ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 57-бабының 3 және 4-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Резервтік қорларды қалыптастыруды және пайдалануды қоса алғанда, шартты зейнетақы міндеттемелерін есепке алу және қалыптастыру қағидалары, резервтік қорларды есептеу әдістемесі мен құрылымы бекітілсін.
2. "Шартты зейнетақы міндеттемелерін есепке алу және қалыптастыру, резервтік қорларды қалыптастыру және пайдалану қағидаларын, резервтік қорларды есептеу әдістемесі мен құрылымын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 7 қазандағы № 166 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19470 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Басқармасының 2023 жылғы 7 маусымдағы № 52 Қаулымен бекітілген |
Резервтік қорларды қалыптастыруды және пайдалануды қоса алғанда, шартты зейнетақы міндеттемелерін есепке алу және қалыптастыру қағидалары, резервтік қорларды есептеу әдістемесі мен құрылымы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Резервтік қорларды қалыптастыруды және пайдалануды қоса алғанда, шартты зейнетақы міндеттемелерін есепке алу және қалыптастыру қағидалары, резервтік қорларды есептеу әдістемесі мен құрылымы (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес әзірленді және шартты зейнетақы міндеттемелерін жеке тұлғалардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (бұдан әрі – БЖЗҚ) жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары аударылған (бұдан әрі – жеке тұлғалар) шартты зейнетақы шоттарында есепке алуды жүргізу және қалыптастыру, резервтік қорларды қалыптастыру және пайдалану тәртібін, сондай-ақ резервтік қорларды есептеу әдістемесі мен құрылымын айқындайды.
2. Қағидалардың мақсаты үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) есептеу күні – шартты зейнетақы міндеттемелерін қалыптастыру жүргізілетін күн;
2) жас когортасы – бір күнтізбелік туған жылымен біріктірілген адамдар тобы;
3) зейнетақы төлемі – Кодексте көзделген негіздер бойынша жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары төленген жеке тұлғаларға ақша төлеу;
4) келтірілген күтілетін құны – пайыздық мөлшерлемесі және өлім ықтималдығы қамтылатын кестелер пайдаланыла отырып, есептеу күні мен зейнетақы төлемдерін алушыға зейнетақы төлемін жүзеге асыру күні арасындағы уақыт кезеңі ескеріле отырып есептелген (дисконтталған) зейнетақы төлемдерінің күтілетін (ықтимал) құны;
5) резервтік базис – тиімді жылдық пайыздық мөлшерлемеден, өлім-жітім кестесі мен зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесінен тұратын және шартты зейнетақы міндеттемелерінің шамасына әсер ететін өлшемдер мәндерінің жиынтығы;
6) тарифтік базис – тиімді жылдық пайыздық мөлшерлемеден, өлім-жітім кестесі мен зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесінен тұратын және зейнетақы төлемінің шамасына әсер ететін өлшемдер мәндерінің жиынтығы.
2-тарау. Шартты зейнетақы міндеттемелерін есепке алу және қалыптастыру
3. Шартты зейнетақы міндеттемелерін есепке алу және қалыптастыру жеке тұлғаға шартты зейнетақы шотын ашуды, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келіп түскен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары және өзге де түсімдер туралы мәліметтерді есепке алуды, шартты зейнетақы міндеттемелерін қалыптастыруды, сондай-ақ шартты зейнетақы міндеттемелерін және тиісті қаржы жылына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерінің мөлшері туралы мәліметтерді есепке алуды, сондай-ақ жеке тұлғаның шартты зейнетақы шотын жабуды қамтиды.
4. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін БЖЗҚ-та шартты зейнетақы шоттарын ашу БЖЗҚ ішкі қағидаларында белгіленген тәртіппен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын аудару және (немесе) өсімпұл есептеу кезінде БЖЗҚ-қа жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын төлеу агенті ұсынатын жеке тұлғалардың тізімі (бұдан әрі – жеке тұлғалардың тізімі) негізінде жүзеге асырылады.
БЖЗҚ-та жеке тұлғаның атына ашылған шартты зейнетақы шоты болған жағдайда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бұрын ашылған шартты зейнетақы шотына аударылады.
5. БЖЗҚ жеке тұлғалардың тізімі негізінде жеке тұлғалардың шартты зейнетақы шоттарын электрондық нысанда тіркейді.
6. Шартты зейнетақы міндеттемелерін қалыптастыру Кодекстің 222-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар басталған кезде резервтік базис негізінде әрбір зейнетақы төлемдерін алушы бойынша жеке-жеке жүзеге асырылады.
7. Зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесін қоспағанда, резервтік базис өлшемдерінің мәндері резервтік базис тарифтік базиске қарағанда консервативті болатын жағдайды қоспағанда, тарифтік базис өлшемдерінің мәндеріне ұқсайды.
Резервтік базис тарифтік базиске қарағанда консервативті болған жағдайда:
1) резервтік базистің тиімді жылдық пайыздық мөлшерлемесі тарифтік базистің тиімді жылдық пайыздық мөлшерлемесіне қарағанда аз;
2) резервтік базистің, өлім-жітім кестесінің коэффициенттері барлық жас бойынша тарифтік базистің тиісті кестелерінің коэффициенттерінен аз.
8. Жекелеген зейнетақы төлемдерін алушы бойынша шартты зейнетақы міндеттемелері келтірілген зейнетақы төлемдерінің күтілетін құнына тең.
9. Барлық зейнетақы төлемдерін алушылар бойынша шартты зейнетақы міндеттемелері есептеу күніне БЖЗҚ-тан зейнетақы төлемдері тағайындалған барлық жеке тұлғалар бойынша шартты зейнетақы міндеттемелерінің сомасы ретінде есептеледі.
10. Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы әлеуметтік қорғау заңнамасына сәйкес жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын және өзге де түсімдерді, шартты зейнетақы міндеттемелерін және жеке тұлғалардың шартты зейнетақы шоттарында тиісті қаржы жылына зейнетақы төлемдерінің мөлшері туралы мәліметтерді есепке алу, сондай-ақ резервтік қорларды қалыптастыруға арналған шартты зейнетақы шоттарындағы қаражатты есепке алу теңгемен жүзеге асырылады.
11. Жеке тұлғалардың шартты зейнетақы шоттары БЖЗҚ-қа жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) өсімпұлдарды аударылатын жеке тұлғалардың тізімі түскен күні ашылады.
12. Шартты зейнетақы шотының құрылымында Қағидалардың қосымшасына сәйкес міндетті деректер қамтылады.
13. БЖЗҚ шартты зейнетақы міндеттемелерін есепке алуды шартты зейнетақы міндеттемелері құнының үлес шамасы ретінде айқындалатын зейнетақы міндеттемелерінің шартты бірлігінің құнын есептеу жолымен жүзеге асырады.
14. Келіп түскен шартты зейнетақы шотында есепке алуға жатпайтын сомаларды есепке алу үшін келіп түскен күні кредиторлық берешек шоты ашылады (қажет болғанда).
"Анықтағанға дейінгі өзге сомалар" шоты бойынша шартты зейнетақы шоттарына немесе жеке тұлғалардың кредиторлық берешек шоттарына аударуға жатпайтын өзге түсімдерді есепке жазу және (немесе) есептен шығару тәртібі БЖЗҚ-тың ішкі қағидаларында айқындалады.
15. БЖЗҚ-дағы шартты зейнетақы шоты шотта қаражат болмаған жағдайда 1 (бір) ай өткеннен кейін жабылады.
16. БЖЗҚ-да шартты зейнетақы шоты жабылған соң жабылған шартты зейнетақы шотының нөмірін басқа жеке тұлғаның шартты зейнетақы шотына беруге болмайды.
3-тарау. Резервтік қорларды қалыптастыру және пайдалану, резервтік қорларды есептеу әдістемесі мен құрылымы
17. Резервтік қорлардың құрылымына мыналар кіреді:
1) жеке тұлғалардың әрбір жас когортасы бойынша жеке қалыптастырылатын резервтік қорлар (бұдан әрі – когорталар бойынша резервтік қорлар);
2) шартты зейнетақы міндеттемелері бойынша резервтік қор.
18. Когорталар бойынша резервтік қорлар жеке тұлғалардың шартты зейнетақы шоттарынан:
1) Қазақстан Республикасы азаматының қайтыс болғаны туралы құжаттарды және (немесе) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен қайтыс болғаны туралы және (немесе) оның жеке басын куәландыратын құжаттың жарамсыздығы туралы растайтын мәліметтерді не шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаты не Қазақстан Республикасының уәкілетті органы берген азаматтығы жоқ адамның куәлігі алынған жағдайда, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кетуіне не шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасында тұрақты тұруына рұқсатының күшінің жойылуына не Кодекстің 222-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған жылдың алдындағы күнтізбелік жылдың соңғы күнінде Кодекстің 222-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес зейнеткерлік жасқа толмаған жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуына, Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуына байланысты зейнетақы төлемдеріне құқықтарды іске асыру сәтіне дейін алған жағдайда, шартты зейнетақы шоттарынан қаражат аудару есебінен қалыптастырылады. Бұл тұлғалардың шартты зейнетақы шоттарынан есепке жатқызу олар зейнет жасының жас когортасына жеткен жылы жүзеге асырылмайды;
2) Кодекстің 222-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес зейнет жасына жеткен жылдың алдындағы күнтізбелік жылдың соңғы күні республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшері деңгейінде өмір бойғы төлемді қамтамасыз ету үшін қажетті сомадан асатын;
3) Кодекстің 222-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы жеке тұлғаның өтінішін орындау күнгі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшері деңгейінде өмір бойғы төлемді қамтамасыз ету үшін қажетті сомадан асатын қаражатты аудару есебінен қалыптастырылады.
19. Когорталар бойынша резервтік қорлар когорталар бойынша резервтік қорлардың шартты зейнетақы шоттарында есепке алынатын қаражатты Кодекстің 222-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес зейнет жасының жас когортасына жеткен жылдың алдындағы күнтізбелік жылдың соңғы күні әрбір жас когортасының ішінде шартты зейнетақы шоттарына біркелкі бөлу арқылы пайдаланылады. Қағидалардың 18-тармағының 2) тармақшасына сәйкес когорталар бойынша резервтік қорлардың шартты зейнетақы шоттарына бұрын есепке жатқызылған шартты зейнетақы шоттарына бөлу жүзеге асырылмайды.
20. Қағидалардың 19-тармағына сәйкес қаражаттың қайта бөлінуін ескере отырып, когорталар бойынша резервтік қорлардың ағымдағы құны күнтізбелік жылдың соңына 0 (нөл) теңге болады.
21. Шартты зейнетақы міндеттемелері бойынша резервтік қор:
1) БЖЗҚ-ға "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясынан (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) түсетін жеке тұлғалардың тізімдерінде көрсетілген кезеңдер туралы мәліметтерге сәйкес Кодекстің 222-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес зейнетақы төлемдеріне құқық басталған күні жиынтығында Кодекстің 222-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес зейнетақы төлемдеріне құқықты іске асырудың күнтізбелік жылының соңғы күнінде күнтізбелік алпыс айдан аз жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары аударылған;
2) егер мүгедектік мерзімсіз уақытқа белгіленген болса, бірінші және екінші топтағы мүгедектер болып табылатын, БЖЗҚ-ға Мемлекеттік корпорациядан түсетін жеке тұлғалардың тізімдерінде көрсетілген кезеңдер туралы мәліметтерге сәйкес Кодекстің 222-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес зейнетақы төлемдеріне құқықты іске асыру күні жиынтығында Кодекстің 222-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес зейнетақы төлемдеріне құқықты іске асырудың күнтізбелік жылының соңғы күнінде күнтізбелік алпыс айдан аз жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары аударылған;
3) Кодекстің 222-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайлар басталған кезде, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшері деңгейінде өмір бойғы төлемді қамтамасыз ету үшін қажетті сомадан астам;
4) зейнет жасына жеткен және Кодекстің 222-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес зейнетақы төлемдеріне құқық басталған күннен бастап күнтізбелік 1 (бір) жыл өткен соң зейнетақы төлемдеріне өзінің құқығын іске асырмаған;
5) Қазақстан Республикасы азаматының қайтыс болғаны туралы құжаттарды және (немесе) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен қайтыс болғаны туралы және (немесе) оның жеке басын куәландыратын құжаттың жарамсыздығы туралы растайтын мәліметтерді не шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаты не Қазақстан Республикасының уәкілетті органы берген азаматтығы жоқ адамның куәлігі алынған жағдайда, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кетуіне не шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасында тұрақты тұруына рұқсатының күшінің жойылуына не Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуына, жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуына байланысты, зейнеткерлік жасқа толған жылы Кодекстің 222-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес зейнетақы төлемдеріне құқықтарды іске асыру сәтіне дейін алған жағдайда, шартты зейнетақы шоттарынан қаражат аудару есебінен қалыптастырылады.
22. Шартты зейнетақы міндеттемелері бойынша резервтік қор:
1) Кодекстің 222-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайлар басталған күні шартты зейнетақы шотындағы қаражат республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшері деңгейінде өмір бойғы төлемді қамтамасыз ету үшін қажет сомадан төмен болған жағдайда, шартты зейнетақы шоттарындағы қаражатты толықтыру үшін пайдаланылады. Толықтыру жетпей тұрған айырма сомасына, бірақ Қағидалардың 18-тармағының 2) тармақшасына сәйкес шартты зейнетақы шотынан бұрын есептен шығарылған сомадан аспайтын сомаға жүзеге асырылады;
2) Қазақстан Республикасы азаматының қайтыс болғаны туралы құжаттарды және (немесе) оның жеке басын куәландыратын құжаттардың жарамсыздығы туралы қате мәліметтер не шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаты не Қазақстан Республикасының уәкілетті органы берген азаматтығы жоқ адамның куәлігі алынған жағдайда, бұрын есептен шығарылған қаражат сомасына шартты зейнетақы шоттарына өтініш бойынша есепке жатқызу үшін, шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кетуіне не шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасында тұрақты тұруына рұқсатының күшінің жойылуына не Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуына, жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуына байланысты;
3) Қағидалардың 21-тармағының 4) тармақшасына сәйкес жеке тұлғалардың өтініші бойынша бұрын есептен шығарылған қаражат сомасына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есептелген шартты зейнетақы шоттарына аудару үшін пайдаланылады.
23. Қағидаларда реттелмеген шартты зейнетақы міндеттемелерін есепке алу және қалыптастыру, сондай-ақ БЖЗҚ-да шартты зейнетақы шоттарын қайта ашу мәселелері БЖЗҚ-ның ішкі қағидаларына сәйкес реттеледі.
Шартты зейнетақы Міндеттемелерін есепке алу және қалыптастыру, резервтік қорларды қалыптастыру және пайдалану қағидаларына, резервтік қорларды есептеу әдістемесі мен құрылымына қосымша |
Шартты зейнетақы шотының құрылымында мынадай міндетті деректер қамтылады:
A BBBBBB CC DD ..., мұндағы:
A | - зейнетақы жарнасының түрін белгілеу | 1-цифр | Зейнетақы жарнасының түрін білдіреді, мұнда "4" - жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары. |
ВВВВВВ | - баланстық шот нөмірі | 2, 3, 4, 5, 6, 7-цифрлар | Шоттар жоспарының шотын білдіреді. |
СС | - өңір (облыс) коды | 8, 9-цифрлар | Өңір (облыс) коды – "00" цифрлары |
DD | - БЖЗҚ коды | 10, 11-цифрлар | БЖЗҚ коды – "00" цифрлары |