Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 56 бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабының 2-3 тармағына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Келес аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.
2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Н. Шаулиев |
Келес аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 22 қыркүйектегі № 5-60-VIII шешіміне 1-қосымша |
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары
1 – тарау. Жалпы ережелер
1. Осы әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 56 бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабының 2-3 тармағына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Келес ауданының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша өтініштер қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Келес ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
4) әлеуметтік көмек – Келес ауданының әкімдігі мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;
5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Келес ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіби және өзге де мерекелері;
9) уәкілетті мемлекеттік орган – Түркістан облысының "Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі;
10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
3. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 1-тармағы 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағы 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағы 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидада көзделген тәртіппен көрсетіледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.
5. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Түркістан облысының жергілікті атқарушы органы бекіткен ережелердің негізінде жүзеге асырады.
2 – тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
6. Әлеуметтiк көмек мынадай санаттағы азаматтарға мереке және атаулы күндерi көрсетіледі:
1) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні:
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға - бір реттік 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) 7 мамыр – Отан қорғаушы күні:
бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (бұдан әрі - КСР Одағы) үкіметтік органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-теңіз флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілері, бұрынғы КСР Одағы ішкі істер министрлігінің басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда) - бір реттік 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға - бір реттік 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - бір реттік 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - бір реттік 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - бір реттік 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) 9 мамыр – Жеңіс күні:
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне - бір реттік 327 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға - бір реттік 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға - бір реттік 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлері, екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) - бір реттік 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшiлерге - бір реттік 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - бір реттік 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлері мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға - бір реттік 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Даңқ, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлеріне, "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған адамдарға - бір реттік 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
мерзімді басылымдарға жазылу үшін - Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарына, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдарға, мүгедектігі бар адамдарға, жалғызілікті қарттарға - жарты жылдықта бір рет 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарына тұрғын үйін жөндеуге - бір реттік 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
4) 1 қазан – халықаралық Қарттар күні:
үйде арнаулы әлеуметтік күтімге алынған жалғызілікті қарттарға, арнаулы әлеуметтік күтімге алынған І-ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға - бір реттік 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:
үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алатын мүмкіндігі шектеулі мүгедектігі бар балалар мен үйде оқытылып тәрбиеленетін мүмкіндігі шектеулі мүгедектігі бар балаларға - бір реттік 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
6) 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні:
Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес ақталған тұлғаларға - бір реттік 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
7) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні:
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге - бір реттік 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
8) 29 тамыз - Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні:
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан мүгедектігі бар болған азаматтарға - бір реттік 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - Түркістан облысы Келес аудандық мәслихатының 19.02.2024 № 11-91-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.7. Әлеуметтiк көмек мынадай санаттағы азаматтарға бір реттік немесе ай сайын ұсынылады:
1) үйде оқытылып тәрбиеленетін мүмкіндігі шектеулі мүгедектігі бар балаларға - ай сайын оқу жылына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) әлеуметтік маңызы бар ауру – туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын адамдарға ақшалай төлем түріндегі әлеуметтік көмек ай сайын 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді.
Келес аудандық аурухананың ай сайын ұсынатын бекітілген тізімі әлеуметтiк көмек көрсету үшiн негіздеме болып табылады;
3) жеке оңалту бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарға арнаулы жүрiп-тұру құралдарына:
серуендеуге арналған қоларбаға - бір реттік 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
мүгедектігі бар адамдардың бөлмеге арналған қоларбасына әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
4) зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға шипажай немесе оңалту орталықтарына емделуге жолдама түрінде - бір реттік 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) жұқтыру медицина қызметкерлерінің және тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің өз міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан болған, адамның иммунитет тапшылығы вирусы тудыратын ауру жұқтырған балалары бар отбасылар мен адамдарға зиянды өтеуге ай сайын ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң екі есе мөлшерiнде;
бала кезінде адамның иммунитет тапшылығы вирусы тудыратын ауру жұқтырған адамдарға ай сайын ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң екі есе мөлшерiнде;
6) автомобиль көлігімен мүгедектерді тасымалдау жөнінде қызметтер көрсетуге Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарына, жүріп тұруы қиын І-ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларға емдеу сауықтыру мекемелеріне және қоғамдық орындарға тасымалдау үшін ай сайын 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
7) әлеуметтiк көмек өмiрлiк қиын жағдайға ұшыраған, аз қамтамасыз етілген, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға (адамдарға) - ең төмен күнкөрiс деңгейi мөлшерінде ұсынылады;
8) үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алатын 80 жас және одан асқан жалғызілікті қарттарға - ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
9) Келес аудандық ауруханасының ұсынатын тізіміне сәйкес созылмалы бүйрек жетімсіздігі ауруына шалдыққан адамдарға – бір реттік 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
10) Келес аудандық пробация қызметі бөлімінің ұсынатын тізіміне сәйкес пробация қызметінің есебінде тұрған мұқтаж адамдарға - бір реттік 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
11) Келес аудандық ауруханасының ұсынатын тізіміне сәйкес онкологиялық ауруға шалдыққан адамдарға бір реттік 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
12) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне нұқсан келтіруге байланысты – бір реттік 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
3 – тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
8. Атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмек оны алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.
Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын Келес ауданының әкімдігі белгілейді, содан кейін уәкілетті ұйымға не өзге де ұйымдарға сұраныс жіберу арқылы олардың тізімдері қалыптастырылады.
9. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан жергілікті әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі органға немесе ауыл, ауылдық округ әкіміне Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш береді, оған мынадай құжаттарды қоса береді:
1) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
2) тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды);
3) мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын төменде көрсетілген құжаттардың бірі:
дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;
әлеуметтік маңызы бар аурудың болу фактісін растайтын құжат;
жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болу фактісін растайтын құжат;
жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмау фактісін растайтын құжат;
жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмау фактісін растайтын құжат;
бас бостандығынан айыру орындарынан босатылу, пробация қызметінің есебінде болу фактісін растайтын құжат.
Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.
10. Үлгілік қағидалардың 8-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш түскен кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган немесе ауыл, ауылдық округ әкімі 1 (бір) жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
11. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акт жасайды, тұлғаның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.
Ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттарымен бірге әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
12. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
13. Қажетті құжаттардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты өтініш берушінің оларды ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешімді өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың тиісті мәліметтерді қамтитын деректері негізінде қабылдайды.
14. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
15. Арнайы комиссия құжаттар түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарады, қорытынды оң болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
16. Өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттары тіркелген күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Қағидалардың 12 және 13-тармақтарында көрсетілген жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі Келес ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өтініш берушіден немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
17. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган шешім қабылданған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
18. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;
3) тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған жағдайларда жүзеге асырылады.
19. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Келес ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
20. Әлеуметтік көмек:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
21. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
22. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.
Келес аудандық мәслихаттың | |
2023 жылғы 22 қыркүйектегі | |
№ 5-60-VIII шешіміне 2-қосымша |
Мәслихаттың күші жойылды деп танылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. Келес аудандық мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы №34-260-VI "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №6048 болып тіркелген).
2. Келес аудандық мәслихатының 2021 жылғы 27 сәуірдегі №4-38-VII "Келес аудандық мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы №34-260-VI "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №6221 болып тіркелген).
3. Келес аудандық мәслихатының 2022 жылғы 28 қарашадағы №19-167-VII "Келес аудандық мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы №34-260-VI "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №30900 болып тіркелген).