Жылу энергетикасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2024 жылғы 8 шілдедегі № 120-VIII ҚРЗ.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 53-б. қараңыз.
      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

      Осы Заң коммуналдық және өндірістік мұқтаждықтарға жылу энергиясын өндіру, тасымалдау, өткізу мен тұтыну, сондай-ақ жылумен жабдықтау жүйелерінің сапалы жұмыс істеуі мен оларды дамыту және жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік реттеу процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) әзірлік паспорты – жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілердің күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлігін растайтын, жыл сайын берілетін құжат;

      2) жеке жылумен жабдықтау жүйесі – жеке тұрғын үйді жылыту мұқтаждығы үшін орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінің жылу желілеріне қосылмай, бірден-бір тұтынушыны автономды жылу энергиясы көзінен жылу энергиясымен қамтамасыз ететін жылумен жабдықтау жүйесі;

      3) жергілікті жылумен жабдықтау жүйесі – бір жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі не кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің құрамына кіретін және орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінің желілері болып табылмайтын жылу желілері арқылы бір немесе бірнеше жылу энергиясы көзінен бір немесе бірнеше жылу энергиясын тұтынушы үшін жұмыс істейтін жылумен жабдықтау жүйесі;

      4) жылу желісі – жылу энергиясын жылу энергиясы көздерінен жылу тұтынатын қондырғыларға дейін беру мақсатында жылу жеткізгішті тасымалдауға және оның ағынын реттеуге арналған құбыржолдар мен құрылғылар (орталық жылу пункттерін, сорғы станцияларын қоса алғанда) жүйесі;

      5) жылу жеткізгіш – жылу энергиясын тасымалдау үшін пайдаланылатын сұйық немесе газ тәрізді зат (бу, ауа, су және басқа да заттар);

      6) жылу қуаты – жылу энергиясының көзімен өндірілуі, жылу желілері арқылы берілуі және (немесе) жылу энергиясын тұтынушы уақыт бірлігі ішінде қабылдауы мүмкін жылу энергиясының мөлшері;

      7) жылумен жабдықтау – тұтынушыларды жылу энергиясымен, жылу жеткізгішпен қамтамасыз ету, оның ішінде жылу қуатын ұстап тұру;

      8) жылумен жабдықтауды дамыту схемасы – осы Заңға сәйкес әзірленетін және бекітілетін, тиісті аумақтың ерекшеліктері ескеріле отырып, жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметті ұсынуға перспективалық қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жылу энергетикасын дамыту жөніндегі әрекеттер кешенін сипаттайтын және негіздейтін құжат;

      9) жылумен жабдықтаудың авариялық броні – технологиялық процесі толық тоқтатылған, жылу энергиясын тұтынушының жылу тұтынатын қондырғыларының персонал мен қоршаған орта үшін қауіпсіз жай-күйін қамтамасыз ететін, ең аз тұтынылатын жылу қуаты немесе жылу энергиясының мөлшері;

      10) жылумен жабдықтаудың сенімділігі – жылу энергиясын тұтынушыларды жылумен жабдықтаудың сапасы мен қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін жылумен жабдықтау жүйесі жай-күйінің сипаттамасы;

      11) жылумен жабдықтаудың технологиялық броні – уақыт ұзақтығы сағатпен есептелетін технологиялық өндіріс процесі аяқталғаннан кейін тиісті жылу тұтынатын қондырғылар ажыратылуы және жүктемесі жылумен жабдықтаудың авариялық броніне дейін төмендетілуі мүмкін осы процесті аяқтау үшін жылу энергиясын тұтынушыға қажетті ең аз тұтынылатын жылу қуаты;

      12) жылумен жабдықтау жүйесі – жылу жеткізгішті өндіруге, тасымалдауға және пайдалануға арналған қондырғылар кешені;

      13) жылумен жабдықтау сапасы – жылумен жабдықтау сипаттамаларының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген термодинамикалық параметрлерге сәйкес келуі;

      14) жылумен жабдықтау субъектілері – жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілер;

      15) жылу өндіруші субъект – осы Заңға сәйкес жылу энергиясын өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;

      16) жылу тасымалдаушы субъект – осы Заңға сәйкес жылу энергиясын тасымалдау және (немесе) өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;

      17) жылу тұтынатын қондырғылар – жылу энергиясын тұтынушының мұқтаждықтары үшін жылу энергиясын, жылу жеткізгішті пайдалануға арналған құрылғылар кешені;

      18) жылу энергетикасы – жылу энергиясын өндіру, тасымалдау, өткізу және тұтыну саласы;

      19) жылу энергетикасының жоспарлы көрсеткіштері – қысқа мерзімді перспективада қол жеткізу жоспарланатын түйінді көрсеткіштердің мәні;

      20) жылу энергетикасының нақты көрсеткіштері – осы (ағымдағы) уақыт кезеңіндегі түйінді көрсеткіштердің мәндері;

      21) жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштері – ұзақ мерзімді (стратегиялық) перспективада қол жеткізу жоспарланатын түйінді көрсеткіштердің мәні;

      22) жылу энергетикасының түйінді көрсеткіштері – жылу энергетикасының жай-күйін бағалайтын негізгі көрсеткіштер (индикаторлар);

      23) жылу энергетикасы объектілері – жылу энергиясының көздері, жылу желілері және жылу тұтынатын құрылғылар;

      24) жылу энергетикасы саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – жылу энергетикасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      25) жылу энергетикасы субъектілері – жылумен жабдықтау субъектілері және жылу энергиясын тұтынушылар;

      26) жылу энергиясы – тұтыну кезінде жылу жеткізгіштердің термодинамикалық параметрлері өзгеретін, тауар болып табылатын энергетикалық ресурс;

      27) жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызмет – жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтердің жиынтығы;

      28) жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті коммерциялық есепке алу – жылу энергиясының және (немесе) жылу жеткізгіштің мөлшері мен параметрлерін коммерциялық есепке алу аспаптарымен, ал олар ақаулы болған немесе жоқ болған кезде коммерциялық өзара есеп айырысуларға арналған есептеме тәсілімен анықтау;

      29) жылу энергиясын тасымалдау – жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті қабылдауды және оны жылу энергиясының көзінен жылу энергиясын тұтынушыға дейін жеткізуді қамтитын жылу энергиясын беру және тарату;

      30) жылу энергиясын тұтынушы (бұдан әрі – тұтынушы) – осы Заңға сәйкес жылу энергиясын өзі тұтыну және (немесе) қосалқы тұтынушыға одан әрі сату үшін сатып алатын жеке немесе заңды тұлға;

      31) жылу энергиясының көзі – жылу энергиясын өндіруге арналған жылу электр орталығы, қазандықтар және басқа да құрылғылар және (немесе) қондырғылар;

      32) коммерциялық есепке алу аспабы – жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті коммерциялық есепке алуға арналған, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен қолдануға рұқсат етілген техникалық құрылғы;

      33) қосалқы тұтынушы – жылу желілері және (немесе) жылу тұтынатын қондырғылары тұтынушының жылу желілеріне жалғанған тұтынушы;

      34) орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесі – тұтынушылардың жиынтық қосылған жүктемесі жиырма мегаваттан асатын жылу желілері арқылы тұтынушыларға жылу жеткізгішті тасымалдай отырып, бір немесе бірнеше жылу энергиясы көзінен жылумен жабдықтайтын жүйе;

      35) отын – жағу кезінде жылу энергиясын өндіру үшін шаруашылық қызметте пайдаланылатын заттар;

      36) отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі (бұдан әрі – уәкілетті органның ақпараттық жүйесі) – жылу энергетикасы субъектілерін мониторингтеу және олармен өзара іс-қимыл жасау бойынша уәкілетті органның ақпараттық жүйесі;

      37) технологиялық бұзушылық – электр және (немесе) жылу энергиясын өндірудің, берудің, тұтынудың технологиялық процесінің бұзылуына алып келген, жылу энергиясының көздері жабдығының, жылу желілерінің істен шығуы немесе зақымдануы, оның ішінде жану немесе жарылыс, белгіленген режимдерден ауытқу, жабдықты санкцияланбаған ажырату немесе оның жұмыс қабілеттігін шектеу немесе ақауының болуы салдарынан істен шығуы немесе зақымдануы;

      38) тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган – жылу энергиясын тұтыну бөлігінде жылу энергетикасы саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      39) тікелей тұтынушы – жылу желілері жылу өндіруші субъектінің жылу энергиясы көздерінің коллекторларына қосылған және (немесе) жылу өндіруші субъектінің жылу энергиясы көздерінің бу құбырына қосылған тұтынушы.

2-бап. Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың осы Заңнан басымдығы болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

3-бап. Жылу энергетикасы саласындағы заңнамалық реттеудің негізгі мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары

      1. Жылу энергетикасы саласындағы заңнамалық реттеу Қазақстан Республикасының жылу энергетикасын елдің шаруашылық-экономикалық және әлеуметтік кешендерінің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ерекше маңызды жүйе ретінде басқарудың біртұтастығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.

      2. Жылу энергетикасы саласындағы заңнамалық реттеудің негізгі міндеттері:

      1) тұтынушылар, жылумен жабдықтау субъектілері және мемлекет мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету;

      2) шығындары мейлінше аз жоспарлы және бағдарламалық құжаттардың негізінде жылу энергетикасының озық, орнықты жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз ету;

      3) техникалық регламенттердің, стандарттау жөніндегі құжаттардың талаптарына және осы Заңда белгіленген, жасалған шарттардың талаптарына сәйкес жылумен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін қамтамасыз ету;

      4) төмен көміртекті дамуға көшу және экологияны жақсарту жөніндегі, оның ішінде қоршаған ортаны жылу энергетикасы объектілері қызметінің зиянды әсерінен қорғау арқылы мемлекеттің басымдықтарын іске асыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ тиімділігі жоғары жылу энергиясы когенерациясына, энергиялық тиімді технологиялар мен жабдықты, жаңартылатын энергия көздерін және қоршаған ортаға ластаушы заттар мен парниктік газдардың шығарындыларын азайтуға мүмкіндік беретін өзге де энергия көздерін пайдалануға негізделген орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерін дамыту және басым түрде пайдалануды қамтамасыз ету;

      5) жылумен жабдықтау жүйелерінің қауіпсіз және сенімді түрде пайдаланылуы үшін жылу энергетикасы субъектілерінің, оның ішінде жылу энергетикасы объектілері меншік иелерінің жауаптылығын айқындау;

      6) энергия тиімділігі деңгейін арттыру және энергия үнемдеу, ресурс үнемдеу технологияларын ендіру жөніндегі іс-шаралардың жүргізілуін қамтамасыз ету және жылу энергетикасында әртүрлі энергия көздерінің оңтайлы үйлесімін қолдану мүмкіндігін қамтамасыз ету;

      7) техникалық және экономикалық орындылығын ескере отырып, өнеркәсіптік процестерден артылған жылуды кәдеге жарату кезінде жылу энергиясын өнеркәсіптік кәсіпорындардан жылумен жабдықтау субъектілерінің басым түрде сатып алуы;

      8) бағалық реттеу қолданылатын жылумен жабдықтау субъектілері үшін операциялық тиімділікті арттыруға, жылу энергиясының ысырабын азайтуға, жылумен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін арттыруға ынталандыруларды қамтамасыз ету;

      9) ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарлама бекітілген жағдайда бағалық реттеу қолданылатын жылумен жабдықтау субъектілері үшін реттеліп көрсетілетін қызметтерден түсетін кірістердің болжамдылығын қамтамасыз ету;

      10) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жылу энергетикасына қатысуын кеңейту;

      11) жылу энергетикасының инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету;

      12) жылу энергиясының реттелетін нарығын жетілдіру;

      13) жылу энергиясын ұтымды және үнемді тұтыну;

      14) жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялауды және жаңғыртуды кредиттеу мен субсидиялауды қамтамасыз ету;

      15) бекітілген жылумен жабдықтауды дамыту схемаларын ескере отырып, жылу энергетикасын дамыту.

      3. Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының негізгі қағидаттарына мыналар жатады:

      1) жылу энергетикасын дамытуды тиімді, экономикалық тұрғыдан негізделген, экологиялық және жүйелі жоспарлау;

      2) жылумен жабдықтау жүйелерінің энергия тиімділігін арттыру;

      3) жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету;

      4) жылу энергетикасы субъектілерін мониторингтеу және олардың есеп беруі;

      5) сенімді, орнықты және сапалы жылумен жабдықтауға қол жеткізу үшін жылумен жабдықтау субъектілері мен орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерін тұтынушылардың мүдделерін ескере отырып, жылу энергетикасы саласындағы тарифтерді әділ түрде мемлекеттік реттеу;

      6) жылу энергиясының тұтынушылар үшін, оның ішінде субсидиялар есебінен қолжетімді болуы;

      7) орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерін дамытуды мемлекеттік қолдауды, оның ішінде жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялауды және жаңғыртуды бюджет қаражаты есебінен кредиттеу және субсидиялау арқылы мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету.

      4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, орталық мемлекеттік органдар, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдар жылу энергиясын өндіруге және тасымалдауға немесе осы процестерді технологиялық жағынан басқаруға байланысты жылумен жабдықтау субъектілерінің өндірістік-технологиялық қызметіне араласуға құқылы емес.

2-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2) тармақша 01.01.2027 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      2) жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету қағидаларын бекітеді;

      3) Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзіне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

5-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:

      1) жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және өткізу бөлігінде жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады;

      2) осы Заңның мақсаттары мен міндеттеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және өткізу бөлігінде жылу энергетикасы саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, техникалық регламенттерді, нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлейді және бекітеді;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      3) тармақша 01.01.2026 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      3) жылу энергиясын өндіру және тасымалдау бөлігінде жылу энергетикасының түйінді көрсеткіштерін әзірлейді;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      4) тармақша 01.01.2026 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      4) жылу энергиясын өндіру және тасымалдау бөлігінде жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлейді;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      5) тармақша 01.01.2026 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      5) тиісті уәкілетті органдар әзірлеген, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер, жылу энергиясын өндіру, тасымалдау, өткізу және тұтыну секторлары, сондай-ақ энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша жылу энергетикасының түйінді және нысаналы көрсеткіштерін бекітеді;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      6) тармақша 01.07.2025 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      6) жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілердің деректерді уәкілетті органның ақпараттық жүйесіне беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      7) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялау мен жаңғыртуды кредиттеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      8) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялау мен жаңғыртуды субсидиялау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      9) жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялау мен жаңғыртуды кредиттеуді және субсидиялауды жүзеге асырады;

      10) жылумен жабдықтау субъектілерінің қолда бар активтерді кеңейту, жаңғырту, реконструкциялау, жаңарту, ұстап тұру және жаңа активтерді құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін тартылған халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын өтеуге және оларға қызмет көрсетуге арналған шығындарын субсидиялау кезінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарын үйлестіруді жүзеге асырады;

      11) жылумен жабдықтау субъектілерінің қолда бар активтерді кеңейту, жаңғырту, реконструкциялау, жаңарту, ұстап тұру және жаңа активтерді құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін тартылған халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын өтеуге және оларға қызмет көрсетуге арналған шығындарын субсидиялау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      12) орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріндегі технологиялық бұзушылықтарды есепке алуды жүргізеді;

      13) орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінде жұмыс істейтін жылумен жабдықтау субъектілерінің жылу энергетикасы объектілері мен олардың құрамына кіретін ғимараттардың, үй-жайлардың, құрылысжайлар мен жабдықтың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлігін бағалау жөніндегі комиссияларының жұмысына қатысады;

      14) жылу энергетикасын дамыту мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады;

      15) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

6-бап. Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган:

      1) жылу энергиясын тұтыну бөлігінде жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;

      2) осы Заңның мақсаттары мен міндеттеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылу энергиясын тұтыну бөлігінде жылу энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді келіседі, әзірлейді және бекітеді;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      3) тармақша 01.01.2026 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      3) жылу энергиясын тұтыну бөлігінде жылу энергетикасының түйінді және нысаналы көрсеткіштерін әзірлейді және уәкілетті органға жібереді;

      4) жылу энергиясын тұтыну бөлігінде жылу энергетикасы саласындағы нормативтік-техникалық құжаттаманы өз құзыреті шегінде әзірлейді және бекітеді;

      5) жылу энергиясын тұтыну бөлігінде жылу энергетикасы саласында әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

      6) жылу энергиясын тұтыну бөлігінде жылу энергетикасы саласында ғылыми-зерттеулер жүргізуді ұйымдастырады;

      7) коммерциялық есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін жылу энергиясын өткізу бойынша коммуналдық көрсетілетін қызметтерді тұтыну нормаларын есептеудің үлгілік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

7-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті орган:

      1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бөлігінде жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;

      2) осы Заңның мақсаттары мен міндеттеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бөлігінде Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілерін әзірлейді және бекітеді;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      7) тармақша 01.01.2026 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      3) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бөлігінде жылу энергетикасының түйінді және нысаналы көрсеткіштерін әзірлейді және уәкілетті органға жібереді;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      4) тармақша 01.01.2026 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      4) жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жылу энергетикасы объектілерінің жылуды тұтынуын азайту жөніндегі жоспарларды әзірлейді және олардың орындалуын мониторингтеуді қамтамасыз етеді;

      5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

8-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті

      1. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары:

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1) тармақша 01.01.2027 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      1) уәкілетті орган бекіткен жылумен жабдықтауды дамыту схемаларын әзірлеу және бекіту қағидаларының негізінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жылумен жабдықтауды дамытудың ұзақ мерзімді және орта мерзімді схемаларын әзірлейді және жергілікті өкілді органға бекітуге ұсынады;

      2) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жылу энергетикасының жай-күйіне, оның ішінде жылу энергиясының пайдаланылу сенімділігін, технологиялық және экономикалық қолжетімділігін бағалау бөлігінде мониторингті жүзеге асырады және алынған деректердің, оның ішінде мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органнан алынған деректердің негізінде жылыту маусымына дайындық бөлігінде өңірлер бойынша есептілікті мемлекеттік органдарға ұсынады;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      3) тармақша 01.01.2027 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      3) жылумен жабдықтауды дамыту схемаларының орындалуына мониторинг жүргізеді;

      4) жылу энергетикасы объектілерінің жай-күйі туралы ақпаратты жинауды, жаңартып отыруды және жариялауды жүргізеді;

      5) жылумен жабдықтау субъектілерінің тізілімін жүргізеді;

      6) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес мониторинг жүргізу шеңберінде жылумен жабдықтау субъектілерінен алынған деректерді уәкілетті органға береді;

      7) жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріндегі технологиялық бұзушылықтарды есепке алуды жүргізеді;

      8) жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылу энергиясының көздері мен жылу желілерін жоспарлы жөндеуді келіседі;

      9) жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылу энергиясы көздерінің, жылу желілерінің, тұтынушылардың жылу тұтынатын қондырғыларының дайындығы мен жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының жүзеге асырылуын және олардың күзгі-қысқы кезеңде жұмыс істеп тұруын бақылайды;

      10) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасын бұзушылықтар бойынша сотқа жүгінеді және істерді сот қараған кезде қатысады;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      11) тармақша 01.07.2025 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      11) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шығыстарды және жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге жұмсалатын шығыстарды төлеу немесе өтеу үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек беру тәртібін әзірлейді;

      12) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.

      2. Облыстардың жергілікті атқарушы органдары:

      1) қажет болған кезде тиісті облыстың аудандары мен облыстық маңызы бар қалаларының жылумен жабдықтауды дамыту схемаларын әзірлеу мен іске асырудың қаржыландырылуын қамтамасыз етеді;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2) тармақша 01.01.2027 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      2) жылумен жабдықтауды дамытудың әзірленген схемаларына сәйкес облыстың жылумен жабдықтау жүйелерін дамытуды жалпы үйлестіруді жүзеге асырады;

      3) жылумен жабдықтау субъектілерінің облыстық тізілімін жүргізеді;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.

      3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жылу өндіруші субъектілердің жылыту маусымын іркіліссіз өткізу үшін отын сатып алуға жұмсалатын шығындарын субсидиялауды уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жылумен жабдықтау субъектілерінің қолда бар активтерді кеңейту, жаңғырту, реконструкциялау, жаңарту, ұстап тұру және жаңа активтерді құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін тартылған халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын өтеуге және оларға қызмет көрсетуге жұмсалатын шығындарын субсидиялауды уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.

9-бап. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді органдарының құзыреті

      Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді органдары:

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1) тармақша 01.01.2027 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      1) жылумен жабдықтауды дамыту схемаларын бекітеді;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2) тармақша 01.07.2025 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      2) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін қамтамасыз ету жөніндегі шығыстарды және жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге жұмсалатын шығыстарды төлеу немесе өтеу үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек беру тәртібін бекітеді;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

3-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТIК ЖӘНЕ ӨНДІРІСТІК БАҚЫЛАУ

10-бап. Жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттiк бақылау

      1. Жылу энергетикасы объектілерін пайдалану және оның техникалық жай-күйі, жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілер бөлігінде жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік бақылауды (бұдан әрі – мемлекеттік бақылау) мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы органдар бақылау субъектілері (объектілері) қызметінің Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келуі тұрғысынан осы Заңға сәйкес қашықтан бақылау және тексеру, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі мен осы Заңға сәйкес тергеп-тексеру нысанында жүзеге асырады.

      2. Жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік бақылауды жергілікті атқарушы органдар тұтынушылардың Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауы тұрғысынан Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексеру, жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырады.

      Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай, профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңның 11-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Жылу энергетикасы объектілері бар жеке немесе заңды тұлғалар, жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілер бақылау субъектілері (объектілері) болып табылады.

      4. Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік орган орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде:

      1) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын, сондай-ақ жылу энергетикасы объектілерін пайдалану кезінде техникалық және технологиялық нормалардың сақталуын;

      2) жылу энергетикасы объектілерін және олардың құрамына кіретін ғимараттарды, үй-жайларды, құрылысжайлар мен жабдықты қауіпсіз пайдалану жөніндегі талаптардың сақталуын;

      3) жылумен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін, жылумен жабдықтау жүйесінің қауіпсіздігін;

      4) техникалық пайдалану қағидалары мен қауіпсіздік техникасы қағидаларын білуіне тексеруден өтпеген жұмыскерлердің жұмысқа жіберілмеуін немесе одан шеттетілуін;

      5) жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілердің дайындығы мен жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының, оның ішінде күзгі-қысқы кезеңде жүзеге асырылуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.

      5. Жергілікті атқарушы органдар жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінде:

      1) бақылау субъектілерінің (объектілерінің) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын, техникалық және технологиялық нормаларды сақтауын;

      2) жылумен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасын, жылумен жабдықтау жүйесінің қауіпсіздігін;

      3) жылу энергиясы көздерінің, жылу желілерінің дайындығы мен жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының жүзеге асырылуын және олардың, оның ішінде күзгі-қысқы кезеңде жұмыс істеп тұруын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.

11-бап. Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау

      1. Жылу энергетикасы саласындағы бақылау (объектісіне) субъектісіне бармай профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының жылумен жабдықтау жүйелерінің қауіпсіз, сенімді және орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.

      2. Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жергілікті атқарушы органның сұрау салуы бойынша алынған ақпаратты талдау арқылы, өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының сақталуы мәселелері бойынша оның бұзылуы туралы ақпарат келіп түскен кезде жүргізіледі.

      3. Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау тұтынушыларға қатысты жүргізіледі.

      4. Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісінің әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) бұзушылықтар анықталған жағдайда, жергілікті атқарушы орган бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды ресімдейді және бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жібереді.

      5. Бұзушылықтарды жою туралы ұсыным жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне жеке қолын қойғызып немесе жөнелту және алу фактілерін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс.

      Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген бұзушылықтарды жою туралы ұсыным мынадай жағдайларда:

      1) қолма-қол – ұсынымға алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;

      2) поштамен – хабарламасы бар тапсырысты хатпен;

      3) электрондық тәсілмен – жергілікті атқарушы орган сұрау салған кезде жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісінің хатта көрсетілген электрондық мекенжайына жергілікті атқарушы орган жөнелткен күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.

      6. Бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды алған жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісі ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органға бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көзделген анықталған бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуға міндетті.

      Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісі бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін жергілікті атқарушы органға бұзушылықтарды жою туралы ұсынымның орындалуы туралы ақпарат береді.

      Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісі бұзушылықтарды жою туралы ұсынымның орындалуы туралы берілген ақпаратқа бұзушылықты жою фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса береді.

      7. Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісі бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды жіберген жергілікті атқарушы органға ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.

      8. Бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды жүргізудің жартыжылдық тізіміне қосу жолымен жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды тағайындауға алып келеді.

      9. Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау осы баптың 2-тармағында көрсетілген мән-жайлар туындаған кезде жүргізіледі.

      10. Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау бір жыл ішінде екі реттен артық жүргізілмейді.

12-бап. Қашықтан бақылау

      1. Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы органдар (бұдан әрі – бақылау органдары) қашықтан бақылауды жылу энергиясын өндірудің, берудің, өткізудің және тұтынудың қауіпсіздігіне, сенімділігі мен сапасына әсер ететін Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды анықтау тұрғысынан бақылау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін талдау арқылы тұрақты негізде жүргізеді.

      2. Бақылау органдары қашықтан бақылауды осы баптың 1-тармағына сәйкес бұзушылықтарға жол берген бақылау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты, бақылау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін талдау және ақпараттық жүйелердің, бақылау субъектілері (объектілері) ұсынған есептіліктің, ашық дереккөздердің, бұқаралық ақпарат құралдарының деректері, сондай-ақ бақылау субъектісінің (объектісінің) қызметі туралы басқа да мәліметтер, оның ішінде мемлекеттік органдармен ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау шеңберінде алынған ақпарат негізінде жүргізеді.

      3. Қашықтан бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытынды жасалады және бақылау субъектісіне (объектісіне) бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жіберіледі.

      Қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындының нысанын уәкілетті орган бекітеді.

      4. Бақылау органдары қашықтан бақылау жүргізу шеңберінде:

      1) бақылау субъектілерінен (объектілерінен) және олардың лауазымды адамдарынан жазбаша нысанда мәліметтер мен құжаттарды не олардың көшірмелерін сұратуға;

      2) қашықтан бақылау нысанасына қатысты қажетті ақпаратты алу мақсатында бақылау субъектісінің басшысын не оның уәкілетті адамын шақыртуға құқылы.

      5. Бақылау субъектілері (объектілері) бақылау органдарының сұрау салуында көрсетілген мәліметтер мен құжаттарды бақылау органдары белгілеген мерзімдерде ұсынуға міндетті.

      6. Қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытынды екі данада жасалады. Қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындының бір данасы бақылау субъектісіне (объектісіне) жіберіледі, екінші данасы бақылау органында қалады.

      Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытынды мынадай жағдайларда:

      1) қолма-қол – қорытындыға алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;

      2) поштамен – хабарламасы бар тапсырысты хатпен;

      3) электрондық тәсілмен – бақылау органы сұрау салған кезде бақылау субъектісінің (объектісінің) хатта көрсетілген электрондық мекенжайына бақылау органы жөнелткен күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.

      7. Қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыны алған бақылау субъектісі ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде қашықтан бақылауды жүргізген бақылау органына анықталған бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуға міндетті.

      Бақылау субъектісі қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыда көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындының орындалуы туралы ақпарат береді.

      Бақылау субъектісі қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындының орындалуы туралы берілген ақпаратқа бұзушылықты жою фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса береді.

      8. Бақылау субъектісі қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, қашықтан бақылауды жүргізген және қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыны жіберген бақылау органына ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.

      Бақылау субъектісі қарсылықта бақылау органына жіберілетін ескертулерді және (немесе) дәлелдерді баяндауға міндетті.

      Қашықтан бақылауды жүргізген бақылау органы қарсылықты алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде ескертулерді және (немесе) дәлелдерді ескере отырып, қарсылықты қабылдау немесе уәжді негіздемемен одан бас тарту жөнінде шешім қабылдайды.

      9. Қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыны белгіленген мерзімде орындамау осы Заңға сәйкес бақылау субъектісін (объектісін) жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болып табылады.

13-бап. Жылу энергетикасы саласындағы тексерулер

      1. Бақылау субъектісін (объектісін) тексеру (бұдан әрі – тексеру) – бақылау органдарының осы Заңның 10-бабының 4 және 5-тармақтарында көзделген талаптарды сақтау тұрғысынан бақылау субъектісіне (объектісіне) қатысты қызметі.

      Тексеру бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы жүзеге асырылады, оның нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, бақылау субъектісі (объектісі) тексеру нәтижелері туралы акт және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жасайды.

      2. Тексерулер жоспарлы және жоспардан тыс болып бөлінеді.

      3. Жоспарлы тексерулер тексеруді тағайындау туралы акт негізінде жоспарлы тексеру жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейінгі мерзімде бақылау органдары бекіткен тексерулердің жылдық тізіміне сәйкес жүргізіледі.

      Тексерулердің жылдық тізімі бақылау субъектілерін (объектілерін) негізгі жабдықтың тозу дәрежесіне және (немесе) технологиялық бұзушылықтардың санына қарай бөлу ескеріліп қалыптастырылады және бақылау органдарының интернет-ресурсында тексерулер жүргізілген жылдың алдындағы жылдың 20 желтоқсанынан кешіктірілмей орналастырылады.

      Бақылау субъектілері (объектілері) негізгі жабдықтың тозу дәрежесі бойынша мыналарға бөлінеді:

      1) тозуы 50 пайызға дейін болса – қауіп-қатер дәрежесі төмен;

      2) тозуы 51-ден 75 пайызға дейін болса – қауіп-қатер дәрежесі орташа;

      3) тозуы 75 пайыздан астам болса – қауіп-қатер дәрежесі жоғары.

      Бақылау субъектілері (объектілері) уәкілетті орган бекітетін технологиялық бұзушылықтар сыныптамасына сәйкес технологиялық бұзушылықтар саны бойынша мыналарға бөлінеді:

      1) II дәрежедегі істен шығулардың болуы – қауіп-қатер дәрежесі төмен;

      2) I, II дәрежедегі істен шығулардың болуы – қауіп-қатер дәрежесі орташа;

      3) авариялардың, I, II дәрежедегі істен шығулардың болуы – қауіп-қатер дәрежесі жоғары.

      Қауіп-қатердің төмен дәрежесіне жатқызылған бақылау субъектілерін (объектілерін) тексеру жоспардан тыс тексерулерді қоспағанда, екі жылда бір реттен жиілетпей жүргізіледі.

      Қауіп-қатердің орташа және жоғары дәрежелеріне жатқызылған бақылау субъектілерін (объектілерін) тексеру жоспардан тыс тексерулерді қоспағанда, жылына бір реттен жиілетпей жүргізіледі.

      Тексерулердің жылдық тізімі әкімшілік дереккөздердің деректері, сондай-ақ ақпараттық құралдар негізінде автоматты режимдегі ақпараттық жүйелер пайдаланыла отырып қалыптастырылады.

      Бақылау органдары автоматты режимде жұмыс істейтін ақпараттық жүйе болмаған кезде тексерулердің жылдық тізімін негізгі жабдықтың тозуы және (немесе) технологиялық бұзушылықтардың саны бойынша қауіп-қатер дәрежелерін ескеріп дербес қалыптастырады.

      Бақылау органдары сол бір бақылау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты тексерулер тізімі мен жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылаудың жартыжылдық тізімдерін жасаған кезде тексерулерді жүргізу кезеңінің бірыңғай мерзімдері белгіленеді.

      Бақылау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты тексерулердің жылдық тізімі өздеріне қатысты тексеру тағайындалған объектілер міндетті түрде көрсетіліп қалыптастырылады.

      Тексерулер жүргізудің жылдық тізіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу тексерілетін бақылау субъектісі (объектісі) таратылған, қайта ұйымдастырылған, оның атауы өзгерген, сондай-ақ табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай туындаған, төтенше жағдай режимі енгізілген, эпидемия, карантиндік объектілер ошақтары және аса қауіпті зиянды организмдер, инфекциялық, паразиттік аурулар, уланулар, радиациялық авариялар және солармен байланысты шектеулер туындаған немесе олардың таралу қатері туындаған жағдайларда жүзеге асырылады.

      Тексерулердің жылдық тізімінің нысанын уәкілетті орган бекітеді.

      4. Бақылау органы бақылау субъектісін (объектісін) не оның уәкілетті адамын, құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметін өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органды, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, тексеру басталардан кемінде үш жұмыс күні бұрын оның басталу күнін көрсете отырып, тексеру жүргізудің басталуы туралы жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.

      Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген тексеру жүргізудің басталуы туралы хабарлама мынадай жағдайларда:

      1) қолма-қол – хабарламаға алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;

      2) поштамен – хабарламасы бар тапсырысты хатпен;

      3) электрондық тәсілмен – бақылау органы сұрау салған кезде бақылау субъектісінің (объектісінің) хатта көрсетілген электрондық мекенжайына бақылау органы жөнелткен күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.

      5. Адам өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында бақылау органы нақты бақылау субъектісіне (объектісіне) қатысты жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша тағайындайтын тексеру жоспардан тыс тексеру болып табылады.

      Бақылау органы осы баптың 6-тармағының 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, жоспардан тыс тексеруді жүргізу кезінде бақылау субъектісіне (объектісіне) тексеру басталардан кемінде бір тәулік бұрын бақылау субъектісін (объектісін) тексеруді жүргізу нысанасын көрсете отырып, бақылау субъектісіне (объектісіне) жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталуы туралы хабарлауға міндетті.

      6. Бақылау субъектілеріне (объектілеріне) жоспардан тыс тексеру жүргізудің негіздері:

      1) уәкілетті орган бекітетін технологиялық бұзушылықтар сыныптамасына сәйкес аварияларды немесе І дәрежедегі істен шығуларды тергеп-тексеру нәтижелері жөніндегі іс-шаралардың орындалуын бақылау;

      2) қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыда көрсетілген іс-шараларды орындамау, оның ішінде анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпарат бермеу және (немесе) бұзушылықтарды жоймау;

      3) жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзу фактісін дәлелдейтін растаушы материалдар қоса берілген жолданымдары;

      4) уәкілетті орган бекітетін технологиялық бұзушылықтар сыныптамасына сәйкес авариялар немесе І дәрежедегі істен шығулар туралы ресми дереккөздерден алынған ақпарат;

      5) егер бақылау субъектісі (объектісі) анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты бір реттен көп бермесе және (немесе) анықталған бұзушылықтарды жоймаса, жоспарлы тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуын бақылау;

      6) адам өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірудің не нұқсан келтіру қатерінің нақты фактілері бойынша прокурордың талабы;

      7) адам өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтірудің, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтардың, сондай-ақ жойылмауы адам өміріне, денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге алып келетін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың нақты фактілері бойынша мемлекеттік органдардың жолданымдары;

      8) қылмыстық қудалау органының Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша тапсырмасы;

      9) жоғары тұрған мемлекеттік орган бірінші басшысының Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар бойынша бақылау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты шаралар қабылдау туралы тапсырмасы.

      7. Жоспардан тыс тексерулер анонимді жолданымдар болған жағдайларда жүргізілмейді.

14-бап. Тексерулерді жүзеге асыру тәртібі

      1. Бақылау органының тексеру жүргізуге келген лауазымды адамдары бақылау субъектісіне (объектісіне):

      1) тексеруді тағайындау туралы актіні;

      2) қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын көрсетуге міндетті.

      2. Тексеруді тағайындау туралы актіде мыналар көрсетіледі:

      1) актінің күні мен нөмірі;

      2) мемлекеттік органның атауы;

      3) тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;

      4) тексеру жүргізуге тартылатын мамандар, консультанттар мен сарапшылар, сондай-ақ мемлекеттік органдардың және ведомстволық бағынысты ұйымдардың лауазымды адамдары туралы мәліметтер (қажет болған кезде);

      5) бақылау субъектісінің (объектісінің) атауы, оның тұрған жері, сәйкестендіру нөмірі, объектілердің тізбесі;

      6) тексерудің түрі;

      7) тексерудің нысанасы;

      8) тексеруді жүргізу мерзімі;

      9) тексеруді жүргізу негіздері;

      10) тексерілетін кезең;

      11) бақылау субъектісінің (объектісінің) құқықтары мен міндеттері;

      12) актіге қол қоюға уәкілеттік берілген лауазымды адамның қолтаңбасы;

      13) бақылау субъектісі (объектісі) басшысының не оның уәкілетті адамының актіні алғаны немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы.

      3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) не оның уәкілетті адамына тексеруді тағайындау туралы акт табыс етілген күн тексеру жүргізудің басталуы болып есептеледі.

      Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген тексеруді тағайындау туралы акт мынадай жағдайларда:

      1) қолма-қол – хабарламаға алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;

      2) поштамен – хабарламасы бар тапсырысты хатпен;

      3) электрондық тәсілмен – бақылау органы сұрау салған кезде бақылау субъектісінің (объектісінің) хатта көрсетілген электрондық мекенжайына бақылау органы жөнелткен күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.

      Тексеруді тағайындау туралы акт тексеруді тағайындаған бақылау органының тексерулерді тіркеу журналында тіркеледі.

      4. Тексеруді тағайындау туралы актіні қолма-қол табыс ету кезінде оны алудан бас тартылған жағдайда оған тиісті жазба енгізіледі және актіні қабылдаудан бас тарту фактісін тіркеп-белгілейтін бейнежазба жасалады.

      Тексеруді тағайындау туралы актіні алудан бас тарту оны орындамауға және тексерудің күшін жоюға негіз болып табылмайды.

      5. Тексеруді тағайындау туралы актіні алудан бас тартылған, сондай-ақ бақылау органының лауазымды адамдарының тексеру субъектісіне (объектісіне), тексеру жүргізуге қажетті материалдарға, жабдыққа қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайларда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады.

      6. Тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген лауазымды адам (адамдар) ғана тексеру жүргізе алады.

      Бұл ретте тексеру жүргізетін лауазымды адамдардың құрамы бақылау органының шешімімен өзгеруі мүмкін, ол жөнінде бақылау субъектісі (объектісі) тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілмеген адамдардың тексеруге қатысуы басталғанға дейін, ауыстыру себебі көрсетіліп хабардар етіледі.

      7. Тексеруді жүргізу мерзімдері алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ тексеру нысанасы ескеріліп белгіленеді және:

      1) жоспарлы тексерулерді жүргізу кезінде қауіп-қатердің жоғары дәрежесіне жатқызылған бақылау субъектілері (объектілері) үшін жиырма жұмыс күнінен аспауға, қауіп-қатердің орташа және төмен дәрежесіне жатқызылған бақылау субъектілері (объектілері) үшін он бес жұмыс күнінен аспауға;

      2) жоспардан тыс тексерулерді жүргізу кезінде он жұмыс күнінен аспауға тиіс.

      8. Бақылау органының басшысы (не оны алмастыратын адам) арнаулы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргізу қажет болған кезде, сондай-ақ жұмыс көлемінің ауқымды болуына байланысты тексеруді жүргізу мерзімін отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімге бір рет қана ұзарта алады.

      Тексеруді жүргізу мерзімін ұзарту тексеру мерзімі аяқталғанға дейін бақылау субъектісіне (объектісіне) хабарламаны табыс ете отырып, тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актімен ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің тіркелген күні мен нөмірі және ұзартылу себебі көрсетіледі.

      9. Бақылау органының басшысы (не оны алмастыратын адам) тексеруді:

      1) мерзімі отыз жұмыс күнінен асатын арнаулы зерттеулер, сынақтар мен сараптамалар жүргізілген жағдайда (қорытындыны алғанға дейін);

      2) үшінші тұлғалардан мерзімі отыз жұмыс күнінен асатын мәліметтер мен құжаттарды алу қажет болған кезде (оларды алғанға дейін);

      3) тексеру жүргізуге кедергі келтіретін еңсерілмейтін күш мән-жайлары туындаған кезде тек бір рет қана тоқтата тұра алады.

      Тексеруді тоқтата тұру тексеру мерзімі аяқталғанға дейін бақылау субъектісіне (объектісіне) хабарламаны табыс ете отырып, тексеру мерзімін тоқтата тұру туралы актімен ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің тіркелген күні мен нөмірі және тоқтата тұру себебі көрсетіледі.

      Осы баптың 9-тармағының бірінші бөлігінде көзделген тексеруді тоқтата тұру үшін негіздер тоқтатылғаннан кейін тексеру тоқтата тұру мерзімінен бастап қайта басталады.

      Тексеруді қайта бастау тексеруді тоқтата тұру мерзімі аяқталғанға дейін бақылау субъектісіне (объектісіне) хабарламаны табыс ете отырып, тексеруді қайта бастау туралы актімен ресімделеді, онда тексеруді қайта бастау күні көрсетіледі.

      Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген тексеруді тоқтата тұру туралы акт және тексеруді қайта бастау туралы акт мынадай жағдайларда:

      1) қолма-қол – хабарламаға алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;

      2) поштамен – хабарламасы бар тапсырысты хатпен;

      3) электрондық тәсілмен – бақылау органы сұрау салған кезде бақылау субъектісінің (объектісінің) хатта көрсетілген электрондық мекенжайына бақылау органы жөнелткен күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.

      10. Бақылау органының лауазымды адамы (адамдары) тексеру нәтижелері бойынша тексеру нәтижелері туралы акт және бұзушылықтар анықталған жағдайда, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жасайды.

      Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған кезде әкімшілік іс жүргізуді қозғауға негіздер болғанда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады.

      11. Тексеру нәтижелері туралы актіде мыналар көрсетіледі:

      1) актінің жасалған күні мен орны;

      2) мемлекеттік органның атауы;

      3) тексеруді тағайындау туралы актінің (бар болса, тексеру мерзімін ұзарту, тексеруді тоқтата тұру туралы қосымша актілердің) күні мен нөмірі;

      4) тексеруді жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;

      5) бақылау субъектісінің (объектісінің) атауы, оның тұрған жері немесе бақылау субъектісінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке немесе заңды тұлғаның тексеруді жүргізу кезінде қатысқан өкілінің лауазымы;

      6) тексеру жүргізілген кезең;

      7) тексерудің түрі;

      8) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы мәліметтер;

      9) тексеру нәтижелері туралы актімен танысу немесе танысудан бас тарту, сондай-ақ тексеруді жүргізу кезінде қатысқан адамдар туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тарту туралы жазба;

      10) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) қолтаңбасы.

      Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар болмаған жағдайда тексеру нәтижелері туралы актіде тиісті жазба жасалады.

      12. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада мыналар көрсетіледі:

      1) нұсқаманың жасалған күні мен орны;

      2) мемлекеттік органның атауы;

      3) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;

      4) бақылау субъектісінің (объектісінің) атауы, оның тұрған жері немесе өзіне қатысты тексеруді жүргізу тағайындалған жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке немесе заңды тұлғаның тексеруді жүргізу кезінде қатысқан өкілінің лауазымы (бар болса);

      5) тексеруді жүргізу күні, орны мен кезеңі;

      6) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес анықталған бұзушылықтардың тізбесі;

      7) анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі ұсынымдар мен нұсқаулар және оларды жою мерзімдері;

      8) бақылау субъектісінің (объектісінің) не оның уәкілетті адамының нұсқамамен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тартуы;

      9) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) қолтаңбасы.

      Жүргізілген зерттеулердің (сынақтардың), сараптамалардың қорытындылары және тексеру нәтижелеріне байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшірмелері (зақымдалған жабдықты қарап-тексеру актісі, техникалық бақылау құралдарының, байқау және тіркеп-белгілеу аспаптарының, регистрограмманың, осциллограмманың жазбалары, жедел журналдардан үзінді көшірмелер, түсініктеме жазбахаттар, схемалар, сызбалар, фото-, аудио- және бейнематериалдар, сауалнама парақтары және басқа да материалдар) бар болса, олар анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға қоса беріледі.

      13. Уәкілетті орган тексеруді тағайындау туралы актінің, тексеру нәтижелері туралы актінің, тексеруді ұзарту туралы актінің, тексеруді тоқтата тұру туралы актінің, тексеруді қайта бастау туралы актінің, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың нысандарын бекітеді.

      14. Тексеру нәтижелері туралы акт, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама үш данада жасалады.

      Бақылау органы тексеру нәтижелері туралы актінің, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың бірінші даналарын құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметін өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға үш жұмыс күні ішінде электрондық нысанда тапсырады, екінші даналары бақылау субъектісіне (объектісіне) не оның уәкілетті адамына танысу және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау және басқа да әрекеттер жасау үшін қолын қойғызып қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда табыс етіледі, үшінші даналары бақылау органында қалады.

      Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген тексеру нәтижелері туралы акт, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама мынадай жағдайларда:

      1) қолма-қол – тексеру нәтижелері туралы актіге, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;

      2) поштамен – хабарламасы бар тапсырысты хатпен;

      3) электрондық тәсілмен – бақылау органы сұрау салған кезде бақылау субъектісінің (объектісінің) хатта көрсетілген электрондық мекенжайына бақылау органы жөнелткен күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.

      15. Тексеруді тағайындау туралы актіде (бар болса, тексеру мерзімін ұзарту туралы қосымша актіде) көрсетілген тексеруді аяқтау мерзімінен кешіктірмей тексеру нәтижелері туралы актіні бақылау субъектісіне (объектісіне) табыс еткен күн тексеру мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.

      16. Бақылау субъектісінің (объектісінің) не оның уәкілетті адамының тексеру нәтижелері бойынша ескертулері және (немесе) қарсылықтары болған жағдайда оларды жазбаша түрде баяндап, өзіне тексеру нәтижелері туралы акт табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей бақылау органына жібереді.

      Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, ол туралы тиісті белгі жасалады.

      17. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау мерзімдері оны орындаудың нақты мүмкіндігіне әсер ететін мән-жайлар ескеріле отырып айқындалады және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын қоса берумен, кемінде бес жұмыс күнді құрайды.

      Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау мерзімдерін айқындау кезінде мыналар ескеріледі:

      1) бақылау субъектісінде (объектісінде) бұзушылықтарды жою бойынша ұйымдастырушылық, техникалық және қаржылық мүмкіндіктердің бар-жоғы;

      2) пайдаланылатын өндірістік объектілердің техникалық жай-күйінің ерекшеліктері;

      3) мемлекеттік органдарда, жергілікті атқарушы органдарда "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген тиісті рұқсатты алу немесе хабарламаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де міндетті қорытындыларды, келісулерді және басқа да құжаттарды беру мерзімдері ескеріледі.

      18. Бақылау субъектісі қосымша уақыт және (немесе) қаржылай шығындар қажет болған жағдайда, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама өзіне табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, тексеруді жүргізген бақылау органына анықталған бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдері көрсетілген бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын қоса бере отырып, оларды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтінішпен жүгінуге құқылы.

      Бақылау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтініште анықталған бұзушылықтарды жою бойынша қабылданатын шараларды және оларды жою мерзімдерін ұзартудың объективті себептерін баяндауға міндетті.

      Тексеруді жүргізген бақылау органы анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтінішті алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде баяндалған дәлелдерді ескере отырып, анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту және анықталған бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдері көрсетілген, оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы немесе уәжді негіздемемен ұзартудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Бақылау субъектісі (объектісі) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-на дейінгі мерзімде бақылау органына жою мерзімі басталған анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпарат береді.

      Бақылау субъектісі (объектісі) анықталған бұзушылықтарды жою туралы берілген ақпаратқа бұзушылықты жою фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса береді.

      Анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының нысанын уәкілетті орган бекітеді.

      19. Бақылау субъектісі (объектісі) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада, анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарында көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі өткеннен кейін тексеруді жүргізген бақылау органына анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпаратты анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарында белгіленген мерзім ішінде беруге міндетті.

      20. Бақылау субъектісі (объектісі) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың, анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпаратты белгіленген мерзімде ұсынбаған немесе толық ұсынбаған жағдайда бақылау органы екі жұмыс күні ішінде бақылау субъектісіне (объектісіне) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпаратты беру қажеттігі туралы сұрау салуды жібереді.

      Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың, анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпарат белгіленген мерзімде ұсынылмаған немесе толық ұсынылмаған жағдайда бақылау органы жоспардан тыс тексеру қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың орындалуын бақылауды қоспағанда, жоспардан тыс тексеруді тағайындайды.

      21. Бақылау субъектісі (объектісі) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарында көрсетілген анықталған бұзушылықтар мерзімінен бұрын жойылған жағдайда, тексеруді жүргізген бақылау органына бұзушылықтарды жою фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса бере отырып, анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпарат беруге міндетті.

      22. Бақылау субъектісі тексеру қорытындыларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасай алады.

      Бақылау субъектісінің (объектісінің) тексеру нәтижелері туралы актінің, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың күшін жою туралы өтінішін жоғары тұрған мемлекеттік органның (лауазымды адамның) қарауы өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      Жоғары тұрған мемлекеттік органның тексеру нәтижелерін жарамсыз деп тануы олардың күшін ішінара не толық көлемде жоюға негіз болып табылады.

      Толық көлемде жарамсыз деп танылған тексеру нәтижелері туралы акт, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама бақылау субъектілерінің (объектілерінің) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзуының дәлелі бола алмайды.

      23. Тексерулер бұзушылықтардың жасалған кезінде тікелей жолын кесу және мынадай жағдайларда:

      1) тексеру қажеттігі жылу энергетикасы субъектісінің жұмыскерлері мен халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін технологиялық бұзушылықтарды дереу жоюды талап еткен;

      2) технологиялық жабдықтың техникалық пайдалану қағидаларына сәйкестігі тұрғысынан өзіндік ерекшелігі ескеріле отырып, оның үзіліссіз жұмыс істеу режимінің сақталуы тексерілген және қауіпсіздік техникасы қағидаларының талаптары тексерілген жағдайларда дәлелдемелерді бекіту үшін кезек күттірмейтін әрекеттер жасау қажет болған кезде жұмыстан тыс уақытта (түнгі уақытта, демалыс немесе мереке күндері) жүргізілуі мүмкін.

      Жұмыстан тыс уақытта тексеруді жүргізу жөніндегі шешім бақылау органдарының бірінші басшысының не оны алмастыратын адамның бұйрығымен ресімделеді.

      Уәкілетті орган жұмыстан тыс уақытта тексеруді жүргізу туралы бұйрықтың нысанын бекітеді.

      24. Егер тексеру және (немесе) қашықтан бақылау жүргізу нәтижесінде бақылау субъектісінің (объектісінің) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу фактісі анықталатын болса, әкімшілік құқық бұзушылық құрамының белгілерін көрсететін жеткілікті деректер болған кезде бақылау органдарының лауазымды адамдары өкілеттіктері шегінде бұзушылықтарға жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылдайды.

15-бап. Жылу энергетикасы саласындағы тергеп-тексерулер

      1. Тергеп-тексеру бақылаудың дербес нысаны болып табылады, оның жүзеге асырылуы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде және осы Заңда айқындалған.

      2. Тергеп-тексерудің мақсаттары:

      1) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасы талаптарының бұзылу себептерін анықтау және тиісті шаралар қабылдау;

      2) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзуға жол берген тұлғаны (тұлғаларды) айқындау.

      3. Тергеп-тексеруді жүргізудің негіздері:

      1) адам өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірудің нақты фактілері бойынша, мұндай факт тұлғалардың қалың тобына әсер еткен және бұзушылыққа жол берген нақты тұлғаны (тұлғаларды) анықтау талап етілетін жағдайларда жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жолданымдары;

      2) авариялардың, технологиялық бұзушылықтардың алдында болған мән-жайларды анықтау, олардың себептерін, техникалық құрылғыларды пайдалану шарттарын бұзушылықтардың, технологиялық процестерді бұзушылықтардың, жылу энергетикасы саласындағы талаптарды бұзушылықтардың сипатын анықтау, авариялардың, технологиялық бұзушылықтардың зардаптарын жою және оларды болғызбау жөніндегі іс-шараларды, осындай авариядан, технологиялық бұзушылықтан келтірілген материалдық залалды айқындау қажеттігі туындайтын авариялар, технологиялық бұзушылықтар.

      4. Бақылау органы осы баптың 3-тармағында көрсетілген негіздер болған кезде тергеп-тексеруді жүргізу туралы шешім қабылдайды.

      5. Уәкілетті орган тергеп-тексеруді жүргізу тәртібін белгілейді.

      Тергеп-тексеруді жүргізу тәртібінде мыналар қамтылуға тиіс:

      1) тергеп-тексеру жүргізілетін жағдайлар;

      2) тергеп-тексеруді жүргізу мерзімдері мен ұзақтығы;

      3) бақылау субъектісін (объектісін), құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметін өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органды, мүдделі мемлекеттік органдарды тергеп-тексеруді жүргізудің басталуы туралы хабардар ету мерзімдері;

      4) тәуелсіз сарапшыларды және өзге де мүдделі адамдарды тарту тәртібі;

      5) тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның құрамын қалыптастырудың шарттары мен тәртібі;

      6) тергеп-тексеруді ұзарту мен тоқтата тұру шарттары, мерзімдері, тәртібі;

      7) тергеп-тексеру материалдарын ресімдеу тәртібі.

      6. Тергеп-тексеруді жүргізу мерзімдері күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс және күнтізбелік отыз күнге бір рет қана ұзартылуы мүмкін.

      7. Бақылау органдары тергеп-тексеруді жүргізу қорытындылары бойынша тергеп-тексеруді жүргізуге негіз болған, Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзуға жол берген тұлғаны (тұлғаларды) айқындайды.

      Тергеп-тексеруді жүргізу қорытындылары бойынша бұзушылыққа жол берген тұлғаға (тұлғаларға) қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шаралар қабылданады.

      Тергеп-тексеруді жүргізу қорытындылары мемлекеттік құпияларды не Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, бақылау органының интернет-ресурсында жарияланады.

      Тергеп-тексерудің қорытындылары құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметін өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға үш жұмыс күні ішінде жіберіледі.

16-бап. Бақылау органдары лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттері

      1. Бақылау органдары лауазымды адамдарының мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде:

      1) бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге;

      2) мемлекеттік бақылау нысанасына сәйкес қағаз және электрондық жеткізгіштерде құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік алуға;

      3) аудио-, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;

      4) техникалық бақылау құралдарының, байқау және тіркеп-белгілеу аспаптарының, регистрограмманың, осциллограмманың жазбаларын, жедел журналдардан үзінді көшірмелерді, түсініктеме жазбахаттарды, схемаларды, сызбаларды, фото-, аудио- және бейнематериалдарды, сауалнама парақтарын және мемлекеттік бақылау нысанасына жататын басқа да материалдарды пайдалануға;

      5) түсініктемелер алу үшін бақылау субъектісін шақыртуға;

      6) мамандарды, консультанттар мен сарапшыларды, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың лауазымды адамдарын тартуға;

      7) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасын бұзушылықтар бойынша, оның ішінде мемлекеттік бақылау қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтар бойынша сотқа жүгінуге және істерді сот қараған кезде қатысуға құқығы бар.

      2. Бақылау органдары лауазымды адамдарының мемлекеттік бақылау нысанасына жатпайтын талаптарды қоюына және өтінулермен жүгінуіне тыйым салынады.

      3. Бақылау органдарының лауазымды адамдары мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, бақылау субъектілерінің (объектілерінің) құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;

      2) мемлекеттік бақылауды осы Заңда белгіленген тәртіп негізінде және соған қатаң сәйкестікте жүргізуге;

      3) егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мемлекеттік бақылауды жүргізу кезеңінде бақылау субъектілерінің (объектілерінің) белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге;

      4) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау және жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындауға;

      5) мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде бақылау субъектісінің (объектісінің) не оның уәкілетті өкілінің қатысуына кедергі келтірмеуге, мемлекеттік бақылау нысанасына жататын мәселелер бойынша түсіндірмелер беруге;

      6) бақылау субъектісіне (объектісіне) мемлекеттік бақылау нысанасына жататын қажетті ақпаратты беруге;

      7) бақылау субъектісіне (объектісіне) қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыны, тексеру нәтижелері туралы актіні, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы табыс етуге;

      8) мемлекеттік бақылауды жүргізу нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.

17-бап. Бақылау субъектісінің (объектісінің) не оның уәкілетті адамының мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезіндегі құқықтары мен міндеттері

      1. Бақылау субъектілері (объектілері) не олардың уәкілетті адамдары мемлекеттік бақылау жүзеге асырылған кезде:

      1) бақылау органдарының тексеру жүргізуге келген лауазымды адамдарын мынадай жағдайларда:

      тексеруді жүргізу жиілігі сақталмаған;

      тексеруді тағайындау туралы актіде (бар болса, мерзімін ұзарту, тоқтата тұру туралы қосымша актілерде) көрсетілген тексеру мерзімдері асып кеткен не өтіп кеткен;

      жасалған не дайындалып жатқан қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызда немесе хабарда, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтар туралы өзге де жолданымдарда көрсетілген уақыт аралығының шеңберінен шығатын кезеңге тексеру тағайындалған;

      тексеруді жүргізу оған тиісті өкілеттіктері жоқ лауазымды адамдарға тапсырылған;

      тексеруді тағайындау туралы бір актіде бірнеше бақылау субъектілері (объектілері) көрсетілген;

      тексеру мерзімдері осы Заңда белгіленген мерзімнен асырып ұзартылған;

      осы Заңда белгіленген талаптар өрескел бұзылған;

      бақылау органдарының лауазымды адамдары осы Заңның 14-бабының 1-тармағында көрсетілген құжаттарды көрсетпеген жағдайларда тексеруге жібермеуге;

      2) егер құжаттар мен мәліметтер тексеру нысанасына, сондай-ақ тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген кезеңге жатпайтын болса, оларды ұсынбауға;

      3) қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыға, тексеруді тағайындау туралы актіге, тексеру нәтижелері туралы актіге, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға, сондай-ақ бақылау органдарының лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;

      4) бақылау органдарының немесе лауазымды адамдардың бақылау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін шектейтін, заңға негізделмеген тыйымдарын орындамауға;

      5) мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру процесін, сондай-ақ бақылау органдары лауазымды адамдарының мемлекеттік бақылау шеңберінде жасайтын жекелеген әрекеттерін бақылау органдары лауазымды адамдарының қызметіне кедергі келтірмей, аудио-, фото- және бейнетүсірілімдер көмегімен тіркеп-белгілеуге;

      6) өз мүдделері мен құқықтарын білдіру, сондай-ақ үшінші тұлғалардың осы тармақтың 5) тармақшасында көзделген әрекеттерді жүзеге асыруы мақсатында мемлекеттік бақылауға қатысуға үшінші тұлғаларды тартуға құқылы.

      2. Бақылау субъектілері (объектілері) не олардың уәкілетті адамдары бақылау органдары мемлекеттік бақылауды жүргізген кезде:

      1) бақылау органдары лауазымды адамдарының бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;

      2) коммерциялық, салықтық не заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, бақылау органдарының лауазымды адамдарына мемлекеттік бақылау нысанасына сәйкес қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттардың (мәліметтердің) көшірмелерін ұсынуға, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік беруге;

      3) тексеруді тағайындау туралы актінің екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;

      4) мемлекеттік бақылау аяқталған күні қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындының, тексеру нәтижелері туралы актінің екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;

      5) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;

      6) егер осы Заңда не Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, тексерілетін құжаттарға мемлекеттік бақылауды жүргізу кезеңінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне жол бермеуге;

      7) мемлекеттік бақылауды жүргізу үшін бақылау объектісіне келген адамдардың зиянды және қауіпті өндірістік әсер ету факторларынан осы объект үшін белгіленген нормативтерге сәйкес қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

      8) бақылау субъектісінің (объектісінің) басшысы не оның уәкілетті адамы тексеруді тағайындау туралы актіні алған жағдайда тексеру тағайындалған мерзімдерде бақылау объектісі тұрған жерде болуға міндетті.

18-бап. Осы Заңның талаптарын өрескел бұзып жүргізілген тексерулердің жарамсыздығы

      1. Егер бақылау органы тексерулерді осы Заңда белгіленген, тексеруді ұйымдастыру мен жүргізуге қойылатын талаптарды өрескел бұзып жүргізсе, олар жарамсыз деп танылады.

      2. Осы Заңның талаптарын өрескел бұзушылықтарға мыналар жатады:

      1) тексеруді жүргізу негіздерінің болмауы;

      2) тексеруді тағайындау туралы актінің болмауы;

      3) тексеру мерзімдерінің сақталмауы;

      4) тексеруді жүргізу кезеңділігін бұзу;

      5) бақылау субъектісіне (объектісіне) тексеруді тағайындау туралы актіні ұсынбау;

      6) бақылау органдарының өз құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша тексеру тағайындауы.

19-бап. Жылу энергетикасы саласындағы өндірістік бақылау

      1. Жылу энергетикасы саласындағы өндірістік бақылау (бұдан әрі – өндірістік бақылау) орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіндегі жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілердің жылу энергетикасы объектілерінде жүзеге асырылады.

      2. Өндірістік бақылаудың міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету;

      2) жылу энергетикасының объектілерін және олардың құрамына кіретін ғимараттарды, үй-жайларды, құрылысжайларды қауіпсіз пайдалану бойынша мониторинг жүргізу;

      3) жылумен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін, жылумен жабдықтау жүйесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      4) техникалық пайдалану қағидалары мен қауіпсіздік техникасы қағидаларын білуіне тексеруден өткен жұмыскерлердің жұмысты жүзеге асыруы;

      5) жабдықты, ғимараттар мен құрылысжайларды пайдалануға әзір күйінде күтіп-ұстау;

      6) жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілерді уақтылы дайындау және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын, оның ішінде күзгі-қысқы кезеңде уақтылы жүзеге асыру;

      7) қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауға бағытталған шараларды талдау және әзірлеу;

      8) жұмыстардың жүргізілу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер ететін бұзушылықтардың мән-жайлары мен себептерін анықтау;

      9) технологиялық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстарды үйлестіру.

      3. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіндегі жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілер өндірістік бақылау туралы ережені әзірлейді.

      Өндірістік бақылау туралы үлгілік ережені уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      4. Өндірістік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам біліктілік талаптарына, жұмыс тәжірибесі бойынша және атқаратын лауазымы құрылымдық бөлімше басшысынан төмен болмауы тұрғысынан сәйкес келуі бөлігінде мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілер басшысының актісімен тағайындалады және босатылады.

      5. Өндірістік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам:

      1) жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілердің бөлімшелерінде өндірістік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі жұмыс жоспарын әзірлеуге;

      2) жұмыскерлердің Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауына өндірістік бақылауды жүзеге асыруға;

      3) жылу энергетикасы объектілерін пайдалану мен жұмыстар жүргізу қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін тексеруді ұйымдастыруға және жүргізуге;

      4) қауіпсіздікті қамтамасыз ету және технологиялық бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлеуді ұйымдастыруға;

      5) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасы талаптарының өзгеруі туралы ақпаратты жылу өндіруші, жылу тасымалдаушы субъектілер жұмыскерлерінің назарына жеткізуге;

      6) жылу өндіруші немесе жылу тасымалдаушы субъектінің басшысына немесе оны алмастыратын адамға:

      қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шараларды жүргізу;

      жұмыскерлердің өміріне, денсаулығына қатер төндіретін немесе технологиялық бұзушылықтарға алып келуі мүмкін, Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзып жүзеге асырылатын жұмыстарды тоқтата тұру;

      техникалық пайдалану қағидалары мен қауіпсіздік техникасы қағидалары бойынша даярлаудан, қайта даярлаудан уақтылы өтпеген жұмыскерлерді жұмыстан шеттету жөнінде ұсыныстар енгізуге;

      7) ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 10-ына дейін не сұрау салу бойынша (авариялар мен І дәрежедегі істен шығулар орын алған жағдайларда) мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелеріне өндірістік бақылау міндеттеріне сәйкес есепті ұсынуға;

      8) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға міндетті.

      6. Өндірістік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамның:

      1) жылу энергетикасының объектілеріне және олардың құрамына кіретін ғимараттарға, үй-жайларға, құрылысжайларға тәуліктің кез келген уақытында кедергісіз кіруге;

      2) қағаз және электрондық жеткізгіштерде құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік алуға құқығы бар.

4-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫНДАҒЫ ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ МОНИТОРИНГТЕУ

20-бап. Жылу энергетикасындағы жоспарлау

      1. Жылу энергетикасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары негізінде жұмыс істейді және дамиды.

      2. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жылу энергетикасына қолданылатын құжаттарын әзірлеу мен бекіту кезінде Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алуға міндетті.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      3-тармақ 01.01.2027 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      3. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың жылу энергетикасының жұмыс істеуі және оларды дамыту жылумен жабдықтауды дамытудың ұзақ мерзімді және орта мерзімді схемалары негізінде жүзеге асырылады.

      4. Жылумен жабдықтауды дамыту схемаларында мыналар ескерілуге тиіс:

      1) жылу энергетикасының нақты көрсеткіштері;

      2) жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштері;

      3) жылу энергетикасының жоспарлы көрсеткіштері;

      4) әкімшілік-аумақтық бірліктің ерекшеліктері ескеріле отырып, жылумен жабдықтаудың әртүрлі жүйелерін оңтайлы үйлестіру;

      5) жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметке ағымдағы және перспективалық сұранысты қанағаттандыру;

      6) елді мекендердің бекітілген бас жоспарлары, шағын елді мекендерді дамытудың және құрылыс салудың схемалары;

      7) барлық тұтынушыны жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу мен оларға ақы төлеу деңгейінің тең жағдайлары (кемсітпеушілік тәсіл);

      8) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жылумен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін, қоршаған ортаға зиянды әсердің барынша аз болуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптар ескеріле отырып, жылу энергетикасын дамытудың, энергия үнемдеу және ресурс үнемдеу технологияларын дамытудың, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейтудің, қаржыландыруды және өзге де факторларды қамтамасыз етудің оңтайлы шешімдері.

      5. Жергілікті атқарушы органдар жылумен жабдықтауды дамыту схемаларын әзірлеген кезде жергілікті жағдайды ескере отырып, жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін іс-шараларды қаржыландыру мерзімдерін, көлемдерін, басымдығы мен көздерін айқындайды.

21-бап. Жылу энергетикасының жай-күйін мониторингтеу

      1. Уәкілетті орган, тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган, мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы органдар облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жылу энергетикасы объектілері мен жылу желілерінің жай-күйі туралы ақпаратты жинауды, жаңартып отыруды және жариялауды қоса алғанда, жылу энергетикасының жай-күйін ұдайы мониторингтеуді жүзеге асырады.

      2. Жылу энергетикасының жай-күйін мониторингтеу жылу энергетикасының нақты және жоспарлы көрсеткіштерінің негізінде, оның ішінде жылу энергиясын өндіру, тасымалдау, өткізу және тұтыну секторлары бойынша уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Жергілікті атқарушы органдар жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуге және оларға ақы төлеу мүмкіндігіне қатысты кемсітушілік тәсілді болғызбау мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жылу энергетикасының жай-күйін ұдайы мониторингтеуді жүзеге асырады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      4-тармақтың уәкілетті органның ақпараттық жүйесі енгізілгенге дейін қолданыста болатын редакцияны осы Заңның 53-бабының 2-тармағынан қараңыз.

      4. Орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйесінде жұмыс істейтін жылумен жабдықтау субъектілері жылумен жабдықтаудың сапасы мен көлемі, жылу энергиясын тұтыну режимдері, жабдықтың, жылу желілерінің және қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын өзге де мүліктің жай-күйі, көрсетілген мүлікті жаңғырту, жөндеу, реконструкциялау, ауыстыру жөніндегі шаралар, энергия тиімділігін арттыру және жылу энергиясының ысырабын азайту жөніндегі шаралар, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану технологияларын ендіру жөніндегі шаралар туралы ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де ақпаратты уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы береді.

      5. Жылу энергиясын тұрмыстық емес мұқтаждықтарға тұтынатын тұтынушылар уәкілетті орган бекіткен жылу энергетикасының жай-күйін мониторингтеу қағидаларына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға ақпарат береді.

      6. Жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік орган жылу энергетикасының жай-күйін мониторингтеу қағидаларына сәйкес орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылумен жабдықтау субъектілерінің халыққа осы баптың 4-тармағына сәйкес ақпаратты беруін талап етуге құқылы.

5-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫ САЛАСЫНДАҒЫ ТАРИФ БЕЛГІЛЕУ

22-бап. Жылу энергетикасы саласындағы тарифтерді мемлекеттік реттеу

      Жылу энергетикасы саласындағы тарифтерді мемлекеттік реттеу Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

23-бап. Жылумен жабдықтау жүйелерінде тарифтерді мемлекеттік реттеуді қолдану

      1. Жылу энергиясын өндіруге, тасымалдауға және өткізуге арналған тарифтерді мемлекеттік реттеу орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде жүзеге асырылады.

      2. Жылу энергиясын өндіруге, тасымалдауға және өткізуге арналған тарифтерді мемлекеттік реттеу мынадай жағдайларда:

      1) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жылумен жабдықтау объектілері үшінші тұлғалардың меншігінде болған;

      2) жылумен жабдықтау объектілері кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне жатқызылған және табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органға осы жүйеге қатысушы болып табылатын тұтынушылар (көппәтерлі тұрғын үйдің тұрғын және тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері) санының отыз пайызынан астамы жүгінген жағдайларда жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінде жүзеге асырылады.

6-тарау. ЖЫЛУМЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЙЕЛЕРІ

24-бап. Жылумен жабдықтау жүйелері

      1. Жылу энергетикасында мынадай жылумен жабдықтау жүйелері жұмыс істейді:

      1) орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесі;

      2) жергілікті жылумен жабдықтау жүйесі;

      3) жеке жылумен жабдықтау жүйесі.

      2. Жылумен жабдықтау жүйелеріне қатысушылар арасында туындайтын қатынастар осы Заңда, уәкілетті орган бекітетін жылумен жабдықтау субъектілері мен тұтынушылардың өзара іс-қимыл жасау қағидаларында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде реттеледі.

25-бап. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесі

      1. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде жұмыс істейтін жылу энергетикасы субъектілері осы жүйеге қатысушылар болып табылады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2-тармақ 01.07.2025 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      2. Жылу өндіруші субъектілер жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті өзі тұтыну және (немесе) жылу тасымалдаушы субъектілерге және (немесе) тікелей тұтынушыларға, сондай-ақ бар болса, олардың қосалқы тұтынушыларына сату үшін өндіруді жүзеге асырады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      3-тармақ 01.07.2025 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      3. Жылу тасымалдаушы субъектілер жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті тасымалдауды, сондай-ақ жылу энергиясын тұтынушыларға өткізуді жүзеге асырады.

      4. Бір мезгілде жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілер болып табылатын жылумен жабдықтау субъектілері осы Заңның 30-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген шартты жасаспайды.

      5. Мемлекеттік органдар өзге де тең жағдайларда (техникалық және экономикалық) шешімді:

      1) құқықтық актілерді әзірлеу мен бекіту;

      2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бағдарламаларын, жоспарларын, құжаттарын және өзге де құжаттарды әзірлеу мен бекіту;

      3) жылумен жабдықтауды дамыту схемаларын және сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы өзге де құжаттарды әзірлеу мен бекіту;

      4) өз құзыреті шеңберінде өзге де шешімдер, актілер қабылдау кезінде орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінің пайдасына қабылдауға міндетті.

      6. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінің жылу желілеріне (оның ішінде тұтынушылардың желілеріне) өз бетінше қосылуға тыйым салынады.

26-бап. Жергілікті жылумен жабдықтау жүйесі

      1. Жергілікті жылумен жабдықтау жүйесіне қатысушылардың құрамын жергілікті жылумен жабдықтау жүйесінің меншік иесі айқындайды.

      2. Жергілікті жылумен жабдықтау жүйесіне қатысушылар осы Заңға сәйкес шарттар жасасады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      3-тармақ 01.07.2025 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      3. Егер құрылыс кезеңіне берілген техникалық шарттарды қоса алғанда, берілген техникалық шарттарға сәйкес тұтынушылардың жиынтық қосылған жүктемесі жиырма мегаваттан асқан жағдайда, жергілікті жылумен жабдықтау жүйесінің меншік иесі осындай асып кету кезінен бастап үш ай ішінде жылумен жабдықтау субъектілерінің тізіліміндегі жергілікті жылумен жабдықтау жүйесі мәртебесін орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесі мәртебесіне өзгерту үшін жергілікті атқарушы органдарға өтініш беруге міндетті.

      4. Жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінің жылу желілеріне (оның ішінде тұтынушылардың желілеріне) өз бетінше қосылуға тыйым салынады.

27-бап. Жеке жылумен жабдықтау жүйесі

      1. Осы жүйеде жұмыс істейтін тұтынушылар жеке жылумен жабдықтау жүйесіне қатысушылар болып табылады.

      2. Жеке жылумен жабдықтау жүйелерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеуі кезіндегі қызмет осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде реттеледі.

7-тарау. ЖЫЛУМЕН ЖАБДЫҚТАУ СУБЪЕКТІЛЕРІ ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАР

28-бап. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылумен жабдықтау субъектілерінің және тұтынушылардың құқықтары мен міндеттері

      1. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылумен жабдықтау субъектілерінің:

      1) егер өздеріне тиесілі жылу желілеріне қосылу жылумен жабдықтау субъектісінің техникалық мүмкіндіктеріне сәйкес келмесе, уәжді техникалық негіздеме бере отырып, мұндай қосылудан бас тартуға;

      2) жылумен жабдықтау жүйесіне өз бетінше қосылу фактісі анықталған жағдайда және осы Заңда белгіленген өзге де жағдайларда жылу энергиясын өткізуді шектеуге немесе тоқтатуға;

      3) тұтынушыларға тиесілі жылу тұтынатын қондырғыларға, жылу желілері мен коммерциялық есепке алу аспаптарына қол жеткізуге;

      4) тұтынушылардың жылу тұтынатын қондырғылары мен жылу желілерінің жұмысында бұзушылықтардың туындауы салдарынан технологиялық жылумен жабдықтау процесінде іркілістер пайда болған жағдайда шығындарды өтеуді талап етуге құқығы бар.

      2. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылумен жабдықтау субъектілері:

      1) техникалық мүмкіндік болған кезде өздеріне тиесілі жылу желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттарды беруге;

      2) техникалық мүмкіндік болған кезде өздеріне тиесілі жылу желілеріне қосылу кезінде, көрсетілетін қызметтерге немесе тауарға тең жағдайларды қамтамасыз етуге;

      3) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына және жасалған шарттарға сәйкес тиісті сапа мен көлемдегі жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті сатуға;

      4) тұтынушыларға берілетін жылу энергиясының және (немесе) жылу жеткізгіштің сапасы мен көлемін есепке алу мен бақылауды жүргізуге, жылу энергиясының сапасын бұзушылықтардың алдын алу және оларды жою бойынша уақтылы шаралар қабылдауға;

      5) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасында және жасалған шарттарда көзделген жағдайлардан басқа, жылу энергиясын өндіруде үзілістерге жол бермеуге;

      6) жылумен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасын Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына және жасалған шарттарға сәйкес қамтамасыз етуге;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында және жасалған шарттарда көзделген жағдайларда тұтынушылардың залалдарын өтеуге;

      8) жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметке арналған тарифтер өзгерген кезде тұтынушыларды Қазақстан Республикасының заңнамасында және жасалған шарттарда көзделген мерзімдерде және тәртіппен хабардар етуге;

      9) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына және жылумен жабдықтау субъектісінің ішкі құжаттарына сәйкес жылумен жабдықтау жүйесін, жылу энергиясының көздері мен жылу желілерінің ғимараттарын, құрылысжайларын, жабдығын, өзге де мүлікті тиісті күйде күтіп-ұстауға;

      10) жылумен жабдықтау субъектісі мүлкінің меншік иелерін және өзге де мүдделі тұлғаларды жылу энергетикасы саласындағы қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын мүлікті жөндеу, реконструкциялау, жаңғырту, ауыстыру қажеттігі туралы уақтылы хабардар етуге;

      11) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасында және жылумен жабдықтау субъектісінің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен меншік иелерін және өзге де мүдделі тұлғаларды авариялардың, тиісті көлем мен қуатта жылу энергиясын беруде бұзушылықтардың туындағаны, жазатайым оқиғалар туралы хабардар етуге;

      12) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органды, сондай-ақ тұтынушыларды туындаған технологиялық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалар туралы хабардар етуге;

      13) жылыту маусымына әзірлікті қамтамасыз етуге, белгіленген тәртіппен әзірлік паспортын алуға;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      14) тармақша 01.07.2025 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      14) уәкілетті органның ақпараттық жүйесінің жұмыс істеу тәртібіне сәйкес уәкілетті органның ақпараттық жүйесін пайдалануға;

      15) жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілердің бірінші басшыларын, техникалық басшыларын (бас инженерді), еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің (бөлімінің) басшыларын уәкілетті орган айқындаған тәртіппен білімін біліктілік тексеруден өткеннен кейін тағайындауға;

      16) жылу энергиясының көздері мен жылу желілерінің энергетикалық, жылу-механикалық жабдығын пайдалану, жөндеу, баптау және монтаждау, сондай-ақ зерттеп-қарау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға жұмыскерлердің білімін біліктілік тексеруден өтуін және уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тиісті рұқсатының болуын қамтамасыз етуге міндетті.

      3. Жылумен жабдықтау субъектілерінің меншік иелері жылумен жабдықтау объектілерінің тиісінше жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті.

      4. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріндегі тұтынушылардың:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылу желісіне қосылуға арналған техникалық шарттарды алуға;

      2) техникалық шарттарға сәйкес жылу желілеріне жалғануды жүзеге асыруға;

      3) тиісті сапа мен көлемдегі жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметті алуға;

      4) техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып, шарттың талаптарына сәйкес жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтің көлемін дербес реттеуге;

      5) жылумен жабдықтау субъектілерінен жылумен жабдықтаудың сапасы, тарифтер, ақы төлеу тәртібі, жылу энергиясын тұтыну режимдері, жылу энергиясының көздері жабдығының, жылу желілерінің және қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын өзге де мүліктің жай-күйі, көрсетілген мүлікті жаңғырту, жөндеу, реконструкциялау, ауыстыру жөніндегі шаралар, жылумен жабдықтау субъектісі қабылдайтын жылу энергиясының энергия тиімділігін арттыру және оның ысырабын азайту жөніндегі шаралар туралы ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына және жасалған шарттарға сәйкес өзге де ақпаратты алуға;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылумен жабдықтау субъектісінің жасалған шарттардың талаптарын бұзуынан және жылумен жабдықтау сапасының нашарлауынан келтірілген шығындарды өтетуге құқығы бар.

      5. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріндегі тұтынушылар:

      1) жылу желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттарды орындауға;

      2) жылу энергиясын өткізуді жүзеге асыратын жылу тасымалдаушы субъектімен жылумен жабдықтау шартын жасасуға;

      3) өздерінің балансындағы жылумен жабдықтау жүйелері мен коммерциялық есепке алу аспаптарын тиісті күйде ұстап тұруға және оларды пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

      4) жылу энергиясын тұтынудың шартта айқындалған режимдерін сақтауға;

      5) жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметке шарттың талаптарына және белгіленген тарифтерге сәйкес ақы төлеуге;

      6) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына және жасалған шартқа сәйкес жылумен жабдықтау субъектілерінің өкілдеріне, сондай-ақ мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органның өкілдеріне тұтынушылардың балансындағы жылумен жабдықтау жүйелері мен коммерциялық есепке алу аспаптарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге;

      7) бір тұрғын үй немесе тұрғын емес үй-жай құрамындағы жылу желілері мен жылу тұтынатын қондырғыларды пайдалану кезінде жылу тасымалдаушы субъектімен жобалау құжаттамасын келіспей, жылумен жабдықтаудың ішкі жүйелерін (үйішілік желілерді) өзгертуге жол бермеуге;

      8) тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы және энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп уәкілетті орган бекітетін жылу энергиясы мен жылу жеткізгішті есепке алу қағидаларына сәйкес ортақ мүлікке қатысы бар бөлігінде кондоминиум объектісінің энергия тиімділігін арттыру, жылу энергиясының ысырабын азайту бойынша өзі дербес немесе кондоминиум объектісінің басқа да меншік иелерімен бірлесіп шығыстарды көтеруге және шаралар қабылдауға;

      9) жылумен жабдықтау субъектісін коммерциялық есепке алу аспаптарының істен шыққаны немесе жылу энергиясын тұтыну режимінің бұзылғаны туралы дереу хабардар етуге;

      10) көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерлері ішіндегі үйішілік желілер мен тұрғын емес үй-жайларын жылумен жабдықтау схемасы өзгерген кезде көппәтерлі тұрғын үйдің жылумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау жобасын әзірлеуді жүзеге асыруға және оны көппәтерлі тұрғын үй пәтерлері, тұрғын емес үй-жайлары меншік иелерінің жалпы санының кемінде үштен екісімен жазбаша түрде келісуге міндетті.

      6. Көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері көппәтерлі тұрғын үйдегі ортақ пайдаланылатын үй-жайларды жылыту үшін тұтынылатын жылу энергиясына жылу энергиясы мен жылу жеткізгішті есепке алу қағидаларына сәйкес ақы төлеуге міндетті.

29-бап. Жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылумен жабдықтау субъектілерінің және тұтынушылардың құқықтары мен міндеттері

      1. Жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылумен жабдықтау субъектілерінің:

      1) жылумен жабдықтау жүйесіне өз бетінше қосылу фактісі анықталған жағдайда және осы Заңда айқындалған жағдайларда жылу энергиясын өткізуді шектеуге немесе тоқтатуға;

      2) тұтынушыларға тиесілі коммерциялық есепке алу аспаптарына қол жеткізуге;

      3) үлгілік шарттардың негізінде тұтынушылармен тиісті шарттар жасасуға құқығы бар.

      2. Жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылумен жабдықтау субъектілері:

      1) осы Заңның 23-бабында көзделген жағдайларда үлгілік шарттар негізінде тұтынушылармен шарттар жасасуға;

      2) тиісті сапа мен көлемдегі жылу энергиясын Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына және жасалған шарттарға сәйкес сатуға;

      3) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына және жасалған шарттарға сәйкес жылумен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге;

      4) жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметке арналған тарифтер немесе бағалар өзгерген кезде тұтынушыларды Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасында және жасалған шарттарда көзделген мерзімдерде және тәртіппен хабардар етуге;

      5) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына және жылумен жабдықтау субъектісінің ішкі құжаттарына сәйкес жылумен жабдықтау жүйесін, жылу энергиясының көздері мен жылу желілерінің ғимараттарын, құрылысжайларын, жабдығын, өзге де мүлікті тиісті күйде күтіп-ұстауға;

      6) жергілікті атқарушы органдар мен тұтынушыларды туындаған технологиялық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалар туралы Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен хабардар етуге;

      7) жылыту маусымына әзірлікті қамтамасыз етуге, белгіленген тәртіппен әзірлік паспортын алуға;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасында және жасалған шарттарда көзделген жағдайларда тұтынушылардың шығындарын өтеуге міндетті.

      3. Жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріндегі тұтынушылардың:

      1) үлгілік шарттар негізінде жылумен жабдықтау субъектілерімен шарттар жасасуға;

      2) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына және жасалған шарттарға сәйкес тиісті сапа мен көлемдегі жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметті алуға;

      3) техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып немесе жасалған шартқа сәйкес жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтің көлемін дербес реттеуге;

      4) жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметті осы Заңның 23-бабында көзделген жағдайларда белгіленген тарифтер бойынша не шартта айқындалатын бағалармен алуға;

      5) жылумен жабдықтау субъектілерінен жылумен жабдықтаудың сапасы, тарифтер немесе бағалар, ақы төлеу тәртібі, жылу энергиясын тұтыну режимдері, жылу энергиясының көздері жабдығының, жылу желілерінің және қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын өзге де мүліктің жай-күйі, көрсетілген мүлікті жаңғырту, жөндеу, реконструкциялау, ауыстыру жөніндегі шаралар, жылумен жабдықтау субъектісі қабылдайтын жылу энергиясының энергия тиімділігін арттыру және оның ысырабын азайту жөніндегі шаралар туралы ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына және жасалған шарттарға сәйкес өзге де ақпаратты алуға;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылумен жабдықтау субъектісінің жасалған шарттардың талаптарын бұзуынан және жылумен жабдықтау сапасының нашарлауынан келтірілген шығындарды өтетуге;

      7) жылумен жабдықтау субъектісінен Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін ережелерді шарттан немесе шарттың жобасынан алып тастауын талап етуге құқығы бар.

      4. Жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінде тұтынушылар:

      1) осы Заңның 23-бабында көзделген жағдайларда жылумен жабдықтау субъектілерімен үлгілік шарттар жасасуға;

      2) өздерінің балансындағы жылумен жабдықтау жүйелері мен коммерциялық есепке алу аспаптарын тиісті күйде ұстап тұруға және оларды пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

      3) жылу энергиясын тұтынудың шартта айқындалған режимдерін сақтауға;

      4) жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтерге шарттардың талаптарына және белгіленген тарифтерге сәйкес ақы төлеуге;

      5) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына және шартқа сәйкес жылумен жабдықтау субъектілері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне тұтынушылардың балансындағы жылумен жабдықтау жүйелері мен коммерциялық есепке алу аспаптарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге;

      6) жылу энергиясы мен жылу жеткізгішті есепке алу қағидаларына сәйкес ортақ мүлікке қатысы бар бөлігінде кондоминиум объектісінің энергия тиімділігін арттыру, жылу энергиясының ысырабын азайту бойынша шығыстарын дербес немесе кондоминиум объектісінің басқа да меншік иелерімен бірлесіп көтеруге және олар бойынша шаралар қабылдауға міндетті.

      5. Көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері көппәтерлі тұрғын үйдегі ортақ пайдаланылатын үй-жайларды жылыту үшін тұтынылатын жылу энергиясына жылу энергиясы мен жылу жеткізгішті есепке алу қағидаларында айқындалған тәртіппен ақы төлеуге міндетті.

8-тарау. ЖЫЛУМЕН ЖАБДЫҚТАУ СУБЪЕКТІЛЕРІ МЕН ТҰТЫНУШЫЛАР АРАСЫНДАҒЫ ШАРТТАР

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      30-бап 01.07.2025 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

30-бап. Жылумен жабдықтау субъектілері мен тұтынушылар арасындағы шарттардың түрлері

      1. Жылумен жабдықтау субъектілері мен тұтынушылар арасындағы қатынастар мынадай шарттармен реттеледі:

      1) бір тараптан жылу өндіруші субъектілер мен екінші тараптан жылу тасымалдаушы субъектілер немесе тікелей тұтынушылар арасында жасалатын жылу энергиясын өндіру бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарттар;

      2) тікелей тұтынушыларды қоспағанда, бір тараптан тұтынушылар мен екінші тараптан жылу тасымалдаушы субъектілер арасында жасалатын жылу энергиясын өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарттар.

      2. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері шеңберіндегі құқықтық қатынастарды реттейтін шарттар үлгілік шарттар негізінде жасалады.

      3. Жылу энергиясын өндіру бойынша қызметтер көрсетуге арналған үлгілік шарт пен жылу энергиясын өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған үлгілік шартты табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті орган уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.

31-бап. Жылу энергиясын өндіру бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарт

      1. Жылу энергиясын өндіру бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартта мыналар қамтылуға тиіс:

      1) берілетін жылу энергиясының және (немесе) жылу жеткізгіштің сапасы мен көлемі;

      2) бекітілген тарифке сәйкес көрсетілетін қызмет үшін есеп айырысулар тәртібі;

      3) қызметтер көрсету шарттары;

      4) тараптардың құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі;

      5) шартты бұзу талаптары.

      2. Жылу энергиясын өндіру бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартта тараптардың келісімі бойынша өзге де талаптар қамтылуы мүмкін.

32-бап. Жылу энергиясын өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарт

      1. Тұтынушылар жылу тасымалдаушы субъектіден жылу энергиясын өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарттың негізінде жылу энергиясын сатып алады.

      2. Тұтынушы жылу желілеріне тұтынушының жылу тұтынатын қондырғылары қосылған жылу тасымалдаушы субъектімен жылу энергиясын өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартты жасасады.

      3. Жылу энергиясын өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартқа сәйкес жылу тасымалдаушы субъект тұтынушыға Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасында және жылу энергиясын өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартта белгіленген сандық және сапалық параметрлерге сәйкес келетін жылу энергиясын жалғанған желі арқылы беруге міндеттенеді, ал тұтынушы тұтынылған жылу энергиясы үшін ақы төлеуге, сондай-ақ жылу энергиясын тұтынудың шартта белгіленген режимінің сақталуын, пайдаланылатын жылу желілерінің, жылу тұтынатын қондырғылар мен коммерциялық есепке алу аспаптарының тиісті түрдегі техникалық жай-күйі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттенеді.

      4. Жылу энергиясын өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарт тұтынушыда уәкілетті орган бекіткен жылу энергиясын пайдалану қағидаларына сәйкес жылу тасымалдаушы субъектінің жылу желілеріне жалғанған қажетті жабдығы мен коммерциялық есепке алу аспаптары болған кезде тұтынушымен жасалады.

      5. Жылу энергиясын өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартта мыналар қамтылуға тиіс:

      1) тараптардың құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі;

      2) берілетін жылу энергиясының сапасы мен көлемі;

      3) жылу энергиясын беруді шектеу және тоқтату шарттары;

      4) жылу энергиясын беру және тұтыну режимі;

      5) тарифтің мөлшері;

      6) сыртқы ауа температурасына байланысты жылу энергиясын беру графигі;

      7) тараптардың баланстық тиесілілігі мен пайдалану жауапкершілігін бөлу шекаралары;

      8) қосалқы тұтынушылар туралы деректер (олар бар болған кезде);

      9) шартты бұзу талаптары;

      10) коммерциялық есепке алу аспаптарына қойылатын тиісті талаптарды қоса алғанда, есептілік және тұтынушыға шоттар ұсыну әдісі;

      11) дауларды сотқа дейінгі және сотта реттеу тәртібі.

      6. Жылу энергиясын өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартта тараптардың келісімі бойынша өзге де талаптар қамтылуы мүмкін.

      Тұтынушы тарапынан жылу энергиясын өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартқа өзге талаптарды қосудан бас тартылған жағдайда тараптар мұндай шартты өзге де талаптарсыз жасасады.

      7. Көппәтерлі тұрғын үйге қатысты жылу энергиясын өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартта көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелерін жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін, сондай-ақ кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға (үйішілік желілердегі жылу энергиясының ысырабын қоса алғанда) пайдалану үшін қажетті көлемдерде жылу энергиясын беру көзделеді. Мұндай шарт жылу тасымалдаушы субъектінің желілеріне көппәтерлі тұрғын үй іс жүзінде алғаш қосылған күннен бастап көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының барлық меншік иесімен жасалған шарт болып есептеледі.

      8. Көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иесі болып табылатын тұтынушы, егер үй орталықтандырылған немесе жергілікті жылумен жабдықтау жүйесіне қосылған болса, жылу энергиясын өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарттан біржақты тәртіппен бас тартуға құқылы емес.

