Қордай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. "Қордай ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" Қордай аудандық мәслихатының 2023 жылғы 20 қазандағы № 10-3 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5108 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Қордай ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі - мемлекеттік корпорация) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия - мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) әлеуметтік көмек - Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар), сондай-ақ мереке күндеріне орай ақшалай көрсететін көмек;
4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган - "Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым - екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі - шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа кіріс - отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;
8) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
9) учаскелік комиссия - атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп - қарау жүргізу үшін Жамбыл облысы Қордай ауданының ауылдық округ әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
10) шекті мөлшер - әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;
11) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық - коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;
12) "электрондық үкімет" веб - порталы (бұдан әрі - портал) - нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;
13) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі - ЭЦҚ) - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.";
6 тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілген жағдайда, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 20 (жиырма) еселенген мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып, бір рет 300 (үш жүз) айлық есептік көрсеткіш шегіне дейін, өмірлік қиын жағдай туындаған кезде өтінішті беру мерзімі өмірлік қиын жағдай туындаған сәттен бастап алты айдан кем емес;
Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.";
8 және 9-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Мереке күндерге орай әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері талап етілмей көрсетіледі және әлеуметтік көмек тек бір негіз бойынша төленеді.
Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігі айқындайды.
Жылына бір рет мереке күндері қарсаңында әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.
9. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.
Мынадай:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;
3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған;
4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартылады.";
11 - тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"11. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.
Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.";
мынадай мазмұндағы 14 және 15-тармақтармен толықтырылсын:
"14. Мынадай:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс кеткен;
3) алушы мемлекеттік медициналық - әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.
Осы тармақтың 3) тармақшасы осы Қағидалардың 6 - тармағының 2) тармақшасында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.
Осы тармақтың 1) - 3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән - жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән - жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.
15. Мереке күндеріне әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын қалыптастыру тәртібі, учаскелік комиссияның, арнайы комиссияның, әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органның әлеуметтік көмек көрсету мерзімдері мен тәртібі, сондай-ақ мемлекеттік корпорация арқылы әлеуметтік көмек төлеуді жүзеге асыру тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.".
2. "Қордай аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы шешімнің "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Жамбыл облысының Әділет департаменті" Республикалық мемлекеттік мекемесінде мемлекеттік тіркелуін;
2) ресми жарияланғаннан кейін осы шешімді Қордай аудандық мәслихаты интернет - ресурста орналастыруын қамтамасыз етсін.
3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және оның алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қордай аудандық мәслихатының төрағасы | Н. Садыков |