Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31 бабына, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 18 бабының 22) тармақшасына, 31 бабына сәйкес, Хромтау ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану Қағидалары бекітілсін.
2. Хромтау ауданы әкімдігінің 2017 жылғы 28 желтоқсандағы № 312 "Коммуналдық меншікке келіп түскен, қараусыз қалған жануарларды пайдалану Қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5851 тіркелген, 2018 жылғы 18 қаңтарда аудандық "Хромтау" газетінде жарияланған) қаулысының күші жойылды деп танылсын.
3. "Ақтөбе облысының Хромтау аудандық экономика және қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулыны Ақтөбе облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны оны ресми жариялағаннан кейін Хромтау ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Хромтау ауданы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Хромтау ауданының әкімі | Н. Алдияров |
Хромтау ауданы әкімдігінің 2020 жылғы 10 ақпандағы № 92 қаулысына қосымша |
Коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану Қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексіне, 2011 жылғы 1 наурыздағы "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңына сәйкес жасақталды және коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) жануарлар - ауыл шаруашылығы және үй жануарлары;
2) иесіз жануарлар - иелері бар, және уақытша олардың иелігінен (қамқорлығынан) шыққан, иелері жоқ немесе иелері белгісіз, сонымен қатар иесі оларға меншік құқығынан бас тартқан жануарлар;
3) жануардың иесі - меншігінде немесе өзгеше иелігінде жануары бар жеке немесе заңды тұлға;
4) жергілікті атқарушы орган - жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, ауыл шаруашылығы және ветеринария саласындағы функцияларды іске асыруға уәкілетті жергілікті мемлекеттік атқарушы орган.
2. Иесіз жануарларды пайдалану
3. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретiлген жануарларды ұстап алған адам оларды меншiк иесiне қайтаруға, ал егер оның өзi немесе тұрған жерi белгiсiз болса, осындай жануарларды ұстаған кезден бастап үш күннен кешiктiрмей табылған жануарлар туралы iшкi iстер органдарына немесе жергілікті атқарушы органдарын мәлiмдеуге мiндеттi, олар меншiк иесiн iздестiру шараларын қолданады.
Жануарлардың меншiк иесiн iздестiру кезеңiнде жануарларды ұстаушы адам оларды өзiнiң бағуында және пайдалануында қалдыруы, не ол бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар басқа адамға тапсыруы мүмкiн.
Жануарларды ұстап алған адамның өтiнiшi бойынша оларды бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар адамды iздеп табуды және оларға жануарларды берудi ауданның жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.
4. Жануарларды ұстап алған адам және олар бағуы мен пайдалануына берiлген адам жануарлардың өлiм-жiтiмi мен iске жарамай қалғаны үшiн бұған кiнәсi болған кезде ғана және сол жануарлардың құны мөлшерiнде жауапты болады.
5. Жануарларды меншiк иесiне қайтарған ретте жануарларды ұстап алған адам және жануарларды бағып, пайдаланып келген адам сол меншiк иесiнен жануарларды пайдаланудан алынған пайданы есепке жатқыза отырып, оларды бағуға байланысты өз шығындарына өтем алуға құқылы.
6. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретiлген жануарларды ұстап алған адам олардың меншiк иесiнен Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 245-бабының 6-тармағына сәйкес сыйақы төлеудi талап етуге құқылы.
3. Қараусыз жануарларға мемлекеттік меншік құқығының пайда болуы
7. Өзінің бағуында болған жануарларды меншігіне алудан бас тартқан жағдайда олар аудандық коммуналдық меншікке түседі және осы Қағидалармен айқындалған тәртіпте пайдаланылады.
8. Жануарлар басқа адамның меншiгiне көшкеннен кейiн олардың бұрынғы меншiк иесi келген ретте сол жануарлардың өзiне үйiрсектiгi сақталғанын немесе жаңа меншiк иесiнiң оларға қатал не өзгедей мейiрiмсiз қарағанын дәлелдейтiн жағдайлар болған кезде меншiк иесi жаңа меншiк иесiмен келiсiм бойынша белгiленетiн шарттармен, ал келiсiмге келмеген кезде - сот арқылы оларды өзiне қайтарып берудi талап етуге құқылы.
9. Егер жұмыс малы мен iрi қараны ұстап алғаны туралы мәлiмделген кезден бастап алты ай iшiнде және басқа үй жануарлары жөнiнде - екi ай iшiнде олардың меншiк иесi табылмаса және оларға өзiнiң құқығы туралы мәлiмдемесе, бұл жануарларға меншiк құқығы жануарларды баққан және пайдаланған адамға көшедi.
4. Қорытынды ережелер
10. Қараусыз қалған жануарларды сатудан түскен қаражат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жергілікті бюджеттің кірісіне толық есептеледі.
11. Қараусыз қалған жануарларды есепке алу, бағалау, сату және өтеусіз беру жөніндегі шығыстар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
12. Қараусыз жануарларды коммуналдық меншікке қабылдау үшін негіз болған актінің сотпен күші жойылған жағдайда, уәкілетті орган қараусыз жануарды бұрынғы иесіне қайтарады.