ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 11.09.2022 бастап қолданысқа енгізіледі
"Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 8-тармағына, 84-бабының бесінші бөлігіне, сондай-ақ "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 23 қазандағы № 701 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 175-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 22.12.2023 № 697 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.1. Қоса берілген азаматтық қорғау органдарына құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін тұлғаларға тәлімгерлікті ұйымдастыру қағидалары мен мерзімдері бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Кадр саясаты департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2022 жылғы 11 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі |
Ю. Ильин |
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі 2022 жылғы 1 қыркүйектегі № 65 бұйрығымен бекітілген |
Азаматтық қорғау органдарына құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін тұлғаларға тәлімгерлікті ұйымдастыру қағидалары мен мерзімдері
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы азаматтық қорғау органдарына құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін тұлғаларға тәлімгерлікті ұйымдастыру қағидалары мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 12-бабының 8-тармағына, 84-бабының бесінші бөлігіне, сондай-ақ "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 23 қазандағы № 701 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 175-4) тармақшасына сәйкес әзірленді және азаматтық қорғау органдарына (бұдан әрі – АҚО) құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін тұлғаларға тәлімгерлікті ұйымдастыру тәртібі мен мерзімдерін айқындайды.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 22.12.2023 № 697 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) тәлімгер – АҚО-ға құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін тұлғаға (бұдан әрі – алғаш рет кірушілер) бекітілетін және оның кәсіби бейімделуіне практикалық көмек көрсететін АҚО қызметкері;
2) алғаш рет кірушілерді кәсіптік бейімдеу – алғаш рет кірушінің кәсіби дағдыларды игеру, ұйымдық (корпоративтік) мәдениетке баулу, АҚО-ға қызметке бейімділікті қалыптастыру процесі.
2-тарау. Тәлімгерлікті ұйымдастыру тәртібі мен мерзімдері
3. АҚО-ның қатардағы, кіші, орта басшы құрамының лауазымдарына алғаш рет кірушілерге АҚО-ның тиісті кәсіптік даярлығы және айтарлықтай жұмыс тәжірибесі бар қызметкерлері қатарынан тәлімгер бекітіліп беріледі.
4. АҚО қызметкерін тәлімгер ретінде бекіту:
1) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі – ТЖМ) аумақтық органдарында – ТЖМ-ның аумақтық органдары бастықтарының бұйрықтарымен;
2) ТЖМ қарамағындағы мемлекеттік мекемелерде (бұдан әрі – мемлекеттік мекемелер) – мемлекеттік мекемелер бастықтарының бұйрықтарымен жүзеге асырылады.
5. Бір тәлімгерге екеуден артық алғаш рет кірушілерді бекітуге жол берілмейді.
6. Тәлімгер оны тәлімгер ретінде бекіткеннен кейін бір жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға қосымшадағы нысан бойынша Азаматтық қорғау органдарына құқық қорғау қызметіне алғаш рет кірушіні тағылымдама кезеңіне бейімдеу жоспарын (бұдан әрі – Бейімдеу жоспары) әзірлейді.
7. Бейімдеу жоспары алғаш рет кірушінің тағылымдамадан өтетін АҚО құрылымдық бөлімшесінің басшысымен екі жұмыс күні ішінде келісіледі.
8. Тәлімгер:
1) алғаш рет кірушінің Бейімдеу жоспарын орындауына күнделікті бақылауды жүзеге асырады;
2) алғаш рет кірушіге таңдаған мамандығын меңгеруге көмек көрсетеді, оған функционалдық міндеттерін түсіндіреді, оларды сапалы орындаудың тәртібі мен тәсілдерін көрсетеді, жіберілген қателерді анықтайды, бірлесіп талдайды және жояды;
3) қызметтік жұмысты тиімді жүзеге асыруда, сондай-ақ қойылған міндеттерді өз бетінше шешуде алғаш рет кірушіге үлгі болады;
4) алғаш рет кірушіні ұжымның қоғамдық өміріне белсенді қатысуға тартады, салауатты өмір салтын жүргізуге үгіттейді, жалпы мәдени және кәсіби ой-өрісін дамытуға жәрдемдеседі, патриотизмге баулиды;
5) алғаш рет кірушінің ерік-жігер, іскерлік және адамгершілік қасиеттерін, оның қызметке, ұжымға қатынасын зерделейді;
6) алғаш рет кірушіге еңбек тәртібі мен заңдылықты бұзуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдайды;
7) алғаш рет кіруші тағылымдамадан өтетін АҚО құрылымдық бөлімшесінің басшысына тәрбиелік және тәртіптік ықпал ету шараларын қолдану туралы ұсыныстар енгізеді.
