ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз
"Жылу энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған тұрғын және тұрғын емес үй-жайларда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі тәртіп пен талаптар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі |
К. Шарлапаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрлігі
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2024 жылғы 4 желтоқсандағы № 411 Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2024 жылғы____________ № _____ бұйрығымен бекітілген |
Тұрғын және тұрғын емес үй-жайларда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі тәртіп пен талаптар
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы тұрғын және тұрғын емес үй-жайларда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі тәртіп мен талаптар (бұдан әрі – Тәртіп) "Жылу энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және тұрғын және тұрғын емес үй-жайларда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі тәртіп пен талаптарын айқындайды.
2. Осы Тәртіпте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) басқарушы компания – жасалған шарт негізінде кондоминиум объектісін басқару жөніндегі қызметтерді көрсететін жеке немесе заңды тұлға;
2) көппәтерлі тұрғын үй – ортақ үлестік меншік болып табылатын кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінен және көппәтерлі тұрғын үйге іргелес жатқан жер учаскесіне не кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің өзге де бөліктеріне дербес шығатын жерлері бар екі және одан көп пәтерлерден, тұрғын емес үй-жайлардан тұратын, біртұтас бөлінбейтін жер учаскесінде біртұтас іргетасы бар жеке тұрған ғимарат;
3) көппәтерлі тұрғын үй пәтерлері, тұрғын емес үй-жайлары меншік иелерінің жиналысы (бұдан әрі – жиналыс) – пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға байланысты шешімдерді ұжымдық талқылауын және дауыс беру арқылы қабылдауын қамтамасыз ететін кондоминиум объектісін басқарудың жоғары органы;
4) көппәтерлі тұрғын үйді басқарушы (бұдан әрі – басқарушы) – басқаратын көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың, орынтұрақ орнының, қойманың меншік иесі болып табылмайтын, уәкілетті орган бекіткен біліктілік талаптарына сай келетін Қазақстан Республикасының азаматы;
5) тұрғын емес үй-жай – кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін қоспағанда, көппәтерлі тұрғын үйдегі құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға сәйкес келетін, жоба сатысында көзделген, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, шекаралары қабырғалардың, еденнің және төбенің (қабатаралық жабындылардың) ішкі беттері болып табылатын, тұрақты тұрудан өзге мақсаттарда (кеңсе, дүкен, кафе, қонақүй, хостел және халыққа қызмет көрсету саласының басқа да объектілері) пайдаланылатын және дара (бөлек) меншіктегі жеке ішкі кеңістік.
6) энергетикалық ресурстар – запастағы энергиясы қазіргі уақытта шаруашылық және өзге де қызмет түрлеріне пайдаланылатын немесе перспективада пайдаланылуы мүмкін табиғи және өндірілген энергия көздерінің жиынтығы, сондай-ақ энергия түрлері (атом, электр, химия, электрлі-магнитті, жылу және энергияның басқа түрлері).
2-тарау. Тұрғын және тұрғын емес үй-жайларда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі талаптар
3. Жаңа немесе өзгерген (кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, реконструкциялау, күрделі жөндеу) тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар"Үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың және олардың қоршау конструкцияларының бірі бөлігі болып табылатын элементтерінің энергия тиімділігі жөніндегі талаптарды белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 406 бұйрығымен белгіленген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №11378 болып тіркелген) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі талаптарға сәйкес келуі тиіс.
3-тарау. Тұрғын және тұрғын емес үй-жайларда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру тәртібі
4. Тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар объектісінің энергетикалық ресурстарын тиімді пайдалану, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мүмкіндіктерін анықтау үшін мүлік иелері бірлестігінің төрағасы немесе жай серіктестіктің сенім білдірілген тұлғасы не басқарушы не басқарушы компания не пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иелері жылу энергиясын тұтынудың тұрақты мониторингін жүзеге асырады.
5. Жылу энергиясын тұтыну мониторингі жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарымен жарақтандырылған тұрғын және тұрғын емес үй-жайларда жүргізіледі және жылу энергиясын тұтынуды мерзімді (ай сайынғы) тіркеуге және нәтижелері осы Тәртіпке 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ресімделетін аптадағы сыртқы ауаның орташа температурасын өлшеуге негізделеді.
Коммерциялық есепке алу аспаптары болмаған жағдайда, жылу энергиясын тұтыну нормаларын есептеу Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 13 қаңтардағы № 15 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10313 болып тіркелген) Есептеу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін электрмен жабдықтау бойынша коммуналдық қызметтерді және коммерциялық есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін жылу энергиясын сату бойынша коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларын есептеудің үлгілік қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Жылу энергиясын тұтынуды ай сайын тіркеу жылу энергиясын және сыртқы ауаның температурасын тұтыну көрсеткіштері бойынша әр айдың 10-нан кешіктірілмей жүзеге асырылады.
7. Жылу энергиясын тұтыну мониторингінің нәтижелері туралы ай сайынғы есепті мүлік иелері бірлестігінің төрағасы немесе жай серіктестіктің сенім білдірілген тұлғасы не басқарушы не басқарушы компания жиналыста айқындалған жалпыға қолжетімді жерде орналастырады және осы Тәртіпке 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалады және айдағы заттай да, ақшалай түрде де жылу энергиясын тұтыну туралы деректерді, сондай-ақ нормадан ауытқудың ықтимал себептері туралы деректерді қамтиды.
8. Жылыту маусымында жылу энергиясын тұтыну нормасынан асып кеткен кезде мүлік иелері бірлестігінің төрағасы немесе жай серіктестіктің сенім білдірілген тұлғасы не басқарушы не басқарушы компания не пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иелері жылыту маусымы аяқталғаннан кейін күнтізбелік алпыс күн ішінде жылу энергиясын тұтыну нормасынан асып кету себептерін анықтайды.
Жылу энергиясын тұтыну нормасынан асып кету себептерін өз бетінше анықтау мүмкін болмаған жағдайда, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы немесе жай серіктестіктің сенім білдірілген тұлғасы не басқарушы не басқарушы компания не пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иелері жиналыста нысаналы энергия аудитін жүргізуге бастамашылық жасайды, ол Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 400 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11729 болып тіркелген) Энергия аудитін жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
Тұрғын және тұрғын емес үй-жайларда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі тәртіп пен талаптарға 2-қосымша |
|
Нысан |
Жылу энергиясын тұтыну мониторингі
Кезең | Жылу энергиясы | ||
ай | апта | Гигакалорий (коммерциялық есепке алу құралының деректеріне сәйкес) | Сыртқы ауа температурасы (термометрдің көрсеткіші бойынша) |
Тұрғын және тұрғын емес үй-жайларда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі тәртіп пен талаптарға 2-қосымша |
|
Нысан |
Жылу энергиясын тұтыну мониторингінің нәтижелері туралы ай сайынғы есеп
Кезең | Жылу энергиясы | Нормадан ауытқудың ықтимал себептері туралы деректер | |
Жыл, ай | Гигакалорий | Теңге | |
қаңтар | |||
ақпан | |||
наурыз | |||
сәуір | |||
мамыр | |||
маусым | |||
шілде | |||
тамыз | |||
қыркүйек | |||
қазан | |||
қараша | |||
желтоқсан | |||
Жиыны |