ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз
"Ойын бизнесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 2-1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ойын мекемесі, букмекерлік кеңсе немесе тотализатор жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындарының және (немесе) бәс тігудің үлгілік қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрінің орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің міндетін атқарушы |
С. Жарасбаев |
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің міндетін атқарушы 2024 жылғы 9 қазандағы № 175 бұйрығымен бекітілген |
Ойын мекемесі, букмекерлік кеңсе немесе тотализатор жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындарының және (немесе) бәс тігудің үлгілік қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ойын мекемесі, букмекерлік кеңсе немесе тотализатор жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындарының және (немесе) бәс тігудің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) "Ойын бизнесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 15-бабы 2-1-тармағына сәйкес әзірленді және ойын мекемесі, букмекерлік кеңсе немесе тотализатор жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындарының және (немесе) бәс тігудің үлгілік тәртібін айқындайды.
2. Осы Үлгілік қағидаларда мынадай терминдер мен ұғымдар пайдаланылады:
1) бәс тігу – қатысушылардың өз арасында не ойын бизнесін ұйымдастырушымен ұтыс көзделіп, олар қатыспайтын оқиғаның нәтижесiне жасалған, тәуекелге негiзделген келiсiм;
2) бәс тігуге қатысушының аккаунты (бұдан әрі – аккаунт) – букмекерлік кеңсенің және (немесе) тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы бәс тігуге қатысушыны тіркеу кезінде аппараттық-бағдарламалық кешен арқылы бәс тігуге қатысушының мөлшерлемелерді және бәс тігуге қатысу және ұтыстарды алу үшін қажетті өзге де операцияларды жүзеге асыруы үшін, сондай-ақ бәс тігудің әрбір қатысушысы, бәс тігуге қатысушы беретін ақша, бәс тігуге қабылданған мөлшерлемелер (оның ішінде электрондық), бәс тігудің нәтижесінің нұсқаларына коэффициенттер, олар бойынша ұтыстар мен төлемдер туралы ақпаратты есепке алу үшін бәс тігуге қатысушының ашатын дербес есептік жазбасы;
3) бенефициарлық меншік иесі – бұл:
заңды тұлғаның немесе заңды тұлға құрмайтын шетелдік құрылымның жарғылық капиталына қатысу үлестерінің не орналастырылған акцияларының (артықшылықты және қоғам сатып алған акциялары шегеріле отырып) жиырма бес пайызынан астамы тікелей немесе жанама түрде тиесілі;
заңды тұлғаны немесе заңды тұлға құрмайтын шетелдік құрылымды өзгеше түрде бақылауды жүзеге асыратын;
оның мүддесінде заңды тұлға немесе заңды тұлғаны құрмайтын шетелдік құрылым ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операциялар жасайтын жеке тұлға;
4) букмекерлік кеңсе – қатысушылармен бәс тігу жасасатын ойын бизнесін ұйымдастырушы;
5) заңдастырылған белгілер – ойын бизнесін ұйымдастырушының қағидаларында айқындалған тәртіппен құмар ойындарға қатысу үшін қолма-қол ақшаны алмастыратын және ойын мекемелерінде пайдаланылатын белгілі бір номиналдағы фишкалар, жетондар және (немесе) электрондық жеткізгіштер;
6) казино – құмар ойындарды ұйымдастыру және өткізу үшін ойын үстелдері пайдаланылатын ойын мекемесі;
7) казиноның немесе ойын автоматтары залының кассасы – ойын бизнесін ұйымдастырушы арнайы жабдықтаған, ақшамен операциялар, сондай-ақ заңдастырылған белгілерді беру және (немесе) қайтару жүзеге асырылатын ойын мекемесіндегі орын;
8) құмар ойын – ұтысты көздейтін, қатысушылардың өз арасында не ойын бизнесін ұйымдастырушымен аталған адамдар қатысатын оқиға нәтижесіне жасалған, тәуекелге негізделген келісім;
9) құмар ойнына және (немесе) бәс тігуге қатысушы – құмар ойнына және (немесе) бәс тігуге қатысатын жеке тұлға;
10) құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген адам – құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге салыну салдарынан сот әрекет қабілетін шектеген жеке тұлға, сондай-ақ құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысудан өзін шектеген жеке тұлға;
11) мөлшерлеме – құмар ойнына және (немесе) бәс тігуге қатысушы ойын бизнесін ұйымдастырушыға беретін және ойын бизнесін ұйымдастырушы белгілеген ережелерге сәйкес құмар ойынына және (немесе) бәс тігуге қатысудың негізгі шарты болып табылатын ақша сомасы;
12) ойын автоматы – құмар ойындарды өткізу үшін пайдаланылатын, ұтысын ойын бизнесін ұйымдастырушының немесе оның қызметкерлерінің қатысуынсыз осындай ойын жабдығы корпусының ішінде орналасқан құрылғы кездейсоқ тәсілмен айқындайтын ойын жабдығы (механикалық, электр, электрондық немесе өзге де техникалық жабдық);
13) ойын автоматтары залы – құмар ойындарды ұйымдастыру мен өткізу үшін ойын автоматтары ғана пайдаланылатын ойын мекемесі;
14) ойын бизнесi – құмар ойындарды және (немесе) бәс тiгуді ұйымдастыруға және өткiзуге байланысты кәсiпкерлiк қызмет;
15) ойын бизнесiн ұйымдастырушы – құмар ойындарын және (немесе) бәс тiгудi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарға сәйкес ұйымдастыруды және өткiзудi жүзеге асыратын заңды тұлға;
16) ойын бизнесi саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – ойын бизнесi саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды және бақылауды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын мемлекеттiк орган;
17) ойын мекемесi – ұтыс алуды көздейтiн құмар ойындар Заңмен белгіленген талаптарға сәйкес өтетiн ғимарат, үй-жай, құрылысжай;
18) ойын сессиясы – ойын бизнесін ұйымдастырушының қағидаларында айқындалатын, ұтысты анықтаумен (тіркеумен) аяқталатын, құмар ойынға қатысушының ойын бизнесін ұйымдастырушымен өзара қатынас жасау тәртібі;
19) тотализатор – бәс тігу жасалған кезде оған қатысушылар арасында делдалдық қызметтер көрсететін ойын бизнесін ұйымдастырушы;
20) тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің кассасы – бәс тігуге мөлшерлемелерді қабылдау, ол бойынша ұтыс төлеу жүзеге асырылатын орын;
21) тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің электрондық кассасы - ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып, мөлшерлемелер қабылдау (есепке алу) жүзеге асырылатын және ұтыстарды төлеу жүргізілетін ақпараттық жүйе;
22) ұтыс – құмар ойынның және (немесе) бәс тігудің ойын бизнесін ұйымдастырушы белгілеген қағидаларда көзделген нәтижесі шыққан кезде құмар ойынға және (немесе) бәс тігуге қатысушыға міндетті түрде төленуге жататын мүліктік пайда.
2-тарау. Ойын мекемесі жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындарының тәртібі
3. Казино, ойын автоматтары залының қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушының басшысы ойын мекемесі жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындарының тәртібін айқындау мақсатында осы Үлгілік қағидаларға сәйкес келетін, сондай-ақ Заңның 15-бабының 2-тармағында белгіленген мәліметтерді қамтитын ойын мекемесі жұмысының, мөлшерлемелер қабылдау және өткізілетін құмар ойындар қағидаларын бекітуді қамтамасыз етеді.
4. Бекітілген ойын мекемесі жұмысының, мөлшерлемелер қабылдау және өткізілетін құмар ойындар қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда, казино, ойын автоматтары залының қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылар олардың осы Үлгілік қағидалардың 3-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етеді.
5. Ойын мекемесі жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындардың қағидалары казино, ойын автоматтары залы қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушымен ойын мекемесінде көрінетін жерге, сондай-ақ казино, ойын автоматтары залы қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушының интернет-ресурсында (ол болған кезде) орналастырылады.
6. Казино, ойын автоматтары залының қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылар "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес құмар ойынға қатысушыларын тиісінше тексеру жөнінде шаралар қабылдайды.
7. Казино, ойын автоматтары залының қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылар құмар ойынға қатысушыны сәйкестендіруді қамтамасыз етеді.
8. Казино, ойын автоматтары залының қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушының жауапты қызметкері құмар ойынға қатысушыны сәйкестендіруді "Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4) және 9) тармақшаларына сәйкес жеке басын куәландыратын құжаттардың түпнұсқасы негізінде жүзеге асырады.
Құмар ойынға қатысушыны сәйкестендіру цифрлық құжаттар сервисі арқылы пайдаланылатын және казино, ойын автоматтары залының қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушыларына ұсынылатын жеке басын куәландыратын құжаттар негізінде жол беріледі.
9. Казино, ойын автоматтары залының қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылар құмар ойынға қатысушыны сәйкестендіруді жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген деректерді казино, ойын автоматтары залының қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы Ойын мекемесі жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындардың қағидаларында айқындайтын құмар ойынға қатысушыны тіркеу нысанына (бұдан әрі – тіркеу нысаны) енгізу жолымен қамтамасыз етеді.
Тіркеу нысаны құмар ойынға қатысушыны сәйкестендіру үшін толтырылатын және тиісті жеке тұлғаға ойын мекемесінде тіркелуге мүмкіндік беретін қағаз және (немесе) электрондық түріндегі файл болып табылады.
Жеке тұлғаны тіркеу нысанында:
1) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
2) азаматтық (шетелдік үшін);
3) жеке сәйкестендіру нөмірі (Қазақстан Республикасының азаматы үшін);
4) шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына арналған нысанда көрсетілген жеке сәйкестендіру нөмірі немесе шетелдік паспорттың нөмірі (шетелдік үшін);
5) азаматтығы жоқ адамның куәлігінде көрсетілген жеке сәйкестендіру нөмірі (азаматтығы жоқ адам үшін);
6) туған күні;
7) қызмет түрі, жұмыс орны (бар болса);
8) ұялы байланыстың жеке абоненттік нөмірі;
9) жеке тұлғаға тиесілі банктік шот көрсетіледі.
10. Казино, ойын автоматтары залының қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылар Заңның 15-бабының 1-тармағына сәйкес құмар ойындарға қатысуға тыйым салынған жеке тұлғаларға құмар ойындарға қатысуға рұқсат беруден бас тартады.
11. Интернеттің болмауы, құмар ойындарға қатысуға шектелген адамдардың тізіміне, Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне қол жеткізудің болмауы себептері бойынша жеке тұлғаны сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайда казино, ойын автоматтары залының қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушының жауапты қызметкері жеке тұлғаны сәйкестендіруге мүмкін болмаған себептерін жойғанға дейін жеке тұлғаны құмар ойындарға жібермейді.
12. Жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері бойынша жеке тұлғаны сәйкестендіруге жол берілмейді.
13. Жеке тұлғаның ойын мекемесінде сәйкестендіруден (тіркеуден) өтуден бас тартуы да оның құмар ойындарға қатысуына жол бермеу үшін негіз болып табылады.
14. Жеке тұлғаның құмар ойындарға қатысуына рұқсат беру жеке тұлғаға ойын мекемесінің кассасында заңдастырылған белгілерді беру болып табылады.
15. Жеке тұлғаның құмар ойындарға қатысуының шарты казино, ойын автоматтары залының қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушының жеке тұлғаның құмар ойындарға қатысуына рұқсат беру болып табылады.
16. Құмар ойынға қатысушы ең төменгі және ең жоғары мөлшерлемені ескере отырып, белгілі бір номиналдың заңдастырылған белгілеріне мөлшерлеме жасайды.
17. Минималды және максималды мөлшерлеме туралы, сондай-ақ құмар ойынның әр түрі үшін максималды ұтыс туралы ақпарат Ойын мекемесі жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындардың қағидаларында айқындалады.
18. Құмар ойынға қатысушыға ұтыс төленуге тиісті нәтиже казино, ойын автоматтары залының қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушысымен өткізілетін құмар ойындардың әрбір түрі бойынша Ойын мекемесі жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындардың қағидаларында айқындалады.
19. Ұтысты төлеу ұсынылған заңдастырылған белгілердің сомасына ғана жүргізіледі.
20. Казино, ойын автоматтары залының қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы құмар ойындарға қатысушыларға ұтыстарды төлеуді жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуі негізінде, Ойын мекемесі жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындардың қағидаларында көзделген мөлшерде және мерзімде, бірақ осы құмар ойынның нәтижелері шығарылған сәттен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірмей жүргізеді.
21. Ұтыс казино, ойын автоматтары залы қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушымен казино, ойын автоматтары залы кассасында құмар ойынға қатысушыға қолма-қол және (немесе) құмар ойынға қатысушының банктік шотына қолма-қол ақшасыз ұтыс сомасын аудару жолымен төленуі тиіс.
22. Ақшадан басқа өзге мүлік түрінде ұтыс жүлдесін беру оң нәтиже алған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде құмар ойын өткізілген ойын мекемесінде жүргізіледі.
3-тарау. . Букмекерлік кеңсе немесе тотализатор жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін бәс тігудің тәртібі
23. Букмекерлік кеңсе немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушының басшысы букмекерлік кеңсе немесе тотализатордың жұмыс тәртібін, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін бәс тігудің тәртібін айқындау мақсатында осы Үлгілік қағидаларға сәйкес келетін, сондай-ақ Заңның 15-бабының 2-тармағында белгіленген мәліметтерді қамтитын Букмекерлік кеңсе немесе тотализатор жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін бәс тігудің қағидаларын бекітуді қамтамасыз етеді.
24. Букмекерлік кеңсе немесе тотализатор жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін бәс тігудің қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда букмекерлік кеңсе немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылар олардың осы Үлгілік қағидалардың 23-тармағымен белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етеді.
25. Букмекерлік кеңсе немесе тотализатор жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін бәс тігудің қағидалары букмекерлік кеңсе немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы кассасында көрнетін жерде, сондай-ақ букмекерлік кеңсе немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушының интернет-ресурсында (ол болған кезде) орналастырылады.
26. Букмекерлік кеңсе немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылар "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес бәс тігуге қатысушыларды тиісінше тексеру жөнінде шаралар қабылдайды.
27. Букмекерлік кеңсе немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы мөлшерлемені қабылданғанға дейін аккаунт ашу жолымен аппараттық-бағдарламалық кешен арқылы бәс тігуге қатысушының жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін деректерді енгізе отырып, бәс тігуге қатысушыны тіркеуді жүргізеді. Мұндай деректерге соның ішінде мыналар жатады:
1) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
2) азаматтығы (шетелдік үшін);
3) жеке сәйкестендіру нөмірі (Қазақстан Республикасының азаматы үшін);
4) шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар нысанда көрсетілген жеке сәйкестендіру нөмірі немесе шетелдік паспорттың нөмірі (шетелдік үшін);
5) азаматтығы жоқ адамның куәлігінде көрсетілген жеке сәйкестендіру нөмірі (азаматтығы жоқ адам үшін);
6) туған күні;
7) қызмет түрі, жұмыс орны (бар болса);
8) ұялы байланыстың жеке абоненттік нөмірі;
9) жеке тұлғаға тиесілі банктік шот.
28. Букмекерлік кеңсе немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылар бәс тігуге қатысушыны тіркеу кезінде көрсетілген бәс тігуге қатысушының ұялы байланысының абоненттік нөміріне растау коды бар мәтіндік хабарламаны жіберу арқылы бәс тігуге қатысушыны сәйкестендіруді жүзеге асырады.
Букмекерлік кеңсе немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылар бәс тігуге қатысушы өз аккаунтына кірген кезде бәс тігуге қатысушыны тіркеу кезінде көрсетілген бәс тігуге қатысушының ұялы байланысының абоненттік нөміріне растау коды бар мәтіндік хабарламаны жіберу арқылы бәс тігуге қатысушыны сәйкестендіруді жүзеге асырады.
29. Букмекерлік кеңсе немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылар Заңның 15-бабының 1-тармағына сәйкес бәс тігуге қатысуға тыйым салынған жеке тұлғаларға бәс тігуге қатысуға рұқсат беруден бас тартады.
30. Жеке тұлғаға бәс тігуге қатысуға рұқсат бәс тігуге қатысушы жасаған мөлшерлеме, сол сияқты бәс тігу болып табылады.
31. Жеке тұлғаның бәс тігуге қатысуының шарты букмекерлік кеңсе немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушының жеке тұлғаны бәс тігуге қатысуға рұқсат беруі болып табылады.
32. Букмекерлік кеңсе қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы нәтижесіне бәс тігілетін оқиғаны өз бетінше айқындайды.
33. Букмекерлік кеңсе қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы мөлшерлемелерді аппараттық-бағдарламалық кешен есептеген коэффициенттер негізінде және аккредиттелген спорт федерациялары өткізетін немесе халықаралық спорт ұйымдары, федерациялары, комитеттері аясында өткізілетін спорттық жарыстар шеңберінде болатын алдағы нақты оқиғаларға ғана қабылдайды.
34. Тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы ат спорты жарыстары (атшабыстар, ат жарыстары) және (немесе) ит жарыстыру шеңберінде болатын алдағы нақты оқиғаларға мөлшерлемелер қабылдайды.
35. Букмекерлік кеңсе немесе тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы мөлшерлемелерді букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың тиісті кассасы және (немесе) букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың электрондық кассасы арқылы қабылдайды. Букмекерлік кеңсе немесе тотализатор Заңның 12-бабы 12-тармағына сәйкес мөлшерлемелер қабылдамайды.
36. Букмекерлік кеңсе немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушы бәс тігуді ұйымдастыру мен өткізуге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен мен жабдық арқылы жасалған мөлшерлемелердің жалпы сомасын қабылдауды, бірыңғай есепке алуды, бәс тігуге қатысушылардың мөлшерлемелерін өңдеуді және ұтысты төлеуді жүзеге асырады және қамтамасыз етеді.
37. Бәс тігуге қатысушы өз шотын қолма-қол ақшамен немесе қолма-қол ақшасыз тәсілмен толтырады.
38. Бәс тігуге мөлшерлеме жасауды бәс тігуге қатысушы шотқа енгізілген ақша және (немесе) ұтыстар есебінен жүзеге асырады.
39. Мөлшерлемелер оқиға аяқталғанға дейін жасалады.
40. Барлық іс-шаралар спорттық жарыстар өткізетін ұйымдардың ресми құжаттарынан, спорт федерацияларының, спорт клубтарының ресми интернет-ресурстарынан және спорттық ақпараттың басқа да ресми көздерінен алынған мәліметтер болған кезде ғана кейінге қалдырылған және (немесе) жойылған болып есептеледі.
41. Егер бәс тігу аяқталған оқиғаға жасалған болса, ол күшін жоюға жатады.
42. Бәс тігуге қатысушы бәс тіккен оқиғаның ұтыс нәтижесі бәс тігуге қатысушыға ұтыс төленуге жататын нәтиже болып табылады.
43. Бәс тігуге қатысушыларға ұтыстарды төлеуді букмекерлік кеңсе немесе тотализатор Букмекерлік кеңсе немесе тотализатор жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін бәс тігудің қағидаларында көзделген мөлшерде және мерзімдерде, бірақ осы бәс тігудің нәтижелері шығарылған сәттен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірмей жүргізеді.
44. Ұтысты қолма-қол ақшасыз тәсілмен алу бәс тігуге қатысушыны тіркеу кезінде көрсетілген деректемелер бойынша жүзеге асырылады.
4-тарау. Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысудың қауіп-қатерлері мен зияны туралы ескерту тәртібі, сондай-ақ құмар ойынға (немесе) бәс тігуге қатысушыны құмар ойынға (немесе) бәс тігуге қатысу бейімділігінен шектеу шаралары
45. Казино, ойын автоматтары залы, букмекерлік кеңсе немесе тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылар уәкілетті орган бекітетін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысудың қауіп-қатерлері мен зияны туралы ескертудің мәтініне, эскиздеріне сәйкес ойын мекемесінде, букмекерлік кеңсенің және тотализатордың үй-жайларында, казино мен ойын автоматтары залының кассаларында, букмекерлік кеңсенің және (немесе) тотализатордың кассалары мен электрондық кассаларында, өзінің интернет-ресурстарында (олар болған кезде) көрнекі жерге құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысудың қауіп-қатерлері мен зияны туралы ескертуді орналастырады.
46. Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысудың қауіп-қатерлері мен зияны туралы ескерту құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушылар үшін туындауы мүмкін болжамды теріс салдарларды қамтиды.
47. Казино, ойын автоматтары залының қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылар құмар ойынға қатысушыны құмар ойындарға қатысудың қауіп-қатерлері мен зияны туралы ескерту мақсатында өз қызметінде мыналарды қоса алғанда жауапты ойын құралдарын қолданады:
1) құмар ойынға қатысушыны сәйкестендіру кезінде құмар ойындарға қатысудың қауіп-қатерлері мен зияны туралы хабардар ету;
2) хабарлау жүйесі, теледидар арқылы мерзімді (бір сағаттан аспайтын аралықпен) құмар ойындарға қатысудың қауіп-қатерлері мен зияны туралы хабар тарату.
48. Букмекерлік кеңсе немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылар бәс тігуге қатысушыны бәс тігуге қатысудың қауіп-қатерлері мен зияны туралы ескерту мақсатында өз қызметінде мыналарды қоса алғанда жауапты ойын құралдарын қолданады:
1) аппараттық-бағдарламалық кешен арқылы жеке тұлғаны тіркеу кезінде бәс тігуге қатысудың қауіп-қатерлері мен зияны туралы хабарлау;
2) бәс тігуге қатысушыға белгілі бір уақыт кезеңі ішінде бәс тігуге жұмсалатын уақыт пен ақша сомасын шектеуді белгілеу мүмкіндігін қамтамасыз ету;
3) бәс тігуге қатысушының аккаунтта болу уақыты туралы, жүзеге асырылған ставкалар саны және ұтылған ақша сомалары туралы мерзімді (бір сағаттан аспайтын аралықпен) хабарлау;
4) бәс тігуге қатысушыларға мөлшерлемелер қойылған оқиғаның дамуы мен нәтижесін байқауға мүмкіндік беретін бәс тігуді ұйымдастыру және өткізу үшін пайдаланылатын теледидар, құрылғылар арқылы бәс тігуге қатысудың қауіп-қатерлері мен зияны туралы ескертулерді (бір сағаттан аспайтын аралықпен) трансляциялау.