Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңының 6-бабының 1-тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес, Абай облысы мәслихаты ШЕШТІ:
1. Абай облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Абай облысы мәслихатының төрағасы | |
К. Сулейменов |
Абай облысы мәслихатының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 2/17-VIII шешімнің қосымшасы |
Абай облысында жылу маусымына дайындық және өткізу қағидасы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Абай облысында жылу маусымына дайындық және өткізу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының заңдары, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 211 "Жылу энергиясын пайдалану қағидаларын бекіту туралы" бұйрықтары (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10234 болып тіркелген) (бұдан әрі – Энергия өндіруші), "Энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алу қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 2 ақпандағы № 55 бұйрығы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10516 болып тіркелген) (бұдан әрі – жұмысқа әзірлік паспортын алу қағидалары) негізінде әзірленді.
2. Қағида Абай облысының жергілікті атқарушы органдарының, тұрғын үй-коммуналдық және энергетикалық кешен кәсіпорындары мен ұйымдарының энергетикалық кешен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін жылу беру маусымына дайындау жөніндегі қызметінің тәртібін үйлестіреді.
3. Облыстың тұрғын үй-коммуналдық және отын – энергетикалық кешеніне кіретін ұйымдар мен мекемелер тұтынушыларды тұрақты жылумен жабдықтауды, сумен жабдықтауды, электрмен жабдықтауды, газбен жабдықтауды, отынмен жабдықтауды және су бұруды қамтамасыз етеді, сондай – ақ энергия көздерінің қажетті параметрлерін сақтайды және тұрғын үйлер мен ғимараттардағы олардың мақсаты мен энергия тұтынудың төлем тәртібін ескере отырып, нормативтік температуралық режимді қамтамасыз етеді.
4. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) энергия беруші ұйым – шарттар негізінде электр немесе жылу энергиясын беру жөніндегі қызметтер көрсететін ұйым;
2) энергиямен жабдықтаушы ұйым – сатып алынған электр және (немесе) жылу энергиясын тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын ұйым;
3) энергия өндіруші ұйым – электр және (немесе) жылу энергиясын өз қажеттіліктері және (немесе) Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасына сәйкес электр және (немесе) жылу энергиясының жеке тұтынушылары мен электр энергиясының нетто – тұтынушылары болып табылатын осындай тұтынушыларды қоспағанда, көтерме сауда нарығында электр энергиясын сатып алушыларға, жылу энергиясын тұтынушыларға өткізу үшін өндіруді жүзеге асыратын ұйым;
4) басқарушы компания – жасалған шарт негізінде кондоминиум объектісін басқару жөніндегі қызметтерді көрсететін жеке немесе заңды тұлға;
5) тұтынушы – коммуналдық қызметтерді пайдаланатын немесе пайдалануға ниет білдірген жеке немесе заңды тұлға;
6) коммуналдық көрсетілетін қызметтер – тұтынушыға ұсынылатын, қауіпсіз және жайлы тұру (болу) жағдайларын қамтамасыз ету үшін сумен жабдықтауды, су бұруды, газбен жабдықтауды, электрмен жабдықтауды, жылумен жабдықтауды, қоқыс жоюды, лифтілерге қызмет көрсетуді қамтитын қызметтер;
7) кондоминиум объектісі – Қазақтан Республикасының заңнамасына сәйкес кондоминиум нысанындағы жылжымайтын мүлікке меншік белгіленетін жер учаскесінен, бастапқы және қайталама объектілерден тұратын мүліктік кешен;
8) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау-кондоминиум объектісін басқару органымен жасалатын шартқа сәйкес сервистік қызмет субъектісі іске асыратын ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар жиынтығы;
9) сервистік қызмет субъектісі-жасалған шарт негізінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау жөнінде қызметтер көрсететін жеке немесе заңды тұлға;
10) температуралық кесте-жылыту жүйесіндегі жылу тасымалдағыш (су) температурасының сыртқы ауа температурасына тәуелділігі;
11) теңгерімдік тиесілілік шекарасы-энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдар мен тұтынушылар арасындағы, сондай-ақ тұтынушылар мен қосалқы тұтынушылар арасындағы жылу желісінің теңгерімдік тиесілігі бойынша айқындалатын және тараптардың пайдалану жауапкершілігін белгілейтін жылу желісін бөлу нүктесі;
12) дайындық паспорты-энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңде жұмысқа әзірлігін растайтын жыл сайын берілетін құжат;
13) °С – Цельсий градусы, халықаралық бірліктер жүйесінде (СИ) қолданылатын кең таралған температура бірлігі.
5. Абай облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін және әлеуметтік саласының энергетикалық кешенін күзгі-қысқы жағдайларда жұмысқа дайындау жыл сайын жүзеге асырылады.
6. Жылу беру маусымына дайындықты және оны өткізуді жалпы үйлестіруді облыстың атқарушы органы құрған облыстық жұмыс тобы жүзеге асырады.
7. Облыстың қалалары мен аудандарында жылу беру маусымына дайындықты және өткізуді ұйымдастыруды қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары құрған қалалық және аудандық жұмыс топтары жүзеге асырады.
8. Жылу маусымына дайындық және өткізуге байланысты іс-шаралар кешені бес кезеңнен тұрады:
1) жылу беру маусымына дайындық;
2) жылумен жабдықтау және жылу тұтыну жүйелерін іске қосу;
3) тұрақты жылумен жабдықтау температуралық кестеге және энергетикалық жүктемелердің қысқы ең жоғарғысынан өтуге сәйкес;
4) жылу беру маусымын аяқтау және жылыту жүйелерін өшіру;
5) жылуаралық кезеңде ыстық сумен жабдықтауды қамтамасыз ету.
9. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың басқарушы компаниямен және тұтынушылармен өзара қарым-қатынасы олардың арасында жасалған шарттармен, ал шарттар болмаған жағдайда Жылу энергиясын пайдалану қағидасына және Коммуналдық қызметтерді көрсету қағидаларына сәйкес анықталады.
10. Жылумен жабдықтау және жылу тұтыну объектілеріндегі аварияларды жою жылу энергиясын пайдалану Қағиданың 39-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
11. Инженерлік желілерде авариялық және жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін апат болған немесе ақау пайда болған көше жолдарында, орамішілік және аула аумақтарында асфальт жабынын, көгалдар мен жасыл желектерді қалпына келтіру жүргізіледі.
2-тарау. Жылу маусымына дайындық
12. Жылу маусымына дайындық және оны өткізу үшін жауапкершілік Абай облысының аумағында орналасқан кәсіпорындар, ұйымдар мен қызметтер, олардың ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан, қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарына жүктеледі.
Қалалар мен аудандардың әкімдері жыл сайын 31 желтоқсаннан кешіктірмей тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қызметті басқаруды және үйлестіруді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның қызметкерлері қатарынан келесі жылдың алдағы жылу маусымына дайындық үшін жауапты адамдарды бекітеді.
13. Жылу беру маусымына дайындықты және оны өткізуді жалпы үйлестіруді облыстың атқарушы органы құрған облыстық жұмыс тобы жүзеге асырады. Облыстың қалалары мен аудандарында жылу беру маусымына дайындықты және өткізуді ұйымдастыруды қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары құрған қалалық және аудандық жұмыс топтары жүзеге асырады. Жұмыс тобының құрамы, жұмыс тәртібі және шешімдер қабылдау жұмыс топтары туралы ережемен айқындалады.
14. Қалалар және аудандар әкімдіктері жыл сайын 1 маусымға дейін облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі атқарушы органына қалалық және аудандық коммуналдық меншіктегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілері бойынша қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары, сондай-ақ қарамағында осы объектілер бар облыстың атқарушы органдарының келесі күнтізбелік жылға арналған отынды тұтынудың шекті жылдық көлемін (лимиттерін) ұсынады.
15. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін кезекті жылу беру маусымына дайындау алдыңғы жылу беру маусымын өткізу кезеңінде анықталған ақаулар мен нормативтерден ауытқуларды жүйелендіруден, техникалық жай – күйін, нақты жұмыс режимдерін және белгіленген жабдықты пайдалану деңгейін талдаудан, жөндеу көлемін нақтылаудан, ұйымдастыру-техникалық іс-шаралардың тізбесін жасаудан, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге тапсырыстарды ресімдеуден, мердігерлік ұйымдармен шарттар жасасудан және т. б. басталады.
16. Жылу беру маусымына дайындық:
1) өткен жылу беру маусымы бойынша кемшіліктерді анықтау, анықталған ақаулар мен бұзушылықтарды жою бойынша іс – шараларды орындауды;
2) жылу беру маусымына дайындық жоспарын әзірлеуді;
3) қаржыландыру мәселелерін шешу және мердігерлік ұйымдармен шарттар жасасу, жөндеу және құрылыс – монтаж жұмыстарын материалдық –техникалық қамтамасыз етуді;
4) жылумен жабдықтау көздері мен орталық жылу пункттерінде қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізу, оның ішінде қазандықтарды, ыдыстарды, құбырларды қарау және сынақтан өткізуді;
5) жылу беру кестесін және жылу желілері жұмысының гидравликалық режимін әзірлеуді;
6) инженерлік желілерде, оның ішінде қайта жаңартуға, күрделі және ағымдағы жөндеуге, сынауға және шаюға байланысты жұмыстарды орындауды;
7) электр көздерінде, жылу көздерінде және инженерлік желілерде профилактикалық, жоспарлы жөндеулерді орындауды;
8) ғимараттарды (үйлерді) дайындау, ғимараттардың (үйлердің) ішіндегі инженерлік жүйелердің жабдықтарын жөндеу және ауыстыру, алдын алу жұмыстарын жүргізуді);
9) энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық объектілерінде технологиялық аварияларды жою және дүлей зілзалалардың зардаптарын жою үшін негізгі және резервтік отынның нормативтік қорларын, сондай – ақ материалдық – техникалық ресурстардың авариялық қорларын құруды;
10) отын қоймаларын дайындау, резервтік отын шаруашылықтарының инженерлік жабдықтарын, отын дайындау, отын беру, қож пен күлді жою жүйелерін, темір жол және автомобиль кірме жолдарын, өртке қарсы шаруашылықты жөндеуді орындауды қамтамасыз етуді енгізеді.
17. Жылумен жабдықтау көздері мен орталық жылу беру пункттеріндегі жұмыстар:
1) күзгі кезеңде жылу қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстар – қыркүйек айының 1-не дейін;
2) қысқы ең жоғары жүктемеден өту кезеңінде жылу қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстар – қазан айының 1-не дейін;
3) жылумен жабдықтау көздерін қамтамасыз ететін электр, су және газ коммуникацияларын жөндеу және алдын-алу жұмыстары 25 тамызға дейін аяқталуы тиіс.
Барлық жылу көздері бойынша қысқы кезеңіндегі жұмысқа әзірлік паспорттары Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың күзгі – қысқы кезеңде жұмысқа әзірлік паспортын алу қағидасына сәйкес белгіленген тәртіпте және мерзімдерде ресімделеді.
18. Жылумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін қажетті жылу желілеріндегі, ғимараттарға кірмелердегі және ішкі үй жүйелеріндегі жұмыстар тиісті жылдың қазан айының 1-не дейін аяқталуы тиіс.
19. Жылу желілерінде мынадай:
1) механикалық беріктікке және гидравликалық тығыздыққа;
2) жылу тасымалдағыштың ең жоғары температурасына сынақтарды өткізу қажет.
20. Жылумен жабдықтау көздері мен жылу желілерін жоспарлы жөндеу (тоқтату), сондай – ақ жылу желілеріне сынақтар жүргізу көктемгі – жазғы кезеңде жергілікті атқарушы органдармен келісілген кестелерге сәйкес жүзеге асырылады.
21. Жылумен жабдықтау көздерін жоспарлы жөндеу (аялдау), жылу желілерін жөндеу және қайта жаңарту, жылу желілерін гидравликалық сынау (беріктігі мен тығыздығына), жылу тасымалдағыштың ең жоғары температурасына жылу желілерін сынау бойынша келісілген және бекітілген кестелерді ұсыну мерзімі – ақпан айының 1-не дейін жергілікті атқарушы органға тапсырылады.
22. Жылумен жабдықтау көздері мен жылу желілерін жоспарлы жөндеу (тоқтату) кестелерін келіскеннен кейін энергиямен жабдықтаушы ұйым бір апта мерзімде оларды мүдделі ұйымдарға, оның ішінде: кондоминиум объектілерін басқару органдарына; тұтынушыларға; ішкі істер органдарына қолданыстағы желілерге кесумен байланысты жылумен жабдықтау көздерін, жылу желілерін және үйішілік жылумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңарту жөніндегі келісілген жобалары бар құрылыс ұйымдарға жеткізеді.
23. Жылу беру маусымының аяқталу мерзімі өзгерген және ауыстырылған кезде жөндеу мерзімдері тиісті мерзімге (өзгерген және ауыстырылған мерзімге) ауыстырылады.
24. Монтаждаудан, күрделі жөндеуден кейін жылу желілері және қайта жаңарту гидравликалық жуылады. Жылу желілерінің учаскелерін гидравликалық жуу авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын орындағаннан кейін де жүргізіледі.
25. Жөндеу және құрылыс ұйымдары жұмыс басталғанға дейін 15 күн бұрын жылу көздерінің немесе жылу желілерінің қолданыстағы жабдықтарында энергиямен жабдықтаушы ұйыммен жұмыс жүргізу кестесі. Егер жұмыстың технологиялық циклы ыстық сумен жабдықтауды ажырату кезеңіне қарағанда көп уақытты талап етсе, жұмысты ұйымдастыру жобасында тұтынушыларды ыстық сумен жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін іс-шаралар көзделеді.
26. Басқарушы компания (тұтынушылар) жыл сайын 10 мамырға дейінгі мерзімде энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен ғимараттарға, жеке жылу пункттеріне және үйішілік жүйелерге жылу беру маусымына әзірлікті ұсыну кестелерін келіседі. Ғимараттар мен үйішілік жүйелердің кірмелерін дайындау мерзімі ыстық сумен жабдықтауды ажырату кезеңімен сәйкес келуі тиіс. Келісілген кестелер жергілікті атқарушы органдарға ұсынылады.
27. Жылу маусымына дайындық барысында басқарушы компания, тұтынушылар тұрғын үй қорында жөндеу және алдын алу жұмыстарын жүргізеді.
28. Жұмыстарды орындағаннан кейін жылу тұтыну жүйелерін қабылдауды энергиямен жабдықтаушы ұйым жүзеге асырады және екі жақты актімен ресімделеді. Акт бойынша қабылданбаған жылу тұтыну жүйелері жылу маусымына дайындалмаған деп есептеледі және жылу энергиясын пайдалану қағидаларының 33-тармағының 5) тармақшасына сәйкес 10 жұмыс күні ішінде қайта куәландыруға жатады.
29. Жылу жүйелерін дайындағаннан кейін оларды сақтау желілік сумен толтыру арқылы жүзеге асырылады, одан әрі сыртқы желіден ажыратылады, қажет болған жағдайда штепсельдерді орнатады.
30. Жылумен жабдықтау көздерінің, орталық жылу пункттерінің, қалалар мен аудандардағы жылу желілерінің және тұтастай энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың жылу маусымына әзірлігін жергілікті атқарушы органдар құратын комиссиялар қыркүйек айының 1-күнінен кешіктірмей айқындайды.
31. Жаңадан қосылатын жылу пайдаланатын қондырғылар жобалық құжаттамаға сәйкес орындалады. Жылу қондырғылары мен желілерін пайдалануға қосқанға дейін Басқарушы компания, тұтынушы монтаждау ұйымымен бірлесіп, энергиямен жабдықтаушы ұйым өкілінің қатысуымен қажетті сынақтарды, реттеуді және жууды жүргізеді.
32. Басқарушы компания, тұтынушылар және энергиямен жабдықтаушы ұйымдар пайдалануға қабылдамаған жаңа құрылыс-үйлердің қазандықтарын, жылу желілерін, орталық жылу пункттерін, сорғы станцияларын, орталық жылу және ыстық сумен жабдықтау жүйелерін жылу маусымына дайындауды құрылыс ұйымдары қамтамасыз етеді. Қолданыстағы инженерлік коммуникацияларға қажетті жалғаулар 1 қыркүйекке дейін орындалуы тиіс.
33. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінде су құбыры желісінен су алудың ұлғаюына байланысты кез келген жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде энергиямен жабдықтаушы ұйымдар алдын ала (2-3 күн бұрын) бұл туралы сумен жабдықтау ұйымына хабарлауы тиіс.
Осы тармақтың талаптары орындалуы ерекше тәртіппен жүзеге асырылатын авариялық-қалпына келтіру жұмыстарына қолданылмайды.
34. Резервтік отын шаруашылықтарын жоспарлы-алдын ала жөндеу жұмыстары қыркүйек айының 15-не дейін аяқталуы тиіс, ал негізгі және резервтік отынның нормативтік қорлары қазан айының 1-не дейін құрылуы тиіс.