9-тарау. ЖЫЛУМЕН ЖАБДЫҚТАУҒА АРНАЛҒАН ОТЫН

33-бап. Жылумен жабдықтауға арналған отынның сапасына қойылатын талаптар

      Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері мен жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінде жұмыс істейтін жылу энергиясының көздеріне қатысты отын сапасына қойылатын талаптар уәкілетті орган бекітетін нормативтік техникалық құжаттарда айқындалады.

34-бап. Тараптардың жылумен жабдықтауға арналған отынды беруге және пайдалануға байланысты жауапкершілігі мен міндеті

      1. Отынды берушілер беру шарттарының талаптарына сәйкес отынды іркіліссіз беруді, отынды беру графигінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

      2. Жылу энергиясының көздеріне арналған отынды берушілердің жауапкершілігі беру шарттарында көзделеді.

      3. Жылу энергиясының көздерін пайдаланатын, орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері мен жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінде жұмыс істейтін жылумен жабдықтау субъектілері сатып алынған және жұмсалған отынның сапасы мен мөлшеріне қатысты растаушы құжаттарды көрсете отырып, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жыл сайын жергілікті атқарушы органдарға отынды сатып алу және жұмсау туралы есепті ұсынады.

      4. Жергілікті атқарушы органдар жылу энергетикасының жай-күйін мониторингтеу қағидаларына сәйкес жеке жылумен жабдықтау жүйелерінде пайдаланылған отынның мөлшері мен түрі туралы ақпарат жинауды жүзеге асырады.

      5. Жергілікті атқарушы органдар осы Заңның 21-бабына сәйкес жүргізілетін мониторинг шеңберінде отынның сапасы мен мөлшері жөніндегі жиынтық есепті қалыптастырып, өз интернет-ресурсында жариялайды және оны уәкілетті органға ұсынады.

10-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫ САЛАСЫНДАҒЫ ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ НОРМАЛАР МЕН ҚАУІПСІЗДІК ТАЛАПТАРЫ

35-бап. Жылу энергетикасы объектілерін пайдалану кезіндегі техникалық және технологиялық нормалар

      Уәкілетті орган энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері мен жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінде жылу энергиясын өндіру мен тасымалдау үшін пайдаланылатын жылу энергетикасы объектілерін, ғимараттарды, құрылысжайларды, жабдықты пайдалану кезінде техникалық және технологиялық нормаларды қамтитын жылу энергетикасы және энергия тиімділігі саласындағы нормативтік техникалық құжаттарды бекітеді.

36-бап. Жылу энергетикасы саласындағы жалпы қауіпсіздік ережелері және жылу энергетикасы объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету

      1. Жылу энергиясының көздері мен жылу желілерінің жабдығын, тұтынушылардың жылу тұтынатын қондырғыларды пайдалану кезіндегі ұйымдастыру іс-шаралары адам өмірі, денсаулығы және қоршаған орта үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс.

      2. Жылу энергиясы және жылу энергиясын өндіруге, тасымалдауға және тұтынуға арналған жабдық техникалық реттеу және стандарттау объектілері болып табылады.

      3. Жылу желілеріндегі жылытуға арналған жылу энергиясының параметрлері белгіленген температуралық графикке сәйкес келуге тиіс.

      4. Жылу энергетикасының неғұрлым маңызды объектілерін күзетуді арнаулы әскерилендірілген күзет қызметтері немесе Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бөлімшелері жүзеге асырады. Мұндай объектілердің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

      5. Қарамағында жылу желілері бар жылу энергетикасы субъектілерімен келiспей, жылу желiлерiнің күзет аймақтарында құрылыс, монтаждау, жер қазу, тиеу-түсiру жұмыстарын, ұңғымалар мен шурфтардың орнатылуына байланысты iздестіру жұмыстарын жүргiзуге, алаңдарды, автомобиль көлiгi тұрақтарын жайластыруға, базарларды, құрылыстарды, құрылысжайларды орналастыруға, материалдарды жинап қоюға, қоршаулар мен дуалдарды соғуға, күйдiргiш коррозиялы заттар мен жанар-жағармай материалдарын шығарып тастауға және төгуге тыйым салынады.

      6. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері шеңберінде жұмыс істейтін жылу өндіруші, жылу тасымалдаушы субъектілердің электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру мен тасымалдаудың біртұтас технологиялық процесіне қатысатын мүлкі бөлінбейтін мүлік болып табылады.

      7. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінде жылу энергиясының көздерін және жылу желілерін және (немесе) олардың жекелеген бөліктерін сатып алу мен сату, жалға немесе сенімгерлік басқаруға беру уәкілетті орган мен табиғи монополиялар саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органды алдын ала хабардар ете отырып жүзеге асырылады.

37-бап. Жылу энергетикасы саласындағы жабдықты жобалау және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары

      1. Жылу энергиясының көздері мен жылу желілерінің жабдығын жобалау және пайдалану кезінде осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың орындалуы қамтамасыз етілуге тиіс.

      2. Жылу энергетикасы объектілерінің жабдығы техникалық регламенттерде белгіленген техникалық талаптарға сәйкес келуге тиіс.

38-бап. Жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және тұтыну кезінде пайдаланылатын энергетикалық, жылу-механикалық жабдық пен материалдарға қойылатын қауіпсіздік талаптары

      1. Қазақстан Республикасында өндірілетін және оның аумағына әкелінетін, жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және тұтыну кезінде пайдаланылатын энергетикалық, жылу-механикалық жабдық пен материалдар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      2. Жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және тұтыну кезінде пайдаланылатын энергетикалық, жылу-механикалық жабдық пен материалдар адам өмірі, денсаулығы және қоршаған орта үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ететін талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      3. Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігі расталуға жататын жылу энергиясының көздері мен жылу желілерінің жабдығын, тұтынушылардың жылу тұтынатын қондырғыларын сәйкестікті растаусыз пайдалануға беруге жол берілмейді.

      4. Жылу энергиясының көздері мен жылу желілерінің жабдығы, тұтынушылардың жылу тұтынатын қондырғылары қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ететін, техникалық жағынан жарамды күйде болуға тиіс.

39-бап. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері мен жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті коммерциялық есепке алу

      1. Жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті коммерциялық есепке алу мынадай тәсілдермен:

      1) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне және нормативтік техникалық құжаттарға сәйкес есептелген және айқындалған шарттық мәндер мен шамалар негізінде – есептеме тәсілімен;

      2) орнатылған және пайдалануға берілген коммерциялық есепке алу аспаптарынан алынған деректер негізінде аспаптық тәсілмен жүзеге асырылады.

      2. Аспаптық тәсіл жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті коммерциялық есепке алудың негізгі тәсілі болып табылады.

      3. Есептеме тәсілін қолдану шекаралары жылу энергиясы мен жылу жеткізгішті есепке алу қағидаларына сәйкес айқындалады.

      4. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінде жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті өткізу мен тұтыну жылу энергетикасы субъектілері арасында жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті барлық қабылдау-беру нүктесінде олар коммерциялық есепке алынған жағдайда жүзеге асырылады.

      5. Егер жылу энергетикасы субъектілері арасындағы шарттарда өзгеше көзделмесе, жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінде жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті өткізу мен тұтыну олар коммерциялық есепке алынған жағдайда жүзеге асырылады. Жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінде жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті коммерциялық есепке алу жылу энергетикасы субъектілері арасындағы шарттарда айқындалған жылу энергиясын қабылдау-беру нүктелерінде жүзеге асырылады.

      6. Жаңадан пайдалануға берілген объектілердегі орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінде тұтынушылардың жылу тұтынатын қондырғыларын жылу өндіруші немесе жылу тасымалдаушы субъектінің жылу желілеріне жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті қабылдау-беру нүктелерін тиісті коммерциялық есепке алу аспаптарымен жабдықтамай қосуға жол берілмейді.

      7. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде коммерциялық есепке алу аспаптарын сатып алуды, орнатуды, салыстырып тексеру мен пайдалануды осы баптың 8 және 9-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тұтынушының өзі жүзеге асырады.

      8. Орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінде жаңадан пайдалануға берілетін көппәтерлі тұрғын үйлердегі үйге ортақ және пәтер бойынша коммерциялық есепке алу аспаптарын объектіні пайдалануға қабылдап алу актісін алғанға дейін құрылыс салушы сатып алады және орнатады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      9-тармақ 01.07.2025 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      9. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінде бұрын пайдалануға берілген көппәтерлі тұрғын үйлерге арналған үйге ортақ коммерциялық есепке алу аспаптарын сатып алуды, орнатуды, салыстырып тексеруді және ағымдағы пайдалануды жылу тасымалдаушы субъект жүргізеді. Үйге ортақ коммерциялық есепке алу аспаптарын сатып алу, орнату, салыстырып тексеру және ағымдағы пайдалану шығындары кейіннен жылу энергиясын беру және тарату жөніндегі көрсетілетін қызметке арналған тарифке қосылады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      10-тармақ 01.07.2025 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      10. Көппәтерлі тұрғын үйдің үйге ортақ коммерциялық есепке алу аспабы пайдалануға берілгеннен кейін жылу тасымалдаушы субъект оны өтеусіз негізде өз балансына қабылдайды.

      11. Көппәтерлі тұрғын үйлердегі орнатылған, пәтер бойынша коммерциялық есепке алу аспаптары бар тұтынушылар үшін жылу беруге, ыстық сумен жабдықтауға жылу энергиясы және (немесе) жылу жеткізгішті тұтыну көлемдері жылу энергиясы мен жылу жеткізгішті есепке алу қағидаларында айқындалады.

      12. Жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарына қойылатын талаптар, сондай-ақ жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті есепке алуды автоматтандыру тәртібі осы Заңда және жылу энергиясы мен жылу жеткізгішті есепке алу қағидаларында белгіленеді.

40-бап. Қосалқы тұтынушылардың жылу энергиясын есепке алу ерекшеліктері

      1. Қосалқы тұтынушылар тұтынушымен өзара келісу бойынша жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті сатып алу шартын жасасады. Шартта тұтынушының жылу желілеріндегі жылу энергиясының ысырабын өтеуге арналған негізделген шығындарын өтеу, тұтынушының жабдығы мен жылу желілерін бірлесіп пайдалануды қамтамасыз ету, тұтынушының жылу желілеріне қосылуға және оны салуға жұмсаған шығындарын техникалық есепке алу мен өтеуді қамтамасыз ету шарттары қамтылуы мүмкін.

      2. Жылу энергиясын өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған үлгілік шарттар жасалатын жылумен жабдықтау жүйесіндегі қосалқы тұтынушылар жылу желілеріне тұтынушы қосылған жылу тасымалдаушы субъектімен жылумен жабдықтаудың үлгілік шартын немесе жылу энергиясы көздерінің коллекторларына тікелей тұтынушы қосылған жылу өндіруші субъектімен жылу энергиясын өндіру бойынша қызметтер көрсетуге арналған үлгілік шартты жасасуы мүмкін.

      3. Уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке сәйкес есептелген, тұтынушының жылу желілеріндегі жылу энергиясы ысырабын өтеуге арналған негізделген шығындары өтелген, жабдық пен жылу желілерін бірлесіп пайдалану бойынша тұтынушымен шарт жасалған және тұтынушының жылу желілеріне қосылуға және оны салуға жұмсаған шығындары өтелген жағдайда, жылу желілеріне тұтынушы қосылған жылу тасымалдаушы субъектімен жылу энергиясын өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған үлгілік шарт және жылу өндіруші субъектімен жылу энергиясын өндіру бойынша қызмет көрсетуге арналған үлгілік шарт жасалады.

      4. Жылу тасымалдаушы субъектімен жылу энергиясын өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған үлгілік шарт немесе жылу өндіруші субъектімен жылу энергиясын өндіру бойынша қызмет көрсетуге арналған үлгілік шарт жасалған кезде қосалқы тұтынушы коммерциялық есепке алу аспаптарын орнатуды қамтамасыз етуге міндетті.

41-бап. Технологиялық бұзушылықтар туындаған кезде жылумен жабдықтауды шектеу және тоқтату

      1. Технологиялық бұзушылықтардың алдын алу және (немесе) оларды жою бойынша кезек күттірмейтін шараларды қабылдау үшін жылу өндіруші немесе жылу тасымалдаушы субъектілер жылу энергиясын беруді тоқтатуға және тұтынушының жылу тұтынатын қондырғыларын ажыратуға, жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті беруді шектеуге немесе оны беруде үзіліс жасауға құқылы, бұл ретте ажырату немесе шектеу себептері мен мерзімдері туралы тұтынушыларды және жергілікті атқарушы органдарды дереу хабардар етеді.

      2. Өндірістік циклде кенеттен ажыратылуы адам өміріне, денсаулығына, адамдарға, қоршаған ортаға қауіп төндіруі мүмкін үздіксіз технологиялық процестерді пайдаланатын тұтынушылардың жылу тұтынатын қондырғылары үшін жылу тасымалдаушы субъектілер (тікелей тұтынушылар үшін жылу өндіруші субъектілер) жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті беруді жылумен жабдықтаудың технологиялық броні деңгейіне дейін төмендетуге тиіс.

      3. Тұтынуды жылумен жабдықтаудың авариялық броні деңгейіне дейін шектеу кезінде тұтынушы жылумен жабдықтаудың авариялық бронінің құрамына кірмейтін жылу тұтынатын қондырғыларды қосуға құқылы емес.

      4. Технологиялық бұзушылықтардың алдын алу және (немесе) оларды жою бойынша кезек күттірмейтін шараларды қабылдау үшін тұтынушы ажырату себептері мен мерзімдері туралы жылумен жабдықтау субъектісін дереу хабардар ете отырып, өзінің жылу тұтынатын қондырғыларын ажыратуға құқылы.

      5. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінде жылумен жабдықтау субъектілері тұтынушыларды шектеу және авариялық ажырату графиктерін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша әзірлейді.

      6. Осы баптың 5-тармағында көрсетілген графиктер жыл сайын жасалады және отынның, жылу энергиясы мен қуаттың тапшылығы туындаған кезде және (немесе) технологиялық бұзушылықтардың туындауы мен өршуін болғызбау, оларды жою және тұтынушыларды ұйымдастырылмаған ажыратуларды болғызбау үшін жылу желілерінде жылу жеткізгіштің айналымы бұзылған кезде енгізіледі.

      7. Тұтынушыларды шектеудің шамасы мен кезектілігін айқындау кезінде тұтынушыларды шектеу және авариялық ажырату графиктерін енгізуден келтірілген залал барынша аз болуы үшін тұтынушы өндірісінің мемлекеттік, шаруашылық, әлеуметтік маңызы мен технологиялық ерекшеліктері ескерілуге тиіс.

      8. Осы баптың 5-тармағында көрсетілген графиктерге қосуға жатпайтын тұтынушылар тізбесін жылумен жабдықтау субъектілері тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша бекітеді.

      9. Осы баптың күші жеке жылумен жабдықтау жүйелеріне қолданылмайды.

11-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫНДАҒЫ ЭНЕРГИЯ ҮНЕМДЕУ, ЭНЕРГИЯ ТИІМДІЛІГІ ЖӘНЕ ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ

42-бап. Жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және өткізу кезінде энергия үнемдеуге, энергия тиімділігін арттыруға және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға қойылатын талаптар

      1. Жылумен жабдықтау субъектілері жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және өткізу кезінде Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасында көзделген энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі талаптарды сақтауға міндетті.

