ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 311-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2021 жылғы 1 шілдеден бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. |
С. Брекешев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикаcы
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2021 жылғы 19 шілдедегі № 259 Бұйрығымен бекітілген |
Озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Экология кодексі 311-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу тәртібін айқындайды.
2. Қағидалар "Қазақстан Республикасының Озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль хаттамасына қосылуы туралы" Қазақстан Республикасының заңына сәйкес Қазақстан Республикасы тарапы болып табылатын Озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль хаттамасымен және оған түзетулермен реттелетін озонды бұзатын заттардың барлық түрлеріне таралады.
2-тарау. Озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу тәртібі
3. Озонды бұзатын заттарды тасымалдау Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 17 сәуірдегі № 460 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актіерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11779 тіркелген) Автомобиль көлігімен қауіпті жүктерді тасымалдау қағидаларына және Қазақстан Республикасының аумағында автокөлік құралдарымен тасымалдауға жол берілетін қауіпті жүктердің тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Озонды бұзатын заттарды қауіпсіз сақтау оларды тұтанудан, жауын-шашынның әсер етуінен, күн сәулелерінен, жергілікті қызуынан қорғанысы бар құрғақ, желдетілетін үй-жайда орналастыру жолымен жүзеге асырылады.
5. Құрамында озонды бұзатын заттары бар жабдықтар:
1) пайдалануға енгізген және баптау жұмыстары кезінде;
2) жабдыққа техникалық қызмет көрсеткен және (немесе) оны жөндеген кезде;
3) жабдықтың негізгі элементтерін немесе озонды бұзатын заттарды ауыстырумен байланысты жөндеуді жүргізгеннен кейін;
4) жабдықты күрделі жөндеуді жүргізгеннен кейін құрал-саймандық әдістермен тұтастығына тексеруден өткізіледі.
6. Озонды бұзатын затта ағып кеткен жағдайда барлық анықталған ағып кетулерді жою бойынша шаралар барынша қысқа мерзімде қабылданады.
7. Құрамында озонды бұзатын заттары бар қалдықтарды қайта өңдеу озонды бұзатын заттарды олардан рекуперациялағаннан кейін жүргізіледі.
8. Озонды бұзатын заттарды рекуперациялау және қалпына келтіру "Хладагентті рекуперациялауға және/немесе қайталама пайдалануға арналған жабдық. Пайдалану сипаттамалары" ISO 11650-2017 МемСТ мемлекетаралық стандартына сәйкес бұл үшін арнайы арналған жабдық пен құрал-саймандардың көмегімен жүзеге асырылады.
9. Рекуперацияланған озонды бұзатын заттар оларды одан әрі қайта айналымға қосу немесе қалпына келтіруге жатпайтын озонды бұзатын заттарды залалсыздандыру мақсатында кәдеге жаратуға жатады.