"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 96-бабының 1- тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Гигиеналық оқытуға жататын халықтың декреттелген тобының тізбесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі |
А. Цой |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-268/2020 бұйрығымен бекітілген |
Гигиеналық оқытуға жататын халықтың декреттелген тобының тізбесі
1. Өндіру, сақтау, өткізу, кәдеге жарату, жою процесінде және оларды көліктің барлық түрлерімен тасымалдау кезінде тамақ өнімдерімен жанасатын қызметкерлер және (немесе) адамдар, оның ішінде мүкәммалды, жабдықты санитариялық өңдеу және жөндеу жөніндегі қызметкерлер.
2. Білім беру объектілеріндегі қызметкерлер (жалпы орта білім беретін мектептердің бастауыш сыныптарының мұғалімдері; балалар мен жасөспірімдер тұратын білім және тәрбие беру объектілерінің барлық түрлерінің бастауыш сыныптарының мұғалімдері, тәрбиешілері мен тәрбиешінің көмекшілері; техникалық персонал).
3. Балаларды сауықтыру (жыл бойы, маусымдық) ұйымдарындағы және шипажай объектілеріндегі қызметкерлер.
4. Барлық түрлердегі (үлгідегі) мектепке дейінгі ұйымдардың және балалар үйлерінің қызметкерлері.
5. Денсаулық сақтау және медициналық-әлеуметтік оңалту объектілерінің (кіші мейіргерлері; кір жуатын бөлмелердің қызметкерлері; тамақ өнімдерімен жанасатын қызметкерлер) қызметкерлері.
6. Жолаушыларға қызмет көрсету саласындағы (жолаушылар поездарының жолсеріктері, өзен, теңіз және әуе көліктерінің бортсеріктері) қызметкерлер.
7. Ауыз суды дайындаумен, су құбыры құрылыстары мен желілеріне қызмет көрсетумен тікелей байланысты су құбыры құрылыстары мен желілерінің қызметкерлері.
8. Тұрмыстық қызмет көрсету саласындағы (моншалар, хауыздар, бассейндер, спорттық-сауықтыру ұйымдары, шаштараздар, косметологиялық салондар, кір жуатын орындар, химиялық тазарту орындары, қонақүйлер, хостелдер) қызметкерлер.
Ескертпе: Гигиеналық оқытуға жататын халықтың декреттелген тобының тізбесі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 16 қарашадағы № ҚР ДСМ-195/2020 бұйрығымен бекітілген Халықтың декреттелген тобындағы адамдарды гигиеналық оқыту қағидаларында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21654 болып тіркелген) айқындалатын халықтың декреттелген топтарын гигиеналық оқыту бағдарламаларына сәйкес қалыптастырылады.