"Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2-8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса ұсынылған Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын, сауда базарының аумағын күтіп-ұстауға, оны жабдықтауға және жарақтандыруға қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы |
К. Балыкбаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министірлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы 2023 жылғы 22 маусымдағы № 242-НҚ бұйрығымен бекітілген |
Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру қағидалары, сауда базарының аумағын күтіп-ұстауға, оны жабдықтауға және жарақтандыруға қойылатын талаптар
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру қағидалары, сауда базарының аумағын күтіп-ұстауға, оны жабдықтауға және жарақтандыруға қойылатын талаптар (бұдан әрі – Қағидалар) "Сауда қызметiн реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 2-8-тармағына сәйкес әзiрленді және Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан сауда базарларының қызметін ұйымдастыру тәртібін, сауда базарының аумағын күтіп-ұстауға, жабдықтауға және жарақтандыруға қойылатын талаптарды айқындайды.
Осы Қағидалар сауда базарының барлық субъектiлерiне және объектілеріне қолданылады.
2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер қолданылады:
1) автодүкен – сауда жабдығымен жарақталған арнаулы автокөлiк құралы (тауарларды автодүкендер арқылы өткізген кезде арнаулы көлік құралы техникалық тұрғыдан жарамды болуға тиіс);
2) автомат – тауарларды сатуға арналған автоматтандырылған құрылғы;
3) әкімшілік аймақ – сауда базарының сауда базары әкімшілігінің үй-жайлары орналасқан аймағы;
4) бөлшек сауда базары – соңғы тұтынушыға кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес жеке, тұрмыстық және отбасылық пайдалану үшін қызметтерді көрсету, жұмыстарды орындау және тауарларды сату жүзеге асырылатын сауда базары;
5) бөлшек сауда – сауда базарының субъектілері соңғы тұтынушыға кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес, жеке, тұрмыстық және отбасылық пайдалану үшін тауарларды сату бойынша жүзеге асыратын кәсіпкерлік қызмет;
6) вендинг автоматы – тауарларды сатуды жүзеге асыратын автоматтандырылған құрылғы және тамақ өнімдерін автоматты түрде дайындауға, автоматтандырылған жүйелердің көмегімен сатушының қатысуынсыз өткізуге арналған аппарат;
7) дүкен – сауда, қосалқы, әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлармен, сондай-ақ тауарларды қабылдауға, сақтауға және сатуға дайындауға арналған үй-жайлармен қамтамасыз етілген күрделі стационарлық құрылыс немесе оның бір бөлігі;
8) дүңгіршек – бір немесе бірнеше сауда орнына есептелген, сауда залы мен азық-түлік тауарларын сақтауға арналған үй-жайлары жоқ, сауда жабдығымен жарақталған, тасымалданатын күрделі емес құрылыс;
9) жылжымалы сөре – арнайы белгіленген орынға орналастырылатын сауда орнын білдіретін тасымалданатын уақытша құрылыс (конструкция);
10) коммуналдық сауда базары – жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша құрылатын, осы Қағидаларда айқындалатын тәртіппен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын қоса алғанда, негізінен азық-түлік тауарларымен сауда жүзеге асырылатын сауда базары;
11) көтерме сауда базары – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін қызметтерді көрсету, жұмыстарды орындау және кейіннен сатып алушыға сатуға арналған тауарларды сату жүзеге асырылатын сауда базары;
12) көтерме-бөлшек сауда базары – соңғы тұтынушыға жеке, тұрмыстық және отбасылық пайдалану үшін, сондай-ақ кейіннен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін сатып алушыға сату үшін тауарларды өткізуге қызметтер көрсету, жұмыстарды орындау жүзеге асырылатын сауда базары;
13) көтерме сауда – сауда базарының субъектілері кейіннен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін сатып алушыға сатуға арналған тауарларды өткізуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік қызмет;
14) көрсетілетін қызмет – тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, нәтижелері материалдық сипатта болмайтын қызмет;
15) қойма аймағы – қойма үй-жайлары, сондай-ақ осы қойма үй-жайларына қызмет көрсету үшін қажетті объектілер мен құрылғылар орналасқан сауда базарының аймағы;
16) қосымша көрсетілетін қызметтер тізбесі – сауда базарының ұсынылатын қызметінің (жұмысының) құнын көрсете отырып, нақты сипаттамасын қамтитын, сауда базарының меншік иесі (иеленуші) бекітетін және "Ақпараттық жүйеде тіркеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының міндетін атқарушы - Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы 2023 жылғы 30 наурыздағы № 123-НҚ бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32162 тіркелген) (бұдан әрі - №123-НҚ бұйрығы) сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесінде орналастырылатын құжат;
17) сауда базарының әкімшілігі – сауда базарының меншік иесі (иеленуші) базардың қызметін тікелей басқару үшін құратын басқару аппараты;
18) сауда базарының әкімшісі – сауда базарының меншік иесі (иеленуші) айқындаған, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес сауда базары әкімшілігінің басшысы болып тағайындалған, сауда базарының жұмыс істеуін және оның жұмысын Қазақстан Республикасының cауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес ұйымдастыруды қамтамасыз ететін жеке тұлға;
19) сауда базарының схемасы – сауда базарының аумағында әкімшілік және сауда ғимараттарын (үй-жайларын), жеке орналасқан сауда орындарын, жылжымалы сөрелерді, автодүкендерді, шатырларды, қоғамдық тамақтандыру объектілерін, қоймаларды, зертханаларды және сауда базарларының өзге де объектілерін көрсете отырып, нысаналы аймақтарды (әкімшілік, сауда) орналастырудың экспликациясы бар схемасы;
20) сауда базарының меншік иесі (иеленуші) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сауда қызметін, сондай-ақ сауда қызметін жүзеге асыру үшін сауда орындарын жалға, өзге де көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметті жүзеге асыратын, сауда базарының мүлкін иеленетін, пайдаланатын, оның ішінде меншік құқығында, дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
21) сауда базары – сауда қызметіне арналған, аумақта шаруашылық қызмет көрсету, басқару және күзет функциялары орталықтандырылған, тұрақты негізде жұмыс істейтін және өз аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қою үшін алаңмен қамтамасыз етілген, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға, өрт қауіпсіздігі, сәулет-құрылыс талаптарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де талаптарға сәйкес келетін оқшауланған мүліктік кешен;
22) сауда қызметі – жеке және заңды тұлғалардың тауарларды сатып алу-сатуды жүзеге асыруға бағытталған кәсіпкерлік қызметі;
23) сауда базарының субъектісі – сауда базарының меншік иесі (иеленуші), әкімші, базар әкімшілігі, өнім берушілер мен тауар өндірушілер, сондай-ақ сауда базарларының аумағында сауда қызметін (жұмыстарды орындауды, қызметтер көрсетуді) жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
24) сауда базарының объектісі – сауда және өзге де қызметке арналған және сауда базарының субъектілері пайдаланатын ғимараттар немесе ғимараттың бір бөлігі, құрылыс немесе құрылыстың бір бөлігі, уақытша құрылыс немесе уақытша конструкция, оның ішінде автоматтандырылған құрылғы немесе көлік құралы;
25) сауда мүкәммалы – сауда қызметін жүзеге асыруға арналған заттар;
26) сауда объектiсi – жабдықпен арнайы жарақтандырылған ғимарат немесе ғимараттың бiр бөлiгi, құрылыс немесе құрылыстың бiр бөлiгi, сауда базары, автоматтандырылған құрылғы немесе көлiк құралы;
27) сауда орны – тауарларды сату кезінде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет көрсетуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырсу жүргізуге арналған және сол үшін пайдаланылатын жабдықпен жарақтандырылған орын;
28) сауда шағын базары (бұдан әрі – шағын базар) – сауда орындарының саны 25-тен аспайтын, өнеркәсіптік және (немесе) азық-түлік тауарларын, ауыл шаруашылығы өнімдерін, сондай-ақ сақтау үшін арнайы жағдайларды талап етпейтін тауарларды сатуға арналған базар;
