"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 15-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссияны қалыптастыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 17 тамыздағы № 614 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15671 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкісінде электрондық түрде 2017 жылғы 21 қыркүйекте жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі |
А. Цой |
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі 2020 жылғы 29 қазаны № ҚР ДСМ-168/2020 бұйрығына қосымша |
Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссияны қалыптастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссияны қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылы 7 шілдедегі Кодексі 15-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және медициналық қызмет сапасы жөніндегі біріккен комиссияны қалыптастыру тәртібін анықтайды.
2. Комиссия стандарттарды, клиникалық хаттамаларды, денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызметтердің сапасы және қолжетімділігін бақылау жүйесінің стандарттарын жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды дайындау, сондай-ақ Кодекстің 25-бабына сәйкес субъектілерді аккредиттеу мақсатында құрылады.
3. Комиссия денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) жанындағы тұрақты жұмыс істейтін консультациялық-кеңесші орган болып табылады.
4. Комиссия мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың (бұдан әрі – ҮЕҰ), мемлекеттік және мемлекеттік емес денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдерінен тұрады. Комиссия құрамындағы мемлекеттік органдардың өкілдері Комиссия мүшелерінің жалпы санының үштен бірін құрайды. Әрбір ҮЕҰ-дан, мемлекеттік және мемлекеттік емес денсаулық сақтау ұйымдарынан Комиссияның құрамына тек бір ғана өкіл кіреді.
5. Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрайды және 15 (он бес) адамнан аспайды. Комиссияның құрамына төраға, төрағаның орынбасары, мүшелері, хатшы кіреді.
6. Комиссияның өкілеттік мерзімі үш жылды құрайды.
2-тарау. Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі бірлескен комиссияны құру тәртібі
7. Комиссияны қалыптастыру тәртібі мынадай кезеңдерден тұрады:
1) комиссияға кандидаттарды іріктеу жүргізу туралы хабарландыруды жариялау;
2) комиссия мүшелігіне кандидаттардан құжаттарды қабылдау;
3) құжаттарды қарау және Комиссия мүшелігіне кандидаттарды іріктеу жөніндегі уәкілетті органның жұмыс тобын құру (бұдан әрі – уәкілетті органның жұмыс тобы);
4) уәкілетті органның жұмыс тобының Комиссия мүшелігіне кандидаттардың құжаттарын осы Қағидалардың 9-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігін қарауы;
5) уәкілетті органның жұмыс тобының Комиссия құрамын қалыптастыру жөніндегі ұсынымдарды шығаруы;
6) уәкілетті органның Комиссия құрамын бекіту туралы шешімі.
8. Комиссия мүшелігіне кандидаттарды іріктеу мақсатында уәкілетті орган пошталық мекенжайды, құжаттарды беру мерзімдерін, электрондық поштаның мекенжайын көрсете отырып, интернет-ресурста хабарландыруды орналастырады.
9. Хабарландыруды орналастырғаннан кейін күнтізбелік жеті күннің ішінде кандидаттар Министрліктің кандидаттарды іріктеуді жүзеге асыратын жұмыс тобына мынадай құжаттарды ұсынады:
1) еркін нысандағы өтініш;
2) өмірбаян деректерін көрсете отырып, кәсіби және (немесе) қоғамдық қызмет туралы мәліметтерді қамтитын, фотосуреті және байланыс деректері бар (телефон, электрондық мекенжайы) түйіндеме;
3) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
4) медициналық жоғары білімі туралы дипломының көшірмесі;
5) денсаулық сақтау саласында, оның ішінде басшылық лауазымдарында және (немесе) мемлекеттік қызметте кемінде бес жыл еңбек өтілімін растайтын құжаттың; ғылыми дәреже алу туралы құжаттың және (немесе) дипломның көшірмесі (бар болса);
6) сотталмағанын растайтын құжат, соның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалмағанын және (немесе) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық болмағанын растайтын құжат;
7) психоневрологиялық және наркологиялық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрғаны немесе тұрмағаны туралы растаушы құжат.
10. Осы Қағидалардың 9-тармағының талаптары Комиссия мүшеслігіне кандидат болып табылатын мемлекеттік қызметшілерге және Қор қызметкерлеріне қолданылмайды.
11. Уәкілетті органның жұмыс тобы басшыдан, хатшыдан және мүшелерінен тұрады. Уәкілетті органның жұмыс тобының отырыстарында шешім оның қатысқан мүшелерінің санынан ашық дауыс беруі арқылы көпшілік дауыспен қабылданады.
Дауыстар тең болған жағдайда уәкілетті органның жұмыс тобының жетекшісі дауыс берген шешім қабылдаған болып есептеледі.
12. Кандидаттарды іріктеу нәтижелері бойынша Уәкілетті органның жұмыс тобы Комиссия құрамын бекіту жөніндегі ұсынымдарды шығарады.
13. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі немесе оның міндетін атқарушы адам Уәкілетті органның жұмыс тобы ұсынған ұсынымдарды қарап, мынадай:
1) бұйрық шығару арқылы Комиссияның құрамын бекіту туралы;
2) Комиссияның құрамын бекітуден бас тарту туралы шешімдердің бірін шығарады.
Осы Қағидалардың 13-тармағының 2) тармақшасында көзделген шешім қабылдаған жағдайда қайта іріктеу жарияланады.
14. Мемлекеттік органдар іріктеу рәсімінсіз өзінің өкілін ауыстыруды жүзеге асырады.
15. Комиссия мүшелері еркін нысанда өтініш бере отырып, Комиссия құрамынан мерзімінен бұрын шығады. Мұндай жағдайда уәкілетті орган осы Қағидалардың 8, 9-тармақтарына сәйкес іріктеу жүргізу туралы хабарлайды.
16. Комиссия мүшесі отырыстарға үш реттен артық себепсіз қатыспаған жағдайда, уәкілетті орган оны Комиссияның құрамынан шығарады.
17. Комиссияның құрамы және Комиссияның қызметі туралы ереже уәкілетті органның немесе оның міндетін атқаратын адамның бұйрығымен бекітіледі және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.