ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 62-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары мен шарттары бекітілсін.
2. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актісінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің жекелеген құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Басқармасының 2023 жылғы 7 маусымдағы № 47 Қаулыға 1-қосымша |
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары мен шарттары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары мен шарттары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс) 62-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) шектеулі ықпал ету шарасын мынадай факторлардың бірін немесе бірнешеуін ескере отырып қолданады:
1) тәуекел деңгейі.
Қағидалардың мақсаттары үшін тәуекел ретінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзушылық, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіру түріндегі жағымсыз салдардың туындау ықтималдығы түсініледі;
2) таңдалған ықпал ету шарасын қолдану нәтижесінде жағдайды түзету қабілеті;
3) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры үшін бұзушылықтар мен ықтимал салдарлардың сипаты;
4) бұзушылықтың жиілігі мен ұзақтығы;
5) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлерінің жол берілген бұзушылық туралы хабардар болуы;
6) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының жалпы қаржылық жағдайы.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының жалпы қаржылық жағдайы есептілік деректерінің, тексеру материалдарының, аудиторлық есептердің, тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйелерінің болуы жөніндегі талаптардың орындалуының, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда қаржылық қолдау алу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры басшылығының акционерлермен өзара іс-әрекет жасау нәтижелерінің негізінде айқындалады.
3. Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларына мынадай шектеулі ықпал ету шараларын қолданады:
1) орындалуға міндетті жазбаша нұсқама береді;
2) жазбаша ескерту шығарады;
3) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорымен жазбаша келісім жасайды.
4. Уәкілетті орган қолданылған шектеулі ықпал ету шараларын есепке алуды жүргізеді.
2-тарау. Жазбаша нұсқама түріндегі шектеулі ықпал ету шарасын қолдану тәртібі мен шарттары
5. Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының атына анықталған бұзушылықтарды белгіленген мерзімде және (немесе) себептерді, сондай-ақ оларды жасауға ықпал еткен жағдайларды жоюға бағытталған орындауға міндетті түзету шараларын қабылдау туралы және (немесе) анықталған бұзушылықтарды және (немесе) себептерді, сондай-ақ оларды жасауға ықпал еткен жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын белгіленген мерзімде ұсыну қажеттілігіне, бұзушылықтардың сипаттамасын, олардың туындауына әкеп соққан себептерді көрсете отырып, жазбаша нұсқама, іс-шаралар тізбесін, оларды жүзеге асыру мерзімдерін, сондай-ақ түзету шараларын қабылдауға жауапты лауазымды адамдарды анықтайды.
6. Түзету шаралары жазбаша нұсқамада көрсетіледі және міндетті зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары салымшыларының, олар үшін міндетті кәсіби зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалардың, зейнетақы төлемдерін алушылардың алдындағы міндеттемелерді орындау және (немесе) анықталған бұзушылықтарын жою бойынша орындалуға міндетті шараларды білдіреді.
7. Жазбаша нұсқама бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының бірінші басшысына немесе оның орнындағы адамға жіберіледі.
3-тарау. Жазбаша ескерту шығару түріндегі шектеулі ықпал ету шарасын қолдану тәртібі мен шарттары
8. Уәкілетті орган осы ескерту шығарылғаннан кейін бір жыл ішінде жазбаша ескерту шығарылған бұзушылыққа ұқсас қайталап бұзуды анықтаған жағдайда уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына не олардың басшы қызметкеріне (қызметкерлеріне) қатысты Әлеуметтік кодексте көзделген санкцияларды қолдану мүмкіндігі туралы жазбаша ескерту шығарады.
9. Жазбаша ескерту бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының бірінші басшысына немесе оның орнындағы адамға жіберіледі.
10. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының бірінші басшысы немесе оның орнындағы адам жазбаша келісімді алған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының атқару органы мен басқару органының барлық мүшелерін жазбаша ескерту шығарылғаны туралы хабардар етеді.
4-тарау. Жазбаша келісім жасау түріндегі шектеулі ықпал ету шарасын қолдану тәртібі мен шарттары
11. Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорымен анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры анықталған бұзушылықтарды жойғанға дейін өзіне қабылдайтын шектеулер тізбесін көрсете отырып, оларды жою және осы бұзушылықтарды жою жөніндегі шаралардың тізбесін бекіту қажеттілігі туралы жазбаша келісім жасайды.
12. Шаралар тізбесін бекіту кезінде сондай-ақ жазбаша келісімге мыналарға:
1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының тәуекелдерін төмендетуге;
2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық жағдайының нашарлауына әкеп соқтыратын іс-әрекеттер жасамау, сондай-ақ көрсетілген тұлғалардың уәкілетті орган қолданған шектеулі ықпал ету шараларын қайталап бұзушылық жасамау бойынша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының міндеттемесін белгілеуге бағытталған шарттар енгізіледі.
13. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының бірінші басшысы немесе оның орнындағы, жазбаша келісімге қол қойған тұлға өзіне оның шарттарын орындау міндеттемелерін алады.
14. Жазбаша келісім әр тарап үшін заңды күші бірдей мемлекеттік тілде және орыс тілінде жасалады.
Уәкілетті орган қол қойған жазбаша келісімнің даналары ілеспе хатпен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының атына жіберіледі.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры жазбаша келісімге қол қояды және оны алған күннен кейін бес жұмыс күн ішінде уәкілетті органға қол қойылған мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі бір-бір данадан ұсынады.
5-тарау. Қорытынды ережелер
15. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры уәкілетті органды осы шектеулі ықпал ету шарасымен көзделген мерзімде шектеулі ықпал ету шарасының орындалғаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
16. Егер уәкілетті орган қолданған шектеулі ықпал ету шарасында жоспарланған іс-шаралар тізбесін ұсыну жөнінде талаптар болған кезде, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры уәкілетті органның шектеулі ықпал ету шарасын қолдану туралы хабарламасында көрсетілген және күнтізбелік он бес күннен кем болмайтын мерзімде уәкілетті органға жоспарланған іс-шаралардың орындалу мерзімдерін және түзету шараларын қабылдауға жауапты лауазымды тұлғаларды көрсете отырып оларды жасауға ықпал еткен жағдайларды жою бойынша жоспарланған іс-шаралар тізбесін ұсынады.
17. Уәкілетті орган ұсынылған жоспарланған іс-шаралар тізбесін оның уәкілетті органға келіп түскен күнінен кейін 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды.
Уәкілетті орган жоспарланған іс-шаралар тізбесімен келіспеген жағдайда жоспарланған іс-шаралар тізбесіне ескертулері бар хат жібереді, оларды бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры жояды. Түзетілген жоспарланған іс-шаралар тізбесі уәкілетті органның хаты алынған күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде уәкілетті органға ұсынылады.
Уәкілетті орган бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры ұсынған жоспарланған іс-шаралардың тізбесін жазбаша нысанда мақұлдайды немесе мақұлдамайды.
18. Уәкілетті органға жоспарланған іс-шаралар тізбесі ұсынылған кезде, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры уәкілетті органды жоспарланған іс-шаралардың орындалуы туралы олардың орындалуы жоспарланған күннен кейін бес жұмыс күні ішінде хабардар етеді.
Қаулыға 2-қосымша |
Қазақстан Республикасының күші жойылды деп танылатын нормативтік құқықтық актісінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің жекелеген құрылымдық элементтерінің тізбесі
1. "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 182 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8696 болып тіркелген).
2. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 250 қаулысымен бекітілген өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 19-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13001 болып тіркелген).
3. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 10 қыркүйектегі № 151 қаулысымен бекітілген өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 2-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19369 болып тіркелген).