29) стационарлық емес сауда объектісі – инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылуының (технологиялық жалғануының) болуына немесе болмауына қарамастан, жермен берік байланыспаған уақытша құрылысжай немесе уақытша конструкция, оның ішінде автоматтандырылған құрылғы немесе көлiк құралы;
30) стационарлық сауда объектісі – жермен берік байланысқан және инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылған (технологиялық жалғанған) ғимарат немесе ғимараттың бiр бөлiгi (қосарлас, қосарлас-жапсарлас, жапсарлас салынған үй-жай), құрылысжай немесе құрылысжайдың бiр бөлiгі (қосарлас, қосарлас-жапсарлас, жапсарлас салынған үй-жай);
31) сауда базарының жұмыс регламенті – сауда базарының, оның әкімшілігінің қызметін ұйымдастыру, оның ішінде осы Қағидалардың талаптарын орындау және сауда базарының аумағында тиімді сауда қызметін қамтамасыз ету мақсатында сауда орындарын жалға беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге тариф белгілеу тәртібі айқындалған сауда базарының меншік иесі (иеленуші) №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесінде бекітетін құжат;
32) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – сауда саясатын қалыптастыратын және сауда қызметі саласында басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
33) тауар өндіруші – тауарларды өндіретін және оларды өткізуді, оның ішінде сауда базарлары арқылы жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға, Қазақстан Республикасының резиденттері мен бейрезиденттері;
34) тауар – айналымнан алынбаған, сатуға немесе айырбастауға арналған кез келген еңбек өнімі;
35) тауарлар тобы – функциялық мақсатында ұқсастығы бар тауарлар жиынтығы;
36) халықтың декреттелген тобы – халыққа қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін және айналасындағы адамдарға инфекциялық және паразиттік ауруларды жұқтыруда барынша қауіп төндіретін тұлғалар;
37) шатыр (павильон) – бір немесе бірнеше сауда орындары үшін сауда жабдықтарымен жарақталған, сауда қоры үшін алаңы бар және арнайы белгіленген орынға орналастырылатын құрастырмалы-жинамалы конструкциядан жеңiл құрылатын құрылыс;
38) экспликация – өлшемі көрсетілген сауда орындарының тізбесін, сауда алаңы (бар болса), түрлері және (немесе) үлгілері көрсетілген сауда объектілерінің тізбесін, орын саны көрсетілген қоғамдық тамақтандыру объектілерінің тізбесін, ауданы көрсетілген өзге де объектілердің тізбесін білдіретін сауда базарының схемасына түсіндірмелер, сауда базарының схемасына өзге де түсіндірмелер.
2-тарау. Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру
3. Сауда базарында тауарларды көтерме және бөлшек саудада сату түріндегі сауданы, сондай-ақ қызметтер көрсетуді сауда қызметі субъектілері сауда базарының схемасына сәйкес сауда базарының аумағында орналасқан стационарлық және стационарлық емес сауда объектілері арқылы және №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесі арқылы жасалған жалға беру шарттарының негізінде жүзеге асырады.
4. Сауда базарының аумағын тауар-сала белгісі бойынша мамандандыруды және аймақтарға бөлуді, сондай-ақ сауда базарында жүзеге асырылатын мәмілелердің көлемі мен сипатына қарай сауда базарының типін Қазақстан Республикасының заңнамасына және сауда базарының бекітілген жұмыс регламентіне сәйкес сауда базарының меншік иесі (иеленуші) айқындайды.
5. Сауда базарлары:
1) тауарлық мамандануы бойынша:
азық-түлiк тауарларын өткiзу бойынша – азық-түлiк;
өнеркәсiп тауарларын, тұрмыстық техниканы өткізу бойынша – азық-түлiк емес;
2) өткізілетін тауарларға байланысты:
арнаулы;
әмбебап;
3) мәмілелердің көлемі мен оларды жүзеге асыру тәсілдері бойынша:
бөлшек сауда;
көтерме болып жiктеледi.
6. Әмбебап сауда базары сауда орындары әртүрлі топтағы тауарларды сатуды жүзеге асыруға арналған сауда базары болып табылады:
1) астананың, республикалық маңызы бар қаланың және облыстық маңызы бар қаланың аумағындағы сауда базары, автодүкендерді қоспағанда, ішінде стационарлық емес сауда объектілерін орналастыруға болатын бір және одан да көп стационарлық сауда объектілерінен тұрады;
2) аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың аумағындағы сауда базары стационарлық және (немесе) стационарлық емес сауда объектілерінен тұрады.
7. Арнаулы сауда базары тауарлардың жалпы санының жетпіс және одан да көп пайызы бір топтағы тауарларды сатуды жүзеге асыруға арналған сауда базары болып табылады.
Арнаулы сауда базары стационарлық және (немесе) стационарлық емес сауда объектілерін білдіреді.
8. Азық-түлік емес сауда залдарында заттарды (киім, аяқ киім) сату кезінде оларды киіп көру үшін жағдай жасалуға, ал ақаусыздығын тексеруді талап ететін күрделі-техникалық және басқа да тауарлар үшін – оны өткізуге арналған жағдай жасалуға тиіс.
9. Сауда базарын ұйымдастырған кезде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 4 тамыздағы № ҚР ДСМ-73 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23856 тіркелген) бекітілген "Тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларының (бұдан әрі – № ҚР ДСМ-73 бұйрығы), өрт қауіпсіздігі талаптары, сәулет, құрылыс, ветеринариялық, фитосанитариялық, экологиялық және басқа да талаптар сақталуға тиiс.
10. Сауда базарының әкімшілігі:
1) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына, осы Қағидаларға және сауда базарының бекітілген жұмыс регламентіне сәйкес сауда базарының жұмысын және оның жұмыс істеуі үшін жағдайларды;
2) сауда базарының аумағын уақтылы тазалауды және абаттандыруды;
3) сауда базарының аумағында және объектілерінде айына кемінде бір рет кестеге сәйкес санитариялық күн өткізуді;
4) сауда базарының аумағындағы сауда объектілері мен орындарына энергиямен, сумен, жылумен жабдықтау бөлігінде сервистік қызмет көрсетуді және Интернетке орнықты қосылуды, сондай-ақ жарамды сауда мүкәммалымен және бақылау таразыларымен, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес оларды пайдаланудың тиісті жағдайларымен қамтамасыз етуді;
5) қоғамдық тәртіпті, өрт қауіпсіздігін, күзет қызметін ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылдауды;
6) сауда базарының аумағына кірген кезде (базар типі, мамандануы, атауы, жұмыс режимі, сауда базары әкімшілігінің телефон нөмірлері көрсетілген) маңдайша (мемлекеттік және орыс тілдерінде) орналастыруды;
7) қосымша көрсетілетін қызметтердің бекітілген тізбесіне және сауда базарының бекітілген жұмыс регламентіне сәйкес белгіленген тарифтер бойынша қызметтер көрсету жөніндегі жұмысты;
8) №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесі арқылы жасалған сауда объектілерін, сауда орындарын жалға беру (пайдалану) шарттарына сәйкес сауда базары субъектілері мен объектілерінің қызметін;
9) сауда базарының меншік иесінің (иеленушінің) шешіміне сәйкес, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда сауда базарының әкімшілігі көрсететін қызметтер бойынша азаматтардың жекелеген санаттарына жеңілдіктер беру жөніндегі жұмысты;
10) құқық тәртібін және өрт қауіпсіздігін сақтау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік емес ұйымдарға, ветеринариялық қадағалау, карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау органдарына және басқаларға тұрақты пункттерді орналастыру үшін №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесі арқылы шарттық негізде қызметтік үй-жайлар беруді;
11) сауда базары субъектілерін №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесінде қосымша көрсетілетін қызметтер тізбесін бекіту туралы кемінде бір ай бұрын хабардар етуді;
12) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізетін сауда базары субъектілерін сауда базарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларының мөлшері туралы хабардар етуді;
13) сауда базары субъектілері мен сатып алушылар үшін сауда базары объектілерін орналастыру схемасын (схемаларын) орнатуды;
14) №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесіне мәліметтерді уақтылы және толық енгізу жөніндегі жұмысты;
15) сауда базарында сауда жасаушылар (жалға алушылар) туралы ақпаратты, сауда базарында өткізілетін тауарлар туралы мәліметтерді №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесіне жылына бір рет ұсынуды;
16) №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесінде QR-код арқылы жалға алушылардан алынған ескертулер мен ұсыныстарды кейіннен оларды жою және №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесі арқылы өтініш берушіге сауда базарының жұмыс регламентінде белгіленген мерзімдерде қарау нәтижелерін беру жөніндегі шаралар қабылдау үшін қарау жұмысын;
17) сатушылардың (жалға алушылардың) және олар иеленген сауда объектілерінің және (немесе) сауда орындарының осы Қағидаларда және сауда базарының жұмыс регламентінде белгіленген талаптарға сәйкестігінің мониторингін және мониторинг қорытындыларын №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесінде орналастыруды;
18) сауда базарының басшылығына жалға алушылардың ұсыныстар, шағымдар және өтініштер беруінің мүмкіндігі үшін әрбір жалға алынған сауда орнына QR-кодын орналастыруды ұйымдастырады.
