Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуірдегі "Сауда қызметін реттеу туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 30 наурыздағы № 282 бұйрығымен бекітілген Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін және оларға бөлшек сауда бағаларының шекті рұқсат етілген мөлшерін белгілеу қағидаларына сәйкес, Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Алматы қаласы әкімдігінің "Алматы қаласындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін бекіту туралы" 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 4/636 қаулысына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1677 болып тіркелген, 2020 жылғы 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде жарияланған) келесі өзгеріс енгізілсін:
1 тармақ келесі редакцияда мазмұндалсын:
"1. "Ақ қант – құмшекер" әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағасы 90 күнтізбелік күн мерзімге бір килограмм үшін 254 теңге мөлшерінде бекітілсін.".
2. "Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі осы қаулының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, кейіннен мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялануын және интернет-ресурста орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің орынбасары М.С. Қиқымовқа жүктелсін.
4. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Алматы қаласының әкімі | Б. Сагинтаев |