Ескерту. Күші жойылды - Түркістан облысы Бәйдібек аудандық мәслихатының 21.11.2023 № 9/42 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56-бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабының 2-3 тармағына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Бәйдібек аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы бекітілсін.
2. Бәйдібек аудандық мәслихатының 2020 жылғы 25 ақпандағы № 47/294 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5455 тіркелген, 2020 жылы 26 наурызда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық банкінде электронды түрде жарияланған) шешімінің күші жойылды деп танылсын.
3. "Бәйдібек ауданының мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы шешімнің "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Түркістан облысының Әділет департаменті" Республикалық мемлекеттік мекемесінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы шешімді оның ресми жарияланғаннан кейін Бәйдібек аудандық мәслихатының интернет-ресурсына орналастыруын қамтамасыз етсін.
4. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Аудандық мәслихат | |
сессиясының төрағасы | Б. Омарбеков |
Аудандық мәслихат хатшысы | М. Нахипбеков |
Бәйдібек аудандық мәслихатының 2020 жылғы 25 қарашадағы № 59/352 шешімімен бекітілген |
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы
Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - Түркістан облысы Бәйдібек аудандық мәслихатының 25.11.2022 № 24/144 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі - Қағидасы) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Әлеуметтік көмек Бәйдібек ауданының аумағында тұрақты тұратын, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына көрсетіледі.
3. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – өмірде қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) ең төмен күнкөріс деңгейі – "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
6) өмірдегі қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
7) уәкілетті орган – Бәйдібек ауданы әкімдігінің "Бәйдібек ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
8) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
9) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
4. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органмен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - әлеуметтік көмек алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ мереке күндерге ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
5. "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабы 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында, 17 бабында көделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
6. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі.
2- тарау. Әлеуметтік көмек көрсету, мұқтаж алушылардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
7. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлем түрінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі.
1) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні:
көп балалы аналарға, оның ішінде "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталғандарға - 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі:
1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға – 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) 9 мамыр - Жеңіс күні:
Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлерге, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерiне - 1 000 000 (бір миллион) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылыс жайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне, сондай-ақ жұмысшылары мен қызметшілеріне - 1 000 000 (бір миллион) теңге мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – 12 (он екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы - КСР Одағы ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – 12 (он екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 12 (он екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда)-12 (он екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге -25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне -25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне -25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылары мен қызметшiлерге -25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріге -25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріге -25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына -25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
4) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға - 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
8. Әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдай туындаған кезе мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі:
1) мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдарға, табысын есепке алусыз, ай сайын - 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ )инфекциясы бар балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне және АИТВ инфекциясын жұқтыру немесе жұқтырылған иммунтапшылығының синдромы медицина қызметкерлерінің және әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кінәсінен болып, өміріне немесе денсаулығына зиян келген тұлғаларға, табысын есепке алусыз, ай сайын - 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
3) созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі ауруынан зардап шеккен мұқтаж азаматтарға, бір рет- 72 (жетпіс екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
4) қатерлі ісік ауруына шалдыққан тұлғаларға, табысын есепке алусыз, бір рет - 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша мүгедек қоларбаларымен қамтамасыз ету мақсатында мүгедектігі бар адамдарға, табысын есепке алусыз:
серуендеуге арналған мүгедек қоларбаларға - 55 (елу бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бөлмеге арналған мүгедек қоларбаларға - 51 (елу бір) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
6) зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға санаторлық-курорттық емделуге, табысын есепке алусыз, бір рет - 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
7) мерзімді басылымдарға жазылу үшін - Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, табысын есепке алусыз, бір рет - 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
8) аз қамтылған отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы, белгіленген күн көріс деңгейінің төменгі шегінен аспаса, бір рет –15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
9) зейнеткерлік жасқа толған жалғызілікті қарттарға Бәйдібек ауданының аумағында жол жүрумен байланысты шығындарын өтеу үшін, табысын есепке алусыз, ай сайын - 1 (бір) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
10) "Қамқорлық" бағдарламасы аясында - өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға (отбасыларына) қосымша әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында бір рет- 55 (елу бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
9. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, әлеуметтік көмекті қайтару және тоқтату үшін негіздемелер Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.
10. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру ауданның бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүргізіледі.
11. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.
3-тарау. Қорытынды ереже
13. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорларын пайдалана отырып жүргiзедi.