11. Сауда базарының жұмыс регламенті және қосымша көрсетілетін қызметтер тізбесі №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесінде 25 қаңтардан кешіктірілмей орналастырылады.
Сауда базарының жұмыс регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді сауда базарының әкімшілігі осы сауда базарының меншік иесінің (иеленушінің) шешімі негізінде жүзеге асырады.
Мұндай өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпаратты сауда базарының әкімшілігі осындай шешім қабылданғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей енгізеді.
Сауда базарының жұмыс регламенті:
1) толық және (егер бар болса) қысқартылған атауын, оның ішінде фирмалық атауын, заңды тұлғаның ұйымдық-құқықтық нысанын, оның орналасқан жерін, мемлекеттік тіркеу нөмірін;
2) салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірін;
3) сауда базарының мамандануын;
4) сауда базарының схемасын;
5) авариялық немесе төтенше жағдайлар туындаған кезде эвакуациялау схемасын;
6) сауда базарында кезектен тыс қызмет көрсету құқығы немесе басқа да жеңілдіктер берілген азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін;
7) сауда орындарын ұсыну, қызметтер көрсету тәртібін және шарттарын, олардың сипаттамаларын, оларды ұсынғаны үшін құн мөлшерін;
8) жалға беру (пайдалану) шартының талаптарын, оның ішінде оны бұзу тәртібін және негіздерін;
9) тарифке енгізілетін негізгі шығындардың сипаттамасын қамтитын сауда орындарын жалға беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге тариф белгілеу тәртібін, тарифке өзгерістер енгізу мерзімдерін және тәртібін қамтиды.
12. Сауда базарының техникалық персоналы сауда базары аумағында шаруашылық қызметті арнайы киім киіп жүзеге асырады, сондай-ақ сауда базарының жұмыс регламентінің талаптарын сақтайды.
13. Қосымша көрсетілетін қызметтер тізбесінде базар әкімшілігі көрсететін барлық қызметтер қамтылуға тиіс.
Мыналар қосымша көрсетілетін қызметтер тізбесіне кіреді:
1) көрсетілетін қызметтердің атауы;
2) көрсетілетін қызметтердің құны;
3) көрсетілетін қызметтердің сипаттамасы және олардың сандық көрсеткіштері.
14. Сауда қызметін жүзеге асыратын сауда базарының субъектісі:
1) отандық тауар өндірушілердің қатар орналасқан арнайы маңдайшамен немесе "Қазақстанда жасалған" деген жазумен бірнеше тауары үшін орнатуға рұқсат етілетін отандық тауар өндірушінің тауарлары қойылатын орындарды белгілейді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сауда қызметін жүзеге асыру кезінде қойылатын міндетті талаптарды, сондай-ақ сауда базарының бекітілген жұмыс регламентін сақтайды;
3) №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесінде сатылатын тауарлардың қауіпсіздігі жөніндегі қажетті құжаттардың болуын декларациялайды;
4) №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесінде QR-код арқылы сауда базары әкімшілігінің және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органның атына ескертулер мен ұсыныстарды кейіннен оларды жою және қарау нәтижелерін өтініш берушіге Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе сауда базарының жұмыс регламентінде белгіленген мерзімдерде №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесі арқылы ұсыну жөнінде шаралар қабылдау үшін жолдайды;
5) сауда қызметін, тауарларды көтерме және бөлшек саудада сатуды, оның ішінде көрсетілетін қызметтерді жүзеге асырған кезде Қазақстан Республикасының салық және азаматтық заңнамасына сәйкес кассалық режимді және құжаттарды ресімдеуді сақтайды.
15. Сауда базарының меншік иесі (иеленуші) Заңның 10-бабы 2-3-тармағының талаптарын сақтайды, басқару мен өндірудің заманауи технологияларын енгізуді ескере отырып, сауда базарының орта мерзімді, ұзақ мерзімді жоспарларын (даму стратегияларын, инвестициялық бағдарламаларды) әзірлейді және бекітеді.
16. Коммуналдық сауда базары:
1) шешімі осы коммуналдық базарды құруға негіз болған жергілікті атқарушы орган бекіткен сауда базарының жұмыс регламентіне сәйкес өз қызметін жүзеге асырады;
2) жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, халықтың әлеуметтік осал топтарына әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері бойынша:
сауда базарының жұмыс регламентіне сәйкес заңнамалық түрде кезектен тыс қызмет көрсету құқығы немесе басқа да жеңілдіктер берілген азаматтардың жекелеген санаттарына қызметтер көрсету;
өз қосалқы шаруашылығының өнімін өткізетін азаматтарға сауда орындарын ақы алмай ұсыну жолымен әлеуметтік маңызы бар міндеттерді орындайды.
3) коммуналдық базарда азық-түлік тауарларын өткізу үшін сауда орындарының кемінде 70 %-ы бөлінеді, оның ішінде сауда орындарының кемінде 10 %-ы өз өнімдерін өткізу үшін тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге беріледі.
Бұл ретте азық-түлік тауарларын өткізу үшін сауда орындарының нақты санын және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін сауда орындарын айқындауды коммуналдық базар әкімшілігі жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша жүзеге асырады.
17. Коммуналдық базар әкімшілігі:
1) осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген қызметті жүзеге асырады;
2) облыстың, қаланың, ауданның жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша коммуналдық базарда өткізілетін азық-түлік тауарларына ұсынылатын бөлшек сауда бағаларын апта сайын белгілейді;
3) облыстың, қаланың, ауданның жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша жылына бір реттен жиі болмайтын түзету мүмкіндігімен көрсетілетін қызметтердің барлық түрлері (сауда алаңдарын жалға алу, тауарларды сақтау, қоймалау, сұрыптау және өлшеп-орау, сондай-ақ жүк және жеңіл автокөліктің кіруі мен тұрағы) бойынша тіркелген тарифтерді жыл сайын белгілейді;
4) сауда базарына кіреберісте, оның ішінде №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйеде "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 11 мамырдағы № 166-НҚ бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32474 болып тіркелген) бекітілген Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ағымдағы бөлшек сауда бағалары туралы ақпараттық стенд орналастырады. Ақпараттық стендте өзге азық-түлік тауарларының ағымдағы бөлшек сауда бағалары туралы ақпарат қамтылуы мүмкін.
Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Сауда және интеграция министрінің 13.11.2023 № 406-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.18. Көтерме және көтерме-бөлшек базарларында тауарларды көтерме саудада сатуды жүзеге асыратын осы базарлардың субъектілері:
1) сауда базарларының, оның ішінде тауарларды қоймаға жинау мен сақтау жөніндегі қызметіне қойылатын ҚР ДСМ-73 бұйрығы талаптарын;
2) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу және метрология саласындағы заңнамасына сәйкес жабдықтар мен тауарларға қойылатын талаптарды;
3) Қазақстан Республикасының салық және азаматтық заңнамасына сәйкес құжаттаманы жүргізу және есептілік жөніндегі талаптарды сақтайды.
19. Сауда базарларында:
1) орналастыру схемасына сәйкес сауда орындары, әкімшілік-тұрмыстық, қойма үй-жайлары және ортақ пайдаланылатын орындар жабдықталуға тиіс.
Сауда базарының схемасы жасалған жалға беру (пайдалану) шарттарына сәйкес әкімшілік және қойма аймақтарының, дүкендердің, дүңгіршектердің, жылжымалы сөрелердің, шатырлардың (павильондардың), сауда объектілерінің, сауда орындарының, автодүкендердің және вендинг автоматтарының орналасқан орны көрсетілген экспликация түріндегі ақпаратты қамтиды;
2) көруге ыңғайлы орындар жабдықталуға тиіс, онда мыналар орналастырылады:
сауда орындарының сауда базарында орналасу схемасын қамтитын ақпарат;
бос сауда орындарының бар-жоғы туралы ақпарат;
3) ұйым қызметкерлерінің адамдарды қауіпсіз аймаққа қауіпсіз эвакуациялауды жүргізу, өртке қарсы қызметті және басқа қызметтерді шақыру және өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін өртті сөндіруді ұйымдастыру жөніндегі іс-қимыл тәртібін қамтитын өрт, авариялық, төтенше жағдай туындаған кезде адамдарды эвакуациялау жоспары болуға тиіс;
4) сауда орындарын жалға (пайдалануға) беру жөнінде келіссөздер жүргізуге уәкілетті тұлғаның байланыс деректері (телефон нөмірі және (немесе) электрондық мекенжайы) болуға тиіс;
5) Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасында көзделген ақпарат болуға тиіс;
бақылауға арналған өлшем құралдарының орналасқан жері туралы ақпарат, пікірлер мен ұсыныстар кітабы болуға тиіс;
6) сауда базары әкімшілігінің, мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы, ветеринария және өсімдіктер карантині жөніндегі органдардың, сауда базарының жұмысына қатысты мәселелер туындаған жағдайда жүгіну қажет ішкі істер бөлімінің телефон нөмірлері болуға тиіс;
7) санитариялық-ветеринариялық сараптама жүргізу үшін азық-түлік тауарларын іріктеу нормалары (мұндай ақпаратты ет және жеміс-көкөніс павильондарында орналастыру) болуға тиіс;
8) сауда қатарларына (жеміс-көкөніс, ет, сүт, тұрмыстық тауарлар, киім, аяқ киім және басқалары), қоғамдық тамақтандыру объектілеріне, бақылауға арналған өлшем құралдарына, автобус аялдамаларына, шығатын есіктерге және басқаларға баратын бағыттар көрсеткіштермен жарақтандырылуға тиіс;
9) қажетті сауда мүкәммалымен, жабдықпен, оның ішінде "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес қолдануға рұқсат етілген бақылауға арналған өлшем құралдарымен жарақтандырылуға тиіс;
10) әрбір азық-түлік сауда залында бақылауға арналған өлшем құралдары орнатылады;
11) дүңгіршек, жылжымалы сөре, сауда орны, шатыр (павильон), автодүкен, автомат, вендинг автоматы, дүкен сауда базарының схемасына және №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесі арқылы жасалған жалға алу (сауда орнын беру туралы) шартына сәйкес сауда базарының әкімшілігі арнайы белгілеген жерде орналастырылады.
20. Қоғамдық тамақтандыру, сауда, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету және әлеуметтік мақсаттағы объектілерді сауда базарының аумағында орналастыру және жабдықтау № ҚР ДСМ-73 бұйрығының талаптары сақтала отырып жүргізіледі.
21. Сауда базарының аумағындағы энергиямен, сумен, жылумен жабдықтау және интернетке орнықты қосылу Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сай болуға тиіс.
22. Тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдерін, азық-түлік шикізатын, тауарларды сақтау және сауда базарында өткізу № ҚР ДСМ-73 бұйрығының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
23. № 123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесінде сауда объектілерін және (немесе) сауда орындарын жалға (пайдалануға) беру туралы шартта мынадай мәліметтер болуға тиіс:
1) жеке тұлға үшін – дара кәсіпкердің тегі, аты және (бар болса) әкесінің аты, оның тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжаттың деректері, дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер;
2) заңды тұлға үшін – жалға алушының толық және (егер бар болса) қысқартылған атауы, оның ішінде фирмалық атауы және заңды тұлғаның ұйымдық-құқықтық нысаны, оның орналасқан жері, мемлекеттік тіркеу нөмірі;
3) жеке немесе заңды тұлғаның сәйкестендіру нөмірі;
4) сауда орны берілген мерзім және оны пайдалану мақсаттары;
5) шартты өзгерту, бұзу талаптары.
24. Меншік иесі (иеленуші) және (немесе) сауда базарының әкімшілігі осы Қағидаларды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жауапты болады.
25. Халықтың декреттелген тобына жататын сауда қызметінің субъектілері мен сауда базарының жұмыскерлері санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға, сондай-ақ "Міндетті медициналық қарап-тексерулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ оларды жүргізу тәртібі мен мерзімділігін, зертханалық және функционалдық зерттеулердің көлемін, медициналық қарсы көрсетілімдерді, зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың, жұмысқа орналасқан кезде орындау кезінде міндетті алдын ала медициналық қарап-тексерулер және мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексерулер жүргізілетін кәсіптер мен жұмыстардың тізбесін және "Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулерден өткізу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығына (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 16 қазанда № 21443 тіркелген) сәйкес медициналық қарап-тексеруден өтуге тиіс.
26. Сауда қызметiнiң субъектiсi Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапты болады.
27. Жүкқұжаттардың түпнұсқалары және нормативтік актілерде көзделген тауарлардың сәйкестігі мен қауіпсіздігін растайтын тауарға ілеспе басқа құжаттар сауда қызметі субъектісінде бүкіл жұмыс уақыты ішінде сақталады және бақылаушы органдар мен сауда базарының әкімшілігі, сондай-ақ тұтынушылар талап ете салысымен ұсынылады.
28. Сауда орнын үшінші тұлғаға беру тараптардың келісуі бойынша (сауда қызметінің субъектісі және сауда базарының меншік иесі (иеленуші) №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесінде жүргізіледі.
29. Сауда қызметінің субъектілері, сауда базарының меншік иесі (иеленуші) және (немесе) сауда объектілерін, сауда объектілеріндегі сауда орындарын, оның ішінде сауда базарларында жалға (пайдалануға) беруші дара кәсіпкерлер, заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық міндеттемелерін орындайды.
30. Сауда базарында айналысқа техникалық реттеу, сондай-ақ тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен олардың сауда базары айналысының белгіленген қағидаларына сәйкес тауарлар (өнімдер) жіберіледі.
31. Сатылған уақытта сапасын жоғалтқан және сапасыз санатқа өткен тауар сатудан алынады.
Өнімдер мен тауарларды жою немесе одан әрі өңдеу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Уақытша сақтауға орналастырылған тауарлар ыдысқа қапталуға тиіс. Тауарлар сақтау үй-жайларында тауарларды қатар қою қағидаттары, қоймалау нормалары, сақтау режимі сақтала отырып орналастырылады.
32. Сауда базарының иесі (иеленуші):
1) энергиямен, сумен, жылумен жабдықтау жағдайларын және Интернетке орнықты қосылуды, сондай-ақ сауда базарында тауарларды қабылдау, сақтау, сату (жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету) үшін тиісті инфрақұрылымдық жағдайларды қамтамасыз етеді;
2) №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесі арқылы сауда базарының қызметін тоқтату немесе тоқтата тұру туралы шешім қабылданғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде базар субъектілерін және уәкілетті органды осы шешім туралы хабардар етеді;
3) азаматтардың жекелеген санаттарына сауда базарының әкімшілігі көрсететін қызметтер бойынша, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жеңілдіктер беру туралы шешімдер қабылдайды;
4) №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесінде сауда объектілерін және (немесе) сауда орындарын жалға беру (пайдалану) шарттарын жасасады;
5) сауда базарының жұмыс регламентін және №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесінде қосымша көрсетілетін қызметтер тізбесін бекітеді;
6) сауда базарының субъектілерін және уәкілетті органды №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйеде 6 (алты) ай бұрын міндетті түрде хабардар ете отырып, сауда орнының жалдау құнының тарифін жылына бір реттен асырмай бекітеді;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Қағидаларға және сауда базарының бекітілген жұмыс регламентіне сәйкес сауда базары әкімшілігінің жұмысын бақылайды және қамтамасыз етеді.
8) жалға алушылардың ескертулері мен ұсыныстарын қарайды және оларды №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесі арқылы сауда базарының жұмыс регламентінде белгіленген мерзімдерде жою жөнінде шешім қабылдайды;
9) сауда базарының субъектілері мен объектілері туралы барлық қажетті мәліметтерді уәкілетті органдардың лауазымды адамдарына тексеру жүргізуге ұсыну жолымен жәрдем көрсетеді және осындай тексерулер барысында анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдайды, анықталған бұзушылықтар жойылмаған жағдайда алдын ала хабардар етпей, №123-НҚ бұйрығына сәйкес бекітілген ақпараттық жүйесінде жалдау шартын бұзады.
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сауда базарының қызметіне және оның әкімшілігінің жұмысына жауапты болады.