"Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 91-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Мыналар:
1) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Міндетті жарналардың мөлшерін есептеу әдістемесі;
2) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Сақтандыру ұйымдарының сақтандыру омбудсманының офисіне міндетті жарналарды төлеу қағидалары мен мерзімдері бекітілсін.
2. Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Басқармасының 2022 жылғы 15 қыркүйектегі № 70 Қаулыға 1-қосымша |
Міндетті жарналардың мөлшерін есептеу әдістемесі
1. Осы Міндетті жарналардың мөлшерін есептеу әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 91-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және Сақтандыру омбудсманы өкілдерінің кеңесіне кіретін, сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар сақтандыру ұйымдарының (бұдан әрі – сақтандыру ұйымдары) міндетті жарналардың мөлшерін есептеу әдістемесін айқындайды.
2. Міндетті жарналардың мөлшерлемесін сақтандыру омбудсманы жыл сайын есептейді.
3. Сақтандыру ұйымдары үшін жарналардың мөлшері сақтандыру омбудсманының ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеті және Әдістеменің 4-тармағына сәйкес коэффициенттер ескеріле отырып айқындалады.
4. Сақтандыру ұйымының міндетті жарнасының мөлшері мынадай формулаға сәйкес айқындалады:
Сақтандыру ұйымы жарнасының сомасы = К1*(M+R)+K2*N+К3*О
К1 = А/В
К2= A*c/C
К3=A*(0.2*e+f+2*g)/(0.2*E+F+2*G)
А – сақтандыру омбудсманы бюджетінің сомасы;
В – сақтандыру ұйымдарының саны;
c –сақтандыру ұйымына шағымдардың өткен жылғы саны;
C –сақтандыру ұйымдарына шағымдардың өткен жылғы жалпы саны;
e – сақтандыру ұйымына уәкілетті органға келіп түскен шағымдардың өткен жылғы саны;
E – сақтандыру ұйымдарына уәкілетті органға келіп түскен шағымдардың өткен жылғы жалпы саны;
f – уәкілетті орган сақтандыру ұйымына соңғы 3 (үш) жылда қолданған қадағалау шараларының саны;
F – уәкілетті орган сақтандыру ұйымдарына соңғы 3 (үш) жылда қолданған қадағалау шараларының жалпы саны;
g – уәкілетті орган сақтандыру ұйымына соңғы 3 (үш) жылда қолданған санкциялардың саны;
G – уәкілетті орган сақтандыру ұйымдарына соңғы 3 (үш) жылда қолданған санкциялардың жалпы саны;
M – тұрақты шығыстарды өтеу үшін сақтандыру омбудсманының бюджетін бөлу коэффициенті, ол 55%-ға тең;
N, О – ауыспалы шығыстарды өтеу үшін сақтандыру омбудсманының бюджетін бөлу коэффициенттері, олар тиісінше 35% және 10% -ға тең;
R – даму коэффициенті, сақтандыру омбудсманының офисін дамыту үшін сақтандыру ұйымынан төленетін жарна сомасын айқындайды және сақтандыру омбудсманы бюджетінің 20%-ын құрайды.
5. Сақтандыру омбудсманы ағымдағы қаржы жылына арналған сақтандыру омбудсманының бюджеті бекітілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде Әдістеменің 4-тармағына сәйкес сақтандыру ұйымдары үшін ағымдағы қаржы жылына арналған міндетті жарналардың мөлшерін есептейді.
6. Сақтандыру омбудсманы Сақтандыру омбудсманы өкілдерінің кеңесіне сақтандыру ұйымдары үшін міндетті жарналардың мөлшерін ол есептелген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде бекітуге енгізеді.
Қаулыға 2-қосымша |
Сақтандыру ұйымдарының сақтандыру омбудсманының офисіне міндетті жарналарды төлеу қағидалары мен мерзімдері
1. Осы Сақтандыру ұйымдарының сақтандыру омбудсманының офисіне міндетті жарналарды төлеу қағидалары мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 91-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және Сақтандыру омбудсманы өкілдерінің кеңесіне кіретін, сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар сақтандыру ұйымдарының (бұдан әрі – сақтандыру ұйымдары) міндетті жарналарды төлеу тәртібі мен мерзімдерін айқындайды.
2. Сақтандыру ұйымдары ай сайын әр айдың бесінші жұмыс күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкінде ашылған "Сақтандыру омбудсманының офисі" жеке мекемесінің (бұдан әрі – Мекеме) шотына сақтандыру омбудсманының қызметін қаржыландыруға бағытталған ақы төлеуге берілген шоттардың негізінде міндетті жарналарды енгізеді.
3. Сақтандыру омбудсманы өкілдерінің кеңесі ағымдағы қаржы жылына арналған міндетті жарналардың мөлшерлемелерін бекіткенге дейін сақтандыру ұйымы жарналарды алдыңғы қаржы жылына есептелген мөлшерлемелер бойынша төлейді.
4. Сақтандыру омбудсманының өкілдері кеңесінің шешімімен ағымдағы қаржы жылына арналған міндетті жарналардың мөлшері бекітілгеннен кейін:
1) міндетті жарналардың мөлшері азайған жағдайда, сақтандыру омбудсманы сақтандыру ұйымының келісімімен сақтандыру ұйымы артық төлеген соманы болашақ жарналарды төлеу есебіне есептейді немесе артық төленген соманы сақтандыру ұйымына қайтарады;
2) міндетті жарналарды қайта есептеу нәтижесінде олардың мөлшері ұлғайған жағдайда, сақтандыру ұйымы жетіспейтін сомаларды сақтандыру омбудсманы сақтандыру ұйымына міндетті жарналардың бекітілген мөлшерін жеткізген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде Мекеменің банк шотына төлейді.