9. Алғаш рет кіруші:
1) өзіне берілген тапсырмаларды орындайды, Бейімдеу жоспарында көзделген іс-шараларды орындайды;
2) көмек алу үшін өзінің тәлімгеріне жүгінеді;
3) өзінің кәсіби құзыретінің деңгейін арттыруға, дағдылары мен қабілеттерін дамытуға, білім алуға шаралар ұсынады;
4) ұжымның қоғамдық өміріне белсенді қатысады;
5) тәлімгерден жұмыстың тиімді нысандары мен әдістерін қабылдайды;
6) лауазымдық міндеттерін орындау кезінде тәлімгердің ұсынымдарын басшылыққа алады.
10. Алғаш рет кірушілерге тәлімгерлік олар аумақтық органдар, мемлекеттік мекемелерде тағылымдамадан өту кезеңінде мiндеттi арнайы тексерудің оң қорытындысын алғанға дейін, бірақ кем дегенде бір ай ұйымдастырылады.
11. Тәлімгерлік мерзімі аяқталғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде алғаш рет кірушілер Бейімдеу жоспарының орындалуы, басқа да орындалған тапсырмалар, тәлімгерлік кезеңінде алған білімі мен дағдылары, тәлімгерлікті ұйымдастыру бойынша ескертулер мен ұсыныстар туралы есеп (еркін нысанда) дайындайды.
12. Алғаш рет кірушінің есебі алғаш рет тағылымдамадан өтетін құрылымдық бөлімшенің басшысына танысу үшін ұсынылады.
13. Тәлімгерлік аяқталғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде тәлімгер алғаш рет кірушіге сипаттама (еркін нысанда) дайындайды, онда алғаш рет кірушінің лауазымдық міндеттерін орындау нәтижелері, оның кәсіби білімінің деңгейі, дағдылары мен іскерлігінің дамуы, қызметтік міндеттерін өз бетінше орындау қабілеті, қызметтік құжаттаманы дайындау сапасы көрсетіледі.
14. Сипаттама алғаш рет кірушінің тағылымдамадан өтетін құрылымдық бөлімшенің басшысына ұсынылады.
15. Тәлімгерлік аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде АҚО кадр қызметі алғаш рет кірушінің есебі мен тәлімгердің сипаттамасын (бұдан әрі – тәлімгерлік материалдары) ТЖМ-ның білім беру ұйымына ұсынады.
16. Тәлімгерлік материалдары алғаш рет кірушінің жеке ісінде сақталады.
17. Тәлімгерлікті ұйымдастыру АҚО-ның кадр қызметіне жүктеледі.
18. АҚО кадр қызметі тәлімгерлікті ұйымдастыру тәжірибесін зерделейді және жинақтайды, осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген тұлғаларға тәлімгерлік бойынша жұмысты жетілдіру туралы ұсыныстар енгізеді.
Азаматтық қорғау органдарына құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін тұлғаларға тәлімгерлікті ұйымдастыру қағидалары мен мерзімдеріне қосымша |
Нысан
"КЕЛІСІЛДІ" Азаматтық қорғау органы құрылымдық бөлімшесінің басшысы ___________________________ 20___жылғы "___"___________ |
Азаматтық қорғау органдарына құқық қорғау қызметіне алғаш рет кірушіні тағылымдама кезеңіне бейімдеу жоспары
Алғаш рет кірушінің тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)
(бұдан әрі – Т.А.Ә.) ____________________________________________________
Құрылымдық бөлімше _________________________________________________
Тәлімгерлік кезеңі _____________________________________________________
Тәлімгердің Т.А.Ә. (болған жағдайда), атқаратын лауазымы __________________
____________________________________________________________________
Іс-шараның атауы | Іс-шара кезеңі |
Орындалған | Тәлімгердің қолы |
1 | 2 | 3 | 4 |
Құрады:
Тәлімгер ______________________________
(атағы, Т.А.Ә., қолы және күні)
Таныстым:
Азаматтық қорғау органдарына
құқық қорғау қызметіне
алғаш рет кіруші ______________________________
(Т.А.Ә., қолы және күні)