Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық мәслихатының 15.09.2023 № 56 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Ырғыз аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Ырғыз аудандық мәслихатының "Ырғыз ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы"2020 жылғы 21 қыркүйектегі № 333 (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 7502 болып тіркелген) шешіміне мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Ырғыз ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары, осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ырғыз аудандық мәслихатының хатшысы |
М. Турымов |
2022 жылғы 23 желтоқсандағы № 189 шешіміне қосымша | |
Ырғыз аудандық мәслихатының 2020 жылғы 21 қыркүйектегі № 333 шешімімен бекітілген |
Ырғыз ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ырғыз ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрi – Үлгілік қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай–ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) ең төмен күнкөріс деңгейі – "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
6) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
7) уәкілетті орган – "Ырғыз аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
8) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті ауылдық округ әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
9) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай–ақ мереке күндеріне ақшалай түрде көрсететін көмек түсініледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі.
5. "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17 бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда белгіленген тәртіпте көрсетіледі.
2-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету, алушылардың тізбесін айқындау
және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
6. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлем түрінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
1) 9 мамыр – Жеңіс күні:
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 2 000 000 (екі миллион) теңге мөлшерiнде;
1986–1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай–ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерiнде;
бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағын) қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай–ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшiлерге – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға және мүгедектігі ата–анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерiнде;
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерiнде;
1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерiнде;
1986-1991 жылдар аралығындағы Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілеріне, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;
бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерiнде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерiнде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерiнде;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерiнде;
қайтыс болған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерiнде;
қайтыс болған ауғандық жауынгерлердің екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – 50 000 (елу мың) теңге мөлшерiнде;
2) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күні:
мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушы бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, он алты жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай бір рет– 50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде.
7. Өмірлік қиын жағдайға тап болған мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі:
1) мынадай негіздер бойынша өмірлік қиын жағдайда деп танылған адамдарға (отбасыларға):
жетімдік; ата-ана қамқорлығының болмауы; кәмелетке толмағандардың қараусыздығы қадағалаусыз қалуы, оның ішінде девиантты мінез-құлық; туғаннан бастап үш жасқа дейінгі балалардың ерте психофизикалық даму мүмкіндіктерінің шектелуі; дене бітімі және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы; әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі; жасының егде тартуына байланысты, бұрынғы ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмауы; әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қарау; баспанасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар); бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы; пробация қызметінің есебінде болу; кәмелетке толмағандардың арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуы кезінде - адамның (отбасының) ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының бір еселік мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, бір рет 60 000 (алпыс мың) теңгеден артық емес мөлшерінде;
2) әлеуметтік мәні бар аурулары бар азаматтар, атап айтқанда: онкологиялық аурулармен ауыратын тұлғалар, адамның иммунитет тапшылығы вирусы тудыратын жұқпасы бар тұлғалар; амбулаторлық емдеудегі туберкулез ауруынан зардап шегетін тұлғалар – "Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Ырғыз аудандық ауруханасы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ұсынған тізімдеріне сәйкес табысы есепке алынбай алты ай ішінде ай сайын – 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) көп балалы отбасыларға, аз қамтылған азаматтарға, адамның (отбасының) ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының бір еселік мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, бір рет 140 000 (жүз қырық мың) теңгеден артық емес мөлшерінде;
4) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) осы жағдай туындаған сәттен бастап алты ай ішінде табиғи зілзаланың немесе өрттің пайда болған жері бойынша жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, бір рет 300 000 (үш жүз мың) теңгеден артық емес мөлшерінде.
8. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.
9. Осы Қағидалар Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында тұрақты тұратын адамдарға қолданылады.
10. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.
11. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.
3-тарау. Қорытынды ереже
12. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е–собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнің дерекқорын пайдалана отырып жүргiзіледі.