"Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 7-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ауқымы шағын объектілерді электр желілеріне қосу және пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрі |
А. Саткалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Энергетика министрі 2024 жылғы 30 қыркүйектегі № 349 бұйрығымен бекітілген |
Ауқымы шағын объектілерді электр желілеріне қосу және пайдалану қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ауқымы шағын объектілерді электр желілеріне қосу және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 7-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және нетто-тұтынушыларға тиесілі жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын ауқымы шағын объектілерді энергия беруші ұйымдардың электр желілеріне қосу және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі ауқымы шағын объектілерді пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын ауқымы шағын объект (бұдан әрі – ауқымы шағын объект) – жалпы белгіленген қуаты екі жүз киловатқа дейінгі (қоса алғанда), жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруге арналған техникалық құрылғылар және ауқымы шағын объектіні пайдалану үшін технологиялық тұрғыдан қажетті олармен өзара байланысты құрылысжайлар мен инфрақұрылым;
2) коммерциялық есепке алу аспабы – электр қуатын, электр немесе жылу энергиясын коммерциялық есепке алуға арналған, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қолдануға рұқсат етілген техникалық құрылғы;
3) сараптама ұйымы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес энергетикалық сараптама жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
4) тараптардың пайдалану жауапкершілігінің шекарасы – баланстық тиесілігі немесе шарт бойынша айқындалатын және осы шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы тараптардың баланстық тиесілігін және пайдалану жауапкершілігін ажыратудың тиісті актісімен расталған, күтіп-ұстауға, қызмет көрсетуге және техникалық жай-күйіне жауапты шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы энергетикалық жабдықты және (немесе) электр желісін бөлу нүктесі;
5) электр желісінің баланстық тиесілік шекарасы – электр энергиясы нарығының шаруашылық жүргізуші субъектілері: энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдар мен тұтынушылар, сондай-ақ тұтынушылар мен қосалқы тұтынушылар арасындағы электр желісінің баланстық тиесілігі бойынша анықталатын электр желісін бөлу нүктесі;
6) электр энергиясын нетто-тұтынушы (бұдан әрі – нетто-тұтынушы) – жаңартылатын энергия көздерінің аралас қондырғыларын қоса алғанда, таратушы электр желісіне қосылған және желіден электр энергиясын тұтыну көлемдері мен оған беру көлемдерін бөлек есепке алу жүйелерімен жабдықталған, өзіне меншік құқығымен немесе өзге де заттай құқықпен тиесілі ауқымы шағын объектіден электр энергиясын және (немесе) жылу энергиясын өзінің толық немесе ішінара тұтынуын қамтамасыз ететін жеке немесе заңды тұлға;
7) энергетикалық сараптама – электр энергетикасы саласында жұмыс істеп тұрған объектілер, реконструкцияланатын, жаңғыртылатын және жаңадан салынып жатқан объектілердің жобалары бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 3 ақпандағы № 59 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №10444 болып тіркелген) бекітілген Энергетикалық сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес (бұдан әрі – Энергетикалық сараптама жүргізу қағидалары) олардағы технологиялық бұзушылықтар мен өндірістік жарақаттануды тергеп-тексеру кезінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестігіне жүргізілетін электр энергетикасы саласындағы сараптама;
8) энергия беруші ұйым – шарттар негізінде электр немесе жылу энергиясын беру жөніндегі қызметті көрсететін ұйым.
2-тарау. Ауқымы шағын объектілерді электр желілеріне қосудың техникалық шарттары
3. Энергия беруші ұйым Заңның 9-1-бабының 2-тармағына сәйкес нетто-тұтынушыға тиесілі ауқымы шағын объектінің шекараларын бөлгенге дейін өзінің жағындағы нүктеде энергия беруші ұйымның электр желісіне нетто-тұтынушының кедергісіз қосылуын қамтамасыз етеді.
4. Ауқымы шағын объектіні электр желілеріне қосуға арналған техникалық шарттар (бұдан әрі – техникалық шарттар) Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 8 шілдедегі № 309 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14101 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген Нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу-сату қағидаларына қосымшаға сәйкес нысан бойынша хабарлама негізінде нетто-тұтынушыға беріледі. Техникалық шарттардың қолданылу мерзімі 1 жылды құрайды.
5. Энергия беруші ұйым нетто-тұтынушыдан хабарлама алғаннан кейін техникалық шарттарды мынадай мерзімдерде:
қуаты 100 кВт дейін – хабарлама алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде;
қуаты 100 кВт-тан 200 кВт-қа дейін – хабарлама алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде береді.
6. Ауқымы шағын объектіні электр желілеріне қосуға және оның жұмыс істеуіне байланысты нетто-тұтынушының шекаралар бөлгенге дейін өзінің жағындағы туындайтын шығындарын нетто-тұтынушы көтереді. Ауқымы шағын объектілерді қосуға және олардың жұмыс істеуіне байланысты энергия беруші ұйым шекаралар бөлгенге дейін өзінің жағындағы туындайтын энергия беруші ұйымның шығындары, сондай-ақ электр желісінің баланстық тиесілік шекарасында туындайтын шығындар және электр энергиясын есепке алудың екі бағытты аспабының көрсеткіштерін энергия беруші ұйымға беру жөніндегі шығындар (көрсеткіштерді электрондық тәсілмен берген кезде) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен энергия беруші ұйымның тарифтеріне енгізіледі.
Техникалық шарттарды беру және қайта рәсімдеу үшін ақы алынбайды.
7. Техникалық шарттарда мынадай талаптар көрсетіледі:
1) желіден электр энергиясын тұтыну көлемдері мен оған беру көлемдерін деректерді автоматты режимде беру функциясымен бөлек есепке алуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін коммерциялық есепке алу аспаптарын орнату (ауыстыру);
2) энергия беруші ұйымның электр желілерінде авариялық жағдайлар туындаған кезде баланстық тиесілік шекарасында автоматты режимде токтан ажыратуды қамтамасыз ететін техникалық құрылғыларды (инвертор) орнату.
Ауқымы шағын объектіні немесе энергия беруші ұйымның электр желісін қауіпсіз пайдалану қатерін болдырмау қажет болған кезде осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделмеген іс-шаралар техникалық шарттарда көрсетіледі.
8. Техникалық шарттарда көрсетілген талаптармен келіспеген кезде нетто-тұтынушы Энергетикалық сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес энергетикалық сараптама жүргізу үшін сараптама ұйымына жүгінеді.
Техникалық шарттармен келіспеген энергетикалық ұйым мен нетто-тұтынушы арасында жасалған шарт негізінде Энергетикалық сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес энергетикалық сараптама жүргізіледі.
Энергетикалық сараптама жүргізуге нетто-тұтынушымен жасалған шарт шеңберінде энергия беруші ұйымға жүгінген сараптама ұйымына барлық сұратылған мәліметтер ұсынылады.
Нетто-тұтынушы техникалық шарттарда көрсетілген талаптардың негізсіздігі туралы энергетикалық сараптама қорытындысының негізінде берілген техникалық шарттарды қайта қарау туралы өтінішті (бұдан әрі – Өтініш) энергетикалық сараптама қорытындысын қоса бере отырып, еркін нысанда энергия беруші ұйымға жібереді.
Өтінішті қарау қорытындысы бойынша энергия беруші ұйым осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген мерзімдерде техникалық шарттар береді.
Энергия беруші ұйымның өтінішті қарау нәтижелерімен келіспеген жағдайда, оған шағым жасау Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
3-тарау. Ауқымы шағын объектілерді пайдалануға рұқсат беру
9. Энергия беруші ұйым нетто-тұтынушыдан жұмыстардың аяқталғаны туралы еркін нысандағы хабарламаны алған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде орындалған жұмыстардың техникалық шарттарға сәйкес келуін тексеру арқылы ауқымы шағын объектілерді пайдалануға рұқсат беруді жүзеге асырады.
10. Пайдалануға берілгенге дейін ауқымы шағын объектілер техникалық шарттар берген энергия беруші ұйымның қатысуымен қабылдау-тапсыру сынақтарынан өтеді.
Нетто-тұтынушы анықталған кемшіліктерді, олар болса, жойғаннан кейін ауқымы шағын объектіні пайдалануға рұқсат беруді энергия беруші ұйым қамтамасыз етеді.