      2. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері мен жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінде базалық қуатты жаңғырту, ауыстыру немесе қосымша салу кезінде жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын жылу энергиясының көздерін енгізуді экономикалық және техникалық тұрғыдан орынды болған кезде басым балама ретінде қарастыру қажет.

      Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын жылу энергиясының көздері енгізілген жағдайда осы көздер жылу желісінің базалық жүктемесін жабу үшін пайдаланылады.

      3. Жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша уәкілетті органның жылумен жабдықтау субъектілерін орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріне жататын, өздеріне тиесілі жылу энергиясының көздерін табиғи газды немесе өзге де экологиялық таза отынды пайдалануға көшірудің техникалық мүмкіндігі мен шығындарына бағалау жүргізуге міндеттеуіне құқығы бар. Техникалық мүмкіндік пен шығындарды бағалау нәтижелері жылумен жабдықтау субъектілерінің инвестициялық бағдарламаларын (жоспарларын) әзірлеу кезінде пайдаланылуға тиіс.

43-бап. Жылу энергиясын тұтыну кезінде энергия үнемдеуге және энергия тиімділігін арттыруға қойылатын талаптар

      1. Тұтынушылар жылу энергиясын тұтыну кезінде Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.

      2. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті орган тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп жылу энергиясын тұтыну нормаларын бекітеді.

      3. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті орган тұрғын және тұрғын емес үй-жайларда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі тәртіп пен талаптарды тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.

      4. Кондоминиум объектісінің меншік иелері энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі талаптардың, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдаланған кезде жылу энергиясы ысырабының деңгейін жоғарылатпау бөлігіндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.

      5. Осы баптың 2, 3 және 4-тармақтарының күші жеке жылумен жабдықтау жүйелеріне қолданылмайды.

44-бап. Жылу энергетикасында энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруды және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды мемлекеттік қолдау бағыттары

      Жылу энергетикасында энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруды және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды мемлекеттік қолдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      1) жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және тұтыну кезінде, оның ішінде орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерін дамыту арқылы энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруды ынталандыру;

      2) энергия үнемдеуші жабдықты пайдалануды ынталандыру;

      3) энергия тиімділігін арттырудың кешенді жоспарын іске асыру;

      4) жаңартылатын энергия көздерін пайдаланып, жылу энергиясын өндіруді ынталандыру;

      5) жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілерді жобалауды, салуды және пайдалануды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасында көзделген қолайлы жағдайларды ұсыну мен қолдау көрсету;

      6) көппәтерлі және жеке тұрғын үйлерде энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруды ынталандыру және соған жағдай жасау;

      7) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің даму бағдарламалары мен жылумен жабдықтауды дамыту схемаларына энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру және жаңартылатын энергия көздерін енгізу жөніндегі іс-шараларды қосу (экономикалық және техникалық орындылығын ескере отырып);

      8) энергия үнемдеу іс-шараларын ендіру және жаңартылатын энергия көздерін енгізу үшін кредит беру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін пайдалану үшін жағдай жасау (экономикалық және техникалық орындылығын ескере отырып);

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      9) тармақша 01.01.2028 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 53-бабына сәйкес.

      9) жылу энергетикасы саласындағы энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттырудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу;

      10) жылумен жабдықтау субъектілерінің субсидияларын біртіндеп жою;

      11) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану үшін қажетті инфрақұрылымды құру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, персоналды даярлау, озық тәжірибені беру жөніндегі іс-шараларды мемлекеттік бағдарламалар есебінен қаржыландыру.

12-тарау. ЖЫЛУМЕН ЖАБДЫҚТАУДЫҢ СЕНІМДІЛІГІ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

45-бап. Жылу энергетикасы объектілерінің сенімділігі мен қауіпсіздігінің көрсеткіштері

      1. Уәкілетті орган бекітетін, жылу энергиясы көздерінің жұмыс істеуін регламенттейтін нормативтік техникалық құжаттарда орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріне жататын жылу энергетикасы объектілері үшін сенімділік пен қауіпсіздіктің жоспарлы және ең төмен көрсеткіштерін есептеу және бекіту тәртібі қамтылуға тиіс.

      2. Сенімділік пен қауіпсіздіктің ең төмен көрсеткіштеріне сай келмейтін жылу энергетикасы объектілерін пайдалануға жол берілмейді.

      3. Орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінде жұмыс істейтін жылу энергетикасы субъектілері жылу энергетикасы объектілерін және олардың құрамына кіретін ғимараттарды, үй-жайларды, құрылысжайлар мен жабдықты қауіпсіз пайдалану жөніндегі талаптарды сақтауға міндетті.

46-бап. Жылыту маусымына әзірлікті қамтамасыз ету

      1. Орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріне жататын жылу энергетикасы объектілері жыл сайын жылыту маусымы басталар алдында жылыту маусымына әзірлігін тексеруден өтуге тиіс.

      2. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріне жататын жылу энергиясы көздерінің және жылу желілерінің жылыту маусымына әзірлігі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөнiндегi мемлекеттiк орган берген әзірлік паспортымен расталады.

      3. Жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріне жататын жылу энергиясы көздерінің және жылу желілерінің жылыту маусымына әзірлігі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органы берген әзірлік паспортымен расталады.

      4. Тұтынушылардың жылумен жабдықтау жүйелері шеңберінде жылыту маусымына әзірлігі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жылу тасымалдаушы субъект, ал тікелей тұтынушылар мен олардың қосалқы тұтынушыларына жылу өндіруші субъект берген техникалық әзірлік актісімен расталады.

      5. Жылу энергетикасы объектілерін жылыту маусымында белгіленген тәртіппен берілген әзірлік паспортынсыз немесе техникалық әзірлік актісінсіз пайдалануға жол берілмейді. Анықталған ескертулерді жылыту маусымы басталғанға дейінгі мерзімде жою мүмкін болмаған жағдайларда жергілікті атқарушы органның немесе мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөнiндегi мемлекеттiк органның шешімі бойынша жылумен жабдықтау жүйесінде анықталған ескертулерді келесі жылыту маусымы басталғанға дейін жою туралы жазбаша міндеттемемен жылу энергетикасының тиісті объектісін қысқа мерзімді кезеңге (ағымдағы жылыту маусымы аяқталғанға дейін) пайдалануға жол беріледі.

      6. Жылу тасымалдаушы субъект күнтізбелік жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі мерзімде уәкілетті орган айқындаған тәртіппен сыртқы ауа температурасына қарай алдағы жылыту маусымында жылу энергиясын беруді реттеу графигін жергілікті атқарушы органмен және жылу өндіруші субъектімен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді.

47-бап. Жылу энергиясы көздерін, жылу желілерін және жылу тұтынатын қондырғыларды жөндеу және пайдаланудан шығару

      1. Жылумен жабдықтау субъектілері уәкілетті орган айқындаған тәртіппен республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарын жылу энергиясы көздерін, жылу желілерін, жылу тұтынатын қондырғыларды жөндеу (егер жөндеу жүргізу жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді көздемесе), пайдаланудан шығару туралы жазбаша хабардар етуге міндетті.

      2. Жылу энергиясының көзін пайдалану тоқтатылатын жағдайда жылумен жабдықтау субъектілері республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мұндай тоқтатудан бес жыл бұрын ол жөнінде жазбаша хабардар етуге міндетті.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      3-тармақтың жылумен жабдықтауды дамыту схемалары бекітілгенге дейін қолданыста болатын редакцияны осы Заңның 53-бабының 3-тармағынан қараңыз.

      3. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жылумен жабдықтау субъектісінен жылу энергиясының көзін пайдаланудың тоқтатылатыны туралы жазбаша хабарлама алған кезде жылумен жабдықтауды дамыту схемалары негізінде жылу энергиясы тапшылығының туындау қауіп-қатеріне талдау жүргізуге және жылу энергиясының тапшылығы болжанған жағдайда істен шығатын жылу қуаттарын алмастыру мүмкіндігін қарастыруға міндетті.

      4. Істен шығатын жылу қуаттарын алмастыру мүмкіндігі болмаған және жылу энергиясы тапшылығы туындауының қатері болған жағдайда республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жылумен жабдықтау субъектісіне мынадай нұсқалардың бірін іске асыруды:

      1) жылу энергиясының көзін пайдалануды жалғастыру шартымен оны сатуды;

      2) жылу энергиясының көзін республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның және облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органына Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған және тараптармен келісілген нарықтық бағадан жоғары болмайтын бағамен сатуды ұсынады.

13-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫ САЛАСЫНДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛАР

48-бап. Жылу энергетикасы саласындағы жобалар

      1. Жылу энергетикасы объектілерін салу, реконструкциялау, жаңғырту, жабдықты орнату, жұмыс істеп тұрған немесе салынатын орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріне технологиялар ендіру жөніндегі жұмыстар жылу энергетикасы саласындағы жобалар болып табылады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2-тармақтың бірінші абзацының жылумен жабдықтауды дамыту схемалары бекітілгенге дейін қолданыста болатын редакцияны осы Заңның 53-бабының 4-тармағынан қараңыз.

      2. Жылу энергетикасы саласындағы жобалар жылумен жабдықтауды дамыту схемаларына сәйкес келуге және мыналарды көздеуге тиіс:

      1) отынды жылумен жабдықтау жүйесіне және жобаның іске асырылу орнына сәйкес пайдалану;

      2) жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті, оның ішінде энергиялық тиімді технологиялар мен жабдық, жаңартылатын энергия көздері және өзге де энергия көздері қолданылатын жылу энергиясының көздері негізінде өндіру, тасымалдау және тұтыну кезінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жылу энергиясының ысырабын азайту жөніндегі іс-шаралар және (немесе) технологиялар.

      3. Жылу энергетикасы субъектілері Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәсілдер мен әдістерден бөлек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және энергия-сервистік көрсетілетін қызметтерді ұсыну арқылы инвестициялар тарта алады.

      4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік және энергия-сервистік көрсетілетін қызметтерді ұсыну туралы шарттар осы Заңның талаптарын, жылумен жабдықтауды дамыту схемаларын және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштерін ескере отырып, тараптардың теңгерімі мен мүдделерін қамтамасыз етуге тиіс.

49-бап. Жылу энергетикасы саласындағы жобаларды әзірлеу және іске асыру

      1. Жылу энергетикасы саласындағы жобалар бойынша жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасы осы Заңның 48-бабының 2-тармағында көзделген талаптарға сай болуға тиіс.

      2. Жылу энергетикасы саласындағы жобаны іске асыру үшін өнім берушіні (орындаушыны, жекеше әріптесті, концессионерді, сенімгерлік басқарушыны) таңдау мынадай параметрлер мен өлшемшарттардың ең үздік мәндеріне қол жеткізу ескеріліп жүргізіледі:

      1) жылумен жабдықтаудың сенімділігі;

      2) жылумен жабдықтаудың қауіпсіздігі;

      3) жылу энергетикасы объектісін, ғимаратты, құрылысжайды, жабдықты жөндемей немесе ауыстырмай пайдалану ұзақтығы;

      4) атмосфераға зиянды шығарындылардың деңгейі;

      5) энергия тиімділігі және энергия үнемдеу көрсеткіштері, жылу энергиясы ысырабының деңгейі;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де параметрлер.

50-бап. Жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялауды және жаңғыртуды субсидиялау

      1. Жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялауды және жаңғыртуды субсидиялау жылумен жабдықтауды дамытуды экономикалық ынталандыру ретінде жүзеге асырылады.

      2. Жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялауды және жаңғыртуды субсидиялау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      1) техникалық негіздемені, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді, техникалық және авторлық қадағалауларды жүзеге асыруды қамтитын жылу энергетикасы саласындағы жобаларды техникалық қолдап отыру;

      2) капиталды көп қажет ететін шығыстар, оның ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына, жабдық, материалдар сатып алуға жұмсалатын шығыстар.

51-бап. Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

14-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

52-бап. Өтпелі ережелер

      1. Жылу энергиясының көзін пайдалануды осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бес жылдан аз мерзім ішінде тоқтатуға ниеттенген жылумен жабдықтау субъектілері осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарын осындай тоқтату жөнінде жазбаша хабардар етуге міндетті деп белгіленсін.

      2. Егер конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы не тікелей келіссөздермен өзгеше айқындалмаса, осы Заң қолданысқа енгізілген күнге дейін жарияланған жылу энергетикасы және энергия-сервистік көрсетілетін қызметтерді ұсыну саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша құжаттама үшін оны әзірлеу кезінде қолданыста болған Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары қолданылады деп белгіленсін.

      3. Егер жылу энергетикасы саласындағы жоба бойынша құжаттама осы Заң қолданысқа енгізілген күнге дейін жарияланған болса, жылу энергетикасы саласындағы жобаны іске асыру үшін өнім берушіні (орындаушыны, жекеше әріптесті, концессионерді, сенімгерлік басқарушыны) таңдау құжаттаманы жариялау кезінде қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі деп белгіленсін.

53-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң:

      1) 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 5-баптың 6) тармақшасын, 8-баптың 1-тармағының 11) тармақшасын, 9-баптың 2) тармақшасын, 25-баптың 2 және 3-тармақтарын, 26-баптың 3-тармағын, 28-баптың 2-тармағының 14) тармақшасын, 30-бапты, 39-баптың 9 және 10-тармақтарын;

      2) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 5-баптың 3), 4) және 5) тармақшаларын, 6-баптың 3) тармақшасын, 7-баптың 3) және 4) тармақшаларын;

      3) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 4-баптың 2) тармақшасын, 8-баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларын, 2-тармағының 2) тармақшасын, 9-баптың 1) тармақшасын, 20-баптың 3-тармағын;

      4) 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 44-баптың 9) тармақшасын;

      5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша құжаттаманың жылумен жабдықтауды дамыту схемаларына сәйкестігі бөлігінде жылумен жабдықтауды дамыту схемалары бекітілген күннен бастап, ал мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша құжаттаманың жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне сәйкестігі бөлігінде жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштері бекітілген күннен бастап қолданысқа енгізілетін 48-баптың 4-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. Уәкілетті органның ақпараттық жүйесі енгізілгенге дейін осы Заңның 21-бабының 4-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "4. Орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйесінде жұмыс істейтін жылумен жабдықтау субъектілері уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жергілікті атқарушы органдарға жылумен жабдықтаудың сапасы мен көлемі, жылу энергиясын тұтыну режимдері, жабдықтың, жылу желілерінің және қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын өзге де мүліктің жай-күйі, көрсетілген мүлікті жаңғырту, жөндеу, реконструкциялау, ауыстыру жөніндегі шаралар, энергия тиімділігін арттыру және жылу энергиясының ысырабын азайту жөніндегі шаралар, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану технологияларын ендіру жөніндегі шаралар туралы ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де ақпаратты ұсынады.".

      3. Жылумен жабдықтауды дамыту схемалары бекітілгенге дейін осы Заңның 47-бабының 3-тармағы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "3. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жылумен жабдықтау субъектісінен жылу энергиясының көзін пайдаланудың тоқтатылатыны туралы жазбаша хабарлама алған кезде жылу энергиясы тапшылығы туындауының қауіп-қатеріне талдау жүргізуге және жылу энергиясының тапшылығы болжанған жағдайда істен шығатын жылу қуаттарын алмастыру мүмкіндігін қарастыруға міндетті.".

      4. Жылумен жабдықтауды дамыту схемалары бекітілгенге дейін осы Заңның 48-бабы 2-тармағының бірінші абзацы мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "2. Жылу энергетикасы саласындағы жобалар мыналарды көздеуге тиіс:".

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады