Ескерту. Күші жойылды - Түркістан облысы Бәйдібек аудандық мәслихатының 14.02.2024 № 13/62 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 56 бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабының 2-3 тармағына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Бәйдібек ауданының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Бәйдібек аудандық мәслихатының 2020 жылғы 25 сәуірдегі № 59/352 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешiмi (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №5964 тіркелген) және Бәйдібек аудандық мәслихатының 2022 жылғы 25 қарашадағы №24/144 "Бәйдібек аудандық мәслихатының 2020 жылғы 25 сәуірдегі № 59/352 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешiмiне өзгеріс енгізу туралы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №30845 тіркелген) шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Бәйдібек ауданының мәслихат төрағасы | А. Кенехан |
Бәйдібек аудандық мәслихатының 2023 жылғы 21 қарашадағы № 9/42 шешіміне қосымша |
Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидасы
1. Осы әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидасы (бұдан әрі – Қағида) "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың Үлгiлiк Қағидаларын бекiту туралы" қаулысына сәйкес әзiрлендi және әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың тәртiбiн белгiлейдi.
2. Әлеуметтiк көмек Бәйдібек ауданының аумағында тұрақты тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына көрсетiледi.
1. Жалпы ережелер
3. Осы Қағидада қолданылатын негiзгi терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар; 3) арнайы комиссия – әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Бәйдібек ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
4) ең төмен күнкөріс деңгейі – облыстағы статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
7) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;
8) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын ауданның халықты әлеуметтік қорғау саласындағы атқарушы органы;
9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;
4. Осы Қағиданың мақсаты үшiн әлеуметтiк көмек ретiнде Бәйдібек ауданының әкiмдiгi мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрi – Алушылар) өмiрлiк қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндерiне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететiн көмек түсiнiледi.
5. "Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің" 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында", "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 10–бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 11–бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында және 13–бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
6. Әлеуметтiк көмек бiр рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылдықта 1 рет) көрсетiледi.
7. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбелерін, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсетудің дүркінділігін ЖАО ұсынымы бойынша жергілікті өкілді органдар белгілейді.
8. Учаскелiк және арнайы комиссиялар өз қызметiн Түркістан облысы әкiмдiгi бекiтетiн ережелердiң негiзiнде жүзеге асырады. Арнайы және учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережелер уәкілетті мемлекеттік органмен бекітіледі.
2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
9. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлем түрінде азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:
1) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні - көп балалы аналарға, оның ішінде:
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған - 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) 26 сәуір – радиациялық авариялар мен апаттардың салдарларын жоюға қатысушылар мен осы авариялар мен апаттардың құрбандарын еске алу күні:
1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдарға – 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) 9 мамыр – Жеңіс күні:
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға – 1 500 000 теңге;
екінші рет некеге тұрмаған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамға теңестірілген адамның жұбайына (зайыбына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетіндерін қоспағанда) салдарынан мүгедектігі бар адам деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың жұбайына (зайыбына) –15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСР Одағы) ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердің, геттолардың және басқа да еріксіз ұстау орындарының бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына – 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағының үкіметтік органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілеріне, бұрынғы КСР Одағы Ішкі істер министрлігінің басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда) - 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанда ұрыс қимылдары жүріп жатқан кезеңде жіберілген әскери міндеттілеріне - 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүріп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткізу үшін жіберілген автомобиль батальондарының әскери қызметшілеріне - 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлік тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшілеріне - 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшілеріне - 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан – Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Карабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
4) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға – 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні:
Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіппен ақталған, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан тұлғаларға – 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
10. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі:
1) Қазанның екінші жексенбісі – мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау күніне орай:
80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға Бәйдібек ауданының аумағында жол жүрумен байланысты шығындарын өтеу үшін, табысын есепке алусыз, ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алатын мүмкіндігі шектеулі мүгедектігі бар балаларға біржолғы 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) амбулаториялық ем алудағы туберкулез ауруынан азап шегетін тұлғаларға, емдеу мекемесінің ай сайын ұсынатын тізіміне сәйкес, табысын есепке алусыз, ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясы бар балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне және адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясын жұқтыру немесе жұқтырылған иммунтапшылығының синдромы медицина қызметкерлерінің және әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кінәсінен болып, өміріне немесе денсаулығына зиян келген тұлғаларға, табысын есепке алусыз, ай сайын 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
