"Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған бәрін қамтитын бақылау өлшемшарттары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы |
М. Карабаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі міндетін атқарушының 2023 жылғы 5 сәуірдегі № 212 бұйрығымен бекітілген |
Бәрін қамтитын бақылау өлшемшарттары
1. Осы Бәрін қамтитын бақылау өлшемшарттары (бұдан әрі - Өлшемшарттар) "Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың экспортын, кері экспортын, импортын, транзитін жүзеге асыратын, бақылау тізіміне енгізілмеген тауарлармен немесе көрсетілетін қызметтермен эксаумақтық делдалдық қызметтер немесе техникалық көмек көрсететін Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары жүргізетін кешенді бақылау өлшемшарттарын айқындайды.
2. Осы Өлшемшарттарда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бәрін қамтитын бақылау – өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың бақылау тізіміне кірмейтін тауарларды бақылау;
2) өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың бақылау тізімі – осы Заңға сәйкес бақылауға жататын өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың тізбесі.
3. Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары бақылау тізіміне енгізілмеген тауарлармен немесе көрсетілетін қызметтермен экспортты, кері экспортты, импортты, транзитті жүзеге асыру, эксаумақтық делдалдық қызметтер немесе техникалық көмек көрсету кезінде бәрін қамтитын келесі бақылау өлшемшарттарын басшылыққа алады:
1) импорттаушының және (немесе) түпкілікті пайдаланушының тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер үшін нарықтық бағадан жоғары баға бойынша ақы төлеуді жүзеге асыру ниетінің болуы;
2) тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге қолма-қол төлем ақы төлеуді жүзеге асыру;
3) импорттаушының түпкілікті пайдаланушы және тауарларды немесе көрсетілетін қызметтерді пайдалану мақсаттары бойынша ақпарат беруден бас тартуы;
4) тауарларды пайдаланудың мәлімделген мақсаты мұндай тауарларды пайдалану мақсатына сәйкес келмесе;
5) тауарларды немесе көрсетілетін қызметтерді түпкілікті пайдалану жөніндегі ақпараттың құпиялылығы туралы талаптың болуы;
6) кедендік бақылаудың кедендік шекаралар арқылы өтуіне кедергі келтіретін немесе қиындататын тауарларды буып-түюге және таңбалауға қойылатын талаптардың болуы;
7) тауарды межелі пунктке дейін жеткізудің ұтымсыз тәсілі немесе бағыты;
8) тауарды жеткізу тұрақсыз әскери-саяси ахуалы бар елге жүзеге асырылады.
4. Осы Өлшемшарттардың 3-тармағында көрсетілген өлшемшарттардың бірі болуы, өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың экспортын, кері экспортын, импортын, транзитін жүзеге асыратын, бақылау тізіміне енгізілмеген тауарлармен немесе көрсетілетін қызметтермен эксаумақтық делдалдық қызметтер немесе техникалық көмек көрсететін Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының әрекеттерінің нәтижелері және (немесе) тауарлары жаппай жою қаруын және (немесе) оны жеткізу құралдарын, қару-жарақ пен әскери техниканы жасау үшін не терроризм актілерін дайындау және (немесе) жасау мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін деп пайымдауға негіз болады.