"Медиация туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-1-бабының 9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қоғамдық медиаторды сайлау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі |
А. Умаров |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі 2022 жылғы 3 мамырдағы № 134 Бұйрықпен бекітілген |
Қоғамдық медиаторды сайлау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қоғамдық медиаторды сайлау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Медиация туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-1-бабының 9) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында қоғамдық медиаторды сайлау тәртібін айқындайды.
2. Қоғамдық медиаторлар облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің жергілікті қоғамдастығының жиналысы (жиыны) негізінде тоқсанына бір реттен сиретпей сайланады.
2-тарау. Қоғамдық медиаторды сайлау тәртібі
3. Облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округі әкімінің аппараты өзінің интернет-ресурсында, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда қоғамдық медиаторға қойылатын талаптарды, құжаттарды тапсыру мерзімдерін, сондай-ақ үміткерлердің құжаттары жіберілетін пошталық және электрондық мекенжайларын көрсете отырып, қоғамдық медиаторларды сайлау туралы хабарландыру орналастырады.
4. Құжаттарды қабылдау мерзімі қоғамдық медиаторларды сайлау туралы хабарландыру жарияланған күнінен кейін 10 (он) жұмыс күнін құрайды.
5. Қоғамдық медиатор сайлау үшін құжаттарды облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округі әкімінің аппаратына мынадай тәсілдердің бірімен:
1) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы және (немесе) қолма-қол қағаз немесе электрондық тасығыштар арқылы;
2) электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында "Электрондық өтініш" ақпараттық-талдамалық жүйе арқылы;
3) қоғамдық медиаторды сайлау туралы хабарландыруда көрсетілген электрондық мекенжайға жібереді.
6. Қоғамдық медиаторды сайлауға қатысуға ниет білдірген үміткерлер осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген мерзімде облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округі әкімінің аппаратына мынадай құжаттарды тапсырады:
1) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш (бұдан әрі – өтініш);
2) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің көшірмесі;
3) заңды мекенжайы туралы мәлімет;
4) байланыс деректері (пошта немесе электрондық мекенжайы не телефон немесе телефакс нөмірі);
5) медиатордың маманданып жүрген медиация саласы туралы мәліметтер;
6) медиатордың медиацияны жүзеге асыра алатын тілі туралы мәліметтер;
7) үміткердің тұрғылықты жері бойынша наркологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдардан және психоневрологиялық ұйымнан берілген медициналық анықтамалар;
8) соттылығының жоқтығы туралы анықтама.
7. Осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округі әкімінің аппараты құжаттарды қабылдап алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде үміткерге өтінімді талаптарға сәйкес келтіру қажеттілігі туралы хабарламаны қолма-қол, өтініште көрсетілген пошталық немесе электрондық мекенжайға жібереді.
Үміткер хабарламаны алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округы әкімінің аппаратына тиісті құжаттарды ұсынады.
Құжаттар осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келтірілмеген жағдайда, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округі әкімінің аппараты үміткерлер хабарлама алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде үміткерге құжаттарды қараудан бас тарту туралы жазбаша дәлелді жауап жібереді.
8. Облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округі әкімінің аппараты құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде үміткерлердің тізімін өзінің интернет-ресурсында, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда орналастырады.
9. Қоғамдық медиаторды сайлау жөніндегі жиналысты (жиынды) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 бұйрығымен бекітілген Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентіне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15630 болып тіркелген) сәйкес облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі шақырады және өткізеді.
10. Жергілікті қоғамдастық жиналысының (жиынының) қоғамдық негіздегі медиаторлар ретінде жергілікті қоғамдастық мүшелерін сайлау туралы хаттамасы осы Қағидалардың 7-тармағының екінші бөлімінде көрсетілген мерзімнің аяқталу күнінен бастап Заңның 16-бабының 3-тармағына сәйкес мәліметтерді ұсына отырып, қоғамдық медиаторлар тізіліміне қосу үшін облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне жіберіледі.
Өтініш
Қоғамдық медиатор болып сайлану үшін өз кандидатурамды
__________________________________________________________ұсынамын.
Осы өтінішпен, мен "Медиация туралы" Қазақстан Республикасы Заңының ережелерімен танысқанымды растаймын және оның талаптарын сақтауға міндеттенемін.
Мынадай құжаттарды қоса беремін:
1) ____________________________________________________________
2) _____________________________________________________________
3) _____________________________________________________________
4) _____________________________________________________________
5) _____________________________________________________________
6) _____________________________________________________________
7) _____________________________________________________________
20___ жылғы "____"____________
Өтініш берушінің қолы _______________