4) қатерлі ісіктер ауруына шалдыққан тұлғаларға, табысын есепке алусыз, бір рет – 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға санаторлық-курорттық емделуге жолдамалар алу үшін, табысын есепке алусыз, бір рет әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
6) созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі ауруынан зардап шеккен мұқтаж азаматтарға, бір рет- 72 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
7) мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша жеке тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын жақсарту үшін:
арнаулы жүріп-тұру құралдармен қолданатын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – бір рет, 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
8) аз қамтылған отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы, белгіленген күн көріс деңгейінің төменгі шегінен аспаса, бір рет –15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
9) Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұратын әлеуметтік тұрмыстық жағдайы төмен жәрдемақыға мұқтаж азаматтарға - бір жолғы 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
10) "Қамқорлық" бағдарламасы аясында - өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға (отбасыларына) қосымша әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында бір рет- 55 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
11) санаторийлік-курорттық ұйымда болу құнын өтеу үшін –бір мезгілде санаторийлік-курорттық емделуге мүгедектігі бар бір және одан да көп баланы алып жүрушіге бір рет, санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеуге қатысты берілетін кепілдік берілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде;
12) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен, табиғи зілзаланың немесе өрт орын алған мекен-жайда тұрақты тіркеуде тұратын азаматтарға (отбасыларға), біржолғы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай көрсетіледі:
қайтыс болған әрбір отбасы мүшесіне - бір рет 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
азаматқа (отбасына) немесе оның мүлкіне зиян келтірілген жағдайда (растайтын құжат болған жағдайда) - бір рет 200 (екі жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
әлеуметтік көмекке өтініш жасау мерзімі өмірлік қиын жағдай туындаған сәттен бастап үш ай ішінде.
3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
11. Атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмек оны алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.
Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын ЖАО белгілейді, содан кейін уәкілетті ұйымға не өзге де ұйымдарға сұраныс жіберу арқылы олардың тізімдері қалыптастырылады.
12. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан Бәйдібек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне Үлгілік қағидалардағы 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш береді, оған мынадай құжаттарды қоса береді:
1) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
2) тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды);
3) мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын төменде көрсетілген құжаттардың бірі:
дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;
әлеуметтік маңызы бар аурудың болу фактісін растайтын құжат;
жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болу фактісін растайтын құжат;
жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмау фактісін растайтын құжат;
жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмау фактісін растайтын құжат;
бас бостандығынан айыру орындарынан босатылу, пробация қызметінің есебінде болу фактісін растайтын құжат.
Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.
13. Үлгілік қағидалардың 8-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш түскен кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімі 1 жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
14. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акт жасайды, тұлғаның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.
Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттарымен бірге әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
15. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда Бәйдібек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
16. Қажетті құжаттардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты өтініш берушінің оларды ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда Бәйдібек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешімді өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың тиісті мәліметтерді қамтитын деректері негізінде қабылдайды.
17. Бәйдібек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі учаскелік комиссиядан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар түскен күннен бастап 1 жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
18. Арнайы комиссия құжаттар түскен күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарады, қорытынды оң болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
19. Өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттары тіркелген күннен бастап 8 жұмыс күні ішінде Бәйдібек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Қағидалардың 12 және 13-тармақтарында көрсетілген жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі Бәйдібек ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өтініш берушіден немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
20. Бәйдібек ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі шешім қабылданған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
21. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;
3) тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған жағдайларда жүзеге асырылады.
22. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Бәйдібек ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
23. Әлеуметтік көмек:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
24. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
25. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды Бәйдібек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.