БҰЙЫРАМЫН:
1. "Химиялық өнімді тіркеу және есепке алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 16 маусымдағы № 694 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11737 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Химиялық өнімді тіркеу және есепке алу қағидаларында:
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Мемлекеттік корпорация қызметкері көрсетілетін қызметті алушының өтінішін Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 8-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасы болған кезде қабылдайды.
Көрсетілетін қызметті алушы Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 8-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған, сондай-ақ қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның қызметкері өтінішті қабылдаудан бас тартады және осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.";
9-тармақ алып тасталсын;
11, 12, 13, 14 және 15-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"11. Көрсетілетін қызметті берушінің кеңсе қызметкері ұсынылған құжаттар мен мәліметтерді олар келіп түскен күні тіркеуді жүзеге асырады және орындаушыны тағайтын көрсетілетін қызметті берушінің басшысына жібереді.
Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген жағдайда, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
Көрсетілетін қызметті беруші жеке басын куәландыратын құжаттардың, лицензия туралы, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы, дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтерді тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелердің "электрондық үкімет" шлюзі арқылы алады.
12. Құжаттарды қараудың және мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін берудің жалпы мерзімі 5 (бес) жұмыс күнін құрайды.
Тыңдау рәсімін өткізген жағдайда, мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі 3 (үш) жұмыс күніне ұзартылады.
Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде өтінішті қабылдау күні мемлекеттік қызметті көрсету мерзіміне кірмейді.
13. Орындаушы көрсетілетін қызметті алушының құжаттарын тіркеген сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.
Өтініш беруші құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші белгіленген мерзімге өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тартуды береді.
14. Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың толық топтамасын ұсынған жағдайда, орындаушы құжаттарды тіркеген сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оларды химиялық өнімнің қауіпсіздігі паспорты мазмұнының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін айқындау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын көрсетілетін қызметті берушінің қарамағындағы ұйымға (бұдан әрі - Ведомстволық бағынысты ұйым) жібереді.
Ведомстволық бағынысты ұйым 2 (екі) жұмыс күні ішінде химиялық өнімнің қауіпсіздігі паспортының мазмұнын химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігіне тексереді және зерттеп - қарау қорытындылары бойынша көрсетілетін қызметті берушіге химиялық өнімнің қауіпсіздігі паспорты мазмұнының химиялық өнімнің қауіпсіздігі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі не сәйкес еместігі туралы оң не теріс қорытындыны (бұдан әрі-қорытынды) жібереді.
Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер болған кезде көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушының алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдауды өткізу уақыты мен орны (тәсілі) туралы хабарлайды.
Тыңдау туралы хабарлама мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау хабардар етілген күннен бастап 2 жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
Тыңдау нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші химиялық өнімді тіркеу туралы куәлікті немесе мемлекеттік қызметті көрсетуден дәлелді түрде бас тартуды береді.
15. Қорытындыны алғаннан кейін көрсетілетін қызметті берушінің орындаушысы 1 (бір) жұмыс күні ішінде химиялық өнімдердің қауіпсіздігі паспортының мазмұнын химиялық өнімдердің қауіпсіздігі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнаманың талаптарына сәйкестікке тексереді, осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін не көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне жіберілетін Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 9-тармағына сәйкес көрсетілетін қызметті берушінің басшысы немесе оны алмастыратын адамның ЭЦҚ-сымен қолы қойылған мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты ресімдейді.
Мемлекеттік корпорация арқылы қабылдау кезінде орындаушы мемлекеттік корпорацияға жіберілетін, осы Қағидаларға 4 немесе 5-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша көрсетілетін қызметті беруші басшысының не оны алмастыратын адамның ЭЦҚ-сымен қолы қойылған мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін ресімдейді және мемлекеттік корпорация қызметкері құжатты басып шығарады және көрсетілетін қызметті алушыға береді.";
17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"17. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымды көрсетілетін қызметті алушы шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған көрсетілетін қызметті берушіге, лауазымды адамға береді.
Шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.
Бұл ретте шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам, егер ол 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын шешім не өзге де әкімшілік әрекет қабылдаса, шағымды қарайтын органға шағымды жібермейді.
Көрсетілетін қызметті алушының шағымы "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының 2-тармағына сәйкес оның тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы оның тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Мемлекеттік корпорация қызметкерінің қызмет көрсету кезіндегі оның әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым оның басшысының атына не ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға беріледі.
Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.";
18 және 20-тармақтар алып тасталсын;
осы Қағидаларға 2-қосымшада:
реттік нөмірі 3-жол мынадай редакцияда жазылсын:
"
3 | Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі |
5 (бес) жұмыс күні. |
".
2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитеті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі |
К. Ускенбаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі