Алматы облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Алматы облысы әкімдігінің 2015 жылғы 15 маусымдағы "Алматы облысының аумағындағы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің күзет аймағы мен табиғатты пайдалану режимін белгілеу туралы" № 255 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3284 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулының кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 123-бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 1-тармағының 1-13) тармақшасына, "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына және 18, 48, 53-баптарына сәйкес Алматы облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
көрсетілген қаулының қосымшасы осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. "Алматы облысының жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулыны Алматы облысы Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін Алматы облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Алматы облысының әкімі | М. Султангазиев |
Алматы облысы әкімдігінің 2024 жылғы 9 қазандағы № 312 қаулысына қосымша |
Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің күзет аумағында табиғатты пайдалану режимі
1. Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің (бұдан әрі – ұлттық парк) күзет аумағында:
1) ұлттық парктің экологиялық жүйелеріне зиянды әсер ететін объектілер орналастыруға, жобалауға, салуға және пайдалануға, жаңа технологияларды енгізуге;
2) ластаушы заттар мен сарқынды суларды атмосфераға шығару және ашық су көздері мен рельефке төгуге;
3) "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 84-2-бабының 2-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге;
4) аң аулауға;
5) радиоактивті материалдар мен өнеркәсіптік қалдықтарды көмуге;
6) ұлттық парктің экологиялық жүйелерінің гидрологиялық режимін өзгертуі мүмкін қызметке (бөгеттер, дамбалар, гидротехникалық құрылыстар және табиғи су ағынын тоқтатуға немесе азайтуға душар ететін басқа да объектілер салуға);
7) жабайы жануарлар мен жабайы өсетін өсімдіктердің бөтен түрлерін интродукциялауға;
8) мемлекеттік ұлттық табиғи парктің экологиялық жүйелеріне зиянды әсер етуі мүмкін басқа да қызметке тыйым салынады.
2. Ұлттық парктің қорғау аймақтарының аумағында ұлттық парктің экологиялық жүйелерінің жай-күйіне теріс әсер етпейтін шаруашылық қызметтің мынадай әртүрлі нысандары жүзеге асырылуы мүмкін:
1) орман шаруашылығы қызметі;
2) мал жаю мен шөп шабуды қоса алғанда, дәстүрлі жер пайдалану, сондай-ақ биологиялық әртүрлілікті ұзақ мерзімді сақтау мен оның беріктігін қамтамасыз ету шеңберіндегі өзге де қызмет;
3) туристік және рекреациялық қызмет;
4) минералды суларды, бальнеологиялық және климаттық ресурстарды пайдалану;
5) кәсіпшілік және әуесқойлық (спорттық) балық аулау;
6) орман және дала өрттерін сөндіру бойынша жердегі және авиациялық жұмыстарды жүргізу;
7) бүлінген жерді қалпына келтіру;
8) орман және өзге де өсімдіктер қауымдастықтарын қалпына келтіру;
9) жабайы жануарлардың мекендеу ортасы мен санын қалпына келтіру;
10) жер учаскелерін туристер болатын жерлерді жайластыру, өсімдіктер мен жануарлардың эндемиялық, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін қолдан көбейтуге, өсіруге, өндіруге арналған питомниктер орналастыру, сондай-ақ ұлттық парк жұмыскерлерінің тұруына арналған қызметтік үй-жайлар (кордондар) салу, оларға қызметтік жер телімдерін беру үшін пайдалану.
3. Ұлттық парктің күзет аймағында осы қосымшаның 2-тармағында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде өсімдіктер мен жануарлар дүниесі объектілерінің мекендеу ортасын және көбею жағдайларын, жануарлардың өріс аудару жолдары мен шоғырлану орындарын сақтау жөніндегі іс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, жабайы жануарлардың мекендеу ортасы ретінде ерекше құнды болып есептелетін учаскелердің, сондай-ақ ұлттық парктің өзге де объектілердің дербестігі қамтамасыз етілуге тиіс.
4. Ұлттық парктің қорғау аймағында жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметін шектеулер "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Алматы облысының жергілікті атқарушы органының шешімімен белгіленеді.