"Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 20-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 3 шілдедегі № 201 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15429 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2017 жылғы 15 тамызда жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстанның ұлттық электрондық кітапханасының қорын қалыптастыру мен есепке алу және оған қолжетімділікті ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қазақстанның ұлттық электрондық кітапханасының қорын қалыптастыру мен есепке алу және оған қолжетімділікті ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан ұлттық электронды кітапханасын қалыптастыру қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
министрдің міндетін атқарушы | Н. Дауешов |
министрдің міндетін атқарушы 2021 жылғы 19 наурыздағы № 76 бұйрығына қосымша |
|
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 3 шілдедегі № 201 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстанның ұлттық электрондық кітапханасының қорын қалыптастыру мен есепке алу және оған қолжетімділікті ұйымдастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстанның ұлттық электрондық кітапханасының қорын қалыптастыру мен есепке алу және оған қолжетімділікті ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстанның ұлттық электрондық кітапханасының қорын қалыптастыру мен есепке алу және оған қолжетімділікті ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда келесі негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Қазақстанның ұлттық электрондық кітапханасы (бұдан әрі – ҚазҰЭК) – қазақстандық кітапханалардың, музейлер мен архивтердің қорларын сақтауға, сондай-ақ Қазақстанның тарихи, ғылыми және мәдени мұрасына пайдаланушылардың ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы еркін қол жеткізуін қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік ақпараттық жүйе;
2) қатысушы – қазақстандық кітапханалар, музейлер мен архивтер.
2-тарау. Қазақстанның ұлттық электрондық кітапханасының қорын қалыптастыру мен есепке алу тәртібі
3. ҚазҰЭК қорын қалыптастыруды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Ұлттық академиялық кітапхана) жүзеге асырады.
4. "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 24-3-бабының 3-тармағына сәйкес ҚазҰЭК қорының объектілері (бұдан әрі – қор объектілері) авторлық құқықтың сақталуын қамтамасыз ететін шарттар негізінде жасалған:
1) мерзімді басылымдардың міндетті тегін даналарын қоспағанда, баспа өнімінің;
2) жеке алғанда немесе коллекцияда ерекше құндылығы бар (тарихи, көркем, ғылыми, әдеби) сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың, құжаттар мен басылымдардың;
3) мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде шығарылған қоғамдық маңызы бар әдебиеттер мен басылымдардың;
4) басылымның міндетті тегін даналарының;
5) ғылыми-зерттеу жұмыстары есептерінің, авторефераттардың, диссертациялардың;
6) өлкетану әдебиеттерінің;
7) зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы басылымдардың;
8) Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамасымен қорғалатын құжаттардың электрондық нысандағы көшірмелері болып табылады.
5. Ұлттық академиялық кітапхана қор объектілерін іріктеу үшін қатысушылар қор объектілерін қоса отырып жолдаған осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінімдерді (бұдан әрі – өтінім) электрондық немесе қағаз тасымалдағыштарда қабылдауды жүзеге асырады.
6. Қатысушылардың өтінімдерін қарау үшін Ұлттық академиялық кітапхана қор объектілерін іріктеу жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрады.
Комиссия саны кемінде бес адамнан тұратын мүшелердің тақ санынан құралады.
7. Ұлттық академиялық кітапхана келіп түскен өтінімдерді олардың түсуіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет комиссияның қарауына ұсынады.
8. Комиссия келіп түскен өтінімдердің тарихи, көркемдік, ғылыми және мәдени маңыздылығы тұрғысынан қарайды.
9. Келіп түскен өтінімдерді қарау нәтижелері бойынша комиссия қор объектілерін ҚазҰЭК қорына енгізу немесе енгізбеу туралы шешім қабылдайды.
10. Ұлттық академиялық кітапхана комиссияның оң шешімі негізінде отырыс өткізілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қор объектілерін ҚазҰЭК қорына енгізеді және тиісті ақпаратты өзінің интернет-ресурсына орналастырады.
11. Заңның 24-3-бабының 2-тармағында қарастырылған ҚазҰЭК объектілерінің жиынтығын қалыптастыру іріктеуден өткен қор объектілерін енгізу арқылы жүзеге асырылады.
12. Қағаз тасығымалдағышта ұсынылған қор объектілері ҚазҰЭК объектілерінің жиынтығын қалыптастыру кезінде электрондық нысанға көшіру арқылы жүзеге асырылады.
Авторлық құқық қолданылатын қағаз тасымалдағыштағы қор объектілерін электрондық нысанға көшіру "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" 1996 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес зияткерлік меншік объектілерін пайдалануға айрықша емес құқықтарды беру туралы автормен немесе өзге құқық иеленушімен жасалған авторлық шарт негізінде жүзеге асырылады.
13. ҚазҰЭК қорынан объектілерді алып тастауға:
1) автор немесе өзге де құқық иеленушілермен қайтарып алынған жағдайда;
2) дублетті болған (ҚазҰЭК қорындағы бірдей басылымдар) жағдайда жол беріледі.
14. ҚазҰЭК қорына түсетін барлық қор объектілері есепке алуға жатады.
15. ҚазҰЭК қорын есепке алу бірлігі қор объектілерінің атауы болып табылады.
16. Қор объектілерін есепке алу ҚазҰЭК арқылы автоматты режимде жүзеге асырылады және қор объектілерін ретке келтіруді және оларды бөлімдер бойынша орналастыруды қамтиды.
3-тарау. Қазақстанның ұлттық электрондық кітапханасының қорына қол жетімділікті ұйымдастыру тәртібі
17. ҚазҰЭК қорына қолжетімділік Заңның 24-3-бабының 4-тармағында қарастырылған тәсілдермен интернет желісі арқылы жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі – пайдаланушы) беріледі.
18. Пайдаланушының бірыңғай электронды оқырман билетін алуы ҚазҰЭК-де тіркеуден өткеннен кейін жүзеге асырылады.
19. Қатысушы болып табылатын пайдаланушыға ҚазҰЭК қорына қол жетімділік Ұлттық академиялық кітапхана мен қатысушы арасында азаматтық заңнама шеңберінде жасалған ҚазҰЭК-ге қосылу туралы шартқа (бұдан әрі – шарт) сәйкес беріледі.
20. Ұлттық академиялық кітапхана ҚазҰЭК қорына қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында шарт жасасқаннан кейін қатысушының жеке кабинетін қалыптастырады.
Қатысушының жеке кабинетіне қолжетімділік шарт жасасқан кезде қатысушыға ұсынылған логин мен парольді пайдалану арқылы ұсынылады.
Өтінім
Қазақстанның ұлттық электрондық кітапханасының қорына енгізу үшін келесі қор объектілерін жолдаймыз:
_______________________________________________________________________________.
(қор объектілерінің атауы)
Қосымша: көлемі ______ бетте қор объектілері.
_______________________ (тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) қатысушы
басшысының қолы)
Мөр орны (болған жағдайда) 20____ жылғы "____" _________________