"Дербес деректер және оларды қорғау туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 27-1-бабы 1-тармағының 7-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Электрондық ақпараттық ресурстардағы қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді сақтау, өңдеу және тарату процестерінің қорғалуын қамтамасыз етуге зерттеп-қарауды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі |
Б. Мусин |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2021 жылғы 30 сәуірдегі № 156/НҚ бұйрығымен бекітілген |
Электрондық ақпараттық ресурстардағы қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді сақтау, өңдеу және тарату процестерінің қорғалуын қамтамасыз етуге зерттеп-қарауды жүзеге асыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Электрондық ақпараттық ресурстардағы қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді сақтау, өңдеу және тарату процестерінің қорғалуын қамтамасыз етуге зерттеп-қарауды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 27-1-бабы 1-тармағының 7-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және электрондық ақпараттық ресурстардағы қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді сақтау, өңдеу және тарату процестерінің қорғалуын қамтамасыз етуге зерттеп-қарауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) дербес деректерді қамтитын базаның меншік иесі (бұдан әрі – меншік иесі) – дербес деректерді қамтитын базаны Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын іске асыратын мемлекеттік орган, жеке және (немесе) заңды тұлға;
2) дербес деректерді қамтитын базаның операторы (бұдан әрі – оператор) – дербес деректерді жинауды, өңдеуді және қорғауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган, жеке және (немесе) заңды тұлға;
3) дербес деректерді қорғау – Заңда белгіленген мақсаттарда жүзеге асырылатын шаралар, оның ішінде құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шаралар кешені;
4) дербес деректерді өңдеу – дербес деректерді жинақтауға, сақтауға, өзгертуге, толықтыруға, пайдалануға, таратуға, иесiздендiруге, бұғаттауға және жоюға бағытталған iс-әрекеттер;
5) дербес деректердi тарату – жасалуы нәтижесінде дербес деректер берілетін, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы берілетін немесе қандай да бiр өзгеше тәсiлмен дербес деректерге қол жеткізу ұсынылатын іс-әрекеттер;
6) қолжетімділігі шектеулі дербес деректер – Қазақстан Республикасының заңнамасымен қолжетімділігі шектелген дербес деректер;
7) мемлекеттік техникалық қызмет – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған акционерлік қоғам;
8) үшінші тұлға – субъект, меншік иесі және (немесе) оператор болып табылмайтын, бiрақ дербес деректердi жинау, өңдеу және қорғау бойынша олармен (онымен) мән-жайлар немесе құқық қатынастары арқылы байланысты болатын тұлға;
9) электрондық ақпараттық ресурстарда қамтылған, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді сақтау, өңдеу және тарату процестерінің қорғалуын қамтамасыз етуді зерттеп-қарау (бұдан әрі – зерттеп-қарау) – электрондық ақпараттық ресурстарда қамтылған қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді өңдеуді, сақтауды, таратуды және қорғауды жүзеге асырған кезде қолданылатын қауіпсіздік шаралары мен қорғау әрекеттерін бағалау;
10) зерттеп-қарау субъектілері – электрондық ақпараттық ресурстарда қамтылған қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді өңдеуді жүзеге асыратын меншік иелері және (немесе) операторлар, сондай-ақ үшінші тұлғалар.
2-тарау. Электрондық ақпараттық ресурстардағы қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді сақтау, өңдеу және тарату процестерінің қорғалуын қамтамасыз етуге зерттеп-қарауды жүзеге асыру тәртібі
3. Зерттеп-қарау субъектілері мемлекеттік техникалық қызметке зерттеп-қарау үшін электрондық ақпараттық ресурстардағы қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді пайдаланатын, сақтайтын, өңдейтін және тарататын ақпараттандыру объектілеріне қолжетімділік береді.
4. Зерттеп-қарауды жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 3 қыркүйектегі № 909 қаулысымен бекітілген Меншік иесінің және (немесе) оператордың, сондай-ақ үшінші тұлғаның дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шараларға талдау жүргізіледі.
5. Мемлекеттік техникалық қызмет ақпараттандыру объектісіне жүргізілген зерттеп-қарау нәтижелері бойынша жүргізілген зерттеп-қарау жөніндегі есепті, сондай-ақ анықталған сәйкессіздіктерді (болған кезде) жою жөніндегі ұсынымдарды қалыптастырады.