35. Басқарушы компания:
1) көтергіштерден, жылыту элементтерінен, реттеуші және тиекті арматурадан, элеватор торабынан, есепке алу тораптарынан, жылу энергиясын есепке алу аспаптарынан, құбыржолдың жылу оқшаулағышынан, сондай-ақ осы желілерде орналасқан басқа да жабдықтан тұратын жалпыүйлік (үйішілік) жылыту және ыстық сумен жабдықтау жүйесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, коммерциялық есепке алу аспаптарының және "Жылу энергиясын пайдалану қағидаларының" 63-тармағына сәйкес пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы шегінде жалпыүйлік меншікті құрайтын өзге де құралдардың сақталуын қамтамасыз етеді;
2) "Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, жалпыүйлік қажеттіліктерге пайдаланылатын жылу энергиясын үздіксіз тұтынуды қамтамасыз етеді, үйішілік инженерлік жүйелер мен жабдықтардағы шығындардың алдын алады;
3) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 72-бабының 4) тармақшасына сәйкес, жылумен жабдықтау жөніндегі энергиямен жабдықтаушы және энергия беруші ұйымдарға жылумен жабдықтау жөніндегі энергиямен жабдықтаушы және энергия беруші ұйымдар белгілеген пломбалардың бүтіндігі бұзылған жағдайлар туралы хабарлайды;
4) үйішілік инженерлік жүйелер мен жабдықтардың зақымдануын жояды;
5) энергиямен жабдықтаушы ұйымдар өкілдерінің коммерциялық есепке алудың үйге ортақ аспаптарына, үй ішіндегі инженерлік жүйелерге және жабдықтарға тұтынушылардың жылу тұтынатын қондырғыларына қол жеткізуін қамтамасыз етеді;
6) үйішілік инженерлік жүйелер мен жабдықтарды тиісті техникалық жай-күйде ұстау жөніндегі жөндеу және пайдалану жұмыстарын жүзеге асыру үшін үшінші тұлғаларды тартады, шарттар жасасады және олардың сервистік қызмет субъектілерімен орындалуын бақылайды;
7) авариялық жағдайлар туындаған жағдайларды қоспағанда, пәтерлердің (үй-жайлардың) меншік иелерін инженерлік жүйелер мен жабдықтардың жұмыс режимінің ажыратылғаны, сыналғаны немесе өзге де өзгергені туралы алдын ала хабардар етеді.
3-тарау. Жылумен жабдықтау және жылу тұтыну жүйелерін іске қосу. Жылу беру маусымының өтуі
36. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріндегі желілік су температураларының кестесін есептеу кезінде жылу беру кезеңінің басы мен соңы қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органының шешімімен бес тәулік ішінде сыртқы ауаның келесі белгіленген орташа тәуліктік температуралары кезінде қабылданады:
Жылытуды жобалау үшін сыртқы ауаның есептік температурасы минус 30°с дейінгі және жылытылатын ғимараттардың ішкі ауасының орташа есептік температурасы 18 °С аудандардағы 8 °С;
Жылытуды жобалау үшін сыртқы ауаның есептік температурасы минус 30°С төмен және жылытылатын ғимараттардың ішкі ауасының орташа есептік температурасы 20 °С аудандарда 10 °С.
37. Тұтынушылардың жылу жүйелерін қосу энергиямен жабдықтаушы ұйым жасаған және жылу көзімен келісілген кесте бойынша, қосылатын тұтынушылардың жылу энергиясын қабылдауға техникалық дайын болуын ескере отырып жүргізіледі.
38. Қосылу мынадай тәртіпте жүргізіледі:
1) балалар, емдеу, мектеп мекемелері, қарттар мен мүгедектер үйлері;
2) тұрғын үйлер, жатақханалар, қонақ үйлер;
3) қоғамдық ғимараттар, оқу орындары, театрлар, мәдениет үйлері;
4) өзге де ғимараттар.
39. Энергия беруші ұйым жылу беру маусымы басталғаннан кейін бір ай ішінде жылу желілерін және тұтынушыларға енгізулерді түпкілікті реттеуді жүргізеді. Кондоминиум объектісін басқару органы үйішілік жүйелерді түпкілікті реттеуді жүргізеді.
40. Тұтынушыларға берілетін жылу қуаты сапасын бақылау үшін жылу маусымы басталуына кемінде он күнтізбелік күн қалғанша температуралық кестені аудан әкімдерінің аппараттарына келісу үшін жолдайды.
41. Жылу беру маусымын өткізу кезінде кондоминиум объектілерін басқару органдары:
1) нормативтік техникалық құжаттама талаптарын сақтайды;
2) тұрғындардан шағым қабылдауды жүзеге асырады және оларды жою жөнінде шаралар қабылдайды;
3) энергиямен жабдықтаушы ұйымның жылу тұтыну режимдеріне қатысты техникалық талаптарын орындайды;
4) үйішілік жылу тұтыну жүйелерін реттеу жолымен барлық қыздыру аспаптарының біркелкі қызуын қамтамасыз етеді;
5) кондоминиум объектісінде су жылытқыштары болған кезде тоқсанына бір рет олардың тығыздығын тексеруді қамтамасыз етеді;
6) тұрғындарды жылумен жабдықтауды немесе сумен жабдықтауды шектеудің себептері мен болжамды ұзақтығы туралы подъездегі ақпараттық табло арқылы хабардар етеді;
7) жылу, су құбыры, кәріз желілері мен үйішілік жүйелердегі ағып кетуді жою жөнінде дереу шаралар қабылдайды;
8) желілік судың айналымы тоқтатылған кезде, сыртқы ауаның температурасы теріс болған кезде жылу тұтыну жүйелерінің қатып қалуын және істен шығуын болдырмау үшін іс-шараларды қамтамасыз етеді;
9) жергілікті жағдайларды ескере отырып, босату тәртібін, сондай-ақ жылу тасымалдағышты дренажсыз жылыту жүйесін ажыратудың рұқсат етілген ұзақтығын пайдалану жөніндегі нұсқаулықпен анықтайды;
10) энергия үнемдеу іс-шараларын жүргізеді.
4-тарау. Жылу беру маусымын аяқтау және жылуаралық кезеңде ыстық сумен жабдықтауды қамтамасыз ету
42. Сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы 10°С-тан жоғары және сыртқы ауа температурасының одан әрі көтерілуінің болжамы кезінде жергілікті атқарушы органдар және энергиямен жабдықтаушы ұйымдар жылу беру маусымын тұрақты оң температураның үшінші тәулігінен тоқтату туралы шешім қабылдайды.
43. Энергиямен жабдықтаушы ұйым үш күнтізбелік күн ішінде тұтынушыларды жылу маусымының аяқталғаны туралы және жылыту жүйесін ажырату қажеттілігі туралы хабардар етеді, жылу тұтыну жүйесін ажырату актілерін ресімдейді.
44. Жылу беру маусымының аяқталғаны туралы хабарланғаннан кейін кондоминиум объектілерін басқару органдары, тұтынушылар жылумен жабдықтау жүйелерін жазғы жұмыс режиміне (ыстық сумен жабдықтау) ауыстыру кезінде үзілуді болдырмау үшін бекіту арматурасының көмегімен ғимараттардың жылыту жүйелерін ажыратады, қажет болған жағдайда бітеуіштерді орнатады және жөндеу жұмыстары басталғанға дейін жүйені консервациялау үшін толтырылған желілік сумен қалдырады, сондай-ақ жылу тұтыну қондырғыларының су жылытқыштарын кептіруді және желдетуді орындайды және жазғы схема бойынша ыстық сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді.
45. Жылытуаралық кезеңде энергиямен жабдықтаушы ұйым:
1) Жабдықтар мен жылу желілерінің бекітілген жұмыс схемасы бойынша тұтынушыларды ыстық сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді;
2) қолайсыз метеожағдайларды (бұдан әрі – ҚМЖ) жариялау кезеңінде бактериялық зарарлану шарттары бойынша тікелей желілік су температурасының ыстық су жүйесінде +70 °С төмендеуіне жол бермей, хабарланатын ҚМЖ дәрежесіне сәйкес ұйымдастыру-техникалық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді.
3) Ыстық сумен жабдықтауды ажыратуға 15 тәуліктен аспайтын уақытқа рұқсат етіледі. Тұтынушыларға ыстық сумен жабдықтауды ажырату туралы кемінде 3 күн бұрын хабарланады.
5-тарау. Жаңа нысандарды қосу
46. Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның Қазақстан Республикасының электр энергиясы саласындағы заңнамасына сәйкес сапалы жылу энергиясымен жабдықтау техникалық мүмкін емес жағдайда тұтынушыларды жылумен жабдықтау жүйелеріне қосу жүргізілмейді.
47. Жергілікті атқарушы органдар желілерге рұқсатсыз қосылу бойынша энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға бақылауды жүзеге асырады.