Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 16 мамырдағы № 69 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 23 мамырда № 32553 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 225-2-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекет міндеттемелерін басқару және қаржы секторын дамыту саясаты департаменті осы бұйрықты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсiн.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
А. Куантыров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

 

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Сауда және интеграция министрлігі

  Бұйрықпен бекітілген

Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 225-2-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындау тәртібін айқындайды.

      2. Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің мөлшері мың теңгеге дейінгі дәлдікпен дөңгелектенеді.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) Қазақстан Республикасының экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігі – Қазақстан Республикасы Үкіметінің экспортты қолдау бойынша кепілдік шартының талаптарына сәйкес Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі алдындағы оның сақтандыру және кепілдік төлемдері бойынша берешегін толық немесе ішінара өтеу міндеттемесі;

      2) салалық қорытынды – сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның Қазақстанның тиісті Экспорттық-кредиттік агенттігінің экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру саласын дамыту басымдықтарына сәйкестігі тұрғысынан қорытындысы;

      3) сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – шикізаттық емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспортын дамыту және ілгерілету саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 26.03.2024 № 13 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындау тәртібі

      4. Тиісті жылға арналған экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасы:

      жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджет шығыстарының көлемі;

      жоспарланатын қаржы жылына арналған Үкіметтік борышқа қызмет көрсету шығындары, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ұсынған жоспарланатын қаржы жылына арналған мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктері жөніндегі міндеттемелерді орындауға байланысты шығындар;

      уәкілетті органның экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру туралы ұсынысы негізге алына отырып қалыптастырылады.

      5. Уәкілетті орган жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 15 сәуіріне дейінгі мерзімде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру туралы ұсыныс береді.

      Уәкілетті органның ұсынысына өзіне берілген оң салалық қорытындысы және Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің мынадай құжаттары:

      1) құрылтай құжаттарының көшірмелері, сондай-ақ Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің мәртебесін растайтын құжаттар;

      2) Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің соңғы үш жылғы аудиттелген қаржылық есептілігі;

      3) Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің даму жоспары;

      4) рейтингтік есеп қоса беріледі.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 26.03.2024 № 13 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Салалық қорытынды:

      1) шикізаттық емес экспортты осындай мемлекеттік қолдау шарасын берудің мүмкіндігі мен орындылығын;

      2) саланың жағдайы және оның дамуына әсер ететін мәселелерді;

      3) экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру мақсаттарының салада орын алып отырған мәселелерді шешуге сәйкес келуін;

      4) Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігіне экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік берудің және жетекшілік ететін сала мен экономиканың аралас салаларындағы (аяларындағы) болжамды әсердің негізділігін (негізгі қатысушылар, олардың өзара іс-қимыл схемасы, экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік жөніндегі міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражатты пайдалану және қайтару схемасы);

      5) экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік жөніндегі міндеттемелердің орындалуын талап етуі мүмкін болжамды тәуекелдерді (сақтандыру, саяси, қаржылық тұрақтылық тәуекелдері) және оларды барынша азайту жөніндегі іс-шараларды;

      6) Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі жүзеге асыратын қызметтің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының мақсаттарына, оның ішінде тиісті салада қызметтерді көрсету қажеттіліктеріне, сондай-ақ экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беруден болатын болжамды түпкілікті нәтижеге сәйкестігін, экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік берудің Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмаларына не актілеріне сәйкестігін;

      7) экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктің мөлшері мен қолданылу мерзімінің негізділігін;

      8) экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдікті қолданудан түсетін пайданың бөлінуін;

      9) экономиканың аралас салаларына (аяларына) экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдікті қолданудың болжамды мультипликативтік әсерін бағалауды қамтиды.

      Салалық қорытындыға уәкілетті органның бірінші басшысы не оны алмастыратын адам қол қояды және ресми құжаттар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделеді.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 26.03.2024 № 13 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 1 мамырына дейінгі мерзімде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жоспарланатын қаржы жылына арналған үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығындар, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығындар туралы ақпарат береді.

      8. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган тиісті қаржы жылына арналған экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын төмендегі формуланың сақталуын ескере отырып айқындайды және Республикалық бюджет комиссиясының қарауына тиісті қаржы жылына арналған экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасы бойынша тиісті ұсыныс енгізеді:

      LGgov ≤ (ExGB * 0,15) - В1- B2, мұндағы:

      LGgov – тиісті қаржы жылына арналған экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимиті;

      ExGB – жоспарланатын қаржы жылына арналған республикалық бюджет шығыстарының көлемі;

      В1 – жоспарланатын қаржы жылына үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығындардың көлемі;

      В2 – жоспарланатын қаржы жылына арналған мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығындардың көлемі.

      9. Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын нақтылау Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджет параметрлері өзгерген жағдайда, ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет нақтыланған кезде жүргізіледі.

      Бұл ретте, осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген ақпарат Республикалық бюджет комиссиясының ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы шешімі қабылданған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады