"Масс-медиа туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 32-бабының 3-тармағына және "Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 866 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі туралы ережесінің 15-тармағының 12) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиялар туралы үлгілік ереже бекітілсін.
2. "Мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастыру мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиялар туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2021 жылғы 6 мамырдағы № 156 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22746 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы |
К. Искаков |
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы 2024 жылғы 6 желтоқсандағы № 576-НҚ Бұйрығымен бекітілген |
Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиялар туралы үлгілік ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиялар туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Үлгілік ереже) "Масс-медиа туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 32-бабының 3-тармағына және "Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 866 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі туралы ережесінің 15-тармағының 12) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия (бұдан әрі – Комиссия) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының (бұдан әрі – жергілікті атқарушы орган) жанынан құрылады.
2-тарау. Комиссияның функциялары мен қызметі
3. Комиссияның негізгі функциялары мыналар:
1) республикалық және өңірлік деңгейлерде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларына сәйкес өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі, оның ішінде балаларға арналған контентті жасауға және өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарын дамытуға бағытталған мемлекеттік тапсырысты алуға үміткерлердің өтінімдерін қарау және ұсыныстарды тұжырымдау;
2) республикалық және өңірлік деңгейлерде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларына сәйкес өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты алуға үміткерлердің өтінімдерін Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның қарауына және ұсынымдар алу үшін жіберу;
3) "Өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы 2024 жылғы 6 қарашадағы № 526-НҚ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35349 болып тіркелген) (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілген функцияларды жүзеге асыру болып табылады.
4. Комиссияның құрамы жергілікті атқарушы орган өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты жүргізу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға жергілікті атқарушы орган уәкілеттік берген мемлекеттік мекеменің басшысы, коммерциялық емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатарынан қалыптастырылады және оны жергілікті атқарушы орган бекітеді.
5. Комиссия төрағадан, Комиссия мүшелерінен және хатшыдан тұрады.
Өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты жүргізу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға жергілікті атқарушы орган уәкілеттік берген мемлекеттік мекеменің басшысынан төмен емес лауазымды адам не оны алмастыратын адам Комиссия төрағасы болып табылады.
Комиссия хатшысы өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты жүргізу бойынша функцияларды жүзеге асыруға жергілікті атқарушы орган уәкілеттік берген мемлекеттік мекеменің лауазымды адамдары арасынан айқындалады.
Комиссия хатшысы Комиссияның мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге қатыспайды.
6. Комиссия тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады және кемінде жеті мүшеден тұрады.
7. Өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты жүргізу бойынша функцияларды жүзеге асыруға жергілікті атқарушы орган уәкілеттік берген мемлекеттік мекеме Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
8. Комиссия отырыстары, егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысса, заңды деп есептеледі.
9. Комиссия төрағасы Комиссияның жұмысына басшылықты жүзеге асырады, Комиссия отырыстарында төрағалық етеді, Комиссия отырысының күн тәртібін бекітеді, Комиссия отырыстарының хаттамаларына қол қояды, Комиссия шешімдерінің іске асырылуына бақылауды жүзеге асырады.
10. Комиссия мүшелері:
1) үміткерлер ұсынатын қызметтердің сәйкестігін растау үшін олар ұсынған құжаттарды толықтығы және тиісінше рәсімделуі тұрғысынан қарайды;
2) Қағидаларда көзделген талаптарға құжаттар тізбесімен өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу бойынша мемлекеттік тапсырысты алуға үміткер ұсынған өтінімдердің сәйкестігі тұрғысынан қорытындылар береді;
3) Қағидаларға сәйкес өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу бойынша мемлекеттік тапсырысқа балдық бағалау жүргізеді.
11. Комиссия хатшысы:
1) отырыстың күн тәртібін қалыптастырады, қажетті құжаттармен қамтамасыз етеді, Комиссия отырысын өткізуді ұйымдастырады, Комиссия төрағасы мен мүшелерін Комиссия отырысына дейін үш жұмыс күні бұрын өткізілетін орны, күні мен уақыты туралы хабардар етеді;
2) отырысқа қатысып отырған Комиссия мүшелерін тіркейді, отырыстың күн тәртібін жария етеді, дауыстарды санауды жүргізеді және кворумның бар немесе жоқ екендігін хабарлайды;
3) өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты алуға үміткерлердің өтінімдерін Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның қарауына жібереді;
4) Комиссия отырыстарының қарауына ұсынылған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етеді;
5) Комиссия мүшелерінде өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге қатысуға тікелей немесе жанама мүдделілігінің болуы туралы Комиссия мүшелерін хабардар етеді.
12. Жұмыс органы құжаттарды Комиссия отырысына шығару үшін үміткерлердің өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты алуға арналған өтінімдерін Комиссия хатшысына ұсынады.
13. Комиссия мүшелері шешім қабылдау кезінде тең дауысқа ие болады. Комиссияның шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және қатысып отырған Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
Комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда, Комиссия мүшелері өз пікірін жазбаша түрде баяндайды, ол Комиссия отырысының хаттамасына қоса беріледі.
14. Комиссия мүшесі отырыстарда болмаған жағдайда, Комиссия отырысының хаттамасында аталған фактіні растайтын құжатты қоса бере отырып, оның болмау себебі көрсетіледі.
15. Қабылданған шешімдер хаттамамен рәсімделеді, оған төраға, отырысқа қатысқан Комиссия мүшелері мен хатшысы қол қояды.
16. Егер Комиссия мүшесінің өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге қатысуға тікелей немесе жанама мүдделілігі болса, Комиссия мүшесі үміткерлердің өтінімдерін қарауға қатыспайды.
Егер Комиссия мүшесінің өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге қатысуға тікелей немесе жанама мүдделілігі болған жағдайда, ол бұл туралы Комиссия төрағасын, мүшелерін және хатшысын хабардар етеді.