БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасының экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдігін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 2 шілдедегі № 674 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19026 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігін беру қағидаларын бекіту туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігін беру қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдігін беру қағидалары осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қарыз алу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
М. Такиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Сауда және интеграция министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасының экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігін беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігін беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің (бұдан әрі – Бюджет кодексі) 225-1-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігін беру тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2. Қазақстан Республикасының экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігі Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігіне (бұдан әрі - Агенттік) Агенттік сақтандырушы ретінде әрекет ететін сақтандыру және кепілдік шарттар бойынша сақтандыру және кепілдік жағдайлар туындаған кезде сақтандыру және кепілдік төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қазақстандық және шетелдік сақтанушылар мен пайда иеленушілер алдындағы берешегінің өтелуін қамтамасыз ету үшін беріледі.
3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Агенттік – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын, шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы ұлттық даму институтының мәртебесіне ие және "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңы мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметін жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) арнайы несиелік шот – Агенттік екінші деңгейдегі банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын, экспортты қолдау бойынша мемлекет кепілдік берген міндеттемелерге қызмет көрсетуге уәкілетті ұйымда ашқан және экспортты қолдау бойынша мемлекет кепілдік берген міндеттемелерді орындау мақсатында республикалық бюджеттің қаражатын аударуға, сондай-ақ экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражатты республикалық бюджетке қайтаруға арналған шот;
3) банк – "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға;
4) бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган (бұдан әрі – бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi орган) – бюджетті атқару, республикалық бюджеттiң және өз құзыретi шегiнде жергiлiктi бюджеттердiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң есебi негiзiнде Жәбірленушілерге өтемақы қорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының атқарылуы бойынша бухгалтерлiк есепке алуды, бюджеттiк есепке алу мен бюджеттiк есептiлiктi жүргiзу саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
5) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган (бұдан әрі – бюджеттi жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган) – бюджеттік жоспарлау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
6) Қазақстан Республикасының экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігі (бұдан әрі – Мемлекеттік кепілдік) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің экспортты қолдау бойынша кепілдік шартының талаптарына сәйкес Агенттік алдындағы оның сақтандыру және кепілдік төлемдері бойынша берешегін толық немесе ішінара өтеу міндеттемесі;
7) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кепілдігін беру лимиті – оның шегінде Мемлекеттік кепілдік берілуі мүмкін, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілетін тіркелген сома;
8) қорытындыны түзету – қорытындының Мемлекеттік кепілдік беру үшін көзделген мазмұнын, тұжырымдарын толықтыруға және (немесе) өзгертуге әкеп соқтыратын оның белгіленген параметрлерін өзгерту;
9) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган (бұдан әрі – мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган) – стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын тұжырымдау мен қалыптастыру саласындағы, сондай-ақ өңірлік даму саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
10) Мемлекеттік кепілдік беру үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысы (бұдан әрі – Қорытынды) – мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның Агенттікке Мемлекеттік кепілдік берудің орындылығы (уәкілетті органның оң салалық қорытындысы негізінде дайындалған, оның елдің экономикасына әсері мен стратегиялық және (немесе) бағдарламалық құжаттарға сәйкестігі) тұрғысынан қорытындысы;
11) өтінім – Агенттіктің уәкілетті органның атына Мемлекеттік кепілдік беру туралы өтініші;
12) сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – шикізаттан басқа тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспортын дамыту және ілгерілету саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде сыртқы сауда қызметін реттеу саласында салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
13) уәкілетті органның салалық қорытындысы (бұдан әрі – салалық қорытынды) – Мемлекеттік кепілдік беру арқылы саланы дамыту басымдықтарына сәйкестігі тұрғысынан тиісті Агенттікке сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның қорытындысы;
14) экспортты қолдау бойынша кепілдік шарты (бұдан әрі – Кепілдік шарты) – бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган мен Агентттік арасындағы Мемлекеттік кепілдік беру кезіндегі тараптардың құқықтық қатынастарын, міндеттемелері мен жауапкершілігін белгілейтін жазбаша келісім;
15) экспортты қолдау бойынша мемлекет кепілдік берген міндеттеме – Агенттік сақтандыру және кепілдік төлемдерін жүзеге асырмаған, Мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген сақтандыру және кепілдік шарттары бойынша өтелмеген міндеттемелердің белгілі бір күнге алынған сомасы;
16) экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру туралы келісім – бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган, сенім білдірілген өкіл (агент) және Агенттік арасындағы тараптардың мемлекеттік кепілдік беру, мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелер орындалған жағдайда оқшауландырылған республикалық бюджет қаражатын қайтару жөніндегі құқықтық қатынастарын белгілейтін келісім.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын басқа ұғымдар, егер Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында және осы Қағидаларда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы заңнамасының тиісті салаларында пайдаланылатын мағынада қолданылады.
2-тарау. Қазақстан Республикасының экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігін беру тәртібі
4. Мемлекеттік кепілдік беру Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының негізінде және Агенттіктің Бюджет кодексі мен осы Қағидалардың талаптары мен шарттарын сақтауы шартымен жүзеге асырылады.
5. Салалық қорытындыны алу үшін Агенттік уәкілетті органға мыналарды:
Мемлекеттік кепілдік сомасын, оның қолданылу мерзімін, Мемлекеттік кепілдікті пайдаланудың институционалдық схемасын (процестің барлық қатысушылары, олардың өзара іс-қимылы туралы ақпарат) қамтитын Мемлекеттік кепілдік жөніндегі ақпаратты;
құрылтай құжаттарының, сондай-ақ Агенттіктің мәртебесін растайтын құжаттардың көшірмелерін, Агенттіктің даму жоспарын, рейтингтік есепті қамтитын Агенттік туралы ақпаратты қоса бере отырып, өтінім жібереді.
Агенттік көрсетілген құжаттарды бермеген кезде уәкілетті орган Агенттіктің өтінімін 5 (бес) жұмыс күні ішінде қараусыз кері қайтарады.
6. Уәкілетті орган салалық қорытындыны Агенттік өтінімді ұсынған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде береді.
Уәкілетті орган теріс салалық қорытынды берген жағдайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 16 маусымдағы № 69 бұйрығымен бекітілген Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындау қағидаларына сәйкес қайтару себептері көрсетіле отырып, Агенттіктің өтінімі, оны одан әрі пысықтау үшін кері қайтарылады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32553 болып тіркелген).
7. Агенттік құжаттарды Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 2 шілдедегі № 60 бұйрығымен бекітілген Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысын әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптарға (бұдан әрі - Талаптар) сәйкес ұсынады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18957 болып тіркелген).
8. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Қорытындысын Талаптарға сәйкес мерзімде береді.
9. Агенттік Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға Қазақстан Республикасының экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігін алу үшін Агенттік ұсынатын құжаттар тізбесіне сәйкес құжаттарды осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес ұсынады.
Агенттік құжаттардың толық пакетін бермеген жағдайда бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган құжаттарды 5 (бес) жұмыс күні ішінде қараусыз кері қайтарылады;
Құжаттардың толық пакетін алған кезде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган Агенттікпен және сенім білдірілген өкілмен (агентпен) Мемлекеттік кепілдік беру туралы келісім жасасады.
10. Мемлекеттік кепілдікті орындауға республикалық бюджеттен оқшауландырылған қаражатты қайтару шарттары, мерзімдері, сыйақы мөлшерлемелері мен тәртібі Бюджет кодексінің 225-6-бабының 5-тармағына сәйкес Мемлекеттік кепілдік беру туралы келісімде айқындалады.
11. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган Мемлекеттік кепілдік беру туралы келісімге қол қойылғаннан кейін Бюджет кодексінің 225-2-бабының 1-тармағына сәйкес 10 (он) жұмыс күні ішінде Мемлекеттік кепілдік беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы қабылдануын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік кепілдік беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы қабылданған жағдайда бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде Бюджет кодексінің 225-4-бабына сәйкес Агенттікпен Кепілдік шартына қол қояды.
12. Мемлекеттік кепілдік Кепілдік шарты нысанында тараптардың әрқайсысы үшін бір-бір данадан бірдей заң күшіне ие мемлекеттік және орыс тілдерінде 2 (екі) данада жасалады.
13. Агенттіктің меншікті капиталынан асып түсетін сақтандыру және кепілдік жағдайлары бір жолғы іске асырудан асып кеткен жағдайда Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган, сенім білдірілген өкілдің (агенттің), Агенттіктің қорытындылары, оның шоттарынан екінші деңгейдегі банктер берген үзінді-көшірмелер, сондай-ақ Мемлекеттік кепілдікті орындауға жүгінердің алдындағы қаржы жылындағы аудиттелген қаржылық есептілік және Мемлекеттік кепілдікті орындауға жүгінген кездегі қаржылық есептілік болған кезде Мемлекеттік кепілдікті орындауды жүзеге асырады.
14. Мемлекет кепілдендірген міндеттемелерді алдағы өтеу көлемін жоспарлауды бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасын әзірлеу шеңберінде не республикалық бюджетті нақтылау кезінде мемлекет кепілдік берген міндеттемелерді алдағы өтеу көлемінің болжамды есептері негізінде жүргізеді.
15. Жоспарланған жылы мемлекет кепілдендірген міндеттемелерді өтеу көлемі сенім білдірілген өкілдің (агенттің), Агенттіктің қорытындылары негізінде айқындалады және кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте ұлттық валютада және жеке бюджеттік бағдарлама бойынша көрініс табады.
16. Республикалық бюджеттің шығыстарын жоспарлау үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 24 қарашадағы № 511 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2014 жылы 25 желтоқсанда № 10007 тіркелген) бекітілген Бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидаларына сәйкес бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға бюджеттік өтінімді ұсынады.
17. Агенттік қолданыстағы Мемлекеттік кепілдік шеңберінде республикалық бюджеттен бұрын оқшауландырылған қаражат бойынша берешекті өтеу жөніндегі міндеттемелерді орындамаған жағдайда, ол бойынша республикалық бюджеттен кейінгі сомаларды беруге жол берілмейді.
18. Мемлекеттік кепілдікті орындау Агенттіктің меншікті капиталын шегере отырып, сақтандыру және кепілдік төлемдерінің өтелмеген сомасының бір бөлігіне ғана және Агенттік залалдар үшін жауапты тұлғаларға сақтандыру және кепілдік төлемін өтеуді талап етудің барлық ақылға қонымды шараларын қабылдағаннан кейін және (немесе) мұндай тұлғалар банкрот деп танылғаннан кейін не олар таратылғаннан кейін жүзеге асырылады.
19. Мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражатты Агенттік сақтандыру және кепілдік төлемдерін өтеу қаражатының есебінен республикалық бюджетке қайтаруы тиіс.
Қазақстан Республикасының экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігін беру қағидаларына қосымша |
Қазақстан Республикасының экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігін алу үшін Агенттік ұсынатын құжаттардың тізбесі
1. Уәкілетті органның оң салалық қорытындысы.
2. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның оң қорытындысы.
3. Республикалық бюджет комиссиясының хаттамалары (бар болса).
4. Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік сомасының 0,2 % мөлшерінде біржолғы төлемді (алымды) төлеу туралы үзінді-көшірме.
5. Құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелері.
6. Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасына сәйкес берілетін кредиттік есепке сәйкес салық берешегінің және мерзімі өткен берешегінің жоқтығы туралы анықтама.
7. Агенттік акционерлерінің тізілімінен үзінді-көшірме.
8. Агенттік мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі.
9. Қабылданған сақтандыру және кепілдік міндеттемелері шеңберінде сақтандыру және кепілдік төлемдері бойынша ақпарат.