ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Бұйрықтың қолданыста болу мерзімі - 31.12.2023 дейін (осы бұйрықтың 4 т. қараңыз).ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданыста болу тәртібін 4 т. қараңыз
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабының 4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Айырбастау шарты бойынша автомобиль көлік құралдарын сатып алу (иеліктен шығару) тәртібі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының ведомстволық қарасты ұйымдарды басқару жөніндегі бөлімі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының интернет ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының аппарат басшысына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы |
А. Дадебаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының 2023 жылғы 25 сәуірдегі № 05/110 бұйрығымен бекітілген |
Айырбастау шарты бойынша автомобиль көлік құралдарын сатып алу (иеліктен шығару) тәртібі
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Айырбастау шарты бойынша автомобиль көлік құралдарын сатып алу (иеліктен шығару) тәртібі (бұдан әрі - Тәртіп) "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабының 4) тармақшасының негізінде әзірленді және Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына бекітіліп берілген автомобиль құралдарын айырбастау тәртібін айқындайды.
2. Осы Тәртіпте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ұйымдастырушы - Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы;
2) ресми дилер - Қазақстан Республикасында өндірілген автокөлік құралдарын сатуды жүзеге асыратын заңды тұлға (бұдан әрі - Дилер);
3) жұмыс органы - ұйымдастырушының көліктік қамтамасыз етуді жүзеге асыратын ведомстволық қарасты ұйымы.
2 тарау. Айырбастау рәсімін өткізу тәртібі
3. Айырбастау рәсімін ұйымдастыру мен өткізу үшін ұйымдастырушының бұйрығымен комиссия құрылады.
Комиссия төраға мен комиссия мүшелерінен тұрады.
Комиссияның құрамына ұйымдастырушының, оның ведомстволарымен көліктік қамтамасыз етуді жүзеге асыратын ведомстволық қарасты ұйымдарының өкілдері кіреді.
Комиссия мүшелерінің жалпы саны бес адамнан тұрады. Комиссия оның барлық мүшелері қатысқан кезде заңды болып саналады.
Комиссия төрағасын ашық дауыс беру арқылы комиссия мүшелері сайлайды.
Төрағаның міндеттеріне комиссия жұмысын ұйымдастыру, отырыстарды шақыру және оларға төрағалық ету кіреді.
Комиссия хатшысы дауыс беру құқығынсыз хаттама жүргізуді және дауыстарды санауды жүзеге асыратын ұйымдастырушының өкілі болып табылады.
Комиссия төрағасы күн тәртібінің әрбір тармағын талқылау нәтижелері бойынша "жақтау" немесе "қарсы" форматында өткізілетін дауыс беруді жариялайды. Шешім көпшілік дауыспен қабылданады.
Комиссия хатшысы дауыстарды санауды жүзеге асырады және алынған нәтижені жариялайды. Дауыс беру нәтижесі комиссия отырысының хаттамасына енгізіледі.
Комиссия шешімдері Комиссия мүшелері қол қоятын Дилерді іріктеу қорытындылары туралы хаттамамен ресімделеді.
4. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) жұмыс органы беретін материалдарды, оның ішінде айырбастауға жататын автокөлік құралдарының тізбесін қарау;
2) Дилерді таңдау және ұйымдастырушының айырбасталатын автокөлік құралдарының бағасын тәуелсіз бағалаушының бағалау нәтижесінің негізінде белгілеу туралы шешім қабылдау;
3) айырбастау рәсімін өткізудің мерзімдері мен ұзақтығы туралы шешім қабылдау, бірақ үш айдан аспайды;
4) Дилерлер ұсынған құжаттар мен материалдарды қарау;
5) басқа дилерлермен салыстырғанда ең тиімді айырбастау жасау жөнінде ұсыныс ұсынған белгілі бір Дилермен айырбастау шартын жасасудың орындылығы туралы шешім шығару;
6) Дилерлерден ұсыныстар болмаған жағдайда айырбастау рәсімін одан әрі жалғастырудың орындылығы туралы шешім қабылдау.
5. Жұмыс органы Комиссия мүшелеріне алдағы отырыстарға тиісті дайындалу үшін материалдарды алдын ала жіберуді қамтамасыз етеді.
6. Ұйымдастырушы айырбастау рәсімін өткізу туралы хабарландыруларды өзінің ресми сайтында және басқа да мамандандырылған интернет ресурстарында орналастырады.
7. Жұмыс органы Қазақстан Республикасының бағалау қызметі саласындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес айырбастау рәсіміне белгіленген автокөлік құралдарын тәуелсіз бағалауды ұйымдастырады.
8. Ұйымдастырушының ауысым рәсіміне жататын автокөлік құралдарын бағалауды Қазақстан Республикасының бағалау қызметі саласындағы қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізетін тәуелсіз бағалаушы жүзеге асырады.
9. Ұйымдастырушы мүдделер қақтығысының туындамауына бақылауды жүзеге асырады және жол бермейді.
10. Жұмыс органы ұйымдастырушының автокөлік құралдарын тәуелсіз бағалаушысы мен Дилер жүргізген бағалауын одан әрі шешім қабылдау үшін Комиссияның қарауына жібереді.
11. Дилердің жаңа автокөлік құралдарына бағалау жүргізілмейді және ағымдағы нарықтың бағалары мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төленуге жататын салық аударымдары ескеріле отырып, Дилер айқындайтын құн бойынша қабылданады.
12. Ұйымдастырушы ұсынған қолданған автокөлік құралдарының бағалау құны Дилердің ұсынылатын жаңа автокөлік құралдарының құнынан асып кеткен жағдайда, дилер айырмашылық лимитіне сәйкес олардың құнын көрсете отырып, қосымша жабдықпен толықтыруды немесе опцияларды ұсынады.
Бұл ретте қосымша жабдықпен опциялардың жалпы жиынтығы Дилердің автокөлік құралының бір бірлігіне шаққандағы құнының 15 (он бес) пайызынан аспауға тиіс.
Ұйымдастырушы ұсынған пайдаланған автокөлік құралдарынан дилердің ұсынылатын жаңа автокөлік құралдарының құны асып кеткен жағдайда, ұйымдастырушы осы тәртіп шеңберінде дилердің айырбасталатын жаңа автокөлік құралдары құнының мөлшерлестігіне қол жеткізу үшін пайдаланылған автокөлік құралдарының қосымша санын ұсынады.
13. Комиссия шешімінің негізінде ұйымдастырушы мен Дилер арасында айырбастау шарты жасалады.
Іріктеуден өткен Дилермен жасалатын айырбастау шарты негізінде ұйымдастырушыға бекітілген автокөлік құралдарын жаңа автокөлік құралдарына айырбастау жүзеге асырылады.
14. Айырбастау шартына қол қойылған күні қабылдау-беру актілерімен айырбастауды бекіту жүзеге асырылады.
15. Автокөлік құралдарын айырбастау шартында ұйымдастырушы мен Дилердің автокөлік құралдары туралы мәліметтер, оның ішінде олардың саны және ұйымдастырушының қолданған автокөлік құралдарын бағалау нәтижелерін қоса алғанда, басқа да қажетті сипаттамалар міндетті түрде көрсетіледі.