"Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-3-бабының 30) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Формальды емес білім беру арқылы алынған оқыту нәтижелерін, сондай-ақ кәсіптік біліктілікті тану нәтижелерін тану қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. Мыналардың:
1) "Формальды емес білім беретін, танылған ұйымдардың тізбесіне енгізілген ұйымдар беретін формальды емес білім арқылы ересектер алған оқу нәтижелерін тану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 28 қыркүйектегі № 508 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17588 болып тіркелген);
2) "Формальды емес білім беретін, танылған ұйымдардың тізбесіне енгізілген ұйымдар беретін формальды емес білім арқылы ересектер алған оқу нәтижелерін тану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 28 қыркүйектегі № 508 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы 2023 жылғы 17 шiлдедегi № 212 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 33137 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін және оны ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі |
Г. Бейсембаев |
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі |
С. Нурбек |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау
министрлігі
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі 2023 жылғы 24 қазандағы № 322 мен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі 2023 жылғы 24 қазандағы № 544 бірлескен бұйрығына қосымша |
Формальды емес білім беру арқылы алынған оқыту нәтижелерін, сондай-ақ кәсіптік біліктілікті тану нәтижелерін тану қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Формальды емес білім беру арқылы алынған оқыту нәтижелерін, сондай-ақ кәсіптік біліктілікті тану нәтижелерін тану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-3 - бабының 30) тармақшасына сәйкес әзірленді және формальды емес білім беру арқылы алынған оқыту нәтижелерін, сондай-ақ кәсіптік біліктілікті тану нәтижелерін тану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:
1) кәсіптік біліктілік – кәсіп бойынша еңбек функцияларын орындау үшін талап етілетін құзыреттерді меңгеруді сипаттайтын кәсіптік даярлық дәрежесі;
2) кәсіптік біліктілікті тану – кандидаттың кәсіптік стандарттардың талаптарына, ал олар болмаған кезде – біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалау және ол туралы шешім қабылдау рәсімі;
3) кәсіптік біліктілікті тану орталығы (бұдан әрі – Тану орталығы) – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген, кәсіптік біліктілікті тануды жүзеге асыратын заңды тұлға;
4) кәсіптік біліктілікті тану туралы құжат – кандидаттың кәсіптік біліктілігінің белгілі бір кәсіп бойынша еңбек функцияларын орындауға қойылатын талаптарға сәйкестігін куәландыратын құжат;
5) оқыту нәтижелері – білім алушылардың білім беру бағдарламасын меңгеру бойынша алған, көрсететін білімінің, іскерліктерінің, дағдыларының бағалаумен расталған көлемі және қалыптасқан құндылықтар мен қарым-қатынастар;
6) формальды емес білім беру – оқыту орны, мерзімдері мен нысаны ескерілмей, білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдар жоспарлаған, ұйымдастырған және жүзеге асыратын және оқыту нәтижелерін растаушы құжат беріле отырып, жүргізілетін білім беру түрі.
2-тарау. Формальды емес білім беру арқылы алынған оқыту нәтижелерін тану тәртібі
3. Формальды емес білім берудің оқыту нәтижелерін тануды техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) дербес жүзеге асырады.
4. Формальды емес білім беру бағдарламасын білім алушы (тыңдаушы) формалды емес (қосымша) білім беру қызметтерін көрсететін ұйымдарда және (немесе) формальды білім беру ұйымдарында (оқу орны бойынша не өзге де білім беру ұйымдарында) игереді.
5. Білім беру ұйымдарында формальды емес оқыту нәтижелерін тану формалды емес білім беру бағдарламасы мазмұнының және (немесе) оқыту нәтижелерінің білім беру бағдарламасының білім алушысы (тыңдаушысы) меңгеретін оқу пәнінің немесе модульдің мазмұнына және (немесе) оқыту нәтижелеріне сәйкестігін бағалау негізінде жүзеге асырылады.
6. Формальды емес білім беру бағдарламасы мазмұнының және (немесе) оқыту нәтижелерінің оқу пәнінің немесе модульдің мазмұнына және (немесе) оқыту нәтижелеріне сәйкестігін бағалау оқытудың тұжырымдалған нәтижелерін және салыстырылатын бағдарламалардың құзыреттерін, олардың көлемін (академиялық сағаттарда және (немесе) академиялық кредиттерде), оқыту мақсаттарын, оқу жетістіктерін (білімдерін) бағалауды салыстыру жолымен жүргізіледі.
7. Бағдарламалардың көлемін салыстыру кезінде білім беру бағдарламасының бір академиялық кредитінің бастапқы еңбек сыйымдылығы үшін - техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында – 24 академиялық сағат және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында – 30 академиялық сағат қабылданады.
8. Формальды емес білім беру оқыту нәтижелерін тану кезінде салыстырымдылықты қамтамасыз ету үшін білім алушылардың (тыңдаушылардың) оқу жетістіктерін бағалаудың балдық-рейтингтік әріптік жүйесіне негізделген формальды емес (қосымша) білім берудегі білімді, дағдылар мен құзыреттерді бағалау жүйесі қолданылады.
Формальды емес білім берудің оқу жетістіктері мен білімдерін бағалаудың басқа жүйелерін қолдану кезінде білім беру ұйымы бағаларды балдық-рейтингтік әріптік бағалау жүйесіне ауыстыру шкаласын әзірлейді.
9. Формальды емес білім берудің оқу нәтижелері мен құзыреттерін салыстыру бағдарламалардың мазмұнын, олардың мақсаттары мен толықтығын зерделеу арқылы оқу пәнінің силлабусын немесе білім беру бағдарламасының модулін қамтуды жүзеге асырады.
10. Формальды емес білім беруді оқыту нәтижелерін растайтын құжат "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім туралы құжаттардың түрлерін, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың нысандарын және оларды есепке алу мен беру қағидаларын, білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттардың мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды және оларды есепке алу мен беру қағидаларын, сондай-ақ білім беру ұйымдарында білім алуды аяқтамаған адамдарға берілетін анықтаманың нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 28 қаңтардағы № 39 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10348 болып тіркелген) нысан бойынша берілетін кәсіптік даярлау туралы куәлік болып табылады.
Куәліктің көлемі (академиялық кредиттерде және (немесе) сағаттарда) және бағалары көрсетіле отырып, бағдарламаның зерделенген курстарының, оқу пәндерінің (модульдерінің) атаулары көрсетілетін еркін нысаны мен қосымшасы болады.
11. Формальды емес білім беруді оқыту нәтижелерін тану үшін білім беру ұйымының бірінші басшысының (ректорының) немесе оны алмастыратын адамның бұйрығымен Формальды емес білім беруді оқыту нәтижелерін тану жөніндегі Комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) қызметі және оның құрамы туралы ереже бекітіледі.
Комиссия құрамына білім беру ұйымының академиялық, басқару персоналының өкілдері, оқытушылары, сондай-ақ өндірістік оқыту шеберлері (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында) кіретін 7 (жеті) адамнан аспайтын мүшелердің тақ санынан тұрады.
12. Комиссия төрағасы мен төрағаның орынбасары Комиссияның бірінші отырысында оның мүшелері арасынан көпшілік дауыспен ашық дауыс беру арқылы сайланады.
Комиссия төрағасы Комиссия қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, Комиссия отырыстарын өткізеді. Комиссия төрағасы болмаған жағдайда оның функцияларын төрағаның орынбасары орындайды.
Комиссия хатшысының функцияларын Комиссия мүшесі болып табылмайтын білім беру ұйымының маманы орындайды.
13. Білім алушы (тыңдаушы) формальды емес білім берудің оқыту нәтижесін (нәтижелерін) тану үшінакадемиялық кезеңнің басталуына дейін 10 (он) жұмыс күн ішінде Комиссияның қарауына мынадай құжаттарды ұсынады:
1) Комиссия төрағасының атына еркін нысанда формальды емес білім берудің оқыту нәтижелерін тану туралы өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
3) формальды емес білім берудің оқыту нәтижелерін растайтын құжат (куәлік).
14. Комиссия алынған құжаттарды сараптама жүргізу үшін 3 (үш) жұмыс күн ішінде сараптама тобына жібереді (сараптама қорытындысы).
15. Сараптама тобының құрамы білім беру ұйымының бірінші басшысының (ректорының) немесе оны алмастыратын тұлғаның бұйрығымен бекітіледі, оған білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес келетін өндірістік қызмет саласының тәжірибелі оқытушылары мен практикалық қызметкерлері кіреді.
16. Сараптама тобы құжаттарды 5 (бес) жұмыс күні ішінде формальды емес білім беруді оқыту нәтижелерінің білім беру ұйымының білім беру бағдарламасының оқыту нәтижелеріне сәйкестігі тұрғысынан қарайды.
Қарау нәтижелері бойынша формальды емес білім беруді оқыту нәтижелерінің білім алушы (тыңдаушы) меңгеретін білім беру бағдарламасының оқу нәтижелеріне, бағдарламаның мақсаттарына, бағдарлама көлеміне және бағалауға сәйкестігін міндетті түрде бағалай отырып, еркін нысанда сараптамалық қорытынды жасалады.
Осы сараптамалық қорытынды қарау және шешім қабылдау үшін Комиссияға беріледі.
17. Комиссияның шешімі отырысқа қатысушы Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады және хаттамамен еркін нысанда ресімделеді.
18. Комиссия отырысының хаттамасынан үзінді көшірмені Комиссия хатшысы меңгерілген оқу пәндері (модульдері), бағдарламалары туралы мәліметтерді олардың атауын, академиялық кредиттердегі көлемін және (немесе) сағатын, бағалауын және формальды емес білім беруді оқыту нәтижелерін білім алушының (тыңдаушының) транскриптіне қайта есептеу туралы көрсете отырып енгізу үшін оқу бөліміне (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында) немесе тіркеуші кеңсесіне (жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында) береді.
19. Білім алушы (тыңдаушы) келесі академиялық кезеңдерде қайта есептелген оқу пәндерін (модульдерін) оқудан босатылады.
3-тарау. Кәсіптік біліктілікті тану нәтижелерін тану тәртібі
20. Кәсіптік біліктілік нәтижелерін тануды Тану орталығы берген кәсіптік біліктілікті тану туралы құжат негізінде білім беру ұйымдары жүзеге асырады.
Кәсіптік біліктілікті тануды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 6 қыркүйектегі № 374 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33387 болып тіркелген) бекітілген Кәсіптік біліктілікті тану қағидаларына сәйкес тану орталықтары жүзеге асырады.
21. Кәсіптік біліктілік нәтижелерін тану үшін білім беру ұйымының бірінші басшысының (ректорының) немесе оны алмастыратын адамның бұйрығымен Формальды емес білім беруді оқыту нәтижелерін тану жөніндегі Комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) қызметі және оның құрамы туралы ереже бекітіледі.
22. Комиссия құрамына білім беру ұйымының академиялық, басқару персоналының өкілдері, оқытушылары, сондай-ақ өндірістік оқыту шеберлері (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында) кіретін 7 (жеті) адамнан аспайтын мүшелердің тақ санынан тұрады.
23. Комиссия төрағасы мен төрағаның орынбасары Комиссияның бірінші отырысында оның мүшелері арасынан көпшілік дауыспен ашық дауыс беру арқылы сайланады.
Комиссия төрағасы Комиссия қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, Комиссия отырыстарын өткізеді. Комиссия төрағасы болмаған жағдайда оның функцияларын төрағаның орынбасары орындайды.
Комиссия хатшысының функцияларын Комиссия мүшесі болып табылмайтын білім беру ұйымының маманы орындайды.
24. Білім алушы (тыңдаушы) кәсіптік біліктілік нәтижелерін тану үшін академиялық кезеңнің басталуына дейін 10 (он) жұмыс күні ішінде Комиссияның қарауына мынадай құжаттарды ұсынады:
1) Комиссия төрағасының атына еркін нысанда формальды емес білім берудің оқыту нәтижелерін тану туралы өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
3) тану орталығы берген кәсіптік біліктілікті тану туралы растайтын құжат.
25. Комиссия алынған құжаттарды сараптама жүргізу үшін 3 (үш) жұмыс күн ішінде сараптама тобына жібереді (сараптама қорытындысы).
26. Сараптама тобының құрамы білім беру ұйымының бірінші басшысының (ректорының) немесе оны алмастыратын тұлғаның бұйрығымен бекітіледі, оған білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес келетін өндірістік қызмет саласының тәжірибелі оқытушылары мен практикалық қызметкерлері кіреді.
27. Сараптама тобы құжаттарды 5 (бес) жұмыс күні ішінде кәсіптік біліктілік нәтижелерінің білім беру ұйымының білім беру бағдарламасының оқыту нәтижелеріне сәйкестігі тұрғысынан қарайды.
Қарау нәтижелері бойынша кәсіптік біліктілік нәтижелерінің білім алушы (тыңдаушы) меңгеретін білім беру бағдарламасының оқу нәтижелеріне, бағдарламаның мақсаттарына, бағдарлама көлеміне және бағалауға сәйкестігін міндетті түрде бағалай отырып, еркін нысанда сараптамалық қорытынды жасалады.
Сараптамалық қорытынды қарау және шешім қабылдау үшін Комиссияға беріледі.
28. Комиссияның шешімі отырысқа қатысушы Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және хаттамамен еркін нысанда ресімделеді.
29. Комиссия отырысының хаттамасынан үзінді көшірмені комиссия хатшысы меңгерілген оқу пәндері (модульдері), бағдарламалары туралы мәліметтерді олардың атауын, академиялық кредиттердегі көлемін және (немесе) сағатын, бағалауын және кәсіптік біліктілік нәтижелерін білім алушының (тыңдаушының) транскриптіне қайта есептеу туралы көрсете отырып енгізу үшін оқу бөліміне (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында) немесе тіркеуші кеңсесіне (жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында) береді.
30. Кәсіптік біліктілік нәтижелерін тану үшін білім алушы (тыңдаушы) келесі академиялық кезеңдерде қайта есептелген оқу пәндерін (модульдерін) оқудан босатылады.
Кәсіптік біліктілікті тану нәтижелері білім алушының (тыңдаушының) транскриптіне енгізіледі.