Мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастыру мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиялар туралы үлгі ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2021 жылғы 6 мамырдағы № 156 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 12 мамырда № 22746 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің м.а. 2024 жылғы 6 желтоқсандағы № 576-НҚ бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің м.а. 06.12.2024 № 576-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 4-6-бабы 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастыру мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиялар туралы үлгі ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Ақпарат және қоғамдық даму министрі А. Балаева

  Қазақстан Республикасы
Ақпарат және қоғамдық
даму министрі
2021 жылғы 6 мамырдағы
№ 156 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиялар туралы үлгілік ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастыру мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиялар туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Үлгілік ереже) "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 4-6-бабы 3-тармағына сәйкес әзірленді.

      2. Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия (бұдан әрі – Комиссия) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі –жергілікті атқарушы орган) жанынан құрылады.

      3. Комиссия өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Президенті мен Үкіметінің актілеріне, Заңның 4-3-бабының 7-1) тармақшасына сәйкес бекітілетін республикалық және өңірлік деңгейлерде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар), өзге де нормативтік құқықтық актілерге және осы Үлгілік ережеге сәйкес жүзеге асырады.

2-тарау. Комиссияның функциялары

      4. Комиссияның негізгі функциялары мыналар болып табылады:

      1) өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу бойынша мемлекеттік тапсырысты алуға үміткерлердің өтінімдерін қарау және Қағидаларға сәйкес ұсыныстар әзірлеу;

      2) өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты алуға үміткерлердің өтінімдерін Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі Республикалық комиссияның қарауына және Қағидаларға сәйкес ұсынымдар алу үшін жіберу;

      3) Қағидаларға сәйкес Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі Республикалық комиссияға өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясаттың тақырыптық бағыттарының тізбесін келісуге жіберу;

      4) Қағидаларға сәйкес өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде іске асырылатын өңірлік деңгейдегі мемлекеттік ақпараттық саясаттың тақырыптық бағыттарының тізбесін бекіту;

      5) өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты алуға қатысу үшін үміткерлерді жіберу немесе жібермеу туралы шешім қабылдау;

      6) өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырыстың жеңімпазын айқындау туралы шешім қабылдау;

      7) өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты өтпеді деп тану туралы шешім қабылдау.

3-тарау. Комиссия қызметін ұйымдастыру тәртібі

      5. Комиссияның құрамын жергілікті атқарушы орган өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу бойынша мемлекеттік тапсырысты жүргізу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға жергілікті атқарушы орган уәкілеттік берген мемлекеттік мекеме басшысы, коммерциялық емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатарынан қалыптастырады және бекітеді.

      6. Комиссия төрағадан, Комиссия мүшелерінен және хатшыдан тұрады

      Өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу бойынша мемлекеттік тапсырысты жүргізу жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға жергілікті атқарушы орган уәкілеттік берген мемлекеттік мекеменің басшысынан төмен емес лауазымды адам не оны алмастыратын адам Комиссия төрағасы болып табылады.

      Комиссия хатшысы өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты жүргізу бойынша функцияларды жүзеге асыруға жергілікті атқарушы орган уәкілеттік берген мемлекеттік мекеменің лауазымды адамдары арасынан айқындалады.

      Комиссия хатшысы Комиссия мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге қатыспайды.

      7. Комиссия тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады және кемінде жеті мүшеден тұрады.

      8. Өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты жүргізу бойынша функцияларды жүзеге асыруға жергілікті атқарушы орган уәкілеттік берген мемлекеттік мекеме Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      9. Комиссия отырыстары, егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысса, заңды деп есептеледі.

      10. Комиссия төрағасы Комиссияның жұмысына басшылықты жүзеге асырады, Комиссия отырыстарында төрағалық етеді, Комиссия отырысының күн тәртібін бекітеді, Комиссия отырыстарының хаттамаларына қол қояды, Комиссия шешімдерінің іске асырылуына бақылауды жүзеге асырады.

      11. Комиссия мүшелері:

      1) үміткерлер ұсынған қызметтердің сәйкестігін растау үшін ұсынылған құжаттардың толықтығын және тиісінше ресімделуі тұрғысынан қарайды;

      2) Қағидаларда көзделген талаптарға құжаттар тізбесімен өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу бойынша мемлекеттік тапсырысты алуға үміткер ұсынған өтінімдердің сәйкестігі тұрғысынан қорытындылар береді;

      3) Қағидаларға сәйкес өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу бойынша мемлекеттік тапсырысқа балдық бағалау жүргізеді.

      12. Комиссия хатшысы:

      1) отырыс үшін күн тәртібін қалыптастырады, қажетті құжаттармен қамтамасыз етеді және Комиссия отырысын өткізуді ұйымдастырады;

      2) үміткерлердің өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты алуға арналған өтінімдерін Қағидаларға сәйкес Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі Республикалық комиссияның қарауына жібереді;

      3) Комиссия отырыстарының қарауына ұсынылған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етеді;

      4) Комиссия мүшелеріне республикалық және өңірлік деңгейлерде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу бойынша қатысуға тікелей немесе жанама мүдделіліктің болуы туралы Комиссия мүшелерін хабардар етеді.

      13. Комиссия мүшелері шешім қабылдау кезінде тең дауысқа ие болады. Комиссияның шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және қатысып отырған Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданған болып есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      Комиссия шешімімен келіспеген жағдайда Комиссия мүшелері өз пікірін жазбаша түрде баяндайды, ол Комиссия отырысының хаттамасына қоса беріледі.

      14. Комиссия мүшесі отырыстарда болмаған жағдайда, Комиссия отырысының хаттамасында осы фактіні растайтын құжатты қоса бере отырып, оның болмау себебі көрсетіледі.

      15. Егер Комиссия мүшесінің республикалық және өңірлік деңгейлерде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге қатысуға тікелей немесе жанама мүдделілігі болса, Комиссия мүшесі үміткерлердің өтінімдерін қарауға қатыспайды.

      Егер Комиссия мүшесінің республикалық және өңірлік деңгейлерде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу бойынша қатысуға тікелей немесе жанама мүдделілігі болған жағдайда, ол бұл туралы Комиссия төрағасын, мүшелерін және хатшысын хабардар етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады