімдерді қарау мерзімі ішінде комиссия төрағасы ұсынылған конкурстық өтінімдерді қарау және талқылау үшін комиссия отырыстарын шақырады.
25. Конкурсты өткізу кезінде лот бойынша 1 (бір) жеңімпазды айқындауға жол берілмейді. Конкурстың жеңімпазы конкурстық баға ұсынысының ең жоғары бағасы негізінде конкурсқа қатысушыны айқындайды.
26. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оған комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Комиссияның әрбір мүшесінің бір дауысы болады. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
Комиссия мүшесінің ерекше пікірін білдіруге мүмкіндігі бар, ол жазбаша түрде баяндалады және конкурстың қорытындылары туралы хаттамаға қоса беріледі.
27. Комиссия комиссия мүшелері мен комиссия хатшысы қол қоятын конкурс қорытындылары туралы хаттаманы ресімдей отырып, конкурстық өтінімдері бар конверттер ашылған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде конкурс қорытындысын шығарады.
Конкурстың қорытындысын шығару кезінде комиссия конкурс жеңімпазынан басқа, ұсынысы конкурс жеңімпазынан кейін неғұрлым қолайлы болған конкурсқа қатысушыны айқындайды.
28. Әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы конкурс қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған күннен кейінгі 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушының интернет-ресурсында конкурс қорытындылары туралы қол қойылған хаттаманың мәтінін жариялайды.
Әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушы конкурс қорытындылары туралы ақпарат жарияланған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде конкурс жеңімпазымен 3 (үш) жыл мерзімге тиісті шарт жасасады.
29. Конкурс жеңімпазы әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушымен шарт жасасудан бас тартқан кезде комиссия конкурс жеңімпазынан кейін конкурстық ұсынысы неғұрлым қолайлы болып табылатын конкурсқа қатысушымен шарт жасасу туралы келіссөздерді бастайды.
Конкурстық ұсыныстары конкурс жеңімпазынан кейін ең үздік деп танылған конкурсқа қатысушы әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушымен шарт жасасудан бас тартқан жағдайда, конкурс өткізілмеген деп танылады.
30. Комиссия:
1) конкурсқа қатысуға ұсынылған конкурстық өтінімдер болмаған;
2) конкурсқа қатысуға 2 (екіден) кем конкурстық өтінім ұсынылған;
3) егер конкурсқа қатысуға 1 (бір) конкурсқа қатысушы жіберілген;
4) егер конкурсқа қатысуға бірде-бір конкурсқа қатысушы жіберілмеген жағдайда конкурс өтпеді деп таниды.
31. Егер комиссия конкурс өтпеді деп таныған жағдайда, комиссия конкурс өтпеді деп танылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей қайта конкурс өткізу туралы шешім қабылдайды. Қайта конкурс осы Қағидаларға сәйкес өткізіледі.
Комиссияның шешімі бойынша қайталама конкурс кезінде, егер конкурсқа қатысушылардың 2 (екі) кем конкурстық өтінімдері берілген болса, егер конкурсқа жалғыз қатысушы осы Қағидаларда белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда, конкурс өтті деп танылады.
32. Конкурсқа қатысушы әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушының, конкурстық комиссияның және конкурстық комиссия хатшысының заңсыз әрекеттеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдана алады.
3-тарау. Конкурстық өтінімдерді ұсыну тәртібі
33. Конкурстық өтінімді конкурсқа қатысушы немесе сенімхат бойынша оның мүдделерін білдіретін тұлға мөрленген конвертте қағаз жеткізгіште ұсынады. Қағаз нұсқасы нөмірленген беттермен тігілуге тиіс, соңғы бет конкурсқа қатысушының қолымен және мөрімен (бар болса) куәландырылады. Құжаттарда жолдар арасында кірістіруге жол берілмейді.
34. Мөрленген конверттің алдыңғы жағында конкурсқа қатысушы:
1) лоттың нөмірі мен атауын;
2) конкурсқа қатысушының толық атауы және пошталық мекенжайын;
3) әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушының толық атауын.
Конкурсқа қатысушы конкурстық өтінімді дайындауға байланысты барлық шығындарды өзі көтереді.
4-тарау. Қорытынды ережелер
35. Жеңімпаз әуежайды (әуеайлақты) пайдаланушының өкілдерімен алдын ала кездесуге қатысады, шарт талаптарын нақтылау үшін оған қажетті мәліметтерді алады.
36. Жеңімпазға әуежай (әуеайлақ) аумағында белгіленген қауіпсіздік талаптары сақталған жағдайда тексеру үшін алаңға бару мүмкіндігі беріледі. Жеңімпаз әуежайдың (әуеайлақтың) аумағына өтуге байланысты барлық шығындарды өзі көтереді.
Әуежайдың (әуеайлақтың) аумағында әуежай қызметіне жатпайтын қызметтер көрсетуге қол жеткізу қағидаларына қосымша |
|
Нысан |
Өтініш
1. Осымен _______________________________ (бұдан әрі – Конкурсқа қатысушы)
конкурс өткізу туралы жарияланған хабарландыруды қарап және конкурстық
құжаттамамен танысып, конкурс шарттары мен Конкурсқа қатысушыға қойылатын
талаптар туралы өзінің хабардар болуын растайды және №____лот бойынша конкурсқа
қатысуға дайын екендігі туралы хабарлайды.
2. Конкурсқа қатысушы мыналарға:
1) шарт талаптарына сәйкес мөлшерінде қаржылық талаптардың орындалуын
қамтамасыз етуге;
2) конкурстық құжаттамада мәлімделген біліктілік талаптарына сәйкестігін қамтамасыз
етуге;
3) ұсынылатын қаржылық шарттар: _______ теңге айына, қосылған құн салығын
есептемегенде кепілдік береді.
3. Конкурсқа қатысушы осы Конкурсқа қатысушыға қойылатын талаптарға
сәйкессіздік анықталған жағдайда, Конкурсқа қатысушы конкурсқа қатысу құқығынан
айырылатынына толық және сөзсіз келісім білдіреді;
4. Осы өтініш конкурсқа қатысуға Конкурсқа қатысушының конкурс өткізу туралы
хабарландыру тәртібінде баяндалған шарттармен толық және сөзсіз келісімін білдіру
нысаны болып табылады.
5._______________________________________________________________________
__________________________________________________________________________
__________________________________________________________________________
(қолы) (жеке тұлғаның аты, әкесінің аты (болған жағдайда) немесе заңды тұлғаның
атауы және сенімхат негізінде әрекет ететін заңды тұлға басшысының немесе уәкілетті
өкілінің аты, әкесінің аты (болған жағдайда)
20___ жылғы "___" ____________
Мөр орны (болған кезде)