ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Мәртөк ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 17 шілдедегі № 252 "Коммуналдық меншікке келіп түскен, қараусыз қалған жануарларды пайдалану Қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3-8-186 тіркелген) қаулысына келесідей өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулының қосымшасы осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Мәртөк ауданының әкімі | М. Искаков |
Мәртөк ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 22 қарашадағы № 210 қаулысына қосымша |
|
Мәртөк ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 17 шілдедегі № 252 қаулысымен бекітілген |
Коммуналдық меншікке келіп түскен, қараусыз қалған жануарларды пайдалану Қағидалары
Коммуналдық меншікке түскен қараусыз қалған жануарларды пайдалану Қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 246-бабына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31-бабының 1-тармағының 2) тармақшасына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 18-бабының 22) тармақшасына сәйкес әзірленді.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар пайдаланылады:
1) жануарлар – ауыл шаруашылығы және үй жануарлары;
2) иесіз жануарлар – иесі бар, және уақытша олардың иелігінен (қамқорлығынан) шыққан, иесі жоқ немесе иесі белгісіз, сондай-ақ иесі меншік құқығынан бас тартқан үй жануарлары;
3) жануар иесі – меншігінде немесе өзге де иелік етуінде жануары бар жеке немесе заңды тұлға;
4) жергілікті атқарушы орган (әкімдік) - ауданның әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;
5) уәкілетті орган – жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, ауданның коммуналдық мүлкін басқаруға уәкілетті мемлекеттік атқарушы орган.
2. Иесіз жануарларды пайдалану
2. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретiлген жануарларды ұстап алған адам оларды иесiне қайтаруға міндетті.
Егер меншік иесі немесе оның тұрған жерi белгiсiз болса, иесіз жануарларды ұстап алған тұлғалар ұсталған кезден бастап үш күннен кешiктiрмей табылған жануарлар туралы меншік иесін іздестіру шараларын қабылдау үшін iшкi iстер органдарына немесе жергілікті атқарушы органдарға жазбаша түрде мәлімдеуі тиіс.
3. Жануарлардың меншік иесін іздестіру кезеңінде жануарларды ұстаушы адам оларды өзiнiң бағуында және пайдалануында қалдыруы немесе оларды бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар басқа адамға тапсыруы мүмкiн. Жануарларды ұстап алған адамның өтiнiшi бойынша оларды бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар адамды iздеп табуды және оларға жануарларды берудi жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
4. Жануарларды ұстаған адам және оларды күтіп-баптауға, пайдалануға берiлген адам жануарлардың өлiм-жiтiмi мен iске жарамай қалғаны үшiн кiнәлi болған жағдайда ғана және сол жануарлардың құны шегінде жауапты болады.
5. Жануарларды меншiк иесiне қайтарған ретте жануарларды ұстап алған адам және жануарларды бағып, пайдаланып келген адам сол меншiк иесiнен жануарларды пайдаланудан алынған пайданы есепке жатқыза отырып, оларды бағуға байланысты өз шығындарына өтем алуға құқылы.
6. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын ұстап алған адам олардың меншiк иесiнен Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 245 бабының 6 тармағына сәйкес сыйақы алуға құқылы.
3. Қараусыз жануарларға мемлекеттік меншік құқығының пайда болуы
7. Өзінің бағуында және пайдалануында қараусыз қалған жануарлар болған адам өзінің бағуындағы жануарларды меншігіне алудан бас тартқан кезде олар аудандық коммуналдық меншікке түседі және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі № 833 "Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрi пайдаланудың кейбiр мәселелерi" қаулысымен белгiленген тәртіп бойынша пайдаланылады.
8. Жануарлар мемлекет меншiгiне көшкеннен кейiн олардың бұрынғы меншiк иесi келген ретте сол жануарлардың бұрынғы меншік иесіне үйiрсектiгi сақталғанын немесе жаңа меншiк иесiнiң оларға қатал не өзгедей мейiрiмсiз қарағанын дәлелдейтiн жағдайлар болған кезде – ол аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың тиісті жергілікті атқарушы органдарымен келiсiм бойынша белгіленетін шарттармен, ал келiсiмге келмеген кезде - сот арқылы оларды өзіне қайтарып беруді талап етуге құқылы.
9. Егер жұмыс малы мен iрi қараны ұстап алғаны туралы мәлiмделген кезден бастап алты ай iшiнде және басқа үй жануарлары жөнiнде - екi ай iшiнде олардың меншiк иесi табылмаса және оларға өзiнiң құқығы туралы мәлiмдемесе, бұл жануарларға меншiк құқығы жануарларды баққан және пайдаланған адамға көшедi.
4. Қорытынды ережелер
10. Қараусыз қалған жануарларды есепке алу, сақтау, бағалау және сатуды ұйымдастыруға байланысты шығындар Қазақстан Республикасының Бюджеттік Кодексіне сәйкес жергілікті бюджет қаржысынан жүргізіледі.
11. Қараусыз қалған жануарларды сатудан түскен қаражаттар Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, бес жұмыс күні ішінде жергілікті бюджетке аударылады.
12. Сот қараусыз қалған жануарларды коммуналдық меншікке қабылдауға негіз болған актінің күшін жойған жағдайда, уәкілетті орган қараусыз қалған жануарды бұрынғы иесіне қайтарады.