Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 362-бабының 1-тармағына (бұдан әрі – Кодекс) және "Азаматтық қорғаныс туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару кезінде ірі экологиялық оқиғаларды болғызбау бағдарламасы, сондай-ақ осындай оқиғаларға ден қоюдың ішкі жоспарын әзірлеу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Қалдықтарды басқарудағы мемлекеттік саясат департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаметіне осы бұйрықтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне және Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі |
Ю. Ильин |
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі |
С. Брекешев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару кезінде ірі экологиялық оқиғаларды болғызбау бағдарламасын, сондай-ақ осындай оқиғаларға ден қоюдың ішкі жоспарын әзірлеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару кезінде ірі экологиялық оқиғаларды болғызбау бағдарламасын, сондай-ақ осындай оқиғаларға ден қоюдың ішкі жоспарын әзірлеудің осы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 362-бабының 1 тармағына "Азаматтық қорғаныс туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленген, тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару кезінде ірі экологиялық оқиғаларды болғызбау бағдарламасын, сондай-ақ осындай оқиғаларға ден қоюдың ішкі жоспарын әзірлеу тәртібін айқындайды.
2. Бұл Қағидаларда келесі негізгі ұғымдар қолданылады:
1) тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтары – Кодекстің 357-бабының 1-тармағына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды барлау, өндіру, өңдеу және сақтау процесінде түзілетін қалдықтар, оның ішінде аршылған, сиятын жыныс, шаң, нашар кен, карьерлік және шахталық суларды механикалық тазарту шөгіндісі, байыту қалдықтары мен шламдары болып табылады;
2) авария қауіптілігін сәйкестендіру – қауіпті өндірістік объектіде аварияның туындау мүмкіндігін анықтау және тану, сондай-ақ авария қауіптілігінің сипаттамаларын белгілеу процесі;
3) табиғи-техникалық жүйелердің мониторингі – табиғи орта мен құрылыстардың салыну, пайдаланылу процесінде, сондай-ақ жойылғаннан кейін олардың жай-күйін стационарлық байқау жүйесі және экологиялық жағдайды қалыпқа келтіру және құрылыстарды инженерлік қорғау жөніндегі ұсынымдар әзірлеу;
4) қоршаған ортаға әсерді бағалау — Кодекстің 64-бабының 1-тармағына сәйкес көзделіп отырған қызметті іске асыру кезінде қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерлерді тиісті зерттеулер негізінде Кодекстің 67-бабында көзделген сатыларды қамтитын анықтау, зерделеу, сипаттау және бағалау процесі болып табылады;
5) ірі экологиялық оқиғалар қатерін бағалау – авариялардың адам денсаулығы, мүлік және қоршаған табиғи орта үшін қауіптерін іске асыру салдарының ықтималдығы мен ауырлық дәрежесін айқындау үшін пайдаланылатын процесс;
6) объект операторы – Кодекстің 12-бабының 6-тармағына сәйкес қоршаған ортаға теріс әсер ететін объект меншігінде, өзге де заңды пайдалануында болатын жеке немесе заңды тұлға;
7) тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару – Кодекстің 358-бабының 1-тармағына сәйкес қалдықтарды басқару иерархиясы қағидатына сәйкес қалдықтарға қатысты жүзеге асырылатын операциялар болып табылады;
8) тау-кен өнеркәсібінде қолданылатын ең озық қолжетімді техникалар – Кодекстің 113-бабының 1-тармағына сәйкес қоршаған ортаға теріс антропогендік әсерді болғызбауға немесе, егер бұл іс жүзінде мүмкін болмаса, барынша азайтуға бағытталған технологиялық нормативтерді және өзге де экологиялық жағдайларды белгілеуге негіз болу үшін олардың практикалық жарамдылығын куәландыратын қызмет түрлері мен оларды жүзеге асыру әдістерін дамытудың неғұрлым тиімді және озық сатысы;
9) тау-кен өндіру өнеркәсібінде қалдықтарды қалпына келтіру жөніндегі операциялар – қалдықтарды қайтадан пайдалануға дайындау, қалдықтарды қайта өңдеу және қалдықтарды кәдеге жарату;
10) тау-кен өндіру өнеркәсібінде қалдықтарды жою – қалдықтарды көмуге немесе құртуға дайындау жөніндегі (оның ішінде, оларды сұрыптау, өңдеу, залалсыздандыру жөніндегі) қосалқы операцияларды қоса алғанда, қалпына келтіру болып табылмайтын, қалдықтарды көму немесе құрту жөніндегі кез келген операция;
11) қалдықсыз технология – пайдалы қазбаларды кешенді пайдалану және қоршаған ортаны ластанудан қорғау, бұл шикізаттан барлық бағалы құрамдас бөліктерді барынша ала отырып, қатты, сұйық және газ тәзірдес қалдықтарды барынша аз шығаруды немесе мүлдем шығармауды болжайды;
12) аз қалдықты технология – пайдалы қазбаларды кешенді пайдалану және қоршаған ортаны ластанудан қорғау, бұл кәсіпорында қатты, сұйық және газ тәріздес қалдықтарды барынша аз шығара отырып, шикізаттан барлық бағалы құрамдас бөліктерді мүмкіндігінше жоғары деңгейде шығаруды болжайды. Аз қалдықты технология шикізатты кешенді пайдалану және қоршаған табиғи ортадағы қайтымсыз өзгерістерді болғызбау міндетін ішінара ғана шешеді;
13) ірі экологиялық оқиға – шаруашылық және өзге де қызмет немесе табиғи табиғи процестер нәтижесінде қоршаған ортада халықтың денсаулығына, табиғи экологиялық жүйелердің, өсімдіктер мен жануарлардың генетикалық қорларының жай-күйіне қатер төндіретін тұрақты теріс өзгерістер болатын аумақ учаскесінде туындаған экологиялық жағдай.
Осы Қағидалардағы өзге де терминдер мен анықтамалар Кодекске сәйкес қолданылады.
3. Тау – кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару кезінде ірі экологиялық оқиғаларды болдырмау бағдарламасын (бұдан әрі-бағдарлама) қалдықтарды жинау объектісінің операторы әзірлейді және бағдарламаны енгізу және іске асырылуын бақылау мақсатында Қалдықтарды жинау объектісінің операторы Кодекстің 362-бабының 2-тармағына сәйкес жауапты жұмыскерді тағайындайды.
2-тарау. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару кезінде ірі экологиялық оқиғаларды болдырмау бағдарламасын әзірлеу тәртібі
4. Кодекстің 362-бабының 1-тармағына сәйкес тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын жинақтау жөніндегі қызметті бастар алдында қалдықтарды жинау объектісінің операторы Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару кезінде ірі экологиялық оқиғаларды болдырмау бағдарламасын, сондай-ақ 3-тарауға сәйкес және осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес белгіленген нысан бойынша осындай оқиғаларға ден қоюдың ішкі жоспарын әзірлеуге міндетті..
5. Бағдарлама тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару кезінде ірі экологиялық оқиғаларды болдырмау жөніндегі шараларды көздейді.
6. Бағдарлама қалдықсыз және/немесе аз қалдықты технологиялардың енгізілуін қамтамасыз ететін ең үздік қолжетімді техникаларды пайдалану қажеттілігін ескере отырып әзірленеді.
7. Бағдарлама қалдықтарды жинау объектісін пайдалану жа5дайында және әрбір он жыл сайын, жиналатын қалдықтардың сипатында елеулі өзгерістер болған жағдайда қайта қаралады.
8. Ірі экологиялық оқиға туындаған кезде жинау және қалдықтарды ұзақ мерзімді сақтау объектісінің операторы Кодекстің 362-бабының 4-тармағына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға барлық ақпаратты дереу хабарлауға, осындай оқиғаның адамдардың өмірі және денсаулығы үшін салдарын барынша азайту және нақты немесе ықтимал экологиялық залалдың дәрежесін бағалау мақсатында жәрдем көрсетуге міндетті.
9. Ірі экологиялық оқиға туындаған кезде тәуекелді, ысырапты және залалды барынша ықтимал азайту үшін бағдарламада мынадай бөлімдер қамтылуға тиіс:
1) тау-кен өнеркәсібінің қалдықтарын сақтау объектісінің сипаттамаларын көрсету;
2) ірі экологиялық оқиғаларға ішкі ден қою жоспарын әзірлеу;
3) апаттық / төтенше жағдайларды бағалау және зерттеу;
4) ғимараттар мен құрылыстарды сейсмикалық төзімді етіп салу және олардың сейсмотұрақтылығын күшейту;
5) гидротехникалық және инженерлік-геологиялық қорғау іс-шаралары;
6) қауіпті өндірістік объектілер бойынша қорғау іс-шаралары;
7) өрттердің (жарылыстардың) алдын алу жөніндегі іс-шаралар;
8) қалдықтардың пайда болуын болдырмау немесе олардың көлемін азайту;
9) қалдықтардың пайда болу көлемі, ең озық қолжетімді техникаларды пайдалана отырып, қалдықсыз және қалдығы аз технологияларды енгізе отырып, қалдықтарды басқару тәсілдері.
10. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын қоймалау объектісінің сипаттамаларын көрсету кезінде мынадай мәліметтерді көрсету қажет:
1) өндірістік (жобалық) қуаты (тәулігіне тонна, пайдалану кезеңіне тонна), жинауға арналған лимит т/ жыл және/немесе қалдықтарды ұзақ мерзімді сақтауға арналған лимит т/жыл;
2) объектінің құрамына кіретін негізгі өндірістік, өндірістік-қойма (қойма) ғимараттары, негізгі технологиялық, көліктік және аспирациялық жабдықтар, қабылдау-жіберу құрылғылары;
3) объект жабдықтарының, ғимараттары мен құрылыстарының жарылыстан алдын алу және жарылыстан қорғау құралдарымен жарақтандырылуы (желдету мен аспирацияны қолдану, өндірістік процестерді қашықтықтан автоматтандырылған басқару, магниттік қорғаныстың, жылдамдықты бақылау релесінің, тірек датчиктерінің, шынжырдың үзілген датчиктерінің, таспаның қашуын бақылау құрылғыларының, шеткі ажыратқыштардың, бұғаттаулардың, автобұғаттаудың және ұқсас функцияларды орындайтын және бұғаттауды, бақылауды және аварияға қарсы қорғауды қамтамасыз ететін басқа да техникалық құралдардың болуы), жеңіл лақтырылатын конструкцияларды, тамбур-шлюздерді, ауадағы қауіпті газдар мен шаңның болуын бақылау датчиктерін);
4) өрт сөндіру құралдарымен, өрт, өндірістік және авариялық сигнал беру жүйелерімен, түтінге қарсы қорғаныспен, авариялық жарықтандырумен, адамдарды хабардар ету және эвакуациялауды басқару құралдарымен жарақтандырылуы;
5) объектіні от бөгегіш және жалынкесетін құрылғылар мен басқарушы датчиктер белгілі бір шекті қысымға жеткен кезде жарылыстың бастапқы сатысын анықтауға арналған датчик-индикаторлар), жарылыс разрядты құрылғылар орнатылған жерлерді көрсете отырып, жарылысты оқшаулау жүйелерімен жарақтандыру.
11. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын қоймалау объектісінің авариялардың зардаптарын оқшаулау және жою жөніндегі іс-қимылдарға дайындығын қамтамасыз ету мақсатында Бағдарламада объектілердің нақты сипаттамаларын растау үшін мынадай түрде қосымша көзделеді:
1) қалдықтарды жинау объектісі аумағының бас жоспарын, негізгі жабдықты, өндірісті күй-жайлардың кіру және шығу жолдарын, өрт сөндіру құралдарының, өрт хабарлағыштарының, телефондардың, авария болған жағдайда пайдаланылатын құралдардың орналасқан жерін көрсете отырып, ғимараттардың және үй-жайлардың жоспарларын әзірлеу;
2) объектілерде авариялар туындаған жағдайда іске қосылғана жыратқыштардың, ысырмалардың, вентильдердің және басқа да құрылғылардың орналасқан орындарын көрсете отырып, объектінің негізгі коммуникацияларының орналасу схемалары;
3) объектінің тау-кен жұмыстарының жоспарына сәйкес келетін орналасу координаттары көрсетілген қалдықтар жинақтауыштарын бөлу схемасының карталары;
4) адамдарды құтқаруға және аварияларды жоюға арналған жеке қорғану құралдарының, қажетті құрал-саймандар мен материалдардың тізбесі;
5) объектілердегі авариялардың зардаптарын оқшаулау және жою жөніндегі операцияларды материалдық-техникалық, инженерлік және қаржылық қамтамасыз ету тізбесін бекіту туралы.
3-тарау. Ден қоюдың ішкі жоспарын әзірлеу тәртібі
12. Тау-кен өнеркәсібінің қалдықтарын басқару кезінде ірі экологиялық оқиғаларды болдырмау бағдарламасының бір бөлігі ретінде ден қоюдың ішкі жоспарын әзірлеу үш кезеңмен орындалады және мыналарды қамтиды:
1) бірінші кезең:
қажетті бастапқы деректерді жинау және қорыту:
қоршаған ортаға елеулі қауіп төндіретін объектілер мен аумақтарды анықтау;
аумақта (объектіде) орыналған экологиялық оқиғалардың сипаты мен түрлерін, зияншамаларын, экологиялық оқиғаларды жою іс-шараларын орындау мерзімдерін, олардың зардаптарын жою үшін тартылатын күштер мен құралдарды көпжылдық статистикалық байқаулар бойынша талдау жүргізу;
экологиялық оқиға аймақтарында болуы мүмкін халық саны және аумақ туралы мәліметтер алу.
2) екінші кезең:
бастапқы деректерді ескере отырып, экологиялық оқиғаның даму сценарийін болжау:
радиоактивті ластанудың, химиялық және бактериологиялық зақымданудың ықтимал аймақтары, өрт, жарылысаймақтары;
зақымдаушы факторлардың әсер ету аймағындағы персонал саны;
келтірілген болжамды залал (шығындар, материалдық залал); экологиялық оқиғаны және оның салдарын жою жөніндегі алдағы іс-шаралар, алдағы іс-шаралардың көлемі;
экологиялық оқиға қаупі төнген және туындаған кезде іс-шараларды орындаудың құралдары және тәртібі.
3) үшінші кезең:
тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару жөніндегі объектінің бірінші басшысының жоспарды бекітуі.
13. Экологиялық оқиғаларға ден қоюдың ішкі жоспары өзіне мыналарды қамтиды:
1) қалдықтарды жинау объектісінің қысқаша сипаттамасы;
2) тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару кезінде экологиялық оқиғаның теріс салдарын азайту жөніндегі іс-шаралар;
3) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы басқару органдарын хабардар ету;
4) азаматтық қорғаныстың инженерлік-техникалық іс-шаралары;
5) радиацияға қарсы, химиялық жән ебиологиялық қорғаныс;
6) медициналық көмек, санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар;
7) эвакуациялық іс-шаралар;
8) материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
9) авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу;
10) басқаруды және байланысты ұйымдастыру;
11) экологиялық апаттың алдын алу;
12) қалдықтарды басқарудың ұзақ мерзімді теріс салдарын болдырмау немесе азайту.
Тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару кезінде ірі экологиялық оқиғаларды болғызбау бағдарламасын, сондай-ақ осындай оқиғаларға ден қоюдың ішкі жоспарын әзірлеу қағидаларына қосымша |
Нысан
Ірі экологиялық оқиғаларға ден қоюдың ішкі жоспары
Реттік № | Іс-шаралар | Жауапты орындаушылар | Орындалумерзімі | Ескертпе |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 |
Ескертпе:
2-бағанда тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару кезінде ірі экологиялық оқиғаларды оқшаулауға және олардың салдарын жоюға бағытталған іс-шаралар көрсетіледі не тау-кен өндіру өнеркәсібінің қалдықтарын басқару кезінде ірі экологиялық оқиғаларға ден қою жөніндегі ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралардың дәйектілігі көрсетіледі;
3-бағанда әрбір іс-шараның орындалуына жауапты тұлғалар көрсетіледі;
4-бағанда әрбір іс-шараның орындалу мерзімі көрсетіледі;
5-бағанда қажетті ескертулер көрсетіледі.