Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 тамыздағы № 733 қаулысымен бекітілген Әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің, сондай-ақ әскери немесе арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдардың еңбек сіңірген жылдарын есептеу қағидалары 4-тармағының 3), 4) тармақшаларына сәйкес, ұшқыш құрамына зейнетақы тағайындау кезінде еңбек сіңірген жылдарын есептеуді ретке келтіру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қазақстан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ұшқыш құрамына зейнетақы төлемін тағайындау кезінде жеңілдік жағдайында еңбек сіңірген жылдарын есептеу шарттары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жіберуді қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің мынадай бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын:
1) "Жеңілдік жағдайларында зейнетақы тағайындау кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ұшқыштар құрамына еңбек сіңірген жылдарын есептеу үшін шарттарды айқындау жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" 2015 жылғы 7 шілдедегі № 383 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11901 болып тіркелген);
2) "Жеңілдік жағдайларында зейнетақы тағайындау кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ұшқыштар құрамына еңбек сіңірген жылдарын есептеу үшін шарттарды айқындау жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 7 шілдедегі № 383 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" 2020 жылғы 12 қарашадағы № 628 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21645 болып тіркелген).
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығына жүктелсін.
5. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.
6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі |
Р. Жаксылыков |
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі 2024 жылғы 13 маусымдағы № 612 бұйрықпен бекітілген/ |
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ұшқыш құрамына зейнетақы төлемін тағайындау кезінде жеңілдік жағдайында еңбек сіңірген жылдарын есептеу шарттары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ұшқыш құрамына зейнетақы төлемін тағайындау кезінде жеңілдік жағдайында еңбек сіңірген жылдарын есептеу шарттары (бұдан әрі - Шарттар) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ұшқыш құрамына зейнетақы төлемін тағайындау кезінде жеңілдік жағдайында еңбек сіңірген жылдарын есептеу шарттарын айқындайды.
2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ұшқыш құрамына жыл сайынғы ұшу нормасы тиісті жылға арналған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жедел, жұмылдыру және жауынгерлік даярлығын жоспарлау жөніндегі ұйымдық-әдістемелік нұсқауда айқындалады.
3. Жыл қорытындысы бойынша тиісті басшы (Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, әскери бөлім командирі, әскери оқу орнының бастығы) өз құзыреті шегінде бағынысты ұшқыш құрамының ұшу жұмысын есепке алу парағына жазылатын белгіленген ұшу нормасын орындағаны туралы бұйрық шығарады.
4. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ұшқыш құрамы ұшу нормасын орындаған кезде еңбек сіңірген жылдарын есептейтін республикалық мемлекеттік мекеме жеңілдік жағдайында зейнетақы тағайындау кезінде еңбек сіңірген жылдарын есептейді.
2-тарау. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ұшқыш құрамына жеңілдік жағдайында еңбек сіңірген жылдарын есептеу шарттары
5. Ұшу нормасын:
жойғыш, жойғыш-бомбалаушы, бомбалаушы, шабуылдаушы, барлау авиациясы ұшағында және оқу-жаттығу реактивті, турбореактивті ұшақта;
қозғалтқышы реактивті және турбо-винтті әскери-көлік, көлік, арнайы ұшақта;
қозғалтқышы турбо-винтті (турбобілікті) барлық мақсаттағы тікұшақта орындаған кезде еңбек сіңірген жылдарының бір ай қызметі екі ай болып есептеледі.
6. Ұшу нормасын қозғалтқышы поршеньді ұшақта және пилотсыз әуе кемесінде орындаған кезде еңбек сіңірген жылдарының бір ай қызметі бір жарым ай болып есептеледі.
7. Ұшқыш құрамы ұшу жұмысында толық күнтізбелік жыл болмаған жағдайда ұшу сағатының нормасы ұшу жұмысында нақты болған уақытына пропорционалды түрде